Жұма, 20 Желтоқсан 2024 09:02

Түркістан облысы: Сауран ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі жоспар таныстырылды

Түркістан облысында барлық аудан, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде жоспар жасалып, ол облыс әкімі мен басқарма басшыларының алдында арнайы талқылаудан өтіп, бекітіледі. Кестеге сәйкес Сауран ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі жоспар таныстырылды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жоспардың кейбір жетілдіретін тұстарына тоқталып, аудан әкіміне жұмысты жүйелеуді тапсырды.

– Сауран ауданының әлеуеті өте жоғары. Облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен бой көтерген өндірстік парктің мүмкіндігін толық пайдаланып, индикаторға енгізген жөн. Бізге өзіндік кіріс көздерін молайтып, жұмыс орындарын көбейтпесек болмайды. Сауран ауданын дамытуда ауыл шаруашылығы, туризм бағыттарын да қайта пысықтап, жұмысты жандандырыңыздар. Барлық аудан, қала әкімінің жоспары тыңдалады, – деді Дархан Сатыбалды.

Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровтың айтуынша, ауданның даму жоспарында ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және туризм басым бағытқа ие. Ауданда жиһаз өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіру ісі жақсы дамыған. 2030 жылға дейін құны 174,6 млрд. теңгені құрайтын 151 жобаны іске асыру жоспарлануда. Ауыл шаруашылығы бойынша 52 жоба (жоба құны – 107 млрд. теңге, 390 жұмыс орны), өнеркәсіп саласында 85 жоба (жоба құны 53,1 млрд. теңге, 2 427 жұмыс орны), туризм саласында 14 жоба (жоба құны 14,5 млрд. теңге, 250 жұмыс орны) жүзеге асады. Жалпы 3 067 жаңа жұмыс орны ашылады. Нәтижесінде жалпы өңірлік өнім көлемі 321,5 млрд. теңгеге жетіп, 2,4 есе артады деп күтіліп отыр. Сонымен бірге өндірістік аймақтарды кеңейту, тоқыма өнеркәсібі, жиһаз жасау, пластмасса өнімдерін өндіру жобалары жүзеге асады. Су үнемдеу технологияларына 17,6 млрд. теңге инвестиция тартылады. 14 жобаны жүзеге асыру көзделген. Мал, құс, балық, егін және мақта шаруашылығы да дами түседі.

Туризм саласында 14 жоба енгізілсе, оның 4-еуі биыл ашылмақ. Емдік-сауықтыру және демалыс аймақтары салынады. Аудандағы тарихи орындардың туристік әлеуетін көтеру бағытында да жұмыстар жүргізілмек.

Сауран аудандық Мансап оралығының директоры Азамат Асылбекұлы Әуездің сөзіне сүйенсек, «Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған» аясында 2024 жылдың маусымына дейін жобадағы бағдарламар бойынша 6368 азамат өтініш білдіріп, оның ішінде 2487 адам әлеуметтік шаралармен қамтылған екен. Яғни алғашқы жартыжылдықта орындалуы 39 пайызды құрапты. Оның ішінде санаттары бойынша бөлінісі: жұмыссыздар – 1011 азамат, өзін-өзі қамтығындар – 1017 азамат, жұмыс іздеушілер – 970 азамат, 154 азамат композиттік қызметке тіркелді (композиттік қызмет жоспары — 220). Жұмыс орындарын субсидиялауды ұйымдастыру арқылы кәсіпкерлерді қолдау шаралары, оның ішінде:  Әлеуметтік жұмыс орнына 260 орын жоспарланған, қамтылғаны — 177 азамат, орындалуы 68 %;  «Жастар практикасына» 460 орын жоспарланған, қамтылғаны — 119 азамат, орындалуы 26%; Қоғамдық жұмыстарға 700 орын жоспарланған, қамтылғаны 774 адам, орындалуы — 110.5%; Алғашқы жұмыс орындарына – 100 орын жоспарланған, қамтылғаны 90 адам, орындалуы 90%.; «Күміс жас» жобасы  бойынша 130 орын жоспарланған, қамтылғаны — 152 адам, орындалуы — 117%;  Грант бойынша 93 орын жоспарланған, орындалуы — 46.2%. Грант бойынша «Инстаграм», «Фэйсбук» әлеуметтік желілерінде 2024 жылы 10 мамырды жарияланды. Құжаттарды қабылдау «enbek skills» платформасында өтініш беру арқылы жүзеге асырылды. 2024 жылы 5 маусымда үміткер 115 адамның құжаты комиссияда қаралды. 43 адамға оң шешім берілді. «Бастау бизнес» жобасы аясында 900 азамат оқу жоспарланып, орындалуы 133 азамат оқытылды. Орындалуы — 14,7 %.

Тұрақты жұмыс орындарына 3888 орын жоспарланған екен. Бос жұмыс орындарына 2123 адам жоспарланған, жолданғаны — 1296 адам, орындалуы — 61%. «Ұлттық жоба» шеңберінде 27 жоба бойынша жаңа жұмыс орындарына 227 адам жоспарланған, 17 жобаға 98 адам жолданды, орындалуы  43% құрап отыр. Маусым айының соңына дейін 97 жаңа жұмыс орнын ашып, жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамтылған. Әлеуметтік жұмыс бойынша мүгедектігі бар 1 адамды жұмыспен қамту жоспарланған, 2024 жылдың соңына дейін орындалады деп күтіліп отыр екен, квота бойынша мүгедектігі бар 2 азамат жұмыспен қамтылған. Орындалуы — 20%. «Бизнес бастау» жобасы бойынша жоспар — 900 адам, орындалуы бойынша 133 адам оқыған. Мемлекеттік грантқа 93 адам жоспарланған. Бірінші лекте 43 адам грант алды» — дейді «Мансап» оралығының директоры Азамат Асылбекұлы. 

Атап өтер жайт, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында еңбек нарығын цифрландыру, жұмыспен қамту орталықтарының жұмысын реформалау, нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту және тұрғындарды жұмыспен қамтуды арттыру үшін басқа да ауқымды іс-шаралар қарастыру бойынша нақты міндеттерді айқындап берді. Яғни, еліміздегі еңбек ресурстарының балансын есепке алудың тиімді әдістемесін әзірлеуді, сондай-ақ еңбек ресурстарының тапшылығы бар өңірлерде Үкіметке көші-қон үдерісін басқару үшін пәрменді шаралар қабылдауды тапсырған болатын. Дәл осы бағытта, 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап, Түркістан облысының аудан, қалаларында еңбек мобильділігін қамтамасыз ететін 17 орталық құрылды. Бұған дейін жұмыс істеп тұрған халықты жұмыспен қамту орталықтары, енді «Мансап» орталықтары болып қайта құрылып отыр. Қазіргі таңда аталған мекемелер «Ұлттық жоба» аясында ұйымдастырылатын жұмыстарды жүзеге асыруда. Қазіргі таңда Еңбек мобильділігі орталығының аудан, қалаларда 17 филиалы, яғни «Мансап» орталықтары халыққа қызмет көрсетіп келеді. Олар жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту шараларын іске асырады.

Биыл Түркістан облысында «Жұмыспен қамту» бағдарламасы аясында 33 005 адам субсидияланған жұмыс орындарына жолдау жоспарланып, қажетті қаржы қаралды. Биылғы І жартыжылдықта жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыруды қолдау мақсатында 1793 азаматқа 2,6 миллиард теңге қаржы жоспарланып, бірінші лек бойынша 897 азамат комиссияның қорытындысына сәйкес оң шешімін алды. Соның ішінде 893 азаматқа мемлекеттік грант 1 миллиард 318 миллион теңге ұсынылды. Олардың қатарында 27 АӘК алушы, 623 көпбалалы отбасы, 139 мүмкүндігі шектеулі азамат, 86 мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырғандар және асыраушысынан айрылған 22 отбасы бар. Грант иелері қаражаттарын мал, құс, бал және балық шаруашылықтарын жүргізуге, қолөнер және тігін, техника жөндеу, құрылыс материалдарын шығару, шаштараз өнері және косметогиялық қызметтер көрсету сияқты кәсіптермен айналысуға бағыттаған.

Ақылы қоғамдық жұмысқа 13605 адам жұмыспен қамтылса, жастар практикасы бағытымен 2329 жас жұмысқа жолданды. Әлеуметтік жұмыс орындарына 3846 адам жолданса, алғашқы жұмыс орындарына 1396 адам орналасты. «Күміс жас» жобасы бойынша 2208 адамды жұмыспен қамту жоспарланып, 2299 адамға жолдама берілді. Жоспар 104%-ға орындалды. Жалпы бағдарламалар бойынша мүмкіндігі шектеулі 2169 азамат жұмыспен қамтылды.

Түркістан облысында Ұлттық жобалар негізінде жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Түркістан облысы бойынша 397 инфрақұрылымдық жоба аясында 3671 жұмыс орнын ашу жоспарланып, нақты 1259 жұмыс орны ашылды. «Жайлы мектеп» жобасы бойынша 36 жоба бекітіліп, қазіргі таңда 16 жоба іске қосылды. Нәтижесінде 246 жұмыс орыны ашылды.

Айта кетейік, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жаңадан құрылған Еңбек мобильділігі орталықтарының негізгі қызметін де бекітіп берген болатын. Олар — жұмыс күшіне сұраныс пен ұсынысты талдау, болжау негізінде өңірдің еңбек ресурстарының теңгерімдерін қамтамасыз ету; өңірлік жұмыспен қамту карталарын әзірлеу және оларды жергілікті жерлерде іске асыруды үйлестіру; жұмыспен қамтудың барлық мемлекеттік бағдарламалар мен жеке бастамалар шеңберінде ашылатын жұмыс орындарының құрылуына мониторинг жасау; жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында азаматтардың ерікті көші-қонына жәрдемдесу және азаматтарды көшіру бағдарламаларын өңірлік деңгейде үйлестіру; жұмыс іздеуші ретінде жүгінген және жұмыссыз азаматтарды тіркеу; халықты, жергілікті атқарушы органдарды және уәкілеттік мемлекеттік органдарды өңірлік еңбек нарығының жай-күйі туралы хабардар ету.

Қазіргі таңда Сауран ауданында Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру бағытында нақты іс-шаралар жоспары нақтыланып, тиісті жұмыстар атқарылып келеді. Жергілікті халықты тұрақты жұмыспен қамту үшін жаңа өндіріс орындарын ашу, «Халықтың кірісін арттырудың 2025 жылға дейін бағдарламасын» іске асыру, ауданға инвестициялық жобаларды тарту, шағын және орта бизнесті дамыту бағыты да басты назарда тұр. Сауран ауданының туристік әлеуеті де өте жоғары. Аудандық «Мансап» орталығының басшысы мемлекет осындай қолдауларды жасап жатқанда азаматтар еңбек етуге ұмтылуы керек екенін айтады.

«Біздің ауданда еңбек етемін деген тұрғындарға, яғни қос қолға бір күрек табылады. Шағын кәсіп, ауылшаруашлығымен айналысу, туризм бағытында қызмет көрсету бойынша да ауданның әлеуеті жоғары. Сондықтан, мемлекет қолдап тұрғанда, жастардың өсуіне көмек көрсетіп тұрғанда, қолдан келгеннің бәрін жасауға міндеттіміз. Біз, барынша көмектесуге, жол көрсетуге дайынбыз. Орталықтың негізгі мақсаты «Ұлттық жоба» арқылы халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және азаматтарды кәсіпкерлікке тарту болып табылады. Бұл орталық жұмыссыз азаматтарды есепке тіркейді, жұмысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем тағайындау үшін қажетті құжаттарды қабылдайды. Жұмыссыздарды тұрақты жұмыс орындарына жұмысқа орналасуға жәрдем береді, кейбіріне уақытша жұмыс орындарын ұсынады. Еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқа кәсіптік оқытуды ұйымдастырады. Сонымен қатар, әлеуметтік кәсіптік бағдар беру жұмыстарын да қоса атқарады. Азаматтардың барлық санаттарына арналған бос орындар жәрмеңкесін және халық арасында ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.  Негізі, халықтың басым бөлігі мамандығы бойынша еңбек жалақысы жоғары тұрақты жұмыспен қамтылуды қалайды. Ал, ауылдық жерде қыруар қаржы алып, жалақының жоғары болуы екіталай. Ондай мамандықтар бірен-саран. Сол себепті «маған жалақысы жоғары жұмыс қажет» деу орынсыз. Барға қанағат етіп, жұмысыңды істеп, қосымша кәсіп ашып, оны да талапқа сай жүргізіп отырсаң, соның өзі бақыт деп білемін», — дейді Азамат Асылбекұлы.

Айта кетейік, бүгінде электронды еңбек биржасының арнайы сайты бар. Порталдың басты жұмысы жұмыс іздеу және персоналды іріктеуге жәрдемдесу үшін мүмкіндіктерді қамтамасыз ететін жұмысқа орналастыру бойынша бірыңғай цифрлық алаң болып табылады. Енді, жұмыс беруші өзінің бос жұмыс орны туралы ақпаратты электронды еңбек биржасында жеке кабинеті арқылы беріп, бос жұмыс орындар бойынша мәліметтерді ұсыну туралы міндетті заңнама қағидаттарының іске асырылуын жеңілдетеді. Жалпы, «Enbek.kz» электрондық еңбек биржасы арқылы Ұлттық жобалардың бірыңғай платформасында жұмыс орнын табуға көмектеседі. Сондай-ақ, жұмыс іздеушілер жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысуға өтінім бере алады.

Атап өтер маңызды жайт, Түркістан облысында биыл «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында 118 мыңнан астам жұмыс орнын ашу жоспарланып, қазіргі таңда 104 635 жұмыс орны құрылған. Өңір тұрғындарын жұмыспен қамту бағытында жыл басынан бері атқарылған жұмыстар, кемшіліктер мен өзге де түйткілді мәселелер жуырда ғана Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен өткен жиында талқыланды.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаеваның 2024 жылдың 10 айының қорытындысы туралы есебі тыңдалды. Ұлттық жобалар мен тұжырымдамалар негізінде инфрақұрылымдық жобаларда ашылған жұмыс орындарына жолданған азаматтардың міндетті зейнетақы жарнасының аударылуы бойынша республикада 4 орынға орналасты.

Сауран ауданында 2024-2026 жылдар аралығында өндірістік аймақтар құрылмақ. Нақтырақ айтқанда, І кезеңде Шаға, Қарашық, Иассы, Шорнақ және Үшқайық ауыл округтерінен, ІІ кезеңде 2026 жылдан бастап қалған 7 ауыл округінде өндірістік алаңдар салу жұмыстары қолға алынды.

Қазіргі уақытта Шаға ауылдық округінде орналасқан «Өндірістік парк» жобасының құрылысы қарқынды жүргізілуде. 30 гектар жерге 29 жобаны іске асыру жоспарланған. Бүгінде парк аумағында 10 браунфилдтің құрылысы аяқталды. Индустриалды аймақ құру үшін қосымша 70 гектар жер бөлініп, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша құжаттандыру жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар, Қарашық ауылынан шағын өндірістік алаңын құру үшін 10 гектар жер бөлініп, 21 кәсіпкермен меморандум түзілді. Атап айтқанда, жиһаз жасайтын 9 цех, құрылысқа қажетті материалдар өндіретін 10 цех, 1 тігін цехы және 1 қолөнер бұйымдарын өндіретін цех ашылмақ. Қазіргі уақытта кәсіпкерлер цех құрылыстарын бастап кетті. Өндіріс алаңына қажетті электр желісі тартылып, жолға тас төсеу жұмыстары жүргізілді.

Еңбекші Дихан ауылынан «Иассы» өндірістік алаңына 9 гектар жер учаскесі бөлініп, 18 жобаны іске асыру жоспарлануда. Бүгінгі таңда 9 кәсіпкермен меморандум түзіліп, 2 кәсіпкер құрылыс жұмыстарын бастады. Мұнда жиһаз жасайтын, құрылысқа және тамақ өнімдеріне қажетті материалдар өндіретін цехтар ашылады.

Одан бөлек, Шорнақ ауылынан 8 гектар жерге өндірістік алаң құрылып, 1 гектар аумаққа жиһаз жасау цехының құрылысы басталды. Бұл аймақта 10 браунфилд салынады. Жобаны жүзеге асыру 2024-2030 жылдар аралығына жоспарланған.

Аудандағы Теке ауылынан «Үшқайық» өндірістік алаңы жобасының құрылысын жүргізуге 18 гектар жер бөлінді. Мұнда 2025-2030 жылдар аралығында 37 жобаны іске асыру жоспарлануда. Қазіргі таңда өндіріс алаңында құрылысқа қажетті материалдар өндіретін, сүт өңдейтін және тігін цехтарын салу үшін меморандум түзілді. Өндірістік алаңына басқа да жобаларды орналастыру үшін инвесторлармен келіссөздер жүргізу жұмыстары жалғасады.

Жалпы, жиһаз өндірісі кәдімгідей жолға қойылған Сауран ауданында Ресейдің сапалы есіктерінен кем емес ішкі есіктер шығарылуда. Кәсіпкер ағайындылар Азизбек пен Бахадир Абдужалиловтар өндіріс цехын осы жылы іске қосқан. Аталмыш цехта 60 маман жұмыс істейді. Бүгінде облыс және ауданның тұрғын үйлері мен ғимараттарға заманауи түрлі үлгідегі және әртүрлі көлемдегі есіктер сатылуда. Заманауи құрылғылармен жабдықталған цех өнімі сапалы, бағасы да қолжетімді.

Сауран ауданындағы ауыл округтерінде де ілкімді шаруалар атқарылуда. Мәселен, Бабайқорған ауыл округі Абай елді мекенінде тозығы жеткен су тарату орталығына күрделі жөндеу жұмыстарына меморандум арқылы «Авангард-ОК» ЖШС-гі ЖСҚ әзірлеуде. Бабайқорған елді мекенін сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету үшін, «ШЫМГОРПРОЕКТ» ЖШС-гі ЖСҚ әзірлеуде. Келісім шарт құны – 7,3 млн теңге. Абай, Серт, Игілік елді мекендерін сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету үшін, меморандум арқылы «Авангард-ОК» ЖШС-гі ЖСҚ әзірлеуде. Бабайқорған ауыл округіне 6-дана трансформатор орнату жұмыстары жүргізілуде. Мердігер мекеме – «Тан Строй» ЖШС. Келісім шарт құны – 18,7 млн теңге. Қыркүйек айының соңына дейін орнатылады деп күтілуде.

Үлгілі елді мекендегі Б.Майлина көшесін 1,4 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мердігер мекеме – «Сарбаз Қуат» ЖШС. Келісім шарт құны – 20,3 млн теңге. Көксарай көпірін жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мердігер мекеме – «Айжамал» ИП. Келісім шарт құны – 6,8 млн теңге. Бабайқорған елді мекеніндегі Қисық Шоқпар көпірін орташа жөндеу жұмыстарына қаржы қаралып, мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілуде. Жоба құны – 6,0 млн теңге. Бабайқорған ауыл округіне 17 дана жол белгілері орнатылды.Бабайқорған елді мекеніне воркаут, балалар алаңшасы, футбол алаңшасын орнату бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мердігер мекеме – «TBB-Construction» ЖШС. Келісім шарт құны – 18,1 млн теңге.Бабайқорған ауыл округі қоқыс полигонының аумағына қоршау орнату жұмыстары жүргізілуде. Мердігер мекеме – «SIS Строй» ЖШС. Келісім шарт құны – 7,0 млн теңге.

Жалпы, ауылдардағы инфрақұрылымның жағдайы, ауызсу, жол, шағын қалалардағы көшелердің мәселесі, денсаулық сақтау нысандарының жетіспеушілігі, апаттық жағдайдағы мектептер мәселелері әлі де болса бар. Өңірлерде несие беру мәселесі де тиісті деңгейде шешімін таппаған. Кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін азаматтарды қолдау жетіспейтіні жасырын емес. Көптеген азаматтар өз ісін ашу жолында қыруар құжат жинап, бірқатар кедергілерге кездеседі. Ал кепілдік мәселесін шешу тіпті қиын. Дегенмен, мемлекет өңірлерге әрдайым көңіл бөліп келеді. Әлеуметтік салаға, мектептер, аурухана, жол салуға, жобалық-сметалық құжаттарға сәйкес қаржы бөліп отыр. Бұл жұмыстарды жалғастыру, әсіресе шағын және орта бизнес бойынша ауылдағы азаматтардың жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасау – уақыт талабы.

ҚР Үкіметінің өңірлерді дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасында алдағы 5 жылда үш жарым мыңға жуық ауылды жаңғырту жоспарланыпты. Бірінші кезекте әлеуметтік инфрақұрылымға мән берілмек. Яғни сапалы ауызсу, жарық, жылу, жол желілері, мектептер, ауруханалар салынады. Өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламасына 1,3 трлн теңге бөлінген. Қыруар қаржы! Соның басым бөлігі, яғни 900 млрд теңгесі ауылдағы ағайынды жарылқауға жұмсалмақ. Осы орайда таяу 7 жылда негізгі басымдықты «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын жүзеге асыруға салу көзделген. Бұл шамамен 7 млн ауыл тұрғынының өмір сапасын жақсартатын болады. Бұл шамамен ауыл тұрғындарының 90 пайызын құрайды.

Сауран ауданы әкімдігі жергілікті халықты ауыз сумен және егістікті табиғи су жүйелерімен қамту жұмысына жан-жақты талдау жүргізіп, кешенді бағдарламаларды жүзеге асыруда. Қазіргі таңда Бабайқорған ауылдық округі, Абай елді мекеніндегі Ақтөбе су қоймасынан егіске баратын Тасарық құрылысының жоба сметалық құжаттамасын әзірлеуге байқау өткізіліп, жобалаушы мекеме анықталды. Сонымен қатар Бабайқорған ауылдық округі, Үлгілі елді мекеніндегі «Сасық бұлақ» су қоймасы құрылысының жоба сметалық құжаттамасын әзірлеуге байқау өткізіліп, жобалаушы мекеме анықталған.

Бүгінгі таңда 31 елді мекеннің ауыз су тарату орталықтарындағы тозығы жеткен құрылғыларын ағымдағы жөндеу жұмыстарына сметалық құжаттары әзірленіп, қаржыландыру көздеріне қарай кезең–кезеңімен жөндеу жұмыстары жүргізілу үстінде. Қазіргі таңда, төрт ауылдық округтегі он бір елді мекенге табиғи газбен қамтамасыз ету құрылыстары жүргізілген. Атап айтқанда, Үшқайық ауылдық округіне қарасты төрт елді мекенге өткен жылдың сәуір айынан бастап газ берілуде.

Сонымен қатар, Қарашық, Жүйнек ауылдық округтерін және Оранғай, Шорнақ, Қосмезгіл елді мекендерін табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында жобалау-сметалық құжаттары әзірленіп, құрылыс жұмыстарын жүргізуге қаржы бөлдіруге облыстық салалық басқармаға ұсынылды. Аудан орталығы Шорнақ елді мекеніне магистральды газ құбырларын жүргізу жұмыстары бойынша Кентау қаласының әкімдігі тарапынан жобалау-сметалық құжаттарын әзірлеу жұмыстары жүргізілуде.

Сауран ауданы әкімдігі тарапынан екі ауылдық округке табиғи газбен қамтамасыз етуге жобалау-сметалық құжаттарын әзірлеуге қаржы қаралып, жобалаушы мекеме анықталып, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Олар Оранғай ауылдық округіндегі Бостандық және Қосқарған елді мекендері, Иассы ауылдық округіндегі Еңбекші Дихан елді мекенін табиғи газ құбырымен қамтамасыз ету құрылысының жобалары.

Бүгінде Сауран ауданында мал басы өскен сайын жайылымдық жерлерді заңды иесіне қайтару мәселесі бас ауыртатын аса өзекті мәселенің біріне айналды. Түркістан облыстық жер қатынастары басқармасы тарапынан Сауран ауданы бойынша 48,5 мың гектар жерді елді мекенге ортақ жайылымға қайтару жоспарланып, 51,25 мың гектар жер телімін мемлекет мұқтаждығына алынып, аталған ауылдық округтерге ортақ жайылым үшін қаулы қабылданып, сәйкестендіру актісі рәсімделуде.

Сонымен қатар, 78,4 мың гектар жерді меморандум арқылы беру жоспарланып, жалпы 31,8 мың гектар жер теліміне келісім-шарт түзумен меморандум арқылы ортақ жайылымға келісілді. Сонымен қоса кәсіпкерлік жер учаскелеріне қолжетімділікті арттыру мақсатында сауда-саттықты (конкурстарды, аукциондарды) өткізу Gosreestr.kz электронды сауда айналымы жүйесі арқылы талап етпейтін мемлекет меншігіндегі жер учаскелеріне құқықтарды алу – 7 жер аукцион арқылы беріліп, жалпы соммасы 12 158 935 теңге бюджет есебіне түскен. Сауран ауданына қарасты ауылдық округтер бойынша 27,3 мың гектар жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылып, Сауран ауданы әкімдігінің арнайы жер қорына алу туралы қаулысы қабылданып, мемлекет меншігіне қайтарылды.

Сауран ауданы бойынша алдағы уақытта бос алаңшаларды дайындап, инженерлік инфрақұрылымдық жүйелерін жүргізуге жобалау сметалық құжаттарын әзірлеу үшін бюджеттен 380 млн теңге қаражат бөлінген жағдайда инженерлік инфрақұрылымдық жүйелері жүргізілгеннен соң тұрғын үй құрылысын салу үшін жер учаскелері Сауран ауданы бойынша кезекте тұрған 23824 азаматтарға заң аясында табысталатын болады.

 

«WWW.AQ-QARA.KZ»- ақпарат

Оқылды 16 рет