Дүйсенбі, 23 Қазан 2023 17:57

Түркістан: биыл Шардарада 60 мың гектар жерге дәнді дақыл егілген

Түркістан облысындағы барлық аудан, қалалардың өзекті мәселелері талқыланып, шешу жолдары қаралатын жаңа форматтағы кездесулер Шардара ауданында өтті. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен актив отырысында ауданның қордаланған проблемалары ортаға салынды. Бұл жиналыс бойынша қорытынды шығарылып, нәтижесі бойынша тиісті жұмыстар ұйымдастырылады.

Түркістан облысындағы әрбір аудан, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрақты түрде зерделеніп, жұмысын нашар атқарған басшылар мен мемлекеттік қызметшілерге шара көріледі. Тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің шешу жолдары, мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы да сараланып, аудан әкіміне тиісті тапсырмалар беріледі.

– Бүгін біз Шардара ауданындағы өзекті мәселелерді талдауға олардың шешу жолдарын қарастыру үшін жиналып отырмыз. Мақсат – сыннан нәтиже шығару. Ауданда шешімін таппаған мәселелер көп. Экономикалық, әлеуметтік салалар, ауыз су, инфрақұрылым мен абаттандыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға басты назар аударып, кемшіліктерді жою керек. Төмендеген көрсеткіштерді көтеруге күш салу қажет. Салық базасын ұлғайту, мемлекеттік кірістер басқармасымен бірлесе аудан бюджетінің түсімдерін ұлғайтуды жүзеге асыру керек. Ауданның дамуы бойынша басты бағыттарды белгілеп, даму жоспарын әзірлеп, инвестициялық климатты жақсарту қажет. Жаңа өндіріс орындарын ашып, тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етугеді тапсырамын. Барлық мемлекеттік мекемелердің алдына ағаш отырғызу керек. Көгалдандыру, тазалық жұмыстары күнделікті атқарылсын, – деген Дархан Сатыбалды кемшілікке жол берген басшыларға ауызша ескерту берді.

Ауданның өнеркәсіп көлемі биыл 17,6 млрд.теңгені құрап отыр, бұл өткен жылмен салыстырғанда  5,3 млрд. теңгеге артқан.  Негізгі капиталға бағытталған инвестиция  көлемі 35,5 млрд. теңгені құрап, есепті кезеңмен салыстырғанда 5,8 млрд. теңгеге ұлғайды.  Құны 1,7 млрд. теңгені құрайтын жаңа инвестициялық жобалар  (күрішті терең өңдеу цехы, инкубациялық цехтар және т.б.) іске асырылып, 118 жаңа жұмыс орындары ашылды.  Осы жылы 3,6 млрд. теңгеге 7 ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Яғни, тігін фабрикасы, мақтаны өңдеу және май шығару зауытының құрылысы және өзге де жобалар бойынша 200-ден астам жұмыс орны ашылады.

Биыл ауылшаруашылығын жан-жақты дамытуға мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдау көрсетілуде.  Осы жылға төмендетілген бағамен 2,8 мың тонна дизель отыны бөлінді. Сонымен қатар, жалпы агро құрылымдардың сұранысын ескере отырып, агро шаруашылығын субсидиялауға 7,6 млрд.теңге бөлінді. Бұдан бөлек, «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы жылдық 5 пайызбен тауар өндірушілерге 8,8 млрд. теңге бөлінді. Қазіргі уақытта бұл қаражатты 10 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы саласында Шардара ауданы бойынша ірі жоба бар. Өздеріңізге белгілі, суармалы жерлер кепілді мол өнім беретін, қайтарымы жоғары, ауыл шаруашылығының «алтын қоры» болып есептеледі. Осы мақсатта, суармалы жер көлемін ұлғайтуда «Жаушықұм алқабын игеру» жобасы жүзеге асырылуда.

Шардара су қоймасына арнайы сорғы насостар орнатылып, жаңа каналға су жеткізілетін болады. Нәтижесінде, 12,2 мың гектар суармалы жер игеріліп, егіншілікпен қатар, қайта өндеу, жылыжай, балық шаруашылығын дамытуға мүмкіндік береді. Жоба толық іске асырылған кезде жылына қосымша 14 млрд. теңгенің өнімі өндіріледі деп күтілуде.

Жер телімдерін игеру мақсатында биыл Шардара ауданында 60 мың гектар жерге дәнді-дақылдар егілді. Шардара ауданында биыл 57 800 га жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Атап айтқанда, күздік бидай – 1100 га, жаздық арпа – 1500 га, күріш – 1200 га, дәндік жүгері – 3560 га, маш – 670 га, мақта – 11200 га, ескі жоңышқа – 20010 га, жаңа жоңышқа – 4100 га, сүрлемдік жүгері – 4250 га, картоп – 250 га, көкөніс – 600 га, бақша – 9360 га.

2023 жылы мақтаның егіс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 4443 гектарға азайтылды. Оның орнына мал азығы және бақша дақылдарын егу көлемі артты. Ауыл округтері бойынша осы жылғы көктемгі егіске байланысты сор шаю мен ылғалдандыру (сор шаю – 15643 га, ылғалдандыру – 20974 га) бойынша жұмыстар жүргізілді. Сор шаю жұмыстары 100% орындалған. 20974 га егістік алқапқа ылғалдандыру жұмыстары жүргізілді. Ағын су жеткізіп беруде мәселелер жоқ.

Биыл 2023 жылы құны 860 млн. теңгені құрайтын, 98 адамды жұмыспен қамтитын 8 жоба жүзеге асады. Жоба іске асқан жағдайда 91 млн.теңге салық төлеп, орташа айлық жалақы 180,0 мың теңгені құрайды. Олар:  ЖК С.Мамбетовтың тауарлы сүт өнімін өңдеу, құрт шығару цехы. ЖК Е.Досмамбетовтың ешкі сүтін өңдеу жобасы. ЖК Д.Бектасовтың бетон өнімдерін шығару зауыты. ЖК Н. Қоянбаевтың наубайхана және кондитерлік өнімдер шығару жобасы. ЖК А.Надирбековтың тұрмысқа қажетті химиялық заттарды шығару жобасы. ЖК Т.Жалғасбаевтың балықтан жем және май дайындау жобасы. ЖК Тоқбайдың еврозабор, брусчатка құрылыс материалдары шығару жобасы.

Кәсіпкерлік саласына келер болсақ, іс-әрекеттегі шағын және орта бизнес субъектілері 8637 бірлікті (102,5%) құрап, онда 10726 адам жұмыспен қамтылды (103,5 %). Өндірілген өнім 9,5 млрд.теңгені құрады (128,4%). Несиелендіру жұмыстары. Аудандағы кәсіпкерлер мен шаруаларды қолдау мақсатында «Оңтүстік» АИО» ЖШС және «Ырыс» МҚҰ арқылы көктемгі дала жұмыстары үшін 72 жоба 185,9 млн. теңгеге қаржыландырылды. «Қарапайым заттар экономикасы бағдарламасы» аясында 36 жоба 1,8 млрд. теңгеге қаржыландырылды. Оның ішінде 1 жоба мақта өңдеу зауытына 1,0 млрд. теңгеге, балық шаруашылығы саласына 1 жоба 110,0 млн. теңгеге, 1 жоба балабақша құрылысына 42,0 млн. теңгеге, қалған жобалар ауылашаруашылығы саласына бағытталған. Нәтижесінде 184 азамат жұмыспен қамтылды. Ауданның ауылшаруашылық саласында өткен жылы 60,5 млрд.теңгеге ауыл шаруашылығы өнімі өндірілген. Олардың ішінде мал шаруашылығы – 10 млрд.теңгені құрап отыр. Егістік көлемі бойынша 57,8 мың гектарға орналастырылып, өсімдік шаруашылығының өндірілген өнімі 50,5 млрд.теңгені құрады.

Мәжілісте Дархан Сатыбалды аудан әкіміне инвестиция тарту, кәсіпкерлерге қолдау көрсету, тұрғындарға мемлекеттік бағдарламалар мен жеңілдіктер туралы ақпарат беру, ауыл шаруашылығын жандандыру, инфрақұрылымды жақсарту, білім саласын жаңғырту және өзге де мәселелер бойынша жұмыс атқаруды тапсырды. Басқарма басшыларыменбірлесе еңбек етуді жүктеді. Әрбір орынбасар мен бөлім басшыларының уәждері тыңдалды.

Облыс әкімі аппаратының тарапынан Шадара ауданының өзекті мәселелері талданып, бірқатар кемшіліктер анықталды. Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов Шардараны дамыту барысындағы кемшіліктерді баяндады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығының өнім көлемі, құрылыс жұмыстарының көлемі бойынша жоспар орындалмаған. Өзге де салалар зерделеніп, өзекті проблемалары қозғалды.

Бұл көрсеткіштер аудан әкімдігі тарапынан ауыл шаруашылығын дамытуға қолайлы жағдай жасамағанын көрсетеді. Салық салу базасын ұлғайтудың орнына, ауданда керісінше өзіндік кірістердің үлесі төмендеген. Сондай-ақ аудан аумағында орналасқан салық салу объектілері салық декларациясында жалдамалы жұмысшылардың санын төмендетіп көрсетеді. Жастарға несие беру жобасының орындалуы әлсіз. Денсаулық сақтау саласында ауданда бірқатар өзекті мәселелер бар. Әкім тапсырмасына сәйкес, облыс әкімі аппараты тарапынан аудандағы жалпы мемлекеттік әлеуметтік нысандардың, жол, санитарлық тазалығы, көпқабатты тұрғын үйлердің жағдайларына зерделеу жұмыстары жүргізілді. Бірқатарының жай-күйі сын көтермейді.

Жаңа форматтағы кездесулер бойынша қорытынды шығарылып, нәтижесі бойынша тиісті жұмыстар жасалады. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды барлық аймақтарды аралап, әрбір ауданның даму барысын, жұмыстарын саралауда. Мәселелерді шешу жолдары қаралып, тапсырманы орындалу мерзімдері белгіленеді. Барлық сала зерделенеді. Осы арқылы өңірді дамыту жұмыс сапасын жақсарту, елдің өтініштері мен ұсыныстарын сапалы орындау, облыстың даму көрсеткішін жақсарту көзделіп отыр. Ауданға жұмыс сапары барысында облыс басшысы Шардара қаласындағы Қ.Аманжолов атындағы жалпы орта мектебінде болды. 420 орындық білім ұясында екі ауысыммен 786 оқушы білім алады. Білім ұясы апатты жағдайда деп танылған. Жаңа мектер салу мәселесі талқыланды.

 

 

Оқылды 227 рет