Сейсенбі, 31 Қазан 2023 21:10

Созақ ауданында 250 адамды жұмыспен қамтитын күкірт қышқылын өндіру зауыты салынады

Бұл жөнінде Түркістанда облыс әкімдігі жанындағы өңірлік инвестициялық штабтың кезекті отырысында мәлім болды. Жиында облыс аумағында жүзеге асырылып жатқан және енді қолға алынатын жобалар талқыланды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды әрбір инвестордың пікірін тыңдап, жобаға қатысты мәселелер бар-жоқтығын сұрады. Әкімдік тарапынан барынша қолдау көрсетілетінін, бірақ, инвесторлар да өз жобаларын созбалаңға салмай уақтылы аяқтауы тиіс екенін жеткізді.

Созақ ауданында 250 адамды жұмыспен қамтитын күкірт қышқыл өндіру зауыты салынады. Оның жүзеге асу барысы сараланды. Сонымен қатар Ордабасы, Түлкібас, Төлеби, Шардара аудандары мен Кентау, Түркістан қаласында жүзеге асатын жобалар, салынатын зауыттар мен өндіріс орындарына қатысты инфрақұрылымдық түйткілдер де тарқатылды. Жалпы отызға жуық жоба қаралып, облыс әкімі тарапынан тиісті тапсырмалар берілді. Олардың арасында тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін зауыт, киім фабрикасы, қарқынды бау, сусындар шығару, бу-газ станциясы, көкөністі терең өңдеу және өзге де инвестжобалар бар. Ал бір инвестор Түркістанда заманауи аквапарк ашқысы келетінін жеткізді. Әрбір жоба бақылауға алынып, елге тиімділеріне тиісті қолдау көрсетіледі.

– Облыс әкімдігі жергілікті атқарушы органдар тарапынан қандай көмек керек болса, ол қолдау көрсетіледі. Ең бастысы, жұмыс жоспарға сай жүргізіліп, өндіріс орындары ашылуы тиіс. Әрбір жоба бойынша жауапты инвестормен жол картасы жасалады. Біздің тараптан және олардың тарапынан атқарылатын жұмыстардың орындалу мерзімі көрсетіледі. Егер жол картасындағы жоспардан кешіксе және жерді алып, пайдаланбайтын болса, басқа инвесторлармен келіссөз жүреді. Әр жобаның басшысымен жүзбе-жүз кездесіп, талқылап, қолдау көрсетуге дайынбыз. Жеңілдетілген несиелер бойынша да жауапты қаржы ұйымдарымен жұмыс жүргізіледі. Жауапты басқарма, аудан, қала әкімдіктері жер, инфрақұрылым мәселелері бойынша инвесторлармен тұрақты байланыста болыңыздар. Өңірде жаңа жұмыс орындарын көбейту – басты міндет, – дейді Дархан Сатыбалды.

Өткен жылы 1207, биыл 28 жаңа кәсіпкерлік субъектілері ашылып, жалпы саны 4792-ні құрады. Осы жылы инвестициялық 7 жоба іске асырылады. Атап айтсақ, өңдеу өнеркәсібі саласындағы «Созақ Фосфат» ЖШС минералды тыңайтқыштар өндірісі, «Састөбе» инновациялық комплексі ЖШС-нің тұз сақтау қоймасы, «Казатомөнеркәсіп» ҰАҚ АҚ күкірт қышқылын өндіру. Осы аталған 3 жоба биыл басталып, 2025 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр. Ал агроөнеркәсіп саласы бойынша «Атамекен» ш/қ» мен «Дәмен» ш/қ жаңбырлатып суару, «Қуаныш» ш/қ органикалық тыңайтқыш Биогумус өндіру, ЖК «Б.Исаев» Шағын сүт фермасы биыл аяқталады деп жоспарланған.
Одан бөлек, индустриалды аймақта 5 кәсіпорынға 10 га жер телімі берілген. Яғни «Uko-S Star» Уран тасымалдауға арналған болат бөшкесін шығару, «Uko-S Star» Металл құрастыру зауыты» ЖШС-і техникалық май тасымалдауға арналған болат бөшкесі, «Дархан-Ас» ӨК өз жұмыстарын жүргізіп отыр. 2021 жылдан өтпелі болып іске асырылған 4 нысанның құрылысы 2022 жылы толық аяқталды. Олар - Жуантөбе және Қаратау ауылдарының әкімшілік ғимаратының құрылысы, Шолаққорған ауылындағы Қожанов көшесі бойынан әкімшілік ғимаратына қосымша жай құрылысы, Аққолтық елдімекенінде 75 орынға арналған мәдениет үйінің құрылысы. Сондай-ақ, құрылысы жүргізіліп жатқан Созақ ауылындағы спорт алаңы биыл желтоқсан айында аяқталып, пайдалануға беріледі. Ал Қаратау ауылында жабық шағын футбол алаңының құрылысы
аяқталып, қыркүйек айында ел игілігіне тапсырылды.

Жалпы өңірлік өнімінің 92,5 пайызын, 419 млрд. 677 млн. теңгесін өнеркәсіп саласы құрайды. Оның ішінде, 329 млрд. 367 млн. теңгесі тау-кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазуға (уран кендерін өндіруге), 85 млрд. 32 млн. теңгесі өңдеу өнеркәсібіне (уран, алтын өндірісіне) тиесілі. Енді бір қуанарлық әрі көңіл толатын жағдай аудан экономикасына жарты жылдың көлемінде 40 млрд теңгеге инвестиция тартылған. Аталған инвестицияның басым бөлігі өнеркәсіп саласына, оның ішінде, уран өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазуға, электр энергиясымен, газбен, ыстық сумен және ауаны кондициялаумен жабдықтауға бағытталған.

Сондай-ақ биыл Түркістан облысында өнеркәсіптегі өнім көлемі сақталып отыр. Қазір өңдеу өнер­кәсібінде 19 жобаны іске асыру жос­парлануда. Нәтижесінде, аймақта 500-ге жуық жұмыс орны ашылмақ. Ауыл шаруа­шылығы саласында да алға жылжу бар екенін жеткізген аймақтың әкімі: «Эко­номиканың маңызды саласының бірі ауыл шаруашылығында өнім көлемі бес жылда 2 есе артып, алғаш рет 1 триллион теңгеден асты. Оның ішінде агроөнеркәсіп кешеніне 336 миллиард теңге инвестиция тартылды. Салада жаңа технологияларды қолдану да маңызды. Қарқынды бау көлемі биыл 5 405 гектарға жеткізіледі. Нәтижесінде, өнімділік 5 есеге артып, 300-350 центнерге дейін өнім жинауды көздеп отырмыз. Сондай-ақ су үнемдеу технологиясы 28 763 гектарға, «Бір алқап­тан жылына 2-3 өнім алу» жобасы 9 303 гектарға ендірілді. Бұл тәсіл ағын суды 2 есе үнемдеп, өнімділікті 3 есеге дейін арт­тыруға мүмкіндік береді. Респуб­ликадағы жылыжайлардың 71 пайызы облысқа тиесілі. Ал 2027 жылға дейін 500 гектарға жаңа жылыжай салу жоспар­ланған», – дейді Дархан Сатыбалды.

Бұдан басқа егістікті әртараптан­дырудың нәтижесінде 3 миллион тонна көкөніс, бақша, картоп өнімдері жина­лыпты. Нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз ету мақсатында биыл 60 жобаны іске асыру жоспарланса, бүгінде оның 16-сы іске қосылыпты.

Аймақта қолайлы бизнес климат қалыптасқан. Кәсіпкерлік субъектілерінің саны жыл сайын өсіп, бес жылда 184 мыңға жетті. Аймақтағы кәсіпкерлердің басым бөлігі ауыл шаруашылығы, сауда, туризм, қызмет көрсету мен өнеркәсіп саласының үлесіне тиеді екен. Бес жылда шығарылған өнім  11 есеге дейін өсіп, 1 трил­лион теңгеден асты. Былтыр «Кәсіп­керлікті дамытудың» ұлттық жоба­сы шеңберінде бизнес субъектілері 46 мил­лиард теңгеге жеңілдетілген несиемен қамтамасыз етілсе, өз ісін бастауға ынталы азаматтарға «Түркістан» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы арқылы 22 336 қызмет түрлері тегін көрсетілген.

Облыстағы инвестиция көлемі де көңіл көншітерлік. Осылай деген аймақ басшысы: «Түркістан қаласын рухани астана ретінде дамыту өз кезегінде ин­вестиция көлемінің өсіміне ықпал етті. Бес жылда көлемі 3 есеге артып, жалпы 3 триллион теңгедей инвестиция облыс эко­номикасына тартылды. Негізгі капи­талға бағытталған инвестицияның басым бөлігі жеке инвестицияға тиесілі болса, 5 жылда облысқа салынған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 2 миллиард долларды құрады. Осылайша, 133 инвестициялық жоба іске асырылып, өңірде 9 347 жұмыс орны құрылды», –деді.

Жалпы экономикасы дамыған елдер қатарына қосылу үшін ең әуелі әрбір өңірдегі кәсіпорындардың дамуына аса мән берген дұрыс. Себебі өнеркәсіп орындарының жұмысы баяуласа, шет елдік нарықта бой көрсету екіталай. Осыған байланысты Түркістан облысында биыл жыл басында өңдеу өнеркәсібі саласының өндіріс көлемі 97034,6 млн. Теңгені, ал өнеркәсіптік өндірістің индексі өткен жылдың тиісті кезеңіне 110% құрайды.  Бүгінгіде аталған қызмет түрі өндірісінің үлесі облыстың өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлемінің   46,4%  құрады. Ағымдағы жылдың қаңтар-наурызында тамақ өндіру өнеркәсібінде өндіріс көлемі 24964,8 млн.теңгені құрады, өткен жылдың тиісті кезеңінен 5,3% төмендеді, бұл  ірі қара мал, шошқа, қой, ешкі, жылқы және жылқы тектес жануарлардың жас немесе тоңазытылған ет өндірісінің  13,5%, үй құсының жас немесе тоңазытылған еті  47,2%, ірімшік және сүзбе  39,4%, өзге де сүт өнімдері  4,3%, дәнді және өсімдік дақылдарынан жасалған ұн; олардан майда  тартылған ұн қоспаларының  9% кемуінен орын алды. Сонымен қатар, басқа тәсілмен дайындалған немесе консервіленген балық өндірісі  27,8%,  жеміс және көкөніс шырындар өндірісі  12,5%, сары май және сүтті спредтер  2,5 есеге жоғарлады.

Сусындарды өндіру саласында өндіріс көлемі өткен жылдың қаңтар-наурызымен салыстырғанда  74,9% артты, ал өндірілген өнім көлемі 4256,2 млн. Теңгені құрады, бұл коньяк спирттің өндірген өнімнің 3,5 есе жоғарлауынан орын алды. 2023 жылдың қаңтар-наурызында тоқыма бұйымдарын өндіретін кәсіпорындар  15405,8 млн. Теңгенің өнімін өндірді және  өткен жылдың тиісті кезеңінен 3,3 есеге жоғары болды, бұл  мақта талшығы  өндірісінің  3,4 есеге  артуынан орын алды. Кокс және мұнай өнімдерін өндіру өнеркәсібінде  2945,6 млн. теңгенің  өнімі өндірілді, бұл 2022 жылдың тиісті кезеңінен  2,5 есеге жоғары, өндірістің өсуі негізінен мұнай жол битумдар өндірісінің  2,6 есе артық өндірілуінен болды. Өзге де металл емес минералды өнімдер өндірісі өткен жылдың тиісті кезеңіне  23,1% жоғары болды, ал өндірілген өнім көлемі 4466,5 млн.теңгені құрады. Аталған салада өндіріс көлемінің негізінен отқа төзімсіз құрылыс кірпіштердің  35,8%, құрылыс ерітінділердің  5,8 есе өсуінен болды.

Машина өнімдерін жасау өндіріс көлемі 2023 жылдың қаңтар-наурызында 11210,5 млн.теңгені құрады, өнеркәсіптік өндіріс индексі 2022 жылдың тиісті кезеңіне  113,8% құрады, бұл өзге де злектронды және электр сымдар мен кабельдер өндірісінің  2,3 есе, кернеуі 1000 В артық электр тізбектерін ажыратуға, ауыстырып қосуға немесе қорғауға арналған аппаратура (жоғары вольтты аппаратура) өндірісінің  2 есеге өсуінен орын алды. Сонымен бірге, резеңке және пластмасса бұйымдар өндіру өндірісінде өндіріс көлемі 1408,1 млн.теңгені құрады, 2022 жылдың қаңтар-наурызымен салыстырғанда  36,8% төмендеді, өндірістің төмендеуі пластмасса құбырлар, түтіктер, жеңдер мен шлангілер және олардың фитингтер өндірісінің  59,8% кемуінен орын алды. Алдыңғы жылдың тиісті кезеңінде киім өндіру саласы бойынша ерлерге арналған жұмыс киімі өндірісінің 11,7% кемуінен, өнеркәсіптік өндірістің индексі  10,9% төмендеді, ал өндіріс  көлемі  438,2 млн.теңгені  құрады.

Сонымен қатар құрылыс пен тұрғын үй қатынасында да атқарылған шаруа көп. Мәселен, өңірде құрылыс саласы қар­қын­ды дамып жатыр. Қолдануға тапсырылған тұрғын үй алаңы екі есеге көбейіп, 864 мың шаршы метрге жеткен. Соның нәти­жесінде 5 жылда 4 420 отбасы баспаналы болса, мемлекет тарапынан ұсынылған «7-20-25» бағдарламасы және «Отбасы банк» арқылы 5 мыңнан астам отбасы ипо­текамен үй  алды. Жалға алған бас­пана ақысын    субсидиялау бағдар­ламасымен екі мыңнан астам отбасы қам­тылып, 221 көппәтерлі үйге күрделі жөндеу жүргізіл­ген. Биыл қосымша тағы 55 үй жөндеуден өтеді екен.

Биыл да 205 мың шаршы метр үй қол­данысқа берілсе, жыл соңына дейін жалпы алаңы 211 мың шаршы метр 65 көпқабатты үйдің кілті қожайындарының қолына тап­сырылмақ. Нәтижесінде, 3 557 от­басы өз бас­па­насына қол жеткізеді деген сөз.

Бұдан кейін облыс әкімі өңірде 2 511 ұйым білім беру саласында қызмет көрсететінін тілге тиек етті. Қазір аймақта 1 372 мектепке дейінгі ұйымда 155 мың бала тәрбиеленіп жатыр. Соның ішінде 2-6 жастағы балаларды балабақшамен қамту 98 пайызды құрайды. Балабақшаға кезекке тұру, жолдама беру және қабылдау толық цифрландырылған. Ал облыстағы 1 000 мектепте 515 мың оқушы білім алады. Оның 86-ы соңғы 5 жылда бой көтер­ген. Мемлекет басшысының тапсыр­масына сәйкес, былтыр да 34 мектептің құрылысы аяқталған. Алайда әлі де болса өңірде 35 мың оқушы орынға тапшылық бар. Бұл мәселені шешу мақсатында қазір 33 мектептің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Осылай деген Дархан Сатыбалды: «Оның ішінде, «Білім инфрақұрылымын қолдау қоры» арқылы 9 мектептің құрылысы жүруде. Сонда биыл 20 мектепті пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Бұдан бөлек, «Жайлы   мектеп»   пилоттық   жо­басымен 3 жылда 63 мектеп салу көз­дел­се, жергілікті бюджет есебінен 30 мек­тепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргі­зіліп жатыр. Оған қосымша 41 нысанды жөндеуге құжаттама әзірленуде», – деді.

Қазір аймақта денсаулық сақтау саласында 45 медициналық ұйым жұмыс істейді. Бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, босандыру және жан сақтау қызметтерінің медициналық жабдықтармен қамтылуына үлкен назар аударылып отыр. Жұмыспен қамту бойынша да атқарылған шаруа баршылық. Биылдың өзінде 109 мың адам жұмыспен қамтылыпты. «Он мың адамға 100 жаңа жұмыс орнын ашу» бастамасы аясында 12 мыңға жуық жұмыс орны ашылса, биыл өз ісін ашуға ниетті 1 688 адамға қайтарым­сыз грант ұсыну жоспарланған.

Туризмді дамыту және инфра­құрылым­мен қамтамасыз етуге де айрық­ша көңіл бөлініп отыр. Қазір орталықтан­дырылған ауызсумен қамтылған елді мекендердің жалпы саны 720-ға жетіп, қамту деңгейі 86,4 пайызды құрады. Өңірде 113 елді мекенде ауызсу мүлдем жоқ, 204 елді мекеннің су жүйесі тозған. Бұл мәселенің оң шешімін табуына әкімдік ерекше көңіл бөлуде. Биыл 18 елді мекенге жаңадан ауызсу құбыры салынса, 12 елді мекеннің тозығы жеткен су жүйелері жаңартылмақ. Сондай-ақ халықты  табиғи газ бен сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету үшін жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл ғана емес, аймақ халқын толғандырған авто­мобиль жолдарына да күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Осылайша, 2025 жылдың соңына дейін өңірдегі норма­тивтік жолдардың үлесі 95 пайызға жеткі­зіл­мек.

 «AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 190 рет