Инвестициялық субсидия және жеңілдетілген несие тұрақты түрде берілген жағдайда тауарлы балық өндіру көлемі 30 мың тоннадан аспақ. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен облыстағы балық шаруашылығы саласын дамыту бойынша жиналыс өтті. Онда облыс басшысы бұл бағытта жұмысты ширатып, экспорттық әлеуетті көтеруге басымдық беруді тапсырды.
Облыста жергілікті маңызы бар 104 су айдыны бар. Бұдан бөлек 4 халықаралық маңызы бар, 4 республикалық маңызы бар кәсіпшілік мақсаттағы учаскелер бекітілген. Бүгінде тауарлы балық өсірумен 156 кәсіпкерлік мекеме айналысуда. Облыс тұрғындарын балық өнімдерімен толық қамтамасыз ету мақсатында 30 тоғанды балық шаруашылығы, оның ішінде 4-еуі үйіргелік аулада ашылды. Сонымен қатар жалпы қуаттылығы жылына 15 мың тоннаны құрайтын 7 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді.
Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиевтің баяндауынша, облыста 2022 жылы 6 мың 200 тоннаға жуық тауарлы балық өндірілсе, биылғы жоспар – 6640 тонна. Саланы дамытуға биыл жергілікті бюджеттен 500 млн теңге бөлінді. Бұдан бөлек, инвестициялық салымдарды субсидиялауға республикалық бюджеттен 226 млн. теңге қарастырылған.
Бағдарламада бекітілген тауарлы балық өндіру көлеміне қол жеткізу мақсатында 2023-2025 жылдары аудан, қала әкімдіктері кесіндісінде жаңадан 91 балық шаруашылығын ашу жоспарланған. Ал акваөсіру бойынша биыл жергілікті бюджеттен 500 млн. теңге бөлініп, бүгінде 31 шаруашылыққа субсидия беріліп, қаржы толық игерілді. Бұдан бөлек, инвестициялық салымдарды субсидиялауға Республикалық бюджеттен 226,0 млн. теңге қарастырылған. Облыста жергілікті маңызы бар 104 су айдыны тіркелген. Оның 88 табиғат пайдаланушыларға бекітіліп берілген.Мемлекет тарапынан акваөсіруді субсидиялау балық шаруашылығын дамытуға оңды ықпалын тигізуде. Облыста жасанды жолмен балық өсіру саласының әлеуеті өте жоғары. Түркістан облысы бойынша тауарлы балық өсірумен 154 кәсіпкерлік субъектісі айналысады. Балық шаруашылығын дамытуға мемлекеттік қолдаулар көрсетіледі.
Шардара ауданында балық шаруашылығы қарқынды дамуда. Соның бірі – Сүткент ауыл округіндегі «Болашақ» шаруа қожалығы. 40 га аумағы бар тоғанды балық өсірумен айналысатын шаруа қожалығы 2021 жылы іске қосылған. Мұнда жайын, тұқы, сазан, ақ амур, дөнмаңдай балық түрлері өсіріледі. Арнайы күтіммен өсірілген балықтар Ресей еліне экспортталуда. Өткен жылы 160 тонна балық өндірілсе, биыл 300 тоннаға жеткізуді көздеп отыр. «Болашақ» шаруа қожалығы директорының орынбасары Мұхтар Байқошқаров 28 млн. теңге субсидия берілгенін айтып, биыл шаруа қожалық өнімін арттыру үшін мемлекеттен 250 млн. теңге жеңілдетілген несиеге өтініш бергенін жеткізді.
Шардара ауданы, Қоссейіт ауылдық округіндегі «Ахмет» балық шаруа қожалығы табиғи және шарбақта үш түрлі балық өсіріледі. Кәсіпкердің жеке инвестициялық салымдары есебінен ашылған «Ахмет» шаруа қожалығы 2020 жылы іске қосылған. Аумағы 56 гектар жерді құрайды. Қуаттылығы – жылына 60 тонна. 6 метр тереңдіктегі шарбақта өсірілген балықтар жергілікті халықтың сұранысына ие.«Ахмет» шаруа қожалығының басшысы Мұхтар Бәкарыстанәлінің айтуынша, мемлекет тарапынан былтыр 29 млн. теңге берілген. Кәсіпкер тұқы, сазан, ақ амур басқа алдағы уақытта көксерке, ақмарқа, дөңмаңдай секілді балық түрлерін қосуды жоспарлауда.
Түркістан облысы Түлкібас ауданында да балық шаруашылығы қарқынды түрде дамып келеді. Қазіргі таңда, онда балық өсірумен айналысатын 7 шаруа қожалық бар. Соның бірі Жаскешу ауылдық окуругіндегі «Юлдуз-2» серіктестігі. Аталған қожалықтың балық өсіріп келе жатқанына 2 жыл болған. Алты гектар аумақты алып жатқан жасанды су тоғанға кәсіпкер бастапқыда 14,5 мың сазан, карп және дөңмаңдай (толстолоб) балықтарының шабақтарын жіберген. Бүгінде шаруашылық алғашқы жемісін бере бастаған. Мәселен, қожалық иесі орташа есеппен айына 300 келі балықты аудан және Шымкент қаласының сауда орталықтарына өткізіп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстарды дамыта түсу үшін мемлекеттік бағдарлама аясында балық жемінің 30 пайыз шығындары субсидияланып, тиісті қолдаулар көрсетілуде.
Айта кетейік, 2023-2024 жылдары қосымша, жеке инвесторлармен 1 млрд. 700 млн. теңгеге балық азықтарын шығаратын (қуаттылығы жылына 10 мың тонналық) 2 зауыт ашу жоспарланып, жұмыстар жүргізілуде. Олар Шардара (ЖК «Жалғасбаев Т») және Отырар ауданында («Созақ балық өнімдері» АӨК) ашылмақ. Бүгінгі таңға дейін барлық аудан, қалаларды аралап, балық шаруашылығын дамытуға қатысты түсіндірме жұмыстары жүргізілген.
Жиналыста сондай-ақ, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының аудан, қалаларда қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын ретке келтіру бойынша тапсырмасының орындалу барысы баяндалды. Облыста 159 қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын полигон бар, олардың басым бөлігі санитарлық талаптарға сәйкес келмейді. Осыған орай қоқыс алаңдарын салу бойынша іс-шара жоспары бекітілген. Облыс басшысы бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды. Әр ауданның тазалығына әкімдердің тікелей жауапты екенін қадап айтқан облыс әкімі әр саналы азаматтың өзі тұратын аумақтың таза болуы үшін үлес қосуы керектігіне тоқталды.
Қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу, сұрыптау мәселесімен облыста небәрі 4 мекеме айналысады. Бейберекет қоқыс орындарына жүргілген ғарыштық түсірілім облыста өткен жылы 408 заңсыз қоқыс орны анықталып, толық тазаланды. Биыл 358 нүкте анықталып, жартысынан астамы тазаланды. Жұмыстар жалғасады.
Түркістан облысында 2021-2030 жылдарға арналған «Балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасы» бекітілген. Бағдарламаға сәйкес, 2030 жылға дейін тауарлы балық өсіру көлемін 20 мың тоннаға, ал биыл 6640 мың тоннаға жеткізу жоспарланған. Осы ретте облыс әкімінің тапсырмасын іске асыру мақсатында облыстың аудан, қала аумағынан балық шаруашылығын дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған жоспары бекітіліп, балық өсіру шаруашылығы санын 126-дан 217-ге дейін жеткізу көзделіп отыр.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат