Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024 14:39

Түркістан облыстық мәслихатының кезекті он төртінші сессиясында 26 мәселе өз шешімін тапты

Сегізінші шақырылымдағы Түркістан облыстық мәслихатының кезекті он төртінші сессиясы өтті. Сессия жұмысының алдында мәслихат төрағасы облыстағы жаңа кадрлық тағайындауларды таныстырып өтті.

Сессия жұмысына облыс әкімі Дархан Сатыбалды, облыс әкімдігінің мүшелері, қалалық, аудандық мәслихат төрағалары, облыстың мемлекеттік органдарының басшылары, облыстық қоғамдық ұйымдар өкілдері, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов жүргізген сессияның күн тәртібінде 26 мәселе қаралды.

Күн тәртібіндегі «2024-2026 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы», «2025-2027 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы», облыс әкімдігінің мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының іске асырылу барысы жөнінде, «Түркістан облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму бағдарламасы туралы» мәселелер бойынша облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қ.Қайыпбектің баяндамасы назарға алынды. Сонымен қатар сессияда облыстық қоғамдық даму, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу, жер қатынастары басқармалары басшыларының есептері тыңдалды.

Одан бөлек, кадрлық өзгерістерге байланысты Түркістан облысы әкімдігі жанындағы бірқатар комиссиялардың құрамына өзгерістер енгізілді. Жалпы, сессия жұмысында қаралған мәселелер бойынша мәслихат депутаттары тиісті шешімдер қабылдады. Өз кезегінде облыс әкімі Дархан Сатыбалды сессия жұмысын қорытындылап, мәслихат жұмысына табыс тіледі.

– Баршаңызды келе жатқан Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтаймын. Бүгінгі сессияда маңызды мәселелер қаралды, алдағы жылға арналған облыс бюджеті бекітілді. Негізгі бағыттарымыз – инвестиция тарту, жаңа өндіріс және жұмыс орындарын ашу. Өңірде экономиканың негізгі көрсеткіштерінде оң динамика сақталды. Біз осы қарқынды түсірмей, көрсеткіштерді ұлғайтып, халықтың әл-ауқатын көтеруге бірлесе жұмыс атқаруымыз керек, – деді Дархан Сатыбалды.

Экономика демекші, осы тұста Түркістан облысында аталмыш салада атқарылып жатқан жұмыстар мен жоспарлар туралы да кеңірек айта кестек. Былтыр 126,9 млрд. теңгеге 56 инвестициялық жоба іске қосылды. 2024-2027 жылдар аралығында жүзеге асырылатын, жалпы құны 3,3 трлн. теңгегені құрайтын 173 инвестициялық жобаның пулы қалыптастырылған. Өткен жылы шетелдік және отандық компаниялармен 94-тен астам кездесу мен келіссөз жүргізілді. Қытайға, Өзбекстан және Австралия елдеріне кәсіпкерлермен бірге іссапарлар ұйымдастырылды. Нәтижесінде жаңа жобаларды жүзеге асыру, жұмыс істеп тұрған зауыттарды кеңейтуге 1 трлн. теңгеге жуық инвестиция құйылуда. Биыл облыстық делегация Түркия, Ресей, Қытай, Өзбекстан, Иран және Вьетнам елдеріне іссапар жасады.

Облыс әкімінің тапсырмасымен аудан, қалаларға негізгі көрсеткіштер бойынша рейтингтік бағалау жүргізілуде. Жалпы, 12 индикатордың 8-інде жоспарланған межеге қол жеткізілген. Рейтингтік бағалау нәтижесінде көшбасшылар қатарында Созақ, Сайрам аудандары және Түркістан қаласы орналасса, Отырар, Түлкібас және Шардара аудандары төменгі орынға жайғасты. Облыс әкімі аудан, қалаларды дамыту, индикаторларды толық орындау бойынша нақты тапсырмалар берді. Бұл жұмыстар хаттамаға енгізіліп, қатаң бақылауға алынды.

«Ең үлкен облыс Түркістанның әлеуметтік-экономикалық ахуалы бүтін республикаға әсер етер күшке ие. Өйткені Оңтүстік облыс географиялық тұрғыда қолайлы орналасқан, ондағы халық тығыздығының деңгейі жоғарғы және кейінгі жылдары қолға алынған іргелі бастамалар біршама. Өңірдегі аса өзекті мәселелердің көшін инфрақұрылым мен әлеуметтік ахуал бас­тайды. Бәріне бірдей бюджет қаржысын жеткізу оңай емес, бірақ біз әркез ұтымды шешімдер қабылдауға тырысып келеміз», - дейді облыс әкімі Дархан Сатыбалды. Жалпы, елдің экономикалық драй­вері болуға қабілетті әрі лайық ауыл шаруа­шылығы саласы бұл облыста да қарқынды даму жолына түсіп келе жатыр. Өңірде өндірілген ауыл шаруа­шылық өнімдері құнының 1 трлн теңгеден асуы сөзімізге дәлел және бұл көрсеткіш арқылы облыс республикада ең алдыңғы позицияда.

«Егістікті әртараптандыру нәтижесінде көкөніс, бақша өнім­дерінен рекордтық 3,3 млн тонна жиналып отыр. Нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз ету мақсатында биыл 25 жобаны іске асыру көзделсе, жыл басынан бері нақты 22-сі іске қосылды. Салада жаңа технологиялар кеңінен қолданылуда. Қарқынды бау көлемі 5 405 гек­тарға жеткізілді. Нәтижесінде, өнімділік 5 есе артып, 350 центнерге дейін өнім жиналуда. Су үнемдеу технологиясы 31 788 гектарға, «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы 9 403 гектарға енгізіліп, суды 2 есе үнемдеуге мүмкіндік берді. Жылыжайлар­дың жалпы көлемі бүгінде 1 640 гектарға жеткен. Бұған қоса 100 гектардан агроаймақ құрып, 2027 жылға дейін 500 гектарға жаңа жылыжай салу жоспарда бар екен. Қазір жылыжайларды бір орталықтан қатты отынмен қамтамасыз ету үшін арнайы кооператив құрылып, көмір өндірушілерден тікелей тасымалдау келісілген. Бұл ретте жылыжайларды жылыту шы­ғындарының 20 пайызы субсидияланатынын да айта кетейік. Биыл осы мақсатта 500 млн теңге бөлінген.

Сонымен бірге аймақ экономикасына мол ақша әкелуге әлеуеті бар мақта өндірісі саласын өркендету үшін мақта-тоқыма кластерін құру жобасы әзірленіп жатыр. «Әлемдік ірі тоқыма компаниялармен өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы бірқатар жо­баны жүзеге асырып, мақ­та бағасына экспорттық тәуел­ділікті төмендетуді көздеп отыр­мыз. Мақта дақылын рен­та­­бельділігі жоғары дәндік жүге­рі да­қыл­дармен алмастыру мақсатында «Жы­­­лына 150 мың тонна жүгері дәнін терең өңдеу зауыты» жобасы жүзеге асы­рылуда. Ал су шаруашылығын дамыту үшін «Тұран су» мемле­кеттік кәсіпорынның жұмысын жүйелендіру есебінен каналдарды қалпына келтіру және төтенше жағдайлардың алдын алу жұмыстарын мерзімінде атқа­руға қол жеткіздік. Нәтижесінде, бюд­жет қаржысы 28 пайызға үнемделіп, экономикалық тиім­ділігі 1,5-2 есе жоғары болды. Сондай-ақ екі ірі су нысаны толық пайдалануға берілді. Сыйымдылығы 18 млн текше метрді құрайтын «Кеңсай-Қос­қорған-2» су қоймасы салынып, нәтижесінде, жылына қосымша 34 млн текше метр ағын суды жеткізуге мүмкіндік ашылды. Түр­кістан магистралды каналының 59 ша­қырымын бетондау арқылы жылына 60 млн текше метр ағын су үнемдеуге қол жеткізілді. Бұдан бөлек, Түр­кістан қаласы өңірлерінде ағын су тапшылығын түбегейлі ше­шу үшін, «Боралдай», «Бәй­дібек ата» су қоймасын салу жо­балары әзірленіп, тиісті жұмыстар жүргі­зілуде», деді аймақ басшысы.

Аймақтағы туризм ахуалы да тәуір. Облыс басшылығы осы саланы дамыту үшін негізгі үш бағытты айқындады. Біріншісі – экологиялық туризм бағыты. Табиғи аумақтарға келушілер саны еселеп артқан.Жалпы, табиғи аумақтарда 99 демалыс орны, 62 қонақ үй, 12 шипажай орналасқан. 30 турис­тік маршрут құрылды. Емдік-сауық­тыру туризм бағытымен облыста 72 емдеу-сауықтыру орны жұмыс істейді (8 мың тө­сектік орын). 142 мың адамға қыз­мет көрсетілді. Бұл алдыңғы жыл­мен салыстырғанда 21 пайыз­­ға көп. Тарихи-танымдық туризм бағытымен жыл басынан өңі­рімізге біркүндік келуші саны 868 мың адамды құрады. Турис­тік нысандарды қажетті инфра­құрылыммен қамтамасыз ету мақсатында жалпы құны 34,4 млрд теңгені құрайтын 10 жоба жасалып жатыр.

Жалпы, облыста қайта өңдеу саласына баса назар аударылып отыр. Мәселен, екі жыл көлемінде өңдеу өнеркәсібінде 24 жоба іске қосылды (43,3 миллиард теңге, 824 жұмыс орны). Биыл 13 жоба жоспарланып, бүгінгі таңда 7 жоба жұмысын бастаған (600 адам жұмыспен қамтылды). Биыл мамыр айының соңында Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздегі өңдеу өнеркәсібін дамыту мәселесі қаралған болатын. Агроөнеркәсіп кешенінде іске асырылып жатқан жобалар бойынша ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров баяндама жасады. Министр жалпы азық-түлік және қайта өңдеу саласының дамуында оң көрсеткіш байқалып отырғанын жеткізді. 2023 жылдың қорытындысы бойынша азық-түлік өндірісінің көлемі 1,8%-ға артып, 3,1 триллион теңгені құраған. Бұл тұрғыда тамақ өнімдерін өндірудің негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 7,1%-ға өсіп, 151 миллиард теңгеге жетті. Сонымен қатар агроөнеркәсіп кешені өнімінің экспорты $5,3 миллиардты құрады. Бұл ретте жалпы экспорттағы өңделген өнімнің үлесі 43%-ға жетіп, 2,2 миллиард АҚШ доллары болды. Елімізде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында жалпы сомасы 119 миллиард теңгені құрайтын 48 инвестициялық жоба іске асырылды.

Дегенмен, экспорттық нарықтардың шектелуін ескере отырып тереңдете өндірілетін өнімдерге көшу қажет. Бұл орайда астықты терең өңдеу өнімдеріне ерекше мән берілуде, олар бойынша бірқатар инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Мәселен, биыл Түркияның Тирияки Агро компаниясы мен Катардың Хасад Фуд компаниясы бірлесіп, Астана қаласында астықты тереңдете өңдеу жобасын іске асыра бастаған, жобаның құны – 400 миллион АҚШ доллары. Крахмал, глютен, глюкоза-фруктоза шәрбаты түріндегі түпкілікті дайын өнімді әлемдік нарыққа экспорттау жоспарланған. Жалпы, 2024-2026 жылдары астықты қайта өңдеу бойынша 13 жобаны іске асыру көзделіп отыр. Сондай-ақ, майлы дақылдарды қайта өңдеу ісі де қарқынды дамуда.

«Өсімдік майын өндірумен айналысатын 80 кәсіпорын жұмыс істейді. Олар 2023 жылы 672 мың тонна өсімдік майын өндірді, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 4,3%-ға көп. Қамтамасыз етілу 183%-ды құрайды. Жыл соңына дейін өндіріс көлемін 750 мың тоннаға дейін ұлғайту болжануда. Бұған егіс алқаптарын кеңейту, шикізатты сатып алуға айналым қаражатын ұсыну және жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру есебінен қол жеткізілетін болады. Мысалы, биыл Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстарында жалпы қуаттылығы 100 мың тонна болатын 3 жобаны іске асыру басталды», — деп атап өтті ауыл шаруашылығы министрі.

Айта кету керек, жобалардың рентабельдігін арттыру мақсатында дайын өнімдерді және күнжара мен шрот түріндегі жанама өнімдерді өткізу үшін Қытай нарығы ашылды. Еліміздегі қант өндірісі жұмыс істеп тұрған 4 қант зауытында жүзеге асырылуда, олар ішкі нарықтың қажеттілігін 44%-ға қамтамасыз етеді, оның 13% отандық шикізатты өңдеу есебінен жүзеге асқан. Ведомство мәліметінше, биылғы 3 айда 8,2 мың тонна қант өндірілді. Қазақстанда мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеудің негізгі бағыттары – сүт, ет, тері және жүнді қайта өңдеу болып саналады. Мысалы, сүт өңдеу саласында жылдық қуаты 2,7 миллион тонна сүтті құрайтын 180 кәсіпорын жұмыс істейді, олардың жалпы жүктемесі шамамен – 77%. Былтыр елімізде 2,1 миллион тонна сүт өңделді, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 13,6%-ға артық. Жалпы сомасы 584,8 миллиард теңге болатын сүт өнімдері өндірілді.

Аталған жобаларды іске асыру былғары өнеркәсібі үшін пайдаланылмаған терілердің көп бөлігін қайта өңдеуге мүмкіндік береді. Жалпы, қайта өңдеу кәсіпорындарының өндіріс көлемінің өсуіне жеңілдікті несие, инвестициялық субсидиялар, салықтық жеңілдіктер мен преференциялар түрінде көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары ықпал етеді. Мемлекет басшысының қайта өңдеу үлесін 70%-ға дейін жеткізу туралы тапсырмасын орындау үшін министрлік 2024-2028 жылдарға арналған ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамытудың Кешенді жоспарын әзірледі. Соған сай жалпы сомасы 176,2 миллиард. теңгені құрайтын 58 жобаны іске асыру жоспарлануда.  Жалпы Кешенді жоспарды іске асыру тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібінің дамуына жақсы серпін береді, қайта өңделген өнімнің жалпы өндірісін 1,4 есе ұлғайтуға, өңделген өнімнің үлесін 70%-ға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

Осы тұста айта кетер болсақ, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды әлемге әйгілі испандық «Auditores Energeticos AFN» компаниясының өкілдерімен кездесіп, өңірде коммуналдық қалдықтарды терең өңдеу зауытын салу жобасын жан-жақты талқылады. Қоқыс қалдықтарын терең өңдеудің жаңа технологиясы қоршаған ортаға зиянсыз, Еуропа елдері қолдаған қалдықсыз, қауіпсіз түрі. Айта кейік, гидрогектарздандыру технологиясы қоқыстан жаңа өнім түрлерін шығарады.Жобаны инвестор компания мен Қазақстан Республикасының Үкіметі арасында АХҚО алаңында жасалатын арнайы инвестициялық келісім шеңберінде іске асыру жоспарлануда. Заңды сүйемелдеуді «Қазақинвест» ұлттық компаниясы жүргізеді.Инвесторлармен келіссөздер жүргізген өңір басшысы Дархан Сатыбалды жобаның маңыздылығына тоқталып, әкімдік тарапынан қолдау болатынын жеткізді.

Түркістан облысы үшін қалдықтарды терең өңдеу – экологиялық тұрақтылыққа, экономикалық өсуге және әлеуметтік ортаны жақсартуға бағытталған кешенді шешім. Қазіргі таңда облыс аумағында қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеумен айналысатын 17 мекеме жұмыс атқарады. Оның ішінде, 13 мекеме қалдықтарды бөлек жинау және сұрыптаумен (пластмасса, пластик, полиэтилен қалдықтары, шыны сынықтары, түсті, қара металдар, картон, қағаз, макулатура), 4 мекеме қалдықтарды қайта өңдеумен айналысады.

Биыл 69 032 тонна қоқыс жинақталып, оның 17 478 тоннасы қайта өңдеуге бағытталды. Бұл көрсеткіш өткен жылы 103 181 тоннаны құрады.Облыс аумағында 135 қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын полигон орындары белгіленген. Оның ішінде, 38 аудандық, 50 ауыл округінің, 47-сі жеке кәсіпкерге сенімгерлік басқаруға берілген. Облыс аумағында қоқыстарды жинау, шығару және тасымалдау қызметімен 62 мекеме айналысады. Барлық аудан, қала орталықтарында құрылыс қалдықтарын тастайтын арнайы жер телімдері белгіленіп, мемлекеттік актілері аланған. Арыс және Түркістан қалаларында қоршау жұмыстары жүргізілген.

Төлебидегі су электр станциясы мен Саурандағы сүт фермасының құрылысы да қарқынды. Сүт фермасына Шығыс Еуропадан сүтті сиырлар әкелінеді. Жоба құны – 3,2 млрд. теңге. 40 адам жұмыспен қамтылады. Аталған инвестициялық жобалардың біразы биыл жүзеге асады. Ол жұмыстар бақылауға алынып, кәсіпкерлерге қолдау көрсету бойынша тапсырмалар берілді.

Бәйдібек ауданындағы травертинді әрлеу тастарын өңдеу жобаларын жүзеге асырушы инвесторлар да мәселелері мен өтініштерін айтты. Ол назарға алынып, жер мен электр мәселесі шешілетін болды. Сауран ауданындағы тоңазытқыш жабдықтарын шығаратын зауыт салу бойынша украиналық «UBC BG» ЖШС өкілі айтып берді. Сонымен бірге өзге де инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жолдары талқыланды.

Былтыр жыл басынан бері облыс басшылығы 10 елдің 80-ге жуық өкілімен кездесті. Атап айтқанда, Түркия, Қытай, Өзбекстан, Ресей, Германия, Италия, Жапония, Корея, Чехия, Грузия өкілдерімен келіссөздер жүрген. Оның ішінде инвестиция тарту бағытында сыртқы байланыстарды орнату мақсатында 30 шетелдік инвестормен және 10 ресми делегациялармен кездесулер өткен.

Қытай Халық Республикасына іссапар аясында екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту және қытайлық инвесторларды облысқа тарту мақсатында 11 компаниямен 2,6 трлн. теңгені құрайтын келісімдерге қол қойлыған. Облыстың кәсіпкерлері Қытайдан инвестиция тартып, жобаларды жүзеге асыру жұмыстарын бастап кеткен.

Өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін дамытуға мүмкіндік беретін бірнеше маңызды жобаларды іске асыру жоспарланып отыр. Өңдеу өнеркәсібінде жалпы құны 30,2 млрд теңге болатын 20 жоба іске асырылып, 594 жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Бүгінде 384 жаңа жұмыс орнымен жалпы құны 11 млрд теңге 10 жоба іске қосылды. Бұл бағытта жұмыстар жалғасады. Өңірде ірі жобаларды іске асыру есебінен өзіндік кірістерді алдағы 5 жылда қосымша 100 млрд теңгеге көбейту көзделіп отыр. Сондай-ақ өңдеу өнеркәсібінде 20 жобаны жүзеге асыру жоспарланса, бүгінгі таңда 10 жоба іске қосылды (11 млрд теңге, 384 жұмыс орны).

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды өңірді дамытуда инвестиция тарту, ауыл шаруашылығын дамыту, өндірісті дамыту және туризм саласына басымдық беріп отыр. Оның ішінде инвестиция тартуға айрықша көңіл бөлінген.  Өңірлік инвестициялық штаб тұрақты түрде жұмыс істеп тұр. Штаб отырысында инвесторлармен тікелей байланыс орнатылып, нақты келісімдер жасалады.

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

Оқылды 26 рет