Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024 17:25

Шардарадағы жүгері дақылын терең өңдеу зауыты құрылысының екінші кезеңі 2025 жылы аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде

Түркістан облысы, Шардара ауданындағы «Шардара» индустриалды аймағында жүгері дақылын терең өңдеу зауытының құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Шардара ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков «Шардара» индустриалды аймағында болып, жүгері дақылын терең өңдеу зауытының құрылыс барысымен танысты.

35 гектарға орналасатын өндірістің І кезеңінде «Казкрахмал» ЖШС дәнді кептіру және сақтау кешенінің қабырғасын қалап, іске қосқан. Қазіргі таңда ІІ кезеңнің жоспарына сәйкес, зауыт ғимаратының құрылысы жүргізілуде. 500 адамды тұрақты жұмыспен қамтитын өндіріс кешені 2025 жылы аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде. Облыс әкімінің орынбасарының іссапары балық өсірумен айналысатын «Хамит» шаруашылығының тоғанында жалғасты. Нұрбол Тұрашбеков шаруалармен кездесіп, өзекті мәселелерді саралады. Шаруалардың су тұтынуына қатысты туындаған сұрақтарына жауап беріп, мәселені шешу үшін заң аясында тиісті жұмыстар атқарылатынын жеткізді.

Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалдының мақта шаруашылығын дамыту, мақта талшығының сапасын арттыру, жаңа инновациялық әдістерді пайдалануды тапсырған болатын. Тапсырмалардың орындалу барысын бақылау мақсатында облыс әкімінің орынбасары «Шардара мақта» ЖШС-ның мақта қабылдау бекетінде болып, диқандармен кездесті. Кәсіп иелеріне мақтаны қабылдау кезінде сапасына аса мән беруді, сұрыптаудан өткізуді тапсырып, мақта бағасы оның сапасына да қатысты екенін айтып өтті. Мұнда 10 адам жұмыс істейді. Мақта қабылдау пункті өткен жылы мақтаның жиын-терім науқанында 3 мың тонна көлемінде мақта қабылдаған.

Жоғарыда аталған жүгері дақылын терең өңдеу зауытында крахмал сірнесі шығарылмақ. Бұл дақылдың құрамында 75%-ға дейін қант бар. Сондықтан өнімді өндірістік мақсатта, яғни табиғи қант алмастырғыш ретінде пайдалануға болады. Осы ретте крахмал-сірне зауыты еліміздегі ірі кондитерлік фабрикалар мен сусын шығаратын зауыттарды қажетті өніммен қамтамасыз етеді. Зауыт түрлендірілген крахмалдың 20-дан астам түрін, мальтоза және глюкоза балшырындарын, глютен, жүгері майын, ұрық, кебек, түйірленген құрама жем шығарады. Ал сірне – осы крахмалдан алынатын қою шәрбәт тәрізді тәтті өнім. Зауыт бұдан бөлек крахмал-глюкозалық қант пен тағамдық глюкозаны шығарады. Глюкоза алынатын шикізат тағы сол – крахмал.

Айта кету керек, зауыт глюкоза балшырынын өндіру кезінде генетикалық түрлендірілген шикізатты қолданбайды, бұдан тыс жүгеріні қалдықсыз қайта өңдеу циклын жолға қойған. Кристалдық глюкоза таза тəтті, әрі тез сіңетін жоғары сапалы тамақ өнімі. Кондитерлік нан-тоқаш өнімдерін, жеміс консервілерін, қоюлатылған сүт, балмұздақ жəне өзге де аспаздық өнімдерді шығару үшін осы глюкоза пайдаланылады.

Инвестиция көлемі – 31,2 млрд.теңге. Жобаны іске қосу 2 кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде биыл дәнді дақылдарды сақтау және кептіру кешенінің құрылысын аяқтау жоспарланған. Екінші кезеңде 2024-2025 жылдары крахмал-сірнесі зауыты құрылысын аяқтап, іске қосу көзделіп отыр. Жеке кәсіпкер өнімдерді ішкі нарықпен қоса сыртқы нарыққа да шығаруға ниетті. Зауыт өнімдерін Азия және Еуропа елдеріне экспорттайды. Жетісай, Мақтаарал, Шардара аудандарының шаруалары жүгері егудің тиімділігіне толықтай көз жеткізгенше зауытты шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында жүгеріні өздері егіп отырмақ.

Сондай-ақ, бүгінгі таңда Шардарада ауданда 5 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. 420 адамды жұмыспен қамтып отырған бұл зауыттар жылына 5600 тонна балық өнімдерін өңдеп, 5,5 млрд. теңгенің өнімін экспорттайды. Жұмысшыларының орташа жалақылары 200 мың теңгені құраса, мемлекет кірісіне шамамен 600 млн.теңгедей салық төлейді. Шикізаттың 90 % астамы (4880 тн) өзге өңірлерден тасымалдануда.

Сырттан тасымалданатын шикізатқа тәуелділікті азайту, жаңа жұмыс орындарын ашу, өнімділікті артыру мақсатында өткен жылы құны 380 млн. теңгені құрайтын, қуаттылығы жылына 770 тонна балық өнімдерін өндіретін және 33 адамды жұмыспен қамтитын 5 жоба жүзеге асты. Олар:  ЖК «Томай» инкубациялық әдіспен балық өсіру жобасы (Жоба іске қосылған).  ЖК «А.Байқошқаровтың» инкубациялық әдіспен және тоғанда балық өсіру жобасы (Жоба іске қосылған). «Молдияр» ЖШС торлы шарбақта балық өсіру жобасы (Жоба іске қосылған). ЖК «М.Бекарыстанәлі» торлы шарбақта балық өсіру жобасы (Жоба іске қосылған). ЖК «А.Әлібаев» тоғанда балық өсіру жобасы (Жоба іске қосылған).

2023 жылы қуаттылығы жылына 1700 тонна балық өнімдерін өндіретін және 87 адамды жұмыспен қамтитын 1710 млн. теңгеге 13 жобаны іске қоссылған болатын. Жобаның арқасында 120 млн.теңге салық төлеп, орташа айлық жалақы 200 мың теңгені құрады. Нақтырақ айтсақ, ЖК «Т.Жалғасбаевтың» балықтан жем және май дайындау жобасы. «Vita» ЖШС-нің балық өсіру кешенін ұлғайту жобасы. ЖК А.Байқошқаровтың инкубациялық цех салу жобасы. «Хамит» АӨК-нің балық өсіру кешенін ұлғайту жобасы. ЖК «Томайдың» балық өсіру кешенін ұлғайту жобасы.  ЖК «Әлібаев Асан» тоғанда балық өсіру жобасы. «Молдияр» ЖШС-нің тоғанда балық өсіру жобасы. ЖК Б.Смайыловтың торлы шарбақта балық өсіру жобасы. ЖК «Қарақаттың» тоғанда балық өсіру жобасы. ЖК «М.Базыловтың тоғанда балық өсіру жобасы. ЖК «Ж.Жақсылықтың торлы шарбақта балық өсіру жобасы. ЖК «Томайдың» инкубациялық әдіспен балық өсіруді кеңейту жобасы ( қуаттылғын 500 тоннаға дейін арттыру).

Жоғарыда айтып өткеніміздей ауданның балық шаруашылығын дамыту бағыты қарқынды. Былтырғы жылы тұрғындар осы салаға субсидияларды қарастыруды сұраған болатын. Облыстық бюджеттен осы мақсатта биыл  500 млн. теңге қарастырылып отыр.  Сонымен қатар, инвестициялық салымдар кезінде балық шаруашылығы субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялауға республикалық бюджеттен 226 млн. теңге бөлінді.

Былтыр Түркістан облысы, Шардара ауданында құны 1,7 млрд. теңгені құрайтын жаңа 10 инвестициялық жоба іске асырылып, 118 жаңа жұмыс орны ашылған. Биыл 3,6 млрд. теңгеге 7 ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұл туралы Шардара тұрғындарымен есептік кездесуінде Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мәлімдеген болатын. Облыс әкімі ауданның инвестициялық әлеуеті жоғары екеніне, бұл бағытта жұмыс жүріп жатқанына тоқталған болатын.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамыту жөнінде тапсырма берді. Биыл елімізде «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырылады. Ауыл тұрғындарына 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие беріледі. Түркістан облысына бұл бағытта 11 млрд. теңге бөлінді, қосымша қаржы сұралып, 20 млрд. теңгеге жуықтап отыр. Шардара ауданында бұл бағдарламаны пилоттық режимде Алатау батыр, Тұрысбеков ауыл округтерінде іске асыру жоспарлануда. Ел ол несиені алғаннан кейін нақты жұмыс істеп, шаруашылықты дамыту керек. Жауапты басқарма, аудан, ауыл әкімдері тұрғындарға осыны дұрыс түсіндірсін. Шардара ауданы алдымен су қоймасымен танымал. Шардараның балық өнімдері Еуропаға экспортталып жатыр. Даңқты спортшыларымен де әлемге әйгілі. Ауданда ауыл шаруашылығы, өндірісті дамытуға күш саламыз. Бірнеше ірі кәсіпорын салынады. Инвесторлар тартылып жатыр. Тігін фабрикасы, мақтаны өңдеу және май шығару зауытының құрылысы және өзге де жобалар бойынша 200-ден астам жұмыс орны ашылады. Жүгеріні терең өңдейтін зауыт ашу бойынша да инвестор тартып, келісім жасадық. Арнайы зауыт салатын жер дайындалуда. Бұл зауыт өнімінің 80 пайызы экспортқа бағытталады. Біз бірлігімізді сақтай отырып, ауданды дамытамыз, – деген-ді Дархан Сатыбалды.

Облыс басшылығының Шардара тұрғындарымен былтырғы кездесуі нәтижесінде бірқатар мәселе шешілген. Балық шаруашылығын субсидиялауға облыстық бюджеттен биылға 500 млн. теңге қарастырылды. Былтыр бюджеттен қаржы бөлініп, Шардара қаласы мен ауылдық округтердегі елді мекендерде 44 көше жөндеуден өткізілді. Ауданда «Жайлы мектеп» жобасы аясында 2 жаңа мектеп бой көтереді. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Жаушықұм елді мекенінде мәдениет үйінің құрылыс жұмыстарына 397 млн. теңге қаралған. Жұмыстар биыл аяқталады.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 31 рет