Жұма, 20 Желтоқсан 2024 09:25

Түркістан облысы: Созақта алдағы 6 жылда 38 инвестициялық жоба жүзеге асып, 3 мыңға жуық жұмыс орны ашылады

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен аудан, қалалардың даму жоспарын талқылап, бекіту жұмыстары жалғасуда. Таяуда Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков аймақтың 2024-2030 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады. Негізгі индикаторлар мен экономиканы алға сүйрейтін салалар сарапталып, терең талданды. Облыс әкімі тарапынан даму жоспарын толықтыру туралы тапсырма беріліп, сала басшыларының ұсыныстары тыңдалды.

– Бекітілген даму жоспарын орындау бойынша Жол картасы бекітіліп, ол тиянақты әрі сапалы орындалуы тиіс. Созақ ауданында өндірісті дамыту маңызды. Тау-кен саласында мүмкіндік мол. Туризмді дамытуға да күш салған жөн. Аудан әкімдігі мен басқармалар бірлесе жұмыс атқаруы қажет, – деді Дархан Сатыбалды.

Аудан әкімінің айтуынша, Созақ ауданы бойынша 2024-2030 жылдарға жалпы құны 640 млрд. 757 млн. теңгеге 38 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Ашылатын жұмыс орындары – 2 989 адам. Салықтық түсімдер 1 млрд 987 млн. теңге болады деп болжанып отыр. Өнеркәсіп саласында жалпы құны 636,2 млрд. теңгеге 15 жоба жүзеге асып, 2 803 адам жұмыспен қамтылады. Салықтық түсімдер 1 млрд. 850 млн. теңге болады деп күтілуде. Агроөнеркәсіп кешені саласында 19 жоба жүзеге асады. Жалпы құны 3,7 млрд. теңге, жұмыс орны – 151 адам. Туризм саласында жалпы құны 810 млн. теңге болатын 4 жоба жүзеге асырылып, 35 жұмыс орны ашылады деп күтіліп отыр. Барлық салада жұмыс күшейтіліп, нақты жоспарлар қойылады.

Іске асырылатын инвестициялық жобалардың нәтижесінде жалпы өңірлік өнім көлемін жыл сайын 6,8 пайызға өсіру арқылы 6 жылда 1,5 есеге арттыру көзделген. Оның ішінде өнеркәсіп саласы бойынша 2030 жылға дейін жыл сайын 6,5 пайыз өсім беріп, 1,5 есеге арттыру, ауыл шаруашылығы саласы бойынша жыл сайынғы өсімді 12,5 пайызға, яғни 2 есеге арттыру жоспарланып отыр. Бұл жоспардың орындалуы облыс әкімінің бақылауында болады.

Ауданда қазіргі таңда индустриалды аймақта 5 кәсіпорынға 10 га жер телімі берілген. Олар: «Uko-S Star»  Уран тасымалдауға арналған болат бөшкесін шығару, «Uko-S Star» Металл құрастыру зауыты» ЖШС-ні техникалық май тасымалдауға арналған болат бөшкесі, «Дархан-Ас» ӨК  өз жұмыстарын жүргізуде. Қазіргі таңда индустриалды аймақта инвесторларға ұсынылатын 38,2 га жер телімі бар.  Осы индустриалды аймақта 5 жоба іске асырылуда. Онда 98 адам жұмыспен қамтылған.

ҚР Үкіметінің өңірлерді дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасында алдағы 5 жылда үш жарым мыңға жуық ауылды жаңғырту жоспарланыпты. Бірінші кезекте әлеуметтік инфрақұрылымға мән берілмек. Яғни сапалы ауызсу, жарық, жылу, жол желілері, мектептер, ауруханалар салынады. Өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламасына 1,3 трлн теңге бөлінген. Қыруар қаржы! Соның басым бөлігі, яғни 900 млрд теңгесі ауылдағы ағайынды жарылқауға жұмсалмақ. Осы орайда таяу 7 жылда негізгі басымдықты «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын жүзеге асыруға салу көзделген. Бұл шамамен 7 млн ауыл тұрғынының өмір сапасын жақсартатын болады. Бұл шамамен ауыл тұрғындарының 90 пайызын құрайды.

Түсінікті болу үшін тарқата айтқалы отырмыз. Өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі жаңа бағдарламасы төрт бағыт бойынша жүзеге асырылады. Бірінші бағыт бойынша Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және Ақтөбе сынды ірі төрт агломерацияның маңайы қамтылады. Одан кейін екінші деңгейдегі қалалар, яғни 13 облыс орталығы мен Семей қаласын осы бағдарлама шараларымен қамту көзделген. Сондай-ақ, 18 урбандалу орталығы және жоғарыда аталған 3,5 мың ауылдық елдімекенде бағдарламаны іске асыру жалғасады. Аталған бағыттардағы жұмыстарды жүзеге асыруға бюджет қаражатымен қатар, жеке инвестициялар да тартылатын болады.

Қазіргі кезде жергілікті билік органдарының басты міндеті аймақтардағы, әр ауыл мен қаладағы бизнесті жүргізуге жан-жақты қолдау білдіру мен жағдайларын қамтамасыз ету болып отыр. Сондай-ақ, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, жергілікті маңызы бар мәселелерді азаматтардың қатысуымен шешуді кеңейтуге баса назар аударғаны белгілі. Сол себепті таяу жылдарға белгілеген міндеттерді шешуде жергілікті атқарушы және өкілді органдарға ерекше жауапкершілік жүктелді.

Былтырдан бастап барлық өңірлерде жаппай, соның ішінде отбасылық кәсіпкерлікті дамыту жөнінде жоспарлар әзірленді. Бұл жоспарларда нақты іс-шаралар кешені көзделген. Осындай шаралардың негізінде өңірлерде шағын және орта бизнесті дамытудың кешенді және жүйелі ұстанымын қалыптастыруға, кәсіпкерліктің рөлі мен мүмкіндіктерін арттыруға, жергілікті және орталық бастамаларды үйлестіруге жағдайлар жасалады. Сондай-ақ, өңірлерде іскерлік ортаны жақсарту үшін арнайы сыйлықақы тағайындалып, бизнесті жүргізу жеңілдігі бойынша өңірлер мен қалалар рейтингін өткізу көзделген. Бұл өңірлерге бизнесті дамыту саласындағы әлсіз тұстарын анықтауға, екінші жағынан, іскерлік жағдайды жақсарту бойынша жұмысты жүйелеуге мүмкіндік береді. Осылайша, қолайлы іскерлік жағдайды қалыптастыру жергілікті атқарушы органдардың қызметі тиімділігінің маңызды көрсеткіштерінің бірі болып табылады. 

Жалпы, ауылдардағы инфрақұрылымның жағдайы, ауызсу, жол, шағын қалалардағы көшелердің мәселесі, денсаулық сақтау нысандарының жетіспеушілігі, апаттық жағдайдағы мектептер мәселелері әлі де болса бар. Өңірлерде несие беру мәселесі де тиісті деңгейде шешімін таппаған. Кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін азаматтарды қолдау жетіспейтіні жасырын емес. Көптеген азаматтар өз ісін ашу жолында қыруар құжат жинап, бірқатар кедергілерге кездеседі. Ал кепілдік мәселесін шешу тіпті қиын. Дегенмен, мемлекет өңірлерге әрдайым көңіл бөліп келеді. Әлеуметтік салаға, мектептер, аурухана, жол салуға, жобалық-сметалық құжаттарға сәйкес қаржы бөліп отыр. Бұл жұмыстарды жалғастыру, әсіресе шағын және орта бизнес бойынша ауылдағы азаматтардың жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасау – уақыт талабы.

Аудандағы барлық санатта 37123 бас мүйізді ірі қара, 256353 бас қой-ешкі, 24684 бас жылқы, 13452 бас түйе, 32594 бас құс өсірілуде. 2020 жылмен салыстырғанда мүйізді ірі қара 102,2 пайызға (36315 бас), қой-ешкі 100 пайызға (256248 бас), жылқы 109,3 пайызға (22583 бас) өссе, түйе 13650 бас, құстар 32 780 басты құрады.

 «Сыбаға» бағдарламасы бойынша мүйізді ірі қара аналығын тұқымдық түрлендіруге тарту мақсатында барлығы 40 бас асыл тұқымды бұқалар сатып әкелініп, 2743 бас мүйізді ірі қара аналығы тұқымдық түрлендіруге тартылды. Қарақұр ауыл округінен жеке кәсіпкер Жасұлан Омарбек 70 млн.теңге өз қаржысына Ресей Федерациясының, Алтай өңірінен 250 бас «Калмык» асыл тұқымды мүйізді ірі қара аналығын сатып алды. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, 1700 бас түйе аналығын сатып алу межесі белгіленіп, азаматтардың өз қаражаты есебінен 885 бас түйе аналығы және қойдың 1230 аналық басы несиелендіру жолымен сатып алынды.

Келесі салмақты сала кәсіпкерлік. Осы бойынша аудан көлемінде былтыр 405 жаңа кәсіпкерлік субъектілері ашылып, кәсіпкерлік субъектілерінің жалпы саны 3 362-ге жетті. Жобаларды қаржыландыру бойынша «Ырыс» МКҰ арқылы 25 жобаға жалпы сомасы 90,9 млн. теңге; «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Оңтүстік Қазақстан филиалы арқылы 57 жобаға 204,3 млн. теңге; «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ ТО бойынша филиалы арқылы жалпы сомасы 8 жобаға 64,0 млн. теңге, барлығы 65 жобаға 268,3 млн. теңге несие берілді. Кәсіпкерлік қызметке баулу, микрокредит алуға қол жетімділікті арттыру мақсатында «Бизнес Бастау» жобасы бойынша 180 адам оқытылып, 174 адам сертификаттарын қорғады. Оның ішінде 70 адам 653 млн.теңге грант иегері атанды. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 1 жобаға («Дархан-Ас» ӨК) жалпы сомасы 22 млн. теңге несие берілді.

Құрылыс саласы бойынша ауданда былтыр 843,3 млн. теңгенің құрылыс монтаж жұмыстары жүргізілді, құрылыс жұмыстарының нақты көлем индексі 100%-ын құрады. Аудан көлемінде 2021 жылы 8 нысанда құрылыс жұмыстары басталып, 4 нысанның құрылыс жұмыстары аяқталды. Олар Шолаққорған ауылы Ақшам мөлтек ауданын жарықтандыру құрылысы, С.Қожанов атындағы тарихи-аймақтық мұражайының құрылысы, Қарақұр ауылындағы 75 орындық мәдениет үйі, Шу ауылы әкімі аппаратының ғимаратының құрылыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Қалған 4 нысанның Жуантөбе, Қаратау ауылы әкімі аппараттарының ғимараты, Аққолтық елді мекеніндегі 75 орындық мәдениет үйі, Шолаққорған ауылы С.Қожанов көшесіндегі екі қабатты әкімшілік ғимаратына қосымша жай (военкамат) құрылыс жұмыстары 2022 жылы аяқталды.

Әлеуметтік саладағы кешенді жоспарды іске асыру аясында 3409 адамды қамту жоспарланса, 3108 адам қамтылып, жоспар 91,2 пайызға орындалды. Бағдарламаның бірінші бағыты «кәсіби білім беру және кәсіптік оқыту» бойынша – қысқа мер-зімдік курстар бойынша ауылдық округ, кент әкімдіктерінен оқуға ниет білді-рушілер бойынша тізім жасақталып, 60 адамды оқыту жоспарланып, жергілікті бюджеттен   13 млн.   550,0   мың   тенге қаржы   қаралып,   2021   жылы  60  адам қысқа мерзімді оқуға жіберіліп, 59 адам оқуын аяқтап, мамандағы бойынша тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілді.

Бағдарламаның екінші бағыты «жаппай кәсіпкерлікті дамыту» шеңберінде жеке ісін ұйымдастыру және кеңейтуге 78 адам шағын несиемен қамту жоспарланып, 2021 жылы 65 адам 268 млн. 320 мың. теңге несиемен қамтылды. «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне 180 адам оқыту жоспарланып, 181 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқуға «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы арқылы жолданып, оқуды толық аяқтаған 171 адамға сертификаттар табысталды.

Бағдарламаның үшінші бағыты «жұмыспен қамту және еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру» шеңберінде биылғы жылға 1 288 жалпы жаңа жұмыс орындары ашылу жоспарланса, өткен жылдың қорытындысымен 2 145 жаңа жұмыс орыны ашылып, жоспар 166,5 % орындалды. Оның ішінде халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы жыл ішінде 144 адам жолдау жоспарланып, 571 адам жолданды (жоспар 405%).

Енді бір ауыз толтырып айтатын білім саласында айтқарлықтай оң өзгерістер орын алуда. Ауданның білім саласында 40 мектепке дейінгі ұйым тіркелген, оның ішінде 37-сі балабақша, 3-і шағын орталықтар. Олардың 17-сі мемлекеттік, 20-сы жекеменшік балабақшалар. Мемлекеттік балабақшаларда – 2491 бала, жекеменшік балабақшаларда – 1742 бала, шағын орталықтарда 85 бүлдіршін, МАД тобында – 1387 бала тәрбиеленуде. Жалпы ауданда қамтылуы тиіс 3 пен 6 жастағы балалар саны 3976 болса, 100% қамтылып отыр.

Мәдениет және спорт саласында қыруар жұмыстар атқарылып, жақсы нәтижелерге қол жеткізіліп жатыр. Есепті жылдың 2-ші шілдесі күні Түркістан облыстық мәдениет басқармасымен бірлесіп Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында және домбыра күніне арналған «Күй құдіреті» облыстық жас күйшілер байқауы мен ұлттық аспаптардың байқау көрмесі ұйымдастырылды. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнап Созақ ауданы әкімінің кубогы үшін облыстық «Жайдарман» ойындары өткізілді.

Электронды түрде көрсетілген мемлекеттік қызметтердің үлесі 83% құрады. Аудан әкімі аппараты, дербес бөлімдері мен ауылдық округ, кент әкімі аппараттарында және оған бағынышты мемлекеттік мекемелерде «Өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары» ұйымдастырылып келуші азаматтарға электронды қызмет алуға жағдай жасалған. Сонымен қатар, аудан әкімдігінің ғимаратында «Халықтық кеңсе» ашылып, жұмысын жалғастыруда. Бұнда ауданның барлық мемлекеттік қызмет түрін көрсететін дербес бөлімдері шоғырланып, арнайы маман бекітілді. Өтінішпен келген аудан тұрғындарына консультативті-ақпараттық кеңес беру арқылы қызмет көрсетіледі.

Созақ ауданында «Ауыл – ел бесігі» жобасы да жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Ауданда аталған жоба аясында тауяда мәдениет ошағы салынып, пайдалануға берілді. Осы «Ауыл – ел бесігі» жобасы демекші, таяуда Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық мәжілісінде осы «Ауыл – Ел бесігі» жобасының орындалу барысы талқыланды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне мемлекет бөлген қаржыны тиімді жұмсап, ауылдардың еңсесін тіктеуді тапсырды. Осы жобаны жүзеге асыруда көш соңында келе жатқан аудан, қала әкімдеріне сын-ескертпе айтып, есептерін тыңдады. Жұмысты күшейту керектігін айтты.

– «Ауыл – Ел бесігі» жобасы – мемлекет тарапынан ауылдарды дамытуға арналған үлкен мүмкіндік. Қаржы бөлінген, бірақ кейбір аудандарда ол қаржы игерілмей отыр. Жұмысты үйлестіре алмай отырсыздар. Тиісті жұмыстарды жедел атқарып, инфрақұрылымды жақсартып алу қажет. Екіншіден, осы жоба жүзеге асыру тиімділігін арттыру үшін жаңа ұсыныстар беріңіздер. Бәлкім, бір елді мекенді белгілеп, оның барлық мәселесін шешіп қана келесі елді мекеннің инфрақұрылымына кірісерміз? Жұмысты жандандыру үшін өзгерістер енгізуді қарастыру керек. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында бектілген индикаторлардың сапалы және мерзімінде орындалуын қамтамасыз етуді, мемлекеттік сатып алу конкурсын шұғыл түрде аяқтап, келісімшарт жасауды тапсырамын. Апта сайын мониторинг жасалып, бекітілген жоспар толық орындалсын. Осы және өзге де мәселелер бойынша күзде аудандарда тағы да мәжіліс өткізіліп, индикаторларды орындамаған басшылардың мәселесі қаралады, – деді Дархан Сатыбалды.

Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қ.Қайыпбектің айтуынша,  240 жаңа жобаның құрылыс-монтаждау және техникалық қадағалау жұмыстары бойынша барлығына мемлекеттік сатып алу конкурстары жарияланған. 191 жаңа жоба бойынша жеңімпаз мердігер анықталып, келісімшарттар түзілді. Алайда құрылыс-монтаждау және техникалық қадағалау қызметі бойынша бірқатар жобаның мемлекеттік сатып алу конкурстары аяқталмаған. Өңір басшысы бұл жұмыстарды жылдам аяқтауды тапсырды.

Облыста 1-ші жартыжылдыққадейін 7769,5 млн. теңге игерілген немесе жоспар 98,37 % орындалған. Түркістан облысы бойынша 2023 жылы «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 163 елді мекенде 337 жобаны іске асыруға бюджеттен жалпы 31,0 млрд. теңге бөлінді. Оның 97-сі өткен жылдан өтпелі болса, 240-ы – жаңа жобалар. Осы арқылы денсаулық сақтау саласында – 11, білім саласында – 17, спорт саласында – 18, мәдениет саласында – 21, ауыз су – 2, газдандыру – 24, электрмен қамту – 22 және жол жөндеу саласында 222 жоба жүзеге асады.

Бүгінде Түркістан облысында Ауыл — Ел бесігі жобасы аясында аудандарда бірқатар жобалар іске асып келеді. Мәселен Түркістан облысына қарасты Ордабасы ауданында 14 елді мекеннің көшелері қайта жөндеуден өтті.  Ордабасыда аудандық маңызы бар жолдардың қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 39,1%-дан 73,6%-ға жетсе, ал топырақ жолдардың үлесі 41,2%-дан 35,6%-ға төмендеген. Сондай-ақ, аудандық бюджет есебінен биыл 23 көше және «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында 27 көше орташа жөндеуден өтеді. Нәтижесінде елдімекендердегі ішкі көшелердің қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 60%-ға жетпек.

«Ауыл – Ел бесігі» жобасының іске асырылуы тұрақты бақылауда. Мемлекеттік бағдарлама аясында аймақтағы ауылдардың ажары кіріп, білім, мәдениет, спорт, денсаулық сақтау салалары нысандары жаңарып, жөнделуде. Ауыз су, жарық, табиғи газ, көлік инфрақұрылымы және жылумен қамтамасыз ету салалары бойынша құрылыс, қайта құру, күрделі және орташа жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Облыстық стратегия және экономикалық даму басқармасының басшысы Қанат Қайыпбектің баяндауынша, білім саласында бір нысан жаңадан салынып, екі нысан күрделі жөндеуден өтеді. Әлеуметтік салалар мен инфрақұрылымды дамытуға бағытталған қосымша 42 елді мекендегі 200-ден астам жобаға ұсыныс беріліп, қолдау тапты. Нәтижесінде Келес ауданында жаңа мектептің құрылысы басталып, Түлкібас ауданында жаңа медициналық мекемелер мен үш ауылдағы ауыз су жүйелері жаңартылмақ.

 «Ауыл – Ел бесігі» жобасының мақсаты – ауылдағы өмір сапасын жақсарту. Маңызды жоба аясында ауылдарда жолдар жөнделіп, білім, мәдениет, спорт және денсаулық сақтау нысандары бой көтеруде. Сондай-ақ ауыл инфрақұрылымын дамытуға баса мән беріледі. Түркістан облысында денсаулық сақтау саласында 1,1 млрд. теңгеге 10 жобаның құрылысы жүргізілді. Білім саласында 5,4 млрд. теңгеге 34 жоба бойынша құрылыс және күрделі жөндеу жұмысы атқарылды.

«WWW.AQ-QARA.KZ»- ақпарат

Оқылды 17 рет