Сейсенбі, 17 Қазан 2023 20:06

Созақ ауданында 6 айда негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 40 миллиард теңгені құраған

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының халықпен тұрақты кездесуі Созақ ауданында жалғасты. Ел алдында есеп берген облыс басшысы биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығын қорытындылап, жеткен жетістіктер пен жасалған жұмыстың мән-жайымен тұрғындарды таныстырды. Сонымен қатар алға қойылған мақсат-міндеттермен бөлісіп, қолға алынатын жобаларға кеңінен тоқталып өтті. Халықпен кездесуге Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы Нұралы Әбішев, облыстағы барлық басқарма басшылары қатысты.

Биыл 6 айда Созақ ауданындағы өнеркәсіп көлемінің көрсеткіші 265 млрд. теңгені құрады. Негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 40 млрд. теңгені құрап, тиісті кезеңмен салыстырғанда 19 млрд. теңгеге артқан.

Созақ ауданындағы көп жылдан бері ауыл шаруашылығындағы өзекті мәселелердің бірі болып келген «Жылыбұлақ» каналының мәселесі облыс әкімі Дархан Сатыбалдының халықпен кездесуінен кейін шешімін тапты. Биыл жобалау сметалық құжаттамасы дайындалып, облыстық бюджеттен құрылыс жұмыстарын бастау үшін қаражат бөлінген. Жоба құны – 470 млн.теңге. Бұл канал пайдалануға берілген соң 650 га суармалы жер мен Құмкент, Қызылқанат елді мекендері тұрғындарының 133 га егістік жерлері ағын сумен толық қамтамасыз етілетін болады.

Созақ ауданында ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі өткен жылы 19 млрд 671 млн 500 мың теңгеге жеткен. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 429,2 млн теңге, тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына 113,6 млн теңге инвестиция тартылған.Өткен жылы ауданда 14 275 га жерге егіс егілген. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы саласы үшін 25 жаңа техника сатып алынған. Ауданда ағын суды үнемдеу мақсатында Шолаққорған ауыл округінен «Атамекен» шаруа қожалығына 40 га, «Жанболат» шаруа қожалығына 12 га, Таукент кентінен «Сейілбек ата» шаруа қожалығы 10 га, барлығы 62 га аумаққа жаңбырлатып суару қондырғылары орнатылған.

2022 жылдың қорытындысымен барлық санатта 35 445 мүйізді ірі қара, 288 829 қой-ешкі, 23 656 жылқы, 14 375 түйе, 25 587 құс өсіріліп жатыр. «Сыбаға» бағдарламасы аясында 5416 мүйізді ірі қара аналығы тұқымдық түрлендіруге тартылды. Фермерлік шаруашылықтар 3914 қой аналығын несиелендіру жолымен сатып алды. Ал биылғы I тоқсанның қорытындысымен ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі 3 млрд 867 млн 100 мың теңгені құрады. Бұл саланың негізгі капиталына биылғы I тоқсанда 46,6 млн теңге инвестиция тартылды. Сондай-ақ, 11 920 га жерге егіс егілді. Бүгінде 3 техника сатып алынды.

Сондай-ақ Шолаққорған-Түркістан бағытында «Жасыл белдеу» аймағы ұлғайып келе жатыр. Демеушілер есебінен жол бойындағы 3 гектар жерге бүгінге дейін 6 мыңға жуық тал егілген. Тал көшеттері отырғызылған аумақ шарбақтармен қоршалған. Бүгінде өткен жылы отырғызылған тал көшеттері толықтай өніп тұр. Алдағы уақытта ол жерге қосымша бақша дақылдарын егу жоспарланған.

Тағы бір айта кетерлігі, өткен жылы 1207, биыл 28 жаңа кәсіпкерлік субъектілері ашылып, жалпы саны 4 792-ні құрады. Осы жылы инвестициялық 7 жоба іске асырылады. Атап айтсақ, өңдеу өнеркәсібі саласындағы «Созақ Фосфат» ЖШС минералды тыңайтқыштар өндірісі, «Састөбе» инновациялық комплексі ЖШС-нің тұз сақтау қоймасы, «Казатомөнеркәсіп» ҰАҚ АҚ күкірт қышқылын өндіру. Осы аталған 3 жоба биыл басталып, 2025 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр. Ал агроөнеркәсіп саласы бойынша «Атамекен» ш/қ» мен «Дәмен» ш/қ жаңбырлатып суару, «Қуаныш» ш/қ органикалық тыңайтқыш Биогумус өндіру, ЖК «Б.Исаев» Шағын сүт фермасы биыл аяқталады деп жоспарланған.
Одан бөлек, индустриалды аймақта 5 кәсіпорынға 10 га жер телімі берілген. Яғни «Uko-S Star» Уран тасымалдауға арналған болат бөшкесін шығару, «Uko-S Star» Металл құрастыру зауыты» ЖШС-і техникалық май тасымалдауға арналған болат бөшкесі, «Дархан-Ас» ӨК өз жұмыстарын жүргізіп отыр. 2021 жылдан өтпелі болып іске асырылған 4 нысанның құрылысы 2022 жылы толық аяқталды. Олар - Жуантөбе және Қаратау ауылдарының әкімшілік ғимаратының құрылысы, Шолаққорған ауылындағы Қожанов көшесі бойынан әкімшілік ғимаратына қосымша жай құрылысы, Аққолтық елдімекенінде 75 орынға арналған мәдениет үйінің құрылысы. Сондай-ақ, құрылысы жүргізіліп жатқан Созақ ауылындағы спорт алаңы биыл желтоқсан айында аяқталып, пайдалануға беріледі. Ал Қаратау ауылында жабық шағын футбол алаңының құрылысы
аяқталып, қыркүйек айында ел игілігіне тапсырылды.

Аудан орталығы Шолаққорған ауылын табиғи газбен қамту үшін 190 шақырымды құрайтын 100-ге жуық көшеде орналасқан 3200 абонентке газ құбыры жүргізілді. Шкафты газ реттеу пунктінің орындары дайындалған. Биыл құрылыс-монтаждау жұмыстары толық аяқталады. 2024 жылы АГТС қондырғылары орнатылып, іске қосылған жағдайда Шолаққорған ауылы мен Жеткеншек елдімекені тұрғындары табиғи газбен қамтылады.

Былтыр жыл басында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның оңтүстік және батыс өңірлерін дамытуға арналған әлеуметтік және бизнес бағдарламасын Үкіметке қайта қарауды жүктегені белгілі. «Қазақстанның өңірлері бірдей деңгейде дамып жатқан жоқ. Соның салдарынан кейбір өңірлерде әлеуметтік олқылықтар байқалады. Соңғы күндері болған елдегі жағдай батыс және оңтүстік өңір халқын еңбекпен қамту деңгейінің төмендігін көрсетті. Аталған өңірлерде бала туу деңгейі жоғары, ал экономика өңір тұрғындарын жұмыспен қамтып үлгере алмай жатыр. Сондықтан да батыс және оңтүстік облыстардың әлеуметтік проблемасы өңірлік емес, ұлттық мәселе болып отыр. Әлеуметтен бөлек, денсаулық сақтау, білім мен мәдениетті де ұмытпау керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысының айтуынша, білімді ұлт кез келген бәсекелестікке төтеп бере алады. «Осы орайда Үкіметке еліміздің оңтүстік және батыс өңірлері үшін «Ауыл – ел бесігі», «Бизнестің жол картасы» және тағы сол сияқты жеке бағдарлама әзірлеуді тапсырамын. Жалпы, өңірлердің дамуы мен қолдау әкімдерге байланысты», – деген еді.

Шынын айтайық, еліміздің көптеген өңірінде ауылшаруашылық өнімдерін өндіретін, өңдейтін кәсіпорындар аз. Тері-жүн өңдейтін кәсіпорындар жоқтың қасы. Ауыл халқы малдың жүн, терілерін қайда өткізерін білмейді. Осы мәселе шешілетін болса, өңірлердің дамуына оң ықпал етері сөзсіз. Сонымен қатар, ауылдардағы инфрақұрылымның жағдайы, ауызсу, жол, шағын қалалардағы көшелердің мәселесі, денсаулық сақтау нысандарының жетіспеушілігі, апаттық жағдайдағы мектептер әлі тұр. Өңірлерде несие беру мәселесі де тиісті деңгейде шешімін таппаған. Кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін азаматтарды қолдау жетіспейтіні жасырын емес. Көптеген азаматтар өз ісін ашу жолында қыруар құжат жинап, бірқатар кедергілерге кездеседі. Ал кепілдік мәселесін шешу тіпті қиын. Дегенмен, мемлекет өңірлерге әрдайым көңіл бөліп келеді. Әлеуметтік салаға, мектептер, аурухана, жол салуға, жобалық-сметалық құжаттарға сәйкес қаржы бөліп отыр. Бұл жұмыстарды жалғастыру, әсіресе шағын және орта бизнес бойынша ауылдағы азаматтардың жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасау – уақыт талабы.

ҚР Үкіметінің өңірлерді дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасында алдағы 5 жылда үш жарым мыңға жуық ауылды жаңғырту жоспарланыпты. Бірінші кезекте әлеуметтік инфрақұрылымға мән берілмек. Яғни сапалы ауызсу, жарық, жылу, жол желілері, мектептер, ауруханалар салынады. Өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламасына 1,3 трлн теңге бөлінген. Қыруар қаржы! Соның басым бөлігі, яғни 900 млрд теңгесі ауылдағы ағайынды жарылқауға жұмсалмақ. Осы орайда таяу 7 жылда негізгі басымдықты «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын жүзеге асыруға салу көзделген. Бұл шамамен 7 млн ауыл тұрғынының өмір сапасын жақсартатын болады. Бұл шамамен ауыл тұрғындарының 90 пайызын құрайды.

Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде еліміздегі республикалық маңызы бар ірі қалалардың саны бірден үшке дейін жетті. Бұрын ірі қала санатында Алматы ғана болса, қазір миллион тұрғыны бар қалалар қатарына Нұр-Сұлтан және Шымкент қалалары қосылды. Сумен қамту индикаторы бойынша ең жоғарғы көрсеткіш Атырау, Маңғыстау облыстарына тиесілі. Алайда ауылдық елдімекендерде әлі де шешімін күткен проблемалар жетерлік. Ең төменгі көрсеткіштер Павлодар, Қостанай облыстарында тіркеліп отырған көрінеді. Қазіргі уақытта барлық өңір жіті бақылауға алынған. Жаңа бағдарлама бойынша қаражаттың басым бөлігі осындай өзекті мәселелері көп өңірлерге бөлінеді деп жоспарланғаны қуантады.

Түсінікті болу үшін тарқата айтқалы отырмыз. Өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі жаңа бағдарламасы төрт бағыт бойынша жүзеге асырылады. Бірінші бағыт бойынша Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және Ақтөбе сынды ірі төрт агломерацияның маңайы қамтылады. Одан кейін екінші деңгейдегі қалалар, яғни 13 облыс орталығы мен Семей қаласын осы бағдарлама шараларымен қамту көзделген. Сондай-ақ, 18 урбандалу орталығы және жоғарыда аталған 3,5 мың ауылдық елдімекенде бағдарламаны іске асыру жалғасады. Аталған бағыттардағы жұмыстарды жүзеге асыруға бюджет қаражатымен қатар, жеке инвестициялар да тартылатын болады.

Өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы 2020 жылы 9 желтоқсанда ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген болатын. Бағдарламаның мақсаты – Басқарылатын урбандалу арқылы өңірлердің экономикалық бәсекеге қабілеттілігін арттыру және халықтың тұрмыс сапасын жақсарту. Бағдарламаның міндеттері де айқын:

Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және Ақтөбе қалаларында орталықтары бар агломерациялар – функционалдық қалалық аудандарды дамыту.

 Облыс орталықтарында, Семей қаласында орталықтары бар функционалдық қалалық аудандарды дамыту.

Функционалдық қалалық аудандар құрамына кірмейтін, халық саны 50 мың адамнан асатын моноқалаларды дамыту.

 Аумақтары іргелес жатқан шекара маңындағы моно және шағын қалаларды дамыту.

Ауылдық елдімекендерді дамыту. 

Қазіргі кезде жергілікті билік органдарының басты міндеті аймақтардағы, әр ауыл мен қаладағы бизнесті жүргізуге жан-жақты қолдау білдіру мен жағдайларын қамтамасыз ету болып отыр. Сондай-ақ, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, жергілікті маңызы бар мәселелерді азаматтардың қатысуымен шешуді кеңейтуге баса назар аударғаны белгілі. Сол себепті таяу жылдарға белгілеген міндеттерді шешуде жергілікті атқарушы және өкілді органдарға ерекше жауапкершілік жүктелді.

Биыл барлық өңірлерде жаппай, соның ішінде отбасылық кәсіпкерлікті дамыту жөнінде жоспарлар әзірленді. Бұл жоспарларда нақты іс-шаралар кешені көзделген. Осындай шаралардың негізінде өңірлерде шағын және орта бизнесті дамытудың кешенді және жүйелі ұстанымын қалыптастыруға, кәсіпкерліктің рөлі мен мүмкіндіктерін арттыруға, жергілікті және орталық бастамаларды үйлестіруге жағдайлар жасалады. Сондай-ақ, өңірлерде іскерлік ортаны жақсарту үшін арнайы сыйлықақы тағайындалып, бизнесті жүргізу жеңілдігі бойынша өңірлер мен қалалар рейтингін өткізу көзделген. Бұл өңірлерге бизнесті дамыту саласындағы әлсіз тұстарын анықтауға, екінші жағынан, іскерлік жағдайды жақсарту бойынша жұмысты жүйелеуге мүмкіндік береді. Осылайша, қолайлы іскерлік жағдайды қалыптастыру жергілікті атқарушы органдардың қызметі тиімділігінің маңызды көрсеткіштерінің бірі болып табылады. 

Тағы бір айта кетерлігі, Ұлттық экономика министрлігі мемлекеттік органдармен (ИИДМ, АШМ,  ЭГТРМ, Еңбекмині) бірлесіп, азаматтардың қолайлы өмір сүру ортасын құруға бағытталған «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасын әзірледі.   

Ұлттық жобаның мақсаты халықтың базалық көрсетілетін қызметтерге тең қол жеткізуін қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық жағдайды, көліктік байланыстылықты жақсарту және елдің транзиттік әлеуетін, сондай-ақ халықтың ұтқырлығын арттыру болып табылады. 

Ұлттық жобаны іске асыру  екі бағыт бойынша жүзеге асырылады: 

Базалық көрсетілетін қызметтерге тең қол жеткізу

Көліктік байланыстылықты қамтамасыз ету

Базалық көрсетілетін қызметтерге тең қол жеткізу деген бірінші бағыт бойынша екі міндетті шешу көзделеді:

- Инфрақұрылымды кешенді дамыту;

«Жайлы тұрғын үй».

Инфрақұрылымды кешенді дамыту 16 мың км сумен жабдықтау және су бұру желілерін салуды және реконструкциялауды, 46 топтық су құбырын реконструкциялауды, 785 км нөсер кәрізі мен арық жүйесі желілерін жаңғыртуды; коммуналдық сектордың 7,7 мың км желісін жаңғырту мен реконструкциялауды;     1163 көппәтерлі тұрғын үйді жөндеу бойынша бюджеттік кредит беруді болжамдайды.

Іс-шараларды іске асыру нәтижесінде 2025 жылға қарай ауыз сумен толық қамтамасыз етуге (сумен жабдықтау және су бұру желілерінің 16 мың км салу және реконструкциялау), қалаларда сарқынды суларды 100% тазартуға қол жеткізілетін болады, инженерлік желілердің тозуы (жылумен, сумен жабдықтау, су бұру) 55% - дан 47% - ға дейін қысқарады.

«Ауыл-Ел бесігі» жобасы шеңберінде ауыл ішінде 12 мың шақырым инженерлік желі, 10 мың км кентішілік жолдар мен 1,5 мың әлеуметтік объектілер салынып, жөнделеді.

Бұл тірек ауылдардағы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін 100% - ға дейін жеткізуге; 3,5 мыңнан астам ауылдың инфрақұрылымын жаңа өңірлік стандарттарға сәйкес келтіруге мүмкіндік береді.

«Жайлы тұрғын үй» екінші міндеті шеңберінде нысаналы топ үшін 185,1 мың адамның жеке тұрғын үй қорынан тұрғын үйді жалға алғаны үшін шығыстарды субсидиялау, 102,3 мың әлеуметтік жалға берілетін және кредиттік тұрғын үй құрылысы (сатып алу), жұмыс істейтін жастар үшін 15 мың тұрғын үй салу (сатып алу) сияқты қолдау шаралары іске асырылатын болады, сондай-ақ өз жұмыскерлері үшін ауылдық жерлерде үйлер салған жұмыс берушілердің шығындарын (2,9 мың үй) жабу көзделеді.

Сапалы және жайлы тұрғын үйдің қолжетімділігі 103 млн.шаршы метр жаңа тұрғын үйді пайдалануға беру және азаматтарға жеке құрылыс салу үшін бөлінетін 235 мың жер учаскесін инфрақұрылыммен қамтамасыз ету есебінен арттырылатын болады.

Ұлттық жобаның екінші бағыты көліктік байланыстылықты қамтамасыз етуге бағытталған.

Бұл бағыт 2 міндетті қамтиды:

- ішкі көлік желісін дамыту;

- аумақтардың сыртқы байланыстылығын арттыру.

Ішкі көлік желісін дамыту республикалық маңызы бар 11 мың шақырым жолды және 27 мың шақырым жергілікті жолды салу мен реконструкциялау есебінен қамтамасыз етілетін болады.

Бұл жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы республикалық маңызы бар жолдардың үлесін 100% – ға дейін және жергілікті маңызы бар автожолдардың үлесін 95% - ға дейін арттыруға мүмкіндік береді.

Бұдан басқа, автожолдарды Ұлттық стандартқа сәйкес 2,3 мың жол бойындағы сервис объектілерімен қамтамасыз ету көзделеді.

Аумақтардың сыртқы байланыстылығын арттыру үшін бірқатар ірі жобалар іске асырылатын болады.

Әңгіме екінші жолдарды салу және «Достық–Мойынты» учаскесін электрлендіру туралы болып отыр, бұл Қытай-Еуропа-Қытай қатынасының өткізу қабілетін 5 есе, ал «Дарбаза–Мақтаарал» теміржол желісін салу Сарыағаш станциясының өткізу қабілетін 2 есе ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Жоғары жылдамдықты «Түркістан – Шымкент–Ташкент» магистралінің құрылысы бүкіл макроөңірдің туристік және инвестициялық тартымдылығын едәуір арттырады.

Сондай-ақ Алматы станциясын айналып өтетін теміржол желісін салу жобасы жүктерді тасымалдау мерзімін 2 тәулікке қысқартуға мүмкіндік береді.

Бұдан басқа, Ақтау портында контейнерлік хаб құру, 34 өткізу пунктін (жұмыс істеп тұрған 51 пункттен) және 5 әуежайды жаңғырту, жергілікті әуе желілерінің 8 әуеайлағын қалпына келтіру бойынша шаралар көзделеді.

«Аумақтардың сыртқы байланыстылығын арттыру» екінші міндетін іске асыру транзит көлемін 30 млн.тоннаға дейін (22,7 млн. тоннадан), оның ішінде контейнерлерді 2 млн. тоннаға дейін (876 мың тоннадан) ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, Транскаспий бағытындағы контейнер ағынының 100 мың ЖФЭ (жиырма футтық эквивалент) дейін ұлғаюы күтілуде.

Ұлттық жобаны іске асыру нәтижесінде базалық көрсетілетін қызметтерге қолжетімділікті кеңейту (қалаларда 100% сумен жабдықтау, 100% кәріз); өңірлік стандарттарға сәйкес даму әлеуеті бар 3,5 мың ауылда (ауыл тұрғындарының 90%) инфрақұрылымды жаңғырту есебінен өңірлер арасындағы өмір сүру сапасындағы алшақтықты қысқарту күтілуде.

103 млн.шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру есебінен 236,7 мың отбасының тұрғын үй жағдайын жақсарту күтілуде. Ұлттық жобаны іске асыру шеңберінде шамамен 500 мың жұмыс орны (15,7 мың тұрақты, 475,4 мың уақытша) құрылады.

Сондай-ақ өңірлер арасында және өңірлер ішінде ішкі инфрақұрылымдық байланыстылықты нығайту жаһандық рейтингте Қазақстанның мынадай позицияларын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді:

- «Инфрақұрылым» көрсеткіші бойынша ДЭФ бәсекеге қабілеттілігі бойынша 62-ден 49-ға дейін;

- «Логистика тиімділігі» (LPI) көрсеткіші бойынша Дүниежүзілік банк рейтингінде 71-ден 50-ге дейін.

Қаржыландырудың жалпы көлемі 7,6 трлн теңгені құрайды, оның ішінде республикалық бюджетте 4 трлн теңге, жергілікті бюджеттерде - 786 млрд теңге көзделген. Бұл қаражат 2,8 трлн теңге жеке инвестицияларды тартуға мүмкіндік береді.

Ұлттық жоба «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» және «Өңірлерді дамыту» мемлекеттік бағдарламаларының, оның ішінде «Ауыл – Ел бесігі» жобасының іс-шараларын қамтиды. Ұлттық жобаны іске асырудың әлеуметтік әсері инфрақұрылымдық қамтамасыз етілу (сумен жабдықтау, су бұру, жолдар, газбен, сумен, электрмен, жылумен жабдықтау) және тұрғын үй мәселелерін шешу есебінен халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға тікелей байланысты.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 255 рет