Осыдан он жыл бұрын су арнасының гидроқұрылғыларын қайта құру жұмыстары басталған. Араға уақыт салып жөндеу жұмыстары тоқтап қалған. 2018 жылдан бастап қайта жалғасқанымен, 2019 жылдан бері құрылыс жұмыстары тоқтап тұр. Каналдың 25 шақырымы бетондалу керек болса, оның 14 шақырымы, ішкі тармақтарының 175 шақырымы бетондалу керек болса, оның 52 шақырымы ғана бетондалған. Жоспарланған 4 насос станциясының ешбірі қойылмаған. Құрылысқа қаралған қаржы 6,076 млрд.теңгенің, 3,6 млрд. теңгесі игеріліп кеткен. Атқарылған құрылыс жұмыстарының сапасында көптеген кемшіліктер тіркелуде, каналдың жөндеуден өткен бөліктері қайта жарамсыз күйге айналуда, ішкі су жүйелерінің су өткізу қабілеті нашарлап жатыр.
– Өңіріміз үшін ағын судың аса маңызды екенін білесіздер. Жұмыс дұрыс жоспарланбаған. Зардабын ел тартып отыр. Мәселені түбегейлі шешіп, каналды толық жөндеу керек. Диқандарға қолдау көрсеткен жөн, – деді Дархан Сатыбалды.
Биыл ауданда 79,2 мың гектар алқапқа түрлі ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланған. Атап айтқанда, 44 мың гектар жерге мақта, 19 мың гектардан астам жерге бақша, 3,5 мың гектар алқапқа көкөніс және 11 мың гектардан астам жерге мал азықтық дақылдары егу шаралары қызу жүргізілуде. Диқаншылығын ақпан айынан бастайтың шаруалар бүгінде 1700 гектардан астам жерге көкөніс, 15,9 мың гектар жерге бақша, 16 мың гектардан астам алқапқа мақта және 4 мың гектардан астам алқапқа мал азықтық дақылдарын егіп үлгерген. Ал ерте егілген қырыққабаттан 1170 тонна өнім алынып, Алматы, Астана, Шымкент қалаларымен қатар басқа да облыстарға, тіпті Ресей мен Белорусия елдеріне сатылу үстінде.
Айта кетейік, аудан дихандарының көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге бөлінген 7020 тонна жеңілдетілген жанар-жағармайдың 4226 тоннасы талон жүйесі арқылы таратылған. Бөлінген жанар-жағар май ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің егістік алқаптарына сәйкес бекітіліп, «JOL YRYSY» ЖШС, ЖК «Әуезов», «РосАзияНефть» ЖШС, «TS Нефтьпродукт» ЖШС арқылы 1 литрі 206 теңгеден босатылуда.
Жетісай ауданының барлық жер көлемі 104634 гектарды құрайды. Барлық ауыл шаруашылығы алқаптарының жиынтығы 86337 гектар, оның ішінде егістік жерлер 77045 гектар, оның ішінде суармалы егістік 77045 гектар, көп жылдық ағашты өсімдіктер 698 гектар, жайылымдар 1487 гектар. Санаттары бойынша: ауыл шаруашылығы мақсаттары бойынша пайдаланатын жерлері 86337 гектар; елді мекендердің жерлері 12070 гектар; өнеркәсіп, көлік, байланыс, қорғаныс және ауыл шаруашылық емес басқа мақсаттарда пайдаланатын жерлер 492 гектар; су қорының жерлері 5101 гектар;
Мақталы ауылдық округіндегі 4 елді мекенінде, Ж.Ералиев ауылдық округінде 1 елді мекенінде, Қызылқұм ауылдық округіндегі 1 елді мекенінде ауыз су жүйелерін ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге биылғы жылға аудандық бюджеттен 136 млн 652 мың теңге, «Мембрана», «Омега» қондырғыларына және кәріз жүйелерін ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге аудандық бюджеттен 52 млн 670 мың теңге бөлінген. Ауданда 112 елді мекеннің 105 елді мекені орталықтандырылған электр желісіне қосылған. Жаңа ауыл ауылдық округіндегі 3 елді мекеніндегі жаңадан құрылған көшелеріне ЖСҚ әзірленіп 499 млн теңге бөлінді. Абай ауылдық округіндегі 4 елді мекенге, Ж.Ералиев ауылдық округіндегі 8 елді мекенге электр желілерін жүргізуге және трансформатор (КТП) орнату үшін ЖСҚ әзірленуде.
Аудандағы 105 елді мекеннің 56 елді мекені газбен қамтылған, бұл аудандағы елді мекендердің жалпы санының 53 % құрайды. Бүгінгі таңда жалпы құны 2,5 млрд теңгені құрайтын Жаңа ауыл, Достық ауылдық округтеріндегі елді мекендерге жеткізуші газ құбырын салу жұмыстары, жалпы сметалық құны 3,8 млрд теңгені құрайтын Қарақай ауылдық округінде «Жетісай» АГТС салу» және Ынтымақ ауылдық округінде «Киров» АГТС құрылыс жүргізілуде. Нысандар жыл соңына дейін тапсырылатын болады.
Өңір басшысы Шардара су қоймасынан машиналық әдіспен су беру каналының да (Тәуелсіздіктің 20 жылдығы каналы) өзекті мәселелерімен танысты. Ұзындығы 29 шақырымды құрайтын канал 2009-2010 жылдары салынған. Суармалы жер көлемі – 86 700 га. Жетісай ауданының егістік алқаптарын «Достық» магистралды каналы арқылы келетін ағын судың тапшылығы сезілуде. Осы деректер талқыланып, канал мәселесі бақылауға алынды.
Дархан Сатыбалды Жетісай қаласын ұлғайтуға бөлінген 80 га аумақтың инфрақұрылымын дамытудағы өзекті мәселелерді де саралады. Жетісай қаласында 5 қабатты 20 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы 2019 жылы басталған. Құрылыс жұмыстарын толық аяқтау үшін қосымша қаржы қажет. 5 қабатты 6 тұрғын үйдің ауласын көгалдандыру-көркейту және абаттандыру жұмыстары аяқталмаған және электр қуатымен қамтамасыз етілмеген. Электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында 2022 жылы жергілікті бюджет есебінен «Түркістан облысы, Жетісай ауданы, Жетісай қаласының ауданы 80аумақта 110/35/10 кВ ҚС қосалқы станциясының құрылысы» нысанына жоба әзірленіп, құрылыс-монтаж жұмыстарына қажетті қаржыны бөлдіру үшін салалық басқармаға бюджеттік өтінім жолданған. Жоба іске асқанда Жетісай қаласы аумағындағы 12 көпқабатты, 440 пәтерлі үйлер, яғни 1842 абонент сапалы, тұрақты электр қуатымен қамтамасыз етілмек. Облыс басшысы құрылысы созылған құрылыс жұмыстарын созбалаңға салғандарды сынға алып, жауапты басшыларға тиісті тапсырмалар жүктеді. Қауіпсіздік мәселесін басты назарда ұстауды міндеттеді.
Сондай-ақ, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Жетісай ауданының активімен көшпелі мәжіліс өткізді. Құнарлы жерімен, еңбекқор тұрғындарымен әйгілі аймақтың өткір мәселелерін ашық талқылап, ауданды дамыту жөнінде кеңесті. Өз саласы бойынша индикаторларды орындай алмай жүрген басшылар мен жауаптыларға жұмысты сапалы атқару керектігін айтты.
Көшпелі мәжілісте аудан әкімі Серік Мамытов ауданның даму көрсеткіштері мен алдағы жоспарлары бойынша баяндады. Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов ауданды дамыту барысындағы кемшіліктер мен мәселелерге тоқталды. Зерделеу жұмыстары көрсеткендей, ішкі өнім, инвестиция салаларындағы көрсеткіштер төмен. Денсаулық сақтау және білім саласы ғимараттарының жай-күйі де сынға ілінді.
Егін шаруашылығының нақты көлемі индексі де кеміген. Ірі қара мал, қой басында өсім байқалмайды. Осыған байланысты өңір басшысы тарапынан Жетісай ауданы әкімдігіне «Ауыл аманаты» бағдарламасын талапқа сай жүзеге асыру, жылыжайлар шаруашылығын дамыту, агроөнеркәсіп кешенінде жұмысты ширату тапсырылды.
– Тек бюджетке байланатын заман өтті. Жан- жақты болу керек. Мәселені өздігінен шешіп, инвесторларды көптеп тартуды күшейту керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдерге, мемлекеттік қызметшілерге нақты міндеттер жүктеді. Күнделікті мәселелерді шұғыл шешумен ғана шектелей, мемлекетшіл-реформатор болуды, аймақтарды жан-жақты дамытуды тапсырды. Тазалықты сақтауға, ғимараттарды күтіп-ұстауды қолға алу керек. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту, отандық өндірісті ұлғайту, азаматтардың нақты табысын арттыру, байыпты макроэкономикалық саясат жүргізу, инфрақұрылымды одан әрі дамыту, өндіріс орындарын ашу керектігін айтты. Осы бағыттар бойынша жұмысты жандандыруымыз керек, – деген Дархан Сатыбалды бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.
Облыс әкімі аудандардағы ішкі жолдарды стандарттауды, бірыңғай талапқа сай салуды жүктеді. Сапасын арттыруды міндеттеді. Бюджеттің жергілікті кірістерін, түсімдерін арттыру жөнінде де нақты тапсырма берілді. Ауданның инфрақұрылымын жетілдіру, жолдарды жөндеу, көгалдандыру жұмыстарын күшейту, жер дауларын шешу және өзге де мәселелер бойынша ұсыныстар айтылып, міндеттер жүктелді. Аудан жұмысын саралауға бағытталған мәжіліс отырысы бойынша нақты тапсырмалар берілді. Келесі жиналыста олардың орындалуы пысықталады. Нәтижесі шығарылады. Жауапты сала басшыларына шара көріледі.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат