Биыл бұл компания Мақтаарал ауданында өзінің мақта қабылдау пункттерін ашып, 10 мың гектар алқаптан шикізат қабылдау жоспарланып отыр. Алдағы уақытта мақта қабылдау зауыттарымен қоса мақтаны терең өңдеу фабрикаларын салу жоспарлануда. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының Мақтаарал ауданына жұмыс сапары барысында бірқатар маңызды нысандардың жай-күйімен танысты. Жаңа «Намаган-77» мақта сортын өсіруге кіріскен шаруалармен кездесті. Атқарылып жатқан жұмыстарды пысықтады. Жаңа сортты айналымға енгізу арқылы мақтаның аса қауіпті зиянкестеріне қарсы өңдеу шығыны азайып, мақта өнімділігін арттыра отырып, қосымша табысты арттыруға болады.
Мақтааралға іссапарында өңір басшысы «Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында болып, тәжірибе орталығының жұмысымен танысты. Ғалымдармен жүздесті. Облыс әкіміне мақта кластерін дамыту, сапасын арттыру барысындағы жұмыстар мен элиталық тұқымдық шит, бәсекелестікке қабілетті отандық мақта сорттары таныстырылды. Өңір басшысы бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.Аталған саланы дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу аса маңызды екенін айтқан Дархан Сатыбалды ең алдымен мақта сұрпының сапасын жақсарту керектігін атап өтті.
– Облысымызды өзіндік табысын арттыру үшін жаңа жұмыс орындарын ашу бағытына күш салу керек. Бұл ретте мақта кластерін дамытудың маңызы зор. Осы салада ірі фабрика, зауыт ашамын дейтін азаматтарға қолдау көрсетуге дайынбыз. Сонымен бірге, мақта өсіруде су үнемдеу технологиясын мейлінше жетілдіру қажет. Жалпы мақта шаруашылығы үлкен ізденістер мен зерттеулерді талап етеді. Облыс әкімдігі тарапынан мақта кластерін дамытуға жағдай жасалады. Осы бағытта үлкен жоспарларымыз бар, – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.
Былтыр 126,3 мың гектар алқапқа тұқым себіліп, 360 мың тонна өнім жиналды. 30 мың тонна ақ ұлпа Молдова, Латвия, Түркия, Өзбекстан және Қытайға жөнелтілді. Есеп-қисапқа салсақ, мақта талшығының бір тоннасы — 285 мың теңге. Ал өңделіп, одан жасалған төсек жамылғысының тоннасы — 2,9 млн теңге. Осыдан-ақ өңірде мақта кластерін дамыту, шикізатты өңдеу арқылы тоқыма өнеркәсібін жолға қою қаншалықты тиімді екені байқалады.
Кәсіпкерлікті өркендетуде елімізде жетекші орын алатын облыс бұл салаға мықтап көңіл бөле бастады. Әкімдік пен инвестор арасында бірлескен жұмысты бекемдейтін Жол картасы дайындалды. Арнайы экономикалық және индустриалдық аймақтар құрылған. Өңір басшысы Дархан Сатыпалдының айтуынша, диқандар 100 мың тонна мақта талшығын өндіре алады. Шикізаттың тек 15 пайызы ғана терең өңдеуден өтетінін ескерсек, оның көлемін арттыру, сөйтіп, жеңіл өнеркәсіп бұйымдарын шығаратын өндіріс ошақтарын көбейтуге мүмкіндік мол. Үкімет өңірде мақта кластерін өркендетуге көңіл бөліп отыр. Жазда аймаққа жұмыс сапарыменкелген Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин облыста жүзеге асырылатын бірқатар жобамен танысқаны белгілі. Сапары барысында С. Жұманғарин шикізатты қайта өңдеудің маңызына тоқталған болатын. «Түркістан мақта өсіретін жалғыз өңір болғандықтан, мақта кластерін дамытуға Үкімет тарапынан барынша қолдау көрсетіледі. Жергілікті атқарушы билік орындарының осы саланы дамытып, халықаралық наорыққа шығуы аса маңызды», — деді ол.
Бұл істе инвестор тарту мен тиімді тәжірибе алмасудың мәні зор. Осы мақсатпен көршілес Өзбекстандағы кәсіпкерлермен іскерлік байланыс орнатылғанын айта кетейік. Облыс әкімі мен өзбекстандық «Global Textile Group» компаниялар тобының жетекшісі Мұзаффар Разаковпен кездесіп, бірлесіп атқарылар шаруа жайын пысықтаған болатын. Дархан Сатыбалды жүздесуде ақ ұлпаны терең өңдеу көрсеткішін арттыру қажеттігін атап өтті. Бірлескен жобаларды іске асыру, әсіресе, жеңіл өнеркәсіп саласында тәжірибе алмасу екі жаққа да тиімді екеніне тоқталды. Ал М. Разаков облыс әкімдігі мен инвестор арасында Жол картасы әзірленгенін айта келе, Мақтарал ауданындағы шаруалармен келісімшарт жасалғанын хабарлады. Мәмілеге сәйкес, биыл 10 мың гектар алқапқа мақта егіледі. Өнімнің түсімін арттыру үшін Өзбекстаннан 300 мың тонна жоғары сапалы мақта тұқымын әкелу көзделіп отыр. «Ақ алтын» көп жиналса, егістік аумағы жыл сайын ұлғайтылады. «Global Textile Group» ақ ұлпаны жергілікті диқаннан жоғары бағамен сатып алады. Мақта кластері шикізатты қайта өңдеу көлемін арттырып, қазіргі 17 мың тоннадан 66 мың тоннаға жеткізуді көздейді.
Бұдан өзге, осы аудандағы индустриалдық аймақта ашылатын өндіріс ошағында тәулігіне 32 мың шұлық пен 500 костюм тігу көзделуде. Бұған қоса, Ордабасы, Сауран, Шардара, Жетісай аудандарында 12 тігін тоқыма тігін фабрикасын ашу жоспарланып отыр. Жалпы 2027 жылға қарай аймақта жоғары сапалы бұйым шығаратын 75 кәсіпорын құрылмақшы. Осы өндіріс ошақтары 41 мың жұмыс орнын қамтамасыз етеді. Аталған жобалар жүзеге асқан кезде тұтынушыға киім, мата, өзге мақта бұйымдарын ұсынатын жеңіл өнеркәсіп нысандарының қатары молаяды. Импорттың орнын экспорт алмастырып, алыс-жақын елдер Қазақ мақтасынан тігілген киім жер-дүниені аралайтын күн алыс емес.
Сондай-ақ облыс басшысы Мақтаарал ауданындағы коммуналдық меншіктегі К-20 каналына барды. Су арнасы 10 мың гектардан астам алқапқа ағын су жеткізеді. Каналдың жалпы ұзындығы 27 шақырым. 91 ішкі жүйесі толықтай қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта каналдың 5 шақырым бөлігінің бетондары жармасыз күйге түсіп, артық су қабылдай алмайды. Бұл өз кезегінде вегетациялық маусым кезінде ағын су тапшылығына әкеледі. Осыған орай К-20 каналын толықтай бетондау қажет. Каналды мемлекет меншігіне өткізу үшін тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Алдағы уақытта күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат