Жұма, 13 Қазан 2023 01:57

Сауран ауданы: Қарашықтағы сүт өңдейтін өндірістік кооперативтің жылдық қуаттылығы – 1200 тоннаға жетіп отыр

Сауран ауданында мәслихаттың бірлескен тұрақты комиссияларының отырысы өтті. Бірлескен отырыста бір мәселе қаралды. Депутаттар Сауран ауданы әкімінің өзіне жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалуы жөніндегі есебін тыңдады. Бұл жөнінде аудан әкімінің орынбасары Мақсат Таңғатаров баяндады.

Республикамыздағы тұңғыш рет басталған «Ауыл аманаты» жобасымен Сауран ауданындағы Түркістанға жапсарлас орналасқан төрт ауылдық округте ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісін қалыптастырудың қанатқақты жобалары басталғаны белгілі. Облыс әкімі Сауран ауданында сүт өндіру, құс өсіру, азық-түлікті қайта өңдеу, жылыжай бағытын мықтап қолға алуды арнайы тапсырма ретінде ұсынып отыр. Осылардың ішіндегі таңдаулысы Оранғай, Қарашық, Ескі Иқан және Майдантал ауылдық округтері болғандықтан, соларға басымдық беріліп отыр.

Қарашық ауылдық округінде сүтті қайта өңдеумен айналысатын «Картекс Агро» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі бар. Ондағы мүшелер саны – 132 адам. Сүт өңдеудің жылдық қуаттылығы – 1200 тоннаға жетіп отыр. Сиыр сүтін жинақтау қоймасының сыйымдылығы – 20 тоннаға барады. «Картекс Агро» АШӨК тәулігіне 40 тонна түйе және сиыр сүтін өңдеп, өндіруге мүмкіндігі бар. Қазіргі таңда «Картекс Агро» АШӨК шикізат тапшылығына байланысты толық жұмыс жасамауда.

Отбасылық сүт фермаларын ашу бағытына қаражат берілсе, тәулігіне 40 тонна түйе және сиыр сүтін өңдеуге мүмкіндігі бар. Жаңадан 162 жұмыс орыны ашылады деп күтілуде. Бүгінгі күнге — жылыжай кешенін салу және жаңарту бағыты бойынша – қырықтан астам адам және құс шаруашылығын дамыту бағыттары бойынша тоғыз адам, көкөніс өнімдерін қайта өңдеу бағыты бойынша жиырмаға жуық адам несие алуға ниет білдіріп отыр.

Сауран ауданында ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс жұмыстарында өткен жылмен салыстырғанда өнімді тірлік бар. Ауданға тартылған инвестиция көлемі де қомақты. Соңғы 2 жылда аудан экономикасына 38,3 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылып, 2 есеге өскен. 7 айда инвестиция көлемі 15,7 млрд. теңгені құраған. 2023 жылдың қаңтар-шілде айында өнеркәсіп өнімінің көлемі 5 млрд. 491,1 млн. теңгеге жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 107,3%-ды құрады. Өнеркәсіптің басымды саласы өндеу өнеркәсібінде 3 млрд. 651,6 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 107,0 пайызға жеткен. Биылғы жылы 7 айдың қорытындысымен кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021 – 2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы арқылы, кәсіпкерлік субъектілерін 800,0 млн. теңгеге жуық жеңілдетілген 6%-дық несиемен 11 жоба қаржыландырылды.

2023 жылға Сауран ауданы бюджетінің жалпы көлемі 8 млрд. 999,0 млн. теңгені құрады, оның ішінде жергілікті кірістер жоспары 2 млрд. 390,4 млн.теңге көлемінде бекітілген. Жергілікті бюджетке түскен салықтар мен басқа төлемдер 2023 жылдың 8 айының қорытындысымен 1 млрд. 777,9 млн. теңгені құрап, жоспар 116,5%-ға немесе 251,3 млн. теңгеге артығымен орындалды. Бюджеттің шығыстар бөлігінде есепті кезеңге жоспарланған 5 млрд. 805,3 млн. теңге 99,5 пайызға игерілген. Ал жалпы өңірлік өнім 2023 жылдың 7 айында жалпы өңірлік өнім көлемі 30,7 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 111,5%-ға артқан.

Жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2021 жылғы 2 073-тен бүгінгі таңға 6 901-ге жетті немесе 4 828-ге өсті. Осы салада 8 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылып, өткен кезеңмен салыстырғанда 1,5%-ға артқан. Сонымен қатар, әлеуметтік, коммуналдық салаларда да өсім бар. Баяндамадан кейін депутаттар өз тараптарынан сұрақтарын қойып, тиісінше жауаптарын алды. Атқарылуы кешеуілдеген жұмыстар да қызу талқыға салынды.

Жалпы, ауыл­дарды дамыту бойынша алға қой­ған жоспарлар көп, соған байланыс­ты біраз жұмыс атқарылып жатыр. Қазір ауыл-аймақтарды дамыту барлық қолданыстағы бағдарламалық құжаттар шеңберінде жүзеге асырылады. Мәселен, Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру үшін Үкімет ауылдық аумақ­тарды дамытудың 2023-2027 жыл­дарға арналған тұжырымдамасын бекітті. Тұжырымдама ауылдық аумақ­тар­дың географиялық ерекшеліктері мен бәсе­ке­лестік артықшылықтарын ескере отырып, олардың әлеуметтік-эко­но­ми­ка­лық әлеуетін арттыруға бағыт­тал­ған. Тұжырымдаманың аясында ауыл тұрғындарының табысы мен тұрмыс сапасын арттыру бойынша түрлі шаралар қарастырылған. Құжаттағы басты назар «Ауыл – ел бесігі» жобасы арқылы даму әлеуеті жоғары 3,5 мың ауылдық елді мекенді кешенді жаңғыртуда болып отыр. Бұл – жалпы ауылдардың 90%-ға жуығы.

Мұндай елді мекендер адамдардың жұмыс істеуі мен тұруы үшін қолайлы жағдайлар жасау есебінен экономикалық өсудің жаңа нүктелеріне айналады. Басты мақсат – әлеуметтік, инженерлік инфрақұрылымды дамыту арқылы қо­лай­лы ауыл ортасын қалыптастыру. Бұл – жаңа мектептер мен медициналық объек­тілерді салу, таза сумен және электрмен жабдықтау, кең жолақты интер­нет­ке және спутник­тік байланысқа қол­же­тімділікті қам­та­масыз ету, ауылдың ішіндегі жолдар­дың сапасын арттыру, мәдени нысандар – кітапханалар, клубтар, мұра­жай­лар мен кинотеатрлар, спорт ғима­рат­та­рын салу, халыққа қыз­мет көрсету орта­лық­тарын ашу. Ал онда­ғы тұрғын үй құрылысын жандандыру үшін инженерлік коммуникация­лар­ды жаңа жер учаскелеріне жеткізу жұ­мыс­тары жалғастырылады. Бұл ретте елді мекендерде өз қызметкерлеріне тұрғын үй салған жұмыс берушілердің шығындарын жеңілдету мақсатында пайдалануға берілген ауданы 100 шаршы метрден аспайтын үй құнының 50% мөлшерінде субсидия беріледі.

Ауыл тұрғындарының табысын арттыру үшін агроөнеркәсіптік өндірісті жандандыру, кәсіпкерлікті және ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту жолымен шешу жоспарда тұр. Осылайша, шағын шаруашылықтарды біріктіру және ауыл шаруашылығы кооперативтерін ұйымдастыру фермерлерге тұқым, тыңайтқыш, жем, агро­техникалық және ветеринариялық қызметтер шығындарын қысқартуға, жер учаскелерін, ауыл шаруашылығы техникасын, ирригациялық және дре­наж­дық жүйелерді бірлесіп пайдалану есебінен өндірілген өнім көлемін арттыруға, сондай-ақ өндірілген тауарларды делдалдарсыз тұрақты өткізуге мүмкіндік береді. Жалпы, мұндай тәсіл бизнес-ортаны дамытуға және ауылда нарықтық, көліктік және логистикалық инфрақұрылымды қалыптастыруға ық­пал етеді. Сонымен қатар қызмет ба­ғыт­­тарын кеңейту есебінен жаңа жұмыс орын­­дары пайда болады, осылайша ауыл­дан жас кадрлардың кетуі азаяды.

Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырым­да­масы бірқатар шараны қамтиды, со­ның ішінде ауыл тұрғындарын жер­гілікті өзін-өзі басқаруға тарту, әр­түр­лі мемлекеттік қолдау көрсету, ту­ризм­ді дамыту, экспортты ынталандыру, эколо­гиялық қауіпсіздікті қамта­ма­сыз ету. Аталған тұжырым­да­ма­дан күтетін нәтиже – табысы ең төмен­гі күнкөріс деңгейінен төмен ауыл хал­қының үлесі 5,8%-ға, ал ауылдық жер­лерде жұмыссыздық деңгейі 4,2%-ға дейін төмендейді. Сонымен қатар елді мекен­дерді таза сумен қамтамасыз ету – 100%, интернетпен қамту – 97%, нор­ма­тивтік жағдайдағы жергілікті жол­дар­дың үлесі 95% болмақ.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ұлттық экономика ми­нистрлігі 2019 жылдан бастап «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру бойынша жоспарлы жұмыс жүргізіп жатқанын айттық. Мәселен, 2023 жылға бекітілген республикалық бюджетте «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыруға 41 млрд теңге бөлінсе, жобаны жүзеге асы­руға республикалық бюджетті нақ­ты­лау кезінде қосымша 55 млрд теңге қа­рас­ты­рылды.

Ел ішінде «Көмектескің келсе, балық берме, қармақ бер» деген жақсы сөз бар. Ауыл тұрғындарының тұрмысын көтеру, ауылды жандандыруға берілген тиімді қармақ, бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Ауыл аманаты» бағдарламасы. Бағдарламаның ең басты мақсаты – қарапайым ауыл тұрғындарын кәсіпке баулу арқылы тұрмыс-тіршілігін жақсарту, ауыл шаруашылығы кооперативтеріне бірігіп, бір-біріне қолдау көрсетіп, ауылдық жерде шикізат өңдейтін өндірісті дамыту. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша ауыл тұрғындарына 5 жылдан 7 жылға  дейін өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Алу шарттары да жеңілдетілген, яғни кепілге қойылатын жылжымайтын мүлік, меншіктегі жер немесе арнайы техниканы бағалап, соған сәйкес шағын несие алуға болады.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 178 рет