Бейсенбі, 19 Қазан 2023 17:07

Саурандық шаруалар биыл 44080 гектар жерді игерген

Сауран аграрлы аудан. Жері құнарлы, диқандары еңбекқор. Жер ананы емген диқандар үшін биылғы жыл несібесіз емес. Саурандық еңбекқор диқандар да бұйырған өнімін жинап, шығынын өтеп отыр. Аудандағы ауыл шаруашылығы саласында ілкімді тірлік бар.

Сауран аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сәкен Оразбаевтың берген мәліметіне сүйенсек, ауданға биыл осы саланың негізгі капиталына тартылған инвестициялар көлемі 11 млрд. 332 млн. теңгеге тапсырма беріліп, 8 айдың қорытындысымен 3 млрд. 973 млн. теңгеге орындалды. Жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6 есеге артып отыр. Ағымдағы жылы 44 080 гектар жер игеріліп, өткен жылдың тиісті кезіңімен салыстырғанда 2057 гектарға артығымен орындалды.

44 080 га жердің 11 666 гектарына шаруалар мақта еккен. Соның бірі "Дінмұхамед" шаруа қожалығы. Астана мен Алматыдан келген блогерлер мақта алқабымен танысты. Шаруақожалық 418 га жерге мақта еккен. Санаулы күндерде мақтаның алғашқы терімі басталады. Шаруақожалық төрағасы Ділмұрат Қорғанбаевтың айтуынша гектарына 35-40 центнерден өнім аламыз деп отыр. Биыл мақтаның жағдайы орташа. Өнім көл көсір болмаса да диқанның маңдай терін ақтайды.

Биыл аудан бойынша 12 га жерге жылыжай өсіру жоспарланған. Жоспар 100% орындалған. Жылыжай өсіріп, табысқа кенеліп отырғандардың бірі "Мұрат" шаруа қожалығы. Үй іргелік жердегі жылыжайға қияр, қызанақ, тәтті болгар бұрышын еккен. Шаруа қожалықтың басшысы Мұрат Сәрсенбаевтың айтуынша жылыжайдан гектарына 100 тонна, ал ашық топыраққа егілген капустадан 80 тонна, қызанақ пен тәтті бұрыштан гектарына 40-50 тонна өнім алған. Агроблогерлер жылыжайдағы әрбір өніммен мұқият танысып, шаруашылық егесіне сұрақтарын қойып, сұқбаттасты.

Сондай-ақ, бүгін Сауран ауданының орталығы Шорнақ ауылында ауыл шаруашылығы өнімдеріне арналған Агро фестиваль өтті. Оған ауданға қарасты 12 ауыл округтің шаруалары 60 тонна өнім әкелді. Ауыл тұрғындары өнімдерді арзан бағада сатып алды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ – бәрімізге сын» деген сындарлы сөз айтқаны жұртшылықтың есінде. Бұл көптің көкейінде жүрген ой еді. Сондықтан жұртшылық та жылы қабылдады. Президент ауылды дамыту мәселесі туралы Жарлыққа қол қойып, осы құжат арқылы Үкіметке ауылды дамытудың 5 жылға арналған нақты жоспарын әзірлеуді тапсырғаны белгілі. Шыны керек, бұл бастамадан күтеріміз көп және оған бәріміз атсалысуға тиіспіз.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында да «Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі. Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді» деп нақтылап айтты. Бұл шындық. Ауыл шаруашылығы саласын дамыту үшін ең алдымен оның дамуына кедергі келтіріп отырған мәселелерді анықтауға тиіспіз. Оларды біртіндеп шешуді қолға алсақ, алға қойған мақсаттар да өздігінен орындала бастайды. Яғни ауыл шаруашылығы өнімдері артып, азық-түлік қауіпсіздігі төмендейді.

Проблемаларды анықтау үшін салада нақты жоспар болуға тиіс. Біз нарықтық экономикада жоспарлау қағидатын ұмыттық. Барлық өзгерістің нәтижесін салыстырмалы түрде ғана анықтауға болады. Ол үшін алдымен өндірісте жоспарлау бағыты жолға қойылуы керек. Дұрыс әрі сауатты түзілген жос­пар – жартылай орындалған нәтиже. Өндірістің нәтижесі – алынған өнімнің көрсеткіші. Алынған өнімнің көлемін, жоспарланған мәліметпен салыстырып, оның қажеттілікті қаншалықты қамтамасыз етіп отырғанына талдау жасау керек. Міне, сонда ғана алдағы мақсаттарды айқындауға болады.

Әрине, жоспарды сауатты ғылыми-өндірістік тәжірибесі мол кадрларға жасату керек. Сонда ол оң нәтиже береді. Мұндай жоспарларды республика, облыстар, аудандар, ауыл әкімдіктері бо­йынша жасату маңызды. Оған жергілікті ғылыми, өндірістік, әкімдік кадрларын тегіс тарту керек. Кадр демекші, біздің ақсап тұрған тұсымыз да дәл осы маман мәселесі. Кейінгі жылдары жасы ұлғайған мамандарды зейнетке жібердік те, олардың орнына жастарды даярламадық. Мамандарды біліміне қарай емес, тамыр-таныстықпен, қал­тасының қалыңдығына, туысқандық қатыстарына қарай іріктедік. Барлық мәселе саланы өз маманы басқарса ғана оң шешілетінін ескерсек, бұған атүсті қарауға болмайды. Өкінішке қарай, кейінгі жылдары салалық мамандар өз саласына керексіз болып қалды да, басқа қызметтерді атқарып кетті.

Айтпағымыз, қай салада болсын, жос­парлы экономикадан қол үзбеу керек. Мәселен, қарапайым отбасының өзінде бір күндік, апталық, айлық, жылдық жоспарлар қағазға түсіріліп, мөр басылып бекітілмесе де, бағыт-бағдар нұсқап үнемі есте жүреді. Демек жоспарды қағаз жүзінде құру жеткіліксіз. Жоспарда әрбір күннің, апта мен айдың, тұтас жылдың шаруасы қамтылып, тиянақты түрде қадағаланып отыруы керек.

Қазақстан жерінің көлемі жағынан дүние жүзінде тоғызыншы орында бола тұра (жайылымның көлемінен – бесінші, егістіктің аумағынан – екінші), өзінің аз ғана халқын осынша жер­ден алуға болатын экологиялық таза өнім­дермен қамтамасыз ете алмай отыр. Бұл жердегі негізгі үлкен кемшілік – салалық министрліктердің жылдық жоспарды сауатты ғылыми-өндірістік тәжірибеге сүйене отырып жасай алмауы. Олар­дың мұндай есептерден алшақтап, тәжі­ри­беден қол үзіп қалғандығы түрлі проб­лемаларға жол ашып отыр. Бір жағы­нан мемлекеттік қызметкерлерді де тү­сінуге болады. Олар өте аз ақшаға жұмыс істеуге мәжбүр. Тапқан айлығы шай­лығына зорға жетеді. Ал мұндай жағдайда олардан үлкен бір дүниені талап етудің өзі орынсыз. Дегенмен, алдағы уақытта бәрі жақсарады деген үміт­темін. Өйткені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұстанып отыр­ған саясатынан осындай ой түйіп отыр­мыз. Бұл менің ғана емес, көптің де пі­кірі екеніне дауым жоқ. Сондықтан басшыға қосшы болып, барынша демеу­ге тиіспіз.

Жер-Ананы қадірлеп, анамыздай аялап, қадіріне жете білуіміз керек. Өміріміздің мәні де, сәні де жерге тікелей байланыс­ты. Сондықтан ұлтарақтай жердің өзіне дұрыс қарап, оны керекті қоректік заттармен қамтамасыз етіп, өңдеп, тиісті агротехникалық жұмыстарды өз дең­гейінде атқарып, жер беретін өнімді барынша алуға қол жеткізуіміз керек. Жоғарыда айтқанымыздай, ол үшін жылдың басында жоспар құрып, соны негізгі бағдар етіп ұстау керек. Ал жыл­дың соңында аудан, ауыл басшылары жос­пар­ланған жұмыстың қаншалықты сапа­лы я сапасыз аяқталғаны туралы есеп беруге міндетті. Баға да жерлердің түгел игеріліп, алған өнімінің санына, са­пасына қарай анықталуға тиіс. Жер­гі­лікті билікке берілетін жылдық баға Жер-Ананы қалай пайдаланғанына тіке­лей байланысты болса, міне, сол әділ әрі орынды болар еді. Мұндай қадам жергі­лікті биліктің жауапкершілігін арттырар еді және өнімнің қажетті көлемде дайындалуына тікелей септігін тигізері анық.

Мемлекет басшысы «ауылды қайта жаң­ғыртып, ауыл шаруашылығын дамы­туға көңіл бөлуіміз керек» деп, Үкі­мет­тің алдына нақты міндет қойды. Ке­ле­шегі кемел, көңілге қонымды, қай­тары­мы зор, халықтың қарнын тойғы­зып, киімін бүтіндейтін, хал-ахуа­лын жақсартып, жақсылыққа жетелеп, тұр­мысын түзетуге апаратын сара жол да осы негізі. Ауылда бес-он үй қалса да, сол елді мекеннің жағдайын жасап, халықты ауылға шақыра беруіміз керек. Қажетті инфрақұрылымдарды жедел тартып, халықтың мұқтажын мұқият зерттеп, зерделеп шұғыл түрде шешу – кезек күттірмейтін мәселе. Әрі-беріден кейін бұл біздің азаматтық парызымыз һәм қарызымыз екенін түсінуге тиіспіз. Түйіндей келе айтарымыз, қазақтың кіндігі ауылға байланған. Ендеше ауылға оралу, тамырдан ажырамау – елдік парызымыз!

«AQ-QARA.KZ»

Оқылды 172 рет