Сенбі, 13 Сәуір 2024 10:32

Түркістан: Сайрам ауданында заманауи мал биржасы ашылады

Жуырда Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды ҚР Үкіметі делагациясының құрамында Аустралия мемлекетіне барып, бірқатар келіссөз жүргізген болаты. Соның ішінде Түркістан облысында халықаралық талапқа сай мал базарын ашу мәселесі қозғалған. Бүгінде осы бағытта нақты жұмыс жүргізілуде.

Өңірлік инвестициялық штаб отырысында да осы жобаны жүзеге асыру бойынша тапсырмалар берілген. Осыған байланысты Сайрам ауданының әкімі Арман Сәбитов Аустралиядан арнайы келген мамандармен кездесіп, өңірде мал шаруашылығы саласына қатысты ауқымды жобаны талқылады.

Айта кетейік, Сайрам – ауыл шаруашылығы өркендеген іргелі аудандардың бірі. Биыл ауданда елімізде бұрын-соңды болмаған «Мал биржасы» жобасы бастау алмақ. Бұл жоба «Nurym Group» компаниясы тарапынан австралиялық үлгіде жасалады. Кәсіпкер Сырым Ертаевтың айтуынша, мұнда мал сатушыларға да, шаруаларға да, келушілерге де жағдай жасалады.

Жаңа жобада мал базарының құрылымын түзуде сатушылар мен төрт түліктің, сауда жасаушылардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударылмақ. Онда саудаға әкелінген малды ыңғайластыруда заманауи технологиялар қолданылады. Сонымен қатар малдарға арналған арнайы орындарда олардың жем-шөбі мен суының уақтылы берілуіне жағдай жасалған. Ең бастысы, мал биржасында тазалықтың талапқа сай болуы қатаң қадағаланады.

Қазіргі таңда жобаның сметалық құжаттамасы аусралиялық мамандармен бірге әзірленуде. Жоба Алматы-Самара тас жолының бойында салынады. Қазір арнайы жерді әзірлеу, инфрақұрылымын жасақтау мәселелері бойынша зерделеу жұмыстары жүріп жатыр.

Жалпы, Қазақстандағы мал өсірушілердің басты мәселелерінің бірі өндірушілерге өз өнімдері үшін әділ баға алуға мүмкіндік бермейтін ет сату кезіндегі көптеген делдалдық схемалар болып табылады. Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері Австралияға сапары барысында осы елдегі мал биржаларының тәжірибесін зерделеп, қазір біздің елімізде мұндай тәжірибені қалай енгізу керектігі туралы ойлануда.

ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, Австралияға сапар барысында қазақстандық делегация құрамына қазақстандық фермерлер мен вице-премьер Серік Жұманғарин бастаған бірнеше өңірдің басшылары кірді. Олар Австралияның ең ірі мал биржаларының бірі - RLX-ке (Regional Livestock Exchange) барды.

ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалиннің айтуынша, Қазақстанда мал шаруашылығындағы делдалдық схемаларды қысқарту мәселесін шешу қажет. «Бізде мұндай биржалар жоқ, шаруалардан малды делдалдар сатып алып, содан кейін нарықта сатады. Австралияда біз мал шаруашылығының мүлдем басқа мәдениетін көрдік және ет өндіру құны біздікінен бірнеше есе төмен. Отандық мал шаруашылығын дамытудың басты мәселелерінің бірі - фермер қалаған бағасын ала алмайтын көптеген делдалдық схемалар. Қазір Ауыл шаруашылығы министрлігі мал шаруашылығын дамыту жоспарын әзірлеуде және бұл тәжірибе бізге пайдалы болады», - дейді Аманғали Бердалин.

Сондай-ақ, отандық өндірушілер австралиялық мал өсірушілердің тәжірибесіне қызығушылық танытты.«Біз Қазақстанда да осындай мал базарларын ашуды жоспарлап отырмыз. Сауда-саттықты бақылай отырып, мен бұл жүйенің сатып алушылар үшін де, сатушылар үшін де өте қарапайым екенін түсіндім. Мысалы, сатушы 100 бас әкеледі, базар иелері бәрін өздері қабылдайды, таразыға қояды және сатып алғаннан кейін тіпті жеткізуді жүзеге асырады», — дейді «Қайып Ата» ЖШС құрылтайшысы Сырым Ертаев.

Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлағандай, RLX нарығының жалпы ауданы 4 га құрайды, оның 1,5 га жабық бөлікке келеді. Бір мезгілде аумақта 8 мыңға дейін мал болуы мүмкін. Сауда-саттық әр сейсенбі және әр екінші бейсенбі сайын өткізіледі, мұнда жылына 140 мыңға жуық ірі қара сатылады. Сатуға әкелінетін барлық мал электрондық биркалар бойынша анықталады және қадағаланады. Малды сауда-саттықтан бір күн бұрын әкеледі, кешкі 9-дан бастап салмақ тазалығы үшін тамақтандырмайды. Сатудан кейін олар дереу жеткізу орнына жеткізіледі. Сауда күніндегі сату көлемі – 99,5%, яғни сатылмаған тауар іс жүзінде қалмайды.

Ең маңызды мәселе – қауіпсіздік. Нарық малды сатудың барлық кезеңдерінде тыныш қозғалатындай етіп жасалған. Шатыр оларды аптап ыстықтан құтқарады, үнемі ауыз су бар, металл баспалдақтардың жұмсақ жабыны түсу мен көтерілу кезінде тұяқтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Жұмысшылар тек жаяу немесе атпен жүреді. Барлық қалдықтар мен ағынды сулар кейіннен қайта өңделеді. Thompson Longhorn (RLX жобалаушы компаниясы) бас директоры Байрон Вулф атап өткендей, Бұл Оңтүстік Австралиядағы ең ірі мал биржасы, осы алаңда аптасына 2 мың бас мал сатылады.

Ендігі жерде Түркістан облысында инвестициялық ахуалға шолу жасап өтер болсақ, Түркістан облысында инвесторларды, кәсіпкерлерді сүйемелдеу жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. Нақты нәтижесі көріне бастады. Жуырда Түркістанда пандемия кезінде жұмысын уақытша тоқтатқан «Golden Camel» зауыты өз жұмысын қайта бастады. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды былтыр Қытайға жұмыс сапарында «Golden Camel» зауытының басшыларымен кездесіп, жұмысын тоқтатқан зауытты қайта іске қосу туралы мәселені көтерген болатын. Нәтижесінде, кәсіпорын іске қосылып, өнімін экспорттап жатыр. Сұраныс жоғары. Өндіріс орны түйе және бие сүтінен құрғақ сүт шығарумен айналысады.

Түркістандағы «TURAN» арнайы экономикалық аймағында сэндвич-панель шығаратын жаңа зауыттың капсуласы салынды. «TURKISTAN» индустриалды аймағында 2 кәсіпорын ашылды. Жиһаз цехы жобасының жалпы құны 2,3 млрд. теңгені құраған. 50-ге жуық жаңа жұмыс орны құрылды. Ал Қазақстан мен Қытай инвесторларының бірлескен жобасымен шұлық және шұлық бұйымдарын шығаратын кәсіпорын жобасының құны – 1 млрд теңге. Кәсіпорын күніне 32 мың жұп шұлық шығаруға қауқарлы. 30 жұмыс орны ашылған. Облыс әкімдігінің қолдауымен инвесторларға арнайы жер ұсынылған. Өндірістік браунфилд ғимаратымен қамтылған.

Биыл тікелей шетелдік инвестициялар көлемін артады. Шетелдік капиталдың қатысуымен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда. Қытай капиталының қатысуымен «LIHUA GROUP» тестиль кластерін құру (инвестиция құны 70,0 млрд. теңге), «Peng Sheng Group» тестиль кластерін құру (инвестиция құны 45,0 млрд. теңге), және Украина капиталының қатысуымен «UBC BG» өнеркәсіптік тоңазытқыш құрылғыларын шығару зауыты (инвестиция құны 10,0 млрд. теңге) сондай-ақ, Қазақстан-Франциялық «Катко» компаниясының уранды өңдеу кешені жобасы (инвестиция құны 73,0 млрд. теңге) жүзеге асырылады.

Өткен жылы өнеркәсіп өнімінің көлемі 1 трлн. теңгеге жетіп, 102,5%-ға артты. Өнеркәсіптегі негізгі көрсеткіш – өңдеу өнеркәсібі. Өңдеу өнеркәсібінің көлемі 437,8 млрд. теңгені құрап, алдыңғы кезеңмен салыстырғанда 107,9%-ды құрады. Биыл өнеркәсіп өнімін 1,1 трлн. теңгеге, өңдеу өнеркәсібін 510 млрд. теңгеге ұлғайту көзделуде.  Өткен жылда өңдеу өнеркәсібі саласында 30,2 млрд. теңгеге 20 инвестициялық жоба іске қосылды. Осылайша Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бекітілген индикатор толығымен орындалды. Жобалардың қатарында мақта өңдеу, мұнай өңдеу, құрылыс материалдарын шығару, сүт және сүт өнімдерін өңдеу, шұжық өндіру, тауық еті және тауық жұмыртқасы, тігін фабрикасы, пластик өнімдерін шығару зауыттары бар. Өңдеу өнеркәсібіндегі жобалармен қатар, Сыртқы істер министрлігімен 2023 жылда жалпыұлттық пул аясында 10 инвестициялық жобаны іске қосу индикаторы бекітілген болатын.  Бекітілген индикатор толығымен орындалды. Биыл өңдеу өнеркәсібі саласында 23,0 млрд. теңгеге 14 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.

Өткен жылы Шардарада жүгері өңдеу зауыты, Отырар ауданында күн электр станциясы, Сайрам ауданында жөргектер өндірісі және күнбағыс майын өндіру, Ордабасы ауданында алюминий бұйымдар өндірісі, Арыс қаласында ПВХ гранула өндіретін кәсіпорындар іске қосылған.  Сауран ауданында орналасқан өндірістік парк аумағында «BNK GROUP LTD» ЖШС бастамасымен жаңбырлатып суару жабдықтары және трактор өндірісі жобасы жүзеге асырылуда. Барлық аудан, қалада инвестиция тарту бойынша жоспар жасалып, жобалар сүймелденуде.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 22 рет