ҚР Үкіметінің «2021-2030 жылдарға арналған балық шаруашылығын дамыту Бағдарламасына» сәйкес, облыста 2030 жылға дейін 20 мың тонна тауарлы балық өндіру үшін 136 шаруашылық ашу жоспарланған. Түркістан облысына іссапармен келген ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Түркістан облысы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиевпен бірге аталмыш ауданға барды.
Алдымен мұздатылған балық, филе өнімдерін өндіретін «ЖК Жалғасбаев» балық өңдеу зауытына барған министр шаруақожалық жұмысымен танысты. 2016 жылы іске қосылған бұл кәсіпорынның аумағы 1,57 гектар жерді құрайды. Кәсіпкер алдағы уақытта ысталған және кептірілген балық түрлерін қосуды жоспарлап отыр. Өнімнің 90% шетелдерге экспортталуда. Атап айтқанда, Еуропа, Ресей, ТМД. Қуаттылығы жылына 1000 тонна құрайтын зауытта 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Биыл 9 айда өндірілген өнім көлемі – 500 тонна. «Даму аймақ» бағдарламасы аясында құрал-жабдықтар сатып алынды.
Сапар аясында министр аудандағы «Хамит» ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің балық өңдеу зауытына аялдады. Кәсіпорынның тыныс-тіршілігіне жете қаныққан министр су қоймасында орналасқан торлы шарбақтағы балық өсіру жұмысымен де танысты. «Хамит» АӨК-і балық өндеу зауытының директоры Б.Серманизов министрді зауыттың бүкіл тыныс-тіршілігімен таныстырып, жұмыс өнімділігі мен өнім сапасының едәуір артқандығын айтты. Министр бұл шаруашылықта коопертивтер құру арқылы өнімнің көлемін ұлғайтуға болатынын жеткізді. Кәсіпорын ваккумды, кептірілген, ысталған және тұздалған балық пен филе өнімдерінен жылына 6000 тонна өнім өндіреді. 2006 жылы құрылған өндіріс орнында 250 адамға жұмыс істейді. Шығарылатын өнім экспортқа Еуропа елдеріне бағытталған.
Бұдан кейін Шардара су қоймасындағы өнеркəсіптік балық аулау, шабақтандыру процесімен танысқан соң Ақшеңгелді ауылдық округіндегі «Болашақ» шаруа қожалығында болды. 100 млн. теңге инвестиция тартылған өндіріс орны 2019 жылы іске қосылған. Қуаттылығы 300 тонна құрайтын кәсіпорында жайын, тұқы тұқымдас балық өндіріледі. Өнімнің 50 пайызы шетелдерге экспортталуда. 2,3 га аумақты құрайтын өндіріс орнында 5 адам жұмысқа алынған. Сондай-ақ жылына 350 тонна тұқы, бекіре тұқымдас балық өсірілетін «VITA» ЖШС-нің шаруашылығына ат басын тіреп, торлы шарбақта балық өсіру жұмысымен танысты.
Жалпы облыста жергілікті маңызы бар 104 су айдыны тіркелген. Оның 86-сы табиғат пайдаланушыларға бекітіліп берілген. Өңірде тауарлы балық өсірумен 126 кәсіпкерлік субъектісі айналысуда. Биылғы жылдың 9 айдың қорытындысымен 2473 тонна балық өнімдері өңделіп, 1935 тоннасы шет елдерге экспортталды. Биылғы жылға 6640,0 тонна балықөсіру жоспарланып, 9 айдың қорытыныдысымен 4050 тоннаға орындалды. Балық шаруашылығын дамытуға мемлекеттік қолдаулар көрсетіледі. Ал акваөсіру бойынша биыл жергілікті бюджеттен 500 млн. теңге бөлініп, бүгінде 31 шаруашылыққа субсидия берілді. Бұдан бөлек, инвестициялық салымдарды субсидиялауға республикалық бюджеттен 226 млн. теңге қарастырылып, 68,3 млн. теңгесі игерілді.
Түркістан облысында балық шаруашылығы саласының жағдайы туралы облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының Жануарлар дүниесін қорғау бөлімінің басшысы Данияр Сейітов былай дейді: «Балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасына» сәйкес, Түркістан облысында 2030 жылға дейін тауарлы балық өсіру көлемін 20 мың тоннаға жеткізу жоспарланған. Облыста жергілікті маңызы бар 104 су айдыны тіркеліп, олар 88 табиғат пайдаланушыға бекітіліп берілген. Тауарлы балық өсірумен 146 кәсіпкерлік субъектісі айналысады. Балық шаруашылығын дамытуға мемлекеттік қолдаулар көрсетіледі. Акваөсіру бойынша 2023 жылға жергілікті бюджеттен 500 млн. теңге бөлініп, бүгінде 26 шаруашылыққа субсидия берілуде. Бұдан бөлек, инвестициялық салымдарды субсидиялауға биылға республикалық бюджеттен 226 млн. теңге қарастырылған. Тиісті жұмыстар атқарылуда».
Бүгінде жоспарға сәйкес жаңадан 20 тоғанды балық шаруашылығы, оның ішінде төртеуі үйіргелік аулада ашылған. Алдағы уақытта осы бағытта жұмыстарды қарқынды жүргізіп, нормаға сәйкес облыс тұрғындарының балық өнімін тұтынуын толық қамтамасыз ету және балық өнімдерінің экспортын арттыру жоспарланып отыр. Дегенмен, конкурстық негізде балық шаруашылығын жүргізу үшін табиғат пайдаланушыларға бекітіліп берілген жергілікті маңызы бар 21 су айдынында табиғат пайдаланушылармен келісімшарт талаптарының мерзімінде орындалмауына байланысты, шартты біржақты бұзу шаралары жүргізілуде.
Жыл ортасында облыс әкімдігінде өткен балық шаруашылығын дамытуға арналған жиында бірқатар ұсыныстар айтылып, мәселелер талқыланған болатын. Атап айтсақ, су айдындары мен тоғандардың аймағынан шаруашылықтарды дамыту үшін жер телімдерін рәсімдеуді уақтылы, тез арада заңдастыру, балық шаруашылықтарының көлемі мен санының көбеюіне байланысты, акваөсіру бойынша кеткен шығындардың көлемін субсидиялауға қосымша қаржы бөлу сұрады. Балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсету және жаңадан балық шаруашылығын обьектілерін ашу жоспарын орындау жүктелді. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды балық шаруашылығын жүргізу үшін бекітілген 91 су айдынын қайтадан талдап, зерделеуді тапсырып, экспортқа ден қоюды тапсырған. Ермек Кенжеханұлы осы бағытта жұмыстар атқарылуы керектігін айтып, жауапты мамандарға тапсырма берді. Сондай-ақ балық шаруашылығы саласына инвестициялар тарту жұмысын күшейту қажет екенін атап өтті.
– Балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетілуі керек. Инвесторлар тарту маңызды. Жаңадан тоғанды балық шаруашылығын, балық азықтары мен балық өнімдерін өңдейтін зауыт, кәсіпорын ашуға ниет білдірген тұлғаларға жаңадан және табиғат пайдаланушыларға конкурстық негізде бекітілген су айдындары мен жұмыс істеп тұрған тоғанды балық шаруашылықтарын одан әрі дамыту мақсатында айналасынан жер учаскелерін берулі қарастыру қажет. Балық шаруашылығын дамыту мақсатында 2023-2025 жылдарға арналған жаңадан балық шаруашылығы нысандарын ашу жоспарының орындалуы қамтамасыз етіліп, атқарылған жұмыстар бойынша әр тоқсан сайын табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына есебі берілуі керек. Балық шаруашылығымен айналысушыларға кәсіптерін дамыту үшін жеңілдетілген несие беру қамтамасыз етілсін. Конкурстық негізде балық шаруашылығын жүргізу үшін бекітіліп берілген жергілікті маңызы бар су айдындарында табиғат пайдаланушыларымен атқарылған жұмыстарына талдау жүргізіліп, шарт талаптарын орындамаған табиғат пайдаланушылармен шартты біржақты бұзу шаралары атқарылуы тиіс. Заңға сәйкес резервтегі су айдындарын конкурстық негізде табиғат пайдаланушыларға бекітіп беру жұмыстары жалғасады, – деді Ермек Кенжеханұлы.
– Бағдарламаға сәйкес 2030 жылға дейін облыста тауарлы балық өндіру көлемі 20 мың тонна болып бекітілген. Аудан, қала әкімдіктерінің аумағынан 2023-2025 жылдары жаңадан ашуға жоспарланған 91 шаруашылыққа инвестициялық субсидия және жеңілдетілген несие тұрақты түрде бекітілген жағдайда, 2025-2026 жылдары облыста тауарлы балық өндіру көлемі 30 мың тоннадан асады, – деді Қайрат Абдуалиев. Жиналыс барысында өңірде балық шаруашылығын дамытудың өзекті мәселелері талқыланып, көкейтесті сұрақтарға ұтымды жауаптар алынып, балық шаруашылығын дамыту жолдары жан-жақты сараланып, ұсыныс-пікірлер тыңдалды.
Айта кетейік, балық шаруашылығымен айналысатын 14 кәсіпкер «Түркістан ӘКК» акционерлік қоғамы арқылы 5,4 млрд. теңге көлемінде жеңілдетілген несие алу бойынша құжаттарын жинақтап, өткізуде. Облыста жалпы қуаттылығы жылына 15 мың тоннаны құрайтын 7 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. 2023 – 2024 жылдары қосымша, жеке инвесторлармен 1 млрд. 700 млн. теңгеге балық азықтарын шығаратын (қуаттылығы жылына 10 мыңтонналық) 2 зауыт ашу жоспарланып, жұмыстар жүргізіліп жатыр.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат