Ауданда жүгері кластерін дамыту аясында ауқымды жобалар қолға алынған. Соның нәтижесінде аймақтағы жүгері дақылы 10 мың гектардан асқан. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Отырар ауданына сапары барысында 50 га жерге жүгері егіп, өнімділігін арттырған жергілікті кәсіпкермен кездесті. Шаруажүгерінің “Маями” сортын егіп, әр гектардан 13 тоннаға дейін өнім алады. Облыс басшысы жүгері дақылын өсіруді дамытып, сапасын да арттыруға баса мән беруді айтты.
Ветеринариялық қызмет сапасын арттыру - уақыт талабы. Осылай деген Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Отырар ауданында ветеринария саласының мамандарымен кездесіп, өзекті мәселелерді талқылады. Әкімге облыстың ветеринариялық-санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жағдайы және жан-жануарлар арасында инфекциялық және инвазиялық аурулардың таралуының алдын алу жұмыстары баяндалды. Облыс басшысы мал басын асылдандыру, ветеринария саласы мамандарын даярлау мәселелері бойынша жүйелі жұмыс жасауды тапсырды.
Жалпы ауыл шаруашылығы өнеркәсібі кешенінің дамуы сапалы ветеринариялық қызмет көрсетуге байланысты екені белгілі. Түркістан облысында облыс әкімінің тапсырмасымен ветеринария саласын жетілдіру мәселесіне айрықша назар аударылған. Ветеринарларды жан-жақты қолдау, оларды қажетті құрал-жабдықтармен қамту жұмыстары жанданды. Жаңадан басқарма құрылып, мал дәрігерлерінің жалақысы өсті. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады.
Отырарда 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы сәтті жүзеге асып келеді. Жыл басынан бері жоба аясында 35 азамат кәсіптік бағытта 400 АЕК көлемінде грант қаражатын алып, өз кәсібін бастаған. Осылайша кір сабын шығару, тары егу, түйе сүтін өндіру секілді жаңа жобалар жүзеге асуда. Тағы бір кәсіп иесі мұражай қорындағы керамикалық жәдігерлердің үлгісімен кәдесыйлар дайындайды. Қыштан құмыра, сазсырнай секілді түрлі бұйымдар жасап, сатуға шығарады.
Жалпы, ауылдарды дамыту бойынша алға қойған жоспарлар көп, соған байланысты біраз жұмыс атқарылып жатыр. Қазір ауыл-аймақтарды дамыту барлық қолданыстағы бағдарламалық құжаттар шеңберінде жүзеге асырылады. Мәселен, Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру үшін Үкімет ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекітті. Тұжырымдама ауылдық аумақтардың географиялық ерекшеліктері мен бәсекелестік артықшылықтарын ескере отырып, олардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған. Тұжырымдаманың аясында ауыл тұрғындарының табысы мен тұрмыс сапасын арттыру бойынша түрлі шаралар қарастырылған. Құжаттағы басты назар «Ауыл – ел бесігі» жобасы арқылы даму әлеуеті жоғары 3,5 мың ауылдық елді мекенді кешенді жаңғыртуда болып отыр. Бұл – жалпы ауылдардың 90%-ға жуығы. Мұндай елді мекендер адамдардың жұмыс істеуі мен тұруы үшін қолайлы жағдайлар жасау есебінен экономикалық өсудің жаңа нүктелеріне айналады. Басты мақсат – әлеуметтік, инженерлік инфрақұрылымды дамыту арқылы қолайлы ауыл ортасын қалыптастыру. Бұл – жаңа мектептер мен медициналық объектілерді салу, таза сумен және электрмен жабдықтау, кең жолақты интернетке және спутниктік байланысқа қолжетімділікті қамтамасыз ету, ауылдың ішіндегі жолдардың сапасын арттыру, мәдени нысандар – кітапханалар, клубтар, мұражайлар мен кинотеатрлар, спорт ғимараттарын салу, халыққа қызмет көрсету орталықтарын ашу. Ал ондағы тұрғын үй құрылысын жандандыру үшін инженерлік коммуникацияларды жаңа жер учаскелеріне жеткізу жұмыстары жалғастырылады. Бұл ретте елді мекендерде өз қызметкерлеріне тұрғын үй салған жұмыс берушілердің шығындарын жеңілдету мақсатында пайдалануға берілген ауданы 100 шаршы метрден аспайтын үй құнының 50% мөлшерінде субсидия беріледі.
Ауыл тұрғындарының табысын арттыру үшін агроөнеркәсіптік өндірісті жандандыру, кәсіпкерлікті және ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту жолымен шешу жоспарда тұр. Осылайша, шағын шаруашылықтарды біріктіру және ауыл шаруашылығы кооперативтерін ұйымдастыру фермерлерге тұқым, тыңайтқыш, жем, агротехникалық және ветеринариялық қызметтер шығындарын қысқартуға, жер учаскелерін, ауыл шаруашылығы техникасын, ирригациялық және дренаждық жүйелерді бірлесіп пайдалану есебінен өндірілген өнім көлемін арттыруға, сондай-ақ өндірілген тауарларды делдалдарсыз тұрақты өткізуге мүмкіндік береді. Жалпы, мұндай тәсіл бизнес-ортаны дамытуға және ауылда нарықтық, көліктік және логистикалық инфрақұрылымды қалыптастыруға ықпал етеді. Сонымен қатар қызмет бағыттарын кеңейту есебінен жаңа жұмыс орындары пайда болады, осылайша ауылдан жас кадрлардың кетуі азаяды.
Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы бірқатар шараны қамтиды, соның ішінде ауыл тұрғындарын жергілікті өзін-өзі басқаруға тарту, әртүрлі мемлекеттік қолдау көрсету, туризмді дамыту, экспортты ынталандыру, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Аталған тұжырымдамадан күтетін нәтиже – табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен ауыл халқының үлесі 5,8%-ға, ал ауылдық жерлерде жұмыссыздық деңгейі 4,2%-ға дейін төмендейді. Сонымен қатар елді мекендерді таза сумен қамтамасыз ету – 100%, интернетпен қамту – 97%, нормативтік жағдайдағы жергілікті жолдардың үлесі 95% болмақ.
Ел ішінде «Көмектескің келсе, балық берме, қармақ бер» деген жақсы сөз бар. Ауыл тұрғындарының тұрмысын көтеру, ауылды жандандыруға берілген тиімді қармақ, бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Ауыл аманаты» бағдарламасы. Бағдарламаның ең басты мақсаты – қарапайым ауыл тұрғындарын кәсіпке баулу арқылы тұрмыс-тіршілігін жақсарту, ауыл шаруашылығы кооперативтеріне бірігіп, бір-біріне қолдау көрсетіп, ауылдық жерде шикізат өңдейтін өндірісті дамыту. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша ауыл тұрғындарына 5 жылдан 7 жылға дейін өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Алу шарттары да жеңілдетілген, яғни кепілге қойылатын жылжымайтын мүлік, меншіктегі жер немесе арнайы техниканы бағалап, соған сәйкес шағын несие алуға болады.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат