Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024 22:50

Халықаралық көрмеде Түркістанның туристік мүмкіндіктері таныстырылды

«WTM London 2024» – әлемнің түкпір-түкпірінен келген туризм саласының өкілдерін жинайтын ең ірі халықаралық туристік көрме. Биыл көрмеге Қазақстан Республикасының атынан Түркістан облысы да белсенді қатысты. Аталған көрмеде Түркістан облысының Туризм басқармасы, Түркістан қаласының әкімдігі мен «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығы ЖШС аймақтың бірегей туристік әлеуетін ұсынды.

Бұл көрме – Түркістанның мәдени және тарихи мұрасын насихаттап, туризм саласына халықаралық инвестициялар тарту үшін маңызды алаң. Түркістан облысының өкілдері әлемнің жетекші туроператорларымен байланыс орнатуға, ынтымақтастық орнату және тәжірибе алмасу бағыттарын талқылауға мүмкіндік алуда.

Қазақстанның тарихи орталығы саналатын Түркістан ежелгі сәулет ескерткіштері мен бірегей мәдениетті қамтитын әртүрлі туристік бағыттарды ұсынады. Лондондағы көрме арқылы аймақтың шынайы сұлулығы мен байлығын көрсетіп, Түркістанның халықаралық туристік аренадағы орнын нығайтуға мүмкіндік туады. «WTM London 2024» көрмесіне қатысу арқылы Түркістан облысының туризм индустриясын дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашылады деп күтіліп отыр. Халықаралық көрме аясында Түркістан облысының павильонына Қазақстан Республикасының Ұлыбританиядағы Елшісі Мағжан Ильясов келді.

Елші аймақтың осындай беделді көрмеге қатысуының маңызын атап өтіп, бұл Түркістанның туристік әлеуетін ілгерілету үшін тамаша мүмкіндік екенін айтты. Мағжан Ильясов сондай-ақ туризм саласында халықаралық серіктестермен жаңа әрі нәтижелі қарым-қатынастар орнату, туристік инфрақұрылымды дамыту және аймаққа инвестициялар тарту үшін осындай көрмелерде тәжірибе алмасудың маңызды екенін атап өтті.

Туризм саласы соңғы уақытта Түркістанда қарқынды дамып, тұрғындардың туристерге сапалы қызмет көрсетіп, олжаға кенелуіне мол мүмкіндік бар екенін дәлелдеуде. Себебі Түркістанда туризм саласын дамыту, оның әлеуетін арттыру әрі туристерге тартымды ету жергілікті биліктің күн тәртібіндегі басты талаптарының бірі болып отыр яғни, туризмді өңірдің негізгі драйверлерінің бірі ретінде дамыту назарда тұр.

Статистика бойынша Түркістан қаласына негізінен Қызылорда, Шымкент, Алматы қалаларынан және Түркістан облысының өзінен адамдар көп келеді. Шетелдік туристер – негізінен Түркия, Франция және басқа да Еуропа елдерінен келушілер. Қазақтың салт-дәстүріне қызығушылық танытқан қытайлық туристер де көп. Шетелдік туристер үшін үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын) еркін сөйлей алатын гидтер де жұмыс істейді. Түрік тілінде еркін сөйлесетін қызметкерлер де бар. Маусымның қызған кезінде күніне 20 мыңға дейін адам келген.

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес Түркістанда мереке күндері «Керуен сарайда» атаулы іс-шаралар ұйымдастырылып, еліміз бен шетелдің танымал әншілері өнер көрсетіп келеді. Жыл соңына дейін әншілер мен жұлдызды топтардың қатысуымен 17 іс-шара ұйымдастырылды. Үкімет бекіткен «Халықтың табысын 2025 жылға дейін арттыру жөніндегі кешенді жоспарға» сәйкес «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы» АҚ тарапынан 25 іс-шараны өткізу жоспарланды. Қазіргі уақытта туризм басқармасы «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы» АҚ-ы және «Керуен сараймен» іс-шаралар тізбесін пысықтауда. Биыл басқарма тарапынан өңірдің туризм саласын ілгерілетуге бағытталған Karavan Statue Street Art мүсіндер фестивалі, гастрофестивал секілді жобаларды жүзеге асты.

Түркістанда «Күлтөбе қалашығы» ашық аспан астындағы археологиялық мұражай паркін құрудың жалғасы ретінде заманауи сандық технологиялар арқылы ежелгі заманға саяхат жасауға мүмкіндік беретін нысандар салынады. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. Қызықты әрі маңызды жоба жан-жақты талқылануда. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жауапты басшылар мен мердігер компанияға бірқатар тапсырма берді.

Таяуда ғана Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен облыстағы сәулеттік жобалар талқыланған жиын өткенін де айта кетейік. Жиында өңір басшысы әрбір нысанның құрылысы талапқа сай, сапалы әрі сәнді жүргізілуі тиіс екенін ескертті. Сонымен бірге жаңа нысандардың қасбетінде ұлттық нақыштың ұмытылмауын, тарихи әрі туристік нысандарда тұтас бір үйлесімділік болуы керектігін айтты.

Күлтөбе қалашығы ежелгі Яссы қаласының бір бөлігі болған. Жоба мемлекетпен айрықша қорғалатын аумақта, ЮНЕСКО ұйымының Дүниежүзілік мәдени мұралар тізіміне енгізілген Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің айналасында іске асырылатындықтан, қазіргі археологиялық зерттеулер ЮНЕСКО мен ИКОМОС ұйымдарының дүниежүзілік мұра саласындағы халықаралық сарапшылар қауымдастығымен ынтымақтастықта жүзеге асуда.

Күлтөбе қалашығын қалпына келтіру мен ғылыми-зерттеуге жергілікті ғалымдар атсалысты. Қалашықта әртүрлі кезең нысандарының эскиздері – қолөнершілердің тұрғын үйлері, заттар, ежелгі сауда көшелері, шеберханалар, ішкі аулалар және XII-XIX ғасырлардағы бекініс қабырғаларының элементтері табылған. Осы жәдігерлер «Күлтөбе қалашығы» паркіне орнатылып, саяхатшыларға ұсынылмақ.

Мәжілісте Күлтөбе қалашығы аймағындағы туристік нысан, Түркістан қаласы аумағында шығыс үлгісінде безендірілген мұнаралар салу мәселелері талқыланды. Сондай-ақ «Қолөнершілер орталығы» нысанын салу жобасы да сарапталды. Әрбір нысан бойынша тиісті ескертпелер айтылып, ұсыныстар берілді. Олардың бәрі жұмыс жоспарына енгізіліп, тиісті жұмыс жүреді.

Әлемге назар салатын болсақ, экономиканың үздіксіз дамуына ілесіп және техниканың  жаңалануына байланысты халықаралық туризм күн өткен сайын қанатын кеңге жаюда. Көлік-коммуникациясы  қолайлы болған сайын қарым-қатынас, жүріс-тұрыс қарқын алып келеді. Адамдардың табысы жоғарылай бастаса, бірдеңе ойлай бастайды. Яғни дүниені кезіп, саяхаттау екінің бірінде болатын арман. Кәсіпкерлер мен тұрақты капиталы бар байлар онсызда әлемді шарлауды күн тәртібіне қояды. Осылайша туризм бүгінгі күннің жаңа өрлеуі болып отыр. Ғаламшарға зер сала қарасақ, туризмнің заманы жүріп жатыр, оның өсу жылдамдығыда зор. Тек кезектегі «індеттің» тосқауыл болып, жұрттың қол аяғын байлап қойғаны болмаса, дүние қалыбына келіп, сабасына түссе туризм саласы дүр ете қалайын деп тұр.

Біздің мемлекетімізде, табиғат тылсымы мен жаратылыстың таңғажайыбы жеткілікті. Жеріміз кең, климаты әр түрлі болғандықтан, бір тамыз айының өзінде төрт маусымның элементтерін бір мезгілде көре аласың.  Жер бетінің жеті ықылымын бағындырған Әмір Темірдің табаны тиген тағдырлы жері осында жатыр. Қолтаңбасы басылған ТҮРКІСТАН әне тұр. Енді біз сол шахбаз шаһардың халықаралық деңгейдегі туризм орталығы болуына жұдырық болып жұмылып, ел болып ерен күш салсақ, туристер шоғыры өздігінен қаптайын деп тұр. Бұл өз кезегінде еліміз бен жаңа қаламыздың экономикалық-әлеуметтік дамуының теңдесіз, тамаша үлгісі болмақ. Түркі әлемінің бесігі саналатын қасиетті Түркістанның өркендеуіне үлес қосу арқылы өркениетті елдердің санатына жақындай түспекпіз. Ол үшін мүмкіндік те жоғары. Ұлы даламыз туристердің ұясына айналарына жұртшылықтың сенімі мол.                                                                         

Кәрі құрлыққа қара шаңырағының қазығын қаққан қаймана қазақтың рухани астанасы болған Түркістанның облыс орталығына айналуы өз бетінше жеке өмір сүрсін, қалғандары да біртіндеп жетіліп кетер деген сынды жай ғана жеңіл мақсатпен жасалған жаңалық емес әлбетте. Керісінше, одан әлдеқайда ауқымды, үлкен мақсатты көздеген шешім. Түркістан ежелден Ұлы Жібек жолының бойында жатқан қала, киелі шаһар. Біз бұл жаңалықты тек осы оймен, яғни тек сыртқы форма үшін жасалды деп ойламауымыз керек.  Оңтүстіктегі көршіміз Өзбекстанда аса ауқымды жұмыстар басталып, ірі-ірі жобалар қолға алынып жатыр. Көрші мемлекетпен қатарласып, біздің шекара бойында жатқан облыс та одан әрі қарқынды түрде дамуы тиіс. Оған мүмкіндігі де, әлеуеті де әбден жеткілікті. Осы жағынан алғанда, бұл жаңалық біздің еліміз үшін, жаңа атауға ие болған облыс үшін тиімді болды. Сондықтан Түркістанның облыс орталығы болғанына көпшілік қуанышты, әрі қарай жан-жақты дами беретіні анық.

Түркістанның әлеуметтік-экономикалық дамуымен қатар, Түркістан қаласының идеологиялық негіздемесін қалыптастыру бойынша 4 бағыт айқындалған болатын. Түркістан қаймағы бұзылмаған қазақтың қасиетті қарашаңырағы, берекесі ұйыған киелі мекені. Осы қастерлі де, қадірлі мекеннің даму даңғылы ретінде саналатын аталмыш бағыттарды өз кезегінде ұсынылған тамаша бастама екені анық. Енді, ол жердегі: «Түркістан - қазақ халқы мен түркі тілдес елдердің ең ірі зиярат және туризм орталығы; Әлемдік деңгейдегі қолөнер және шеберлер орталығы; Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан ірі сауда орталығы;  Қожа Ахмет Ясауи - рухани тұлға сынды» төрт бағыттың айналасындағы атқарылар жұмыстар нәтижесін берсе, қаланың одан сайын қарыштап дами түсетіні уақыт күттірмейді.

Түркістан қаласының облыс орталығы ретінде анықталуы – ел тарихының жаңа парағы.  Енді, облыста туризмді, ауыл шаруашылығының барлық бағыттарын, өнеркәсіп саласын дамыту үшін тың қадамдар іске асырылатыны анық. Яғни бұл қадам өңірдегі экономиканың, бизнестің, инфрақұрылымның дамуына серпін бере отырып, Түркістанның тек киелі мекен емес, үлкен мәдениет орталығы, экономикалық ошағы ретінде дамуына мүмкіндік туғызады. Әкімшілік орталықтың көшірілуі жаңа жұмыс орындарын шоғырландырып, еңбекке жарамды халықтың басым көпшілігін жұмыспен қамтамасыз етеді.  Жаңа әлеуметтік нысандар, тұрғын үй және басқа да жобалар қарқынды түрде жүзеге асырылады. 

Бүгінде тікелей Түркістан қаласына көп көңіл бөлініп отыр. Көптеген туристер күндіз келушілер немесе киелі орындарға бағыт алғандар. Сондықтан, негізгі міндет - адамдар Түркістанға түнеуге келіп, бірнеше күнге қалып, қаржыларын осында жұмсап, кәделі сыйлар алуына, мейрамханаларға баруына жағдай жасау болып отыр. Бізге осы жағына көп көңіл бөлу керек дейді мамандар.

Түркістанның мемлекетіміздің экономикалық, әлеуметтік, идеологиялық дамуында алар орны ерекше. Түркістан өңірі әлмисақтан сауда-саттық пен ынтымақтың алтын ордасы болған. Түркістанды облыс орталығына айналдыруы – ең бір ұтқыр да көреген шешім болды. Облыс орталығы мәртебесін иеленген Түркістан қаласы қашанда тарихи туризмнің алтын ұясы саналып келеді. Бұл жақта туризм кластерінің басым бағыты саналатын көлік инфрақұрылымы қолайлы жолға қойылған. Қала басында қала қонақтары мен тұрғындарына қажетті ойын-сауық орталығы, заманауи қонақ үйлер, мәдени-тарихи ошақтар, драма театрлар, мейрамханалар, салтанат үйлері, аквопарк, спорттық демалыс нысандары, базарлар мен супермаркеттер толықтай талапқа сай салынған. Бұл өз кезегінде туристерге толықтай сапалы қызмет көрсете алатын жағдай деген сөз.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 28 рет