– Инспекция мен облыстық прокуратураның мәліметі екі түрлі. Нақтылаңыздар. Қағаздағы мәлімет пен іс жүзіндегі жұмыстар сай келуі керек. Ауыл шаруашылығы саласы – экономикамыздың басты драйвері. Сондықтан бұл саланы дамыту да, халыққа қолайлы жағдай жасау да өте маңызды. Бұл мәселе тұрақты бақылауда, – деді Дархан Сатыбалды.
Жиында ортақ жайылым жерлерді қайтару барысы туралы облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Ерғали Тілеген баяндады. Оның айтуынша, есепті мерзімге аудан, қала әкімдіктері тарапынан 110,5 мың га жайылым жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылды. Сонымен қатар шалғайдағы маусымдық жайылымдарды ұйымдастыру мақсатында босалқы жердегі жайылымдарды шалғайдағы жайылымға бекіту бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда, Келес ауданы Жамбыл ауылдық округі бойынша шалғайдағы жайылымға шығару жобасы әзірленіп, жұмыстары атқарылуда.
2023 жылға ортақ жайылым көлемін 2 бағыт бойынша 1 015,0 мың га ұлғайту жоспары бекітіліп, аудан, қала әкімдіктеріне тапсырма берілді. Бірінші бағыт бойынша 333,2 мың га жер учаскелерін мемлекет меншігіне ортақ жайылымға қайтару көзделген. Екінші бағыт бойынша жалпы ортақ жайылым қажеттілігінен 681,8 мың га төмендету, яғни елді мекендегі мал бастарын шалғайдағы маусымдық жайылымдарға шығаруды ұйымдастыру және аудандарда мал бордақылау алаңдарын және отбасылық сүт фермаларын құру бағыттарында жұмыстар жүргізу жоспарланған.
Жер учаскелерін қайтару жұмыстары облыс әкімдігімен бекітіліп, кестеге сәйкес жүргізілуде. Ортақ жайылымға қайтарылған жер учаскелерін 2023 жылға бекітілген жоспардың орындалуы тұрақты бақылауға алынып, жыл қорытындысымен толығымен орындалатын болады. Айта кетейік, 2022 жылы елді мекендердегі ортақ жайылым көлемін 1 012,0 мың га ұлғайту жоспарланып, жыл қорытындысымен елді мекен тұрғындары 1 034,8 мың га ортақ жайылыммен қамтамасыз етілді.
Аппарат отырысында облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Аңсар Өсербаев облыстағы қоғамдық-саяси ахуал туралы баяндады. Басқарма басшысының айтуынша, өңір бойынша қоғамдық-саяси ахуал тұрақты. Тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі жүргізіліп, бақылауға алынған.
Дегенмен тұтастай алғанда, Түркістан облысында мал шаруашылығын дамытудың сапалық көрсеткіштері көтеріліп келеді. 1 маусымдағы жағдай бойынша 181,6 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 102,8 пайыз болды. Ауыл шаруашылығы жануарларының саны 8 миллионнан асып, былтырмен салыстырғанда орташа есеппен 4 пайызға артты. Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында мал шаруашылығын субсидиялау тетігін одан әрі жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізілді. Бақылаушы органдардың ескертулері назарға алынып, субсидиялау қағидаларынан сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бар нормалар алынып тасталды. Сонымен қатар, ветеринария жүйесін реформалау жұмыстары жүргізіліп жатыр.Облыста етті экспорттау қарқынды дами бастады. Өткен жылдың қорытындысымен 15,7 мың тонна ірі қара мал еті, 8 мың тонна қой еті экспортталды. Биыл бұл көрсеткіштер ірі қара мал еті бойынша 5 мың тоннаға, қой еті бойынша 2,6 мың тоннаға жетті.
Жалпы, облыста мал шаруашылығы көрсеткіштері оң динамиканы көрсеткенімен, жайылым жерлердің тапшылығы бар. Тапшылықты жою үшін ортақ жайылым көлемін биыл 1 миллион 15 мың гектарға ұлғайту жоспарланған. Оның ішінде, жыл қорытындысымен 333 мың гектар жер ортақ жайылымға қайтарылады. Қалған 682 мың гектарды қайтаруға елді мекендердегі жайылым жүктемесін төмендету арқылу қол жеткізу жоспарланып отыр. Есепті кезеңде 102 мың гектар жайылым жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Жыл қорытындысымен жоспар толығымен орындалады.
Сонымен қатар, мал шаруашылығын дамыту аясында жайылымдық жерлерге түсетін жүктемені төмендету мақсатында басымдық мал бордақылау алаңдары мен сүт-тауарлы фермаларын ашуға беріледі. Бұл бағыттарда биыл бірқатар ірі инвестициялық жоба іске асырылады.Атап айтқанда, мал бордақылау алаңдарының саны артады. Биыл 8 млрд теңгеге 37 мың 350 мал сиятын 10 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарда. Сондай-ақ, 13 миллиард теңгеге 2 мың 380 малға арналған сүт-тауарлы фермалары салынып, 100-ден астам жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Қазіргі мемлекеттік қолдау шаралары мал шаруашылығы саласының инвестициялық тартымдылығын сақтауға мүмкіндік берді. «Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында мал бордақылау бағыты бойынша 695 миллион теңгеге 157 жоба, сүт-тауарлы фермалары бағыты бойынша 788 миллион теңгеге 170 жоба мақұлданды. Бұл бағыттағы мәселелер — тұрақты бақылауда.
Түркістан облысында 412,2 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылып, меморандум арқылы 622,6 мың гектар жер елге ортақ пайдалануға берілген еді. Осылайша, 1 миллион гектардан астам жайылым тапшылығы шешімін тапқан. Осы аталған бағытта мемлекет басшысы жайылым жерлерді мемлекетке қайтару жайында тиісті тапсырмалар берген болатын. Жүктелген тапсырмалар аясында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды былай деді: «Жайылым жер тапшылығы мәселесін шешу бағытындағы жұмыстарды жүйелі жалғастыру керек. Бұл – ел үшін аса маңызды. Бірнеше аудан, қала әкімдіктері тарапынан жерді қайтару жұмыстарында кемшілік анықталып отыр. Бекітілген жер телімдеріне жүйелі түрде мониторинг жүргізіп, мақсатсыз пайдаланылған жерді мемлекетке қайтару үшін тиісті шараларды қабылдауды тапсырамын. Жайылым жерлерлерді конкурс арқылы беру барысында ең бірінші кезекте елді мекендерді ортақ жайылыммен қамтамасыз ету ескерілуі қажет. Бұл күнделікті жұмыс болуы тиіс».
Айта өтсек, еліміздегі жалпы мал басының 18 пайызы Түркістан облысына тиесілі. Биыл өңірде жайылым тапшылығы 2122,2 мың гектарды құрады. Осы бағытта ортақ жайылымның көлемін ұлғайтып, елді мекендегі мал бастарын шалғайдағы маусымдық жайылымдарға шығаруды ұйымдастыру, аудандарда мал бордақылау алаңдарын және отбасылық сүт фермаларын арттыру көзделген. Нәтижесінде 2024 жылға облыстағы жайылым тапшылығы төмендеп, 1107,8 мың гектарды құрайды. Жыл қорытындысымен 333,2 мың гектар жер учаскесі ортақ жайылымға қайтарылып, елді мекендердегі жайылым жүктемесінен 681,8 мың гектарға кемиді. Ортақ жайылым жерлерді қайтару барысы туралы облыстық жер қатынастары басқармасының басшысының баяндамасы тыңдалды. Түркістан облысында жайылым жердің жалпы аумағы 8 миллион 860 мың гектардан асады.
Шаруашылық жүргізуші кәсіпорындар үшін жайылым жер жеткілікті. Негізгі мәселе – мал басына қажетті ортақ жайылымның тапшылығында. Облыс әкімі көптің көкейіндегі мәселенің шешілуі қатаң бақылауда екенін айтты. Төрт түлігімен күн көрген ауылдағы ағайынға жетпеген жайылым проблемасына қатысты жауаптыларға нақты тапсырмалар берді. «Қолжетімді жайылым» жобасы аясында облыс әкімдігі облыстық прокуратура мен бірлесе іс-шаралар жоспары әзірленіп, жұмысшы топ құрамы бекітілді. Жұмысшы топ тарапынан ауылдардағы нақты мал басына зерделеу жұмыстары жүргізіліп, ауылдық округтердің жайылыммен қамтамасыз ету сызбалары әзірленді. Зерделеу жұмыстарының барысында «Ауыл шаруашылығы жануарларды бірдейлендіру» (ИСЖ) базасындағы жұртшылықтың нақты мал басымен ауылдық округ әкімдерінің статистикалық басқармаға ұсынған ақпаратында айырмашылықтар анықталуда.
«Пайдаланылмайтын және Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып берілген жерлерді алып қою жөніндегі ведомствоаралық жұмысшы топтың іс-шаралар жоспарына сәйкес, Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаментімен бірлесе 2023 жылға 330,0 мың га жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару жоспары бекітілген», – деді Түркістан облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Ерғали Тілеген. 2022 жылдың 1 шілдесінен бастап ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін мақсатына сай пайдалануына космомониторинг жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде 4543 жер пайдаланушының 560,6 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерінің мақсатына сай пайдаланылмағаны анықталған.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат