Биыл өңірде егістікке қажетті ағын су көлемі шаруалардың сұранысына сәйкес босатылып, вегетациялық маусым қалыпты деңгейде жүргізілді. Облыста 552 мың гектар суармалы жер бар. Бұл — республикалық көрсеткіштің төрттен бір бөлігі. 12 349 шақырымды құрайтын 3 147 канал, 42 су қоймасы, 1 256 қашыртқы, 1 794 дана ұңғыма бар. 2024 жылы облыстық бюджеттен 9 су нысанын күрделі жөндеуге, 6 су нысанын механикалық тазалауға қаржы бөлінді. Атқарылған жұмыстың нәтижесінде 42,4 мың гектар суармалы жердің мелиоративтік жағдайы және ағын сумен қамтамасыз етілуі жақсарады деп күтілуде.
Су нысандарын салуды, қалпына келтіруді жеделдету үшін облыстық «Тұран су» мекемесінің де әлеуетін тиімді пайдалануға басымдық берілуде. Мекеме тарапынан облыстық меншіктегі қашыртқыларды механикалық тазалау нәтижесінде тозу көрсеткіші 80 пайыздан 10 пайызға төмендеді. Вице-министр ағын су арналары кезегімен жөндеуден өтетінін айтып, дихандарды су үнемдеу технологиясын меңгеруге шақырды. Су үнемдеу технологиясына көшкен шаруашылықтарға субсидия төленетінін, сонымен қатар бөлек тариф бекітілетінін жеткізді. Шаруалар көкейдегі сұрақтарын ортаға салып, ағын су мәселесіне қатысты өзгерістер туралы ақпарат алды. Кездесуден кейін ҚР Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов пен облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков азаматтарды жеке қабылдап, өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады. Жауапты мамандарға көтерілген мәселелерді заң аясында шешу бойынша нақты тапсырмалар берді.
«Оңтүстік облыстарда суармалы суды тиімді және үнемді пайдалану маңызды. Су инфрақұрылымын жөндеу, арналарды тазарту мәселесі өзекті. Аймақта ауыз сумен де проблемалар бар. Барлық міндеттер кезең-кезеңімен шешілуі керек. Бірақ уақытылы жәнесапаға зиян келтірмеуі керек. Қазіргі уақытта Су ресурстары және ирригация министрлігі желісі бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Түркістан облысында ғана ондаған жоба іске асырылып үстінде. Оның ішінде министрліктің шетелдік әріптестерінің қолдауымен жүзеге асып жатқандары да бар.
Жалпы, Түркістан облысында су шаруашылығын дамыту бойынша көптеген жұмыстар атқарылып жатқаны белгілі. Су қоймалары мен тоғандарға ағымдағы жөндеулер де жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Мәселен, былтыр Ордабасы ауданында орналасқан «Бөген» су қоймасында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Стратегиялық маңызы бар нысандарда жыл сайын арнайы зерттеу жұмыстары жүргізілетіні белгілі. Соған сәйкес, су қоймасында тиісті шаралар қолға алынды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды «Бөген» су қоймасының жай-күйімен танысып, жөндеу жұмыстарының барысын бақылау үшін арнайы барып, тексеріп те қайтқан болатын.
Облыс басшысы сол сапарында жауапты сала басшыларын мұқият тыңдап, нақты тапсырмалар жүктеген болатын. Нысанды мерзімінде сапалы етіп тапсыру талабын қойды. Жөндеу жұмыстарына жергілікті бюджеттен тиісті қаржы бөлуді тапсырды.– Стратегиялық маңызы бар нысанның жөндеу жұмыстары аса үлкен жауапкершілікті талап етеді. Өңірдің ауыл шаруашылығы үшін су қойманың берері мол. Сондықтан жауаптыларға қойылар талап та күшті. Қауіпсіздікті сақтау – басты мақсатымыз. Жөндеу жұмыстарының әр сатысы жан – жақты әрі тұрақты бақылауда болады, – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.
Түркістан облысы ауыл шаруашылығының бай аймақтарының біріне жатады. Республикадағы суармалы жерлердің 3/1 бөлігі облысқа тиеселі (548,2 мың гектар) және 70 мың агроқұрылымдарда 180 мыңға жуық адам еңбек етуде. 1967 жылы салынған «Бөген» су қоймасы су шаруашылығы нысандары стратегиялық объектілер тізбесіне жатқызылған. Аумағы – 65 км2, ұзындығы 13 км, ені 6 км, тереңдігі 15 м. Бөген су қоймасының су сыйымдылығы – 370 млн текше метр. Арыс, Бөген өзендерінің суымен толығады.
Қазіргі таңда Сарыағаш ауданында да каналдарды реттеу жұмыстары қарқын алған. Ауданға қарасты Тегісшіл ауылдық округінде ауылдық округ аумағындағы егістік жерлерді ағын сумен қамтамасыз ететін Досқара каналында механикалық тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, Құркелес ауылдық округі аумағындағы Құлтума каналының апатты жағдайда тұрған бастапқы 150 метр жерін бетондау жұмыстары атқарылуда. Каналды бетондау жұмыстарына биыл аудандық бюджеттен қаржы бөлінді. Жұмыстарды маусым айынан бастап мердігер «Алтынбек и Б» ЖШС жүргізіліп жатыр.
Аудан әкімі Арман Абдуллаев аталған каналдардың басында болып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысын тексерді. Жауапты тұлғаларға жұмыстар сапалы болу қажет екендігін ескертіп, суғару маусымында егістік жерлерге қажетті суды толық жеткізіп беруді міндеттеді. Нақты тапсырмалар берді.Айта кетейік, егістік жерлерге толық ағын су жеткізіп беру және төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында аудандық бюджет есебінен облыстық «Тұран-су» МКК арқылы 3 экскаватор сатып алынған болатын. Биыл осы техникалармен 252,8 шақырымды құрайтын 68 бірлік су нысанын механикалық тазалаудан өткізу жоспарланған. Осы жоспарға сәйкес, қазіргі таңда 71,5 шақырым немесе 28% cу арналары тазалаудан өткізілді.
Бүгінде Шардара ауданында 6 ауыл округте су арналары механикалық тазалаудан өтуде. Жалпы 1306 шақырым қашыртқыны тазалау көзделген, орындалғаны –1137 шақырым. Жұмыс атқарушы “Тұран-Су” МКК-нің басшысы Досхан Лесов жоба бойынша бекітілген қашыртқы 959 шақырымды құрайтынын, шаруалардың өтінішімен жобадан тыс 347 шақырымы қосымша тазаланған.
Атқарылған жұмыстың нәтижесінде ауданда 26 мың гектардан астам алқаптың мелиоративтік жағдайы мен ағын сумен қамтылуы жақсарады деп күтілуде. Қ.Тұрысбеков, Қоссейіт, Көксу, Ұзын-ата, Ақшенгелді, Достық ауыл округтерінде де тиісті жұмыстар атқарылған. Сонымен қатар, суармалы жер көлемін арттыруға бағытталған жобалар да баршылық. Ағын су тұтынуда шаруалардың талап-тілегі заң аясында сараланып, жүйеленуде. Әсіресе, су ақысының төлеміне қатысты ешқандай сұрақ туындамауы қажет. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, шаруашылықтардың өзекті мәселелері мен ықтимал тәуекелдеріне тұрақты түрде мониторинг жүргізілуде. Шаруалармен өткен басқосуда айтылған мәселелерді назарға алып, талдау жүргізу тапсырылған. Сонымен қатар Шардара ауданында 4 канал күрделі жөндеуден өтуде. Қазіргі таңда 53,5 шақырымның 31,2 шақырымында жұмыс аяқталды. Нәтижесінде, 3616 гектарға су жеткізу жақсарып, қосымша 600 гектар жер айналымға қосылады деп күтілуде.
Соынмен бірге, Отырар ауданында бүгінгі таңда «Қазсушар» РМК Түркістан филиалы тарапынан Д.Алтынбеков каналының 9 шақырым бөлігіне, «Көкмардан» 13,7 шақырым, «Кенжеалиев» каналының 1 шақырым бөлігіне механикалық тазалау жұмыстары жүргізіген. Сонымен қатар Көксарай ауыл округінен «Көларық» каналының 6 шақырым, «Сулы» каналының 3 шақырым, Балтакөл ауыл округінен «Сумағар» каналының 6 шақырым, «Бақтыбай» 2 шақырым «Қонай» каналының 3 шақырым, «Жайықбек» 2 шақырым, «Қонай» канылының 4 шақырым бөлігін механикалық тазалаудан өткізу жоспарлануда. «Қызылту» насос станциясына «Қазсушар» РМК тарапынын 2 дана, «Көксарай» су реттегіші мекемесі тарапынан 2 дана су жаңа СНП-500 су тартқыш моторы алынып, 4 моторды күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып отыр.
Жалпы айтқанда, агроөнеркәсіптік кешенінің алдына қойған міндеттерді орындау – ағын суды тиімді пайдалануға тікелей байланысты. Су тапшылығы бүкіл әлемде өсіп келе жатқан алаңдаушылық тудырады. Жаһандық жылыну процесі, жауын-шашын мөлшерінің азаюы, су ресурстарының дұрыс бөлінбеуі, ысырапшылдық сияқты факторлар алдағы уақытта мәселені еселеп арттыруы мүмкін. Осыған орайда, ауыл шаруашылығында су үнемдеу әдістері мен технологияларына кешенді көшу шаралары қабылдануда.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ағымдағы жылы «Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы» қабылданды. Тұжырымдамаға сәйкес елімізде ылғал үнемдеу технологияларын 1,4 млн. гектарға ендіру қарастырылған. Оның ішінде Түркістан облысы үлесі 16 % немесе 216,3 мың гектарды құрайтын болады. Қазіргі таңда, Түркістан облысында ылғал үнемдеу технологиялары 32,3 мың гектарға орналастырылған.Түркістан облысында су үнемдеу технологияларын шығаратын жергілікті кәсіпорындар ашылуда. «BNK Group LTD» ЖШС-нің 4,1 млрд. теңге құрайтын «Жылына 1000 дана жаңбырлатып суғару машиналарын шығару» зауыты іске қосылды. Алдағы уақытта «BNK Group LTD» ЖШС-гі құны 2 млрд. теңге 50 мың гектарға тамшылатып суғару, «Тұран су» ШЖҚ МКК-ны құны 480 млн. теңге құрайтын жылына 9 мың га тамшылатып суғару жүйесін шығару кәсіпорны алғашқы жарты жылдықта іске қосылады.
Түркістан облысында барлық каналдардың жалпы ұзындығы 12,3 мың шақырымды құрайды. Ұзындығы 59 шақырымды құрайтын «Түркістан магистральды каналын күрделі жөндеу» жобасының 1-ші кезеңі аяқталды. Нәтижесінде, жылына 60 млн. м3 ағын су үнемделіп отыр. Ендігі кезекте каналдың 2-ші кезеңінің жобасы дайын. Жобаны аясында 25 дана су өткізу құрылымдары автоматтандырылады, 24,9 шақырым каналды бетондау арқылы жылына 29 млн. м3 ағын су үнемделеді. Сонымен қатар бірінші кезекте жөндеуді қажет ететін су нысандарына жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленуде. Бүгінгі таңда жалпы құны 73,9 млрд. теңгені құрайтын 17 жоба дайын. Тиісті қаржы бөлінсе, 236 шақырым канал бетонмен қапталып, 49,8 мың гектар жердің сумен қамтамасыз етілуі жақсарады. Облыстық «Тұран су» коммуналдық кәсіпорнының жұмысы жүйеленіп, 46 дана арнайы техникалар сатып алынды. Мекеме өз қаражаты есебінен 680 шақырым каналға тазалау жұмыстарын жүргізді.
Биыл су үнемдеу технологиясын қосымша 22 мың гектарға ендіру жоспарланған болатын. Негізгі мақсат – шөлейтті аймақ болып есептелетін Түркістан өңірінде жаңа технологияның көмегімен өнім көлемін арттыру, шаруаларға тиімді жол ұсыну. Әрі мемлекеттің субцидиясы қарастырылған. Озық технологияны таңдаған шаруаларға қаржының тең жартысын мемлекет өтеп береді. Су арналарына жақын орналасқан жерлерде кооператив құрып, біріккен диқандарға да қолдау бар. Облыс әкімі су үнемдеу технологияларын ендіру жобаларына қажетті жеңілдетілген несие, субсидия көлемдерін есептеп облыстық, республикалық бюджетке ұсыныс енгізуді тапсырды. Сонымен қатар «Ауыл аманаты» бағдарламасын су үнемдеу технологияларына бағдарлауды пысықтауды жүктеді.
Ауыл шаруашылығы саласында қолданылып жатқан озық технологияның бірі – тамшылатып суару. Түркістан облысында көптеген шаруа қожалықтары осы әдіске көшкен. Арнайы құрылғылар арқылы жасалатын бұл жүйенің тиімділігі көп. Атап айтқанда, тыңайтқыш көлемі 5-6 есе азаяды және мол өнім алуға болады. Ең бастысы, су үнемделеді.Түркістан облысының шаруалары бірнеше жылдан бері егістікті жаңбырлатып және тамшылатып суару әдісіне көшіп жатыр. Техниканы тасымалдаушылар қондырғыны іске қосу, бассейн мен құдық қазу, тоқ беретін генераторды орнату секілді жұмыстарды толық мойнына алады. Алып техника бір жүргенде кемінде аумағы 500 метр жерді суарады.
Облыстың оңтүстік өңірлерінде монодақылға айналған мақта дақылын рентабельділігі жоғары дәндік жүгері, бұршақты дақыл және малазықтық дақылдармен алмастыру арқылы ауыспалы егісті ендіру жұмыстары кеңінен жүргізілуде. Бұл бағытта дәндік жүгеріні өткізу нарығымен қамтамасыз ету мақсатында, Шардара ауданының индустриалды аймағында 35 га аумаққа құны 32 млрд. теңгені құрайтын Түркия және Франция елдерінің технологиясымен «Жылына 150 мың тонна жүгері дәнін терең өңдеу зауыты» жобасы жүзеге асырылуда. Ағын су тапшылығын төмендету мақсатында су үнемдеу технологияларын енгізу, су нысандарын қалпына келтіру және жаңа су қоймаларын салу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда 32 мың гектарға су үнемдеу технологиялары ендірілді. Ағын су шығынын төмендету бағытында облыста су үнемдеу технологиялары 32,3 мың гектарға енгізілген (22 мың га. тамшылатып, 10,3 мың га. жаңбырлатып). Тұжырымдамаға сәйкес, 2030 жылға қарай су үнемдеу технологияларын ендіру көлемін 216,3 мың гектарға жеткізу қарастырылып отыр. Ауыл шаруашылығы саласында кеңінен етек жайғалы отырған машина станциясының тиімді тұстары көп. Ол техникалық қызмет көрсетуде қарапайымдылығымен ерекшеленеді. Әрі қауіпсіз. Энергия көзі ретінде дизель генераторы қолданылады. Ең бастысы – экономикалық жағынан тиімді. Жаңбырлатып суару әдісінің арқасында арықпен суарылған жерлерге қарағанда астық молырақ жиналады.
Мемлекет басшысы «Ішкі су қорымыз көктемгі және қардың суын жинап және оны егістікке тиімді пайдалану» үшін 20 жаңа бөген салу, кемінде 15 су қоймасына күрделі жөндеу жүргізу жөнінде тапсырма берген болатын. Бүгінгі таңда облыста жалпы сыйымдылығы 8,8 млрд. текше метрді құрайтын 42 су қоймасы бар. Жаңа су қоймаларын салу және қолданыстағы су қоймаларын қалпына келтіру жұмыстары атқарылуда. «Боралдай», «Бәйдібек ата» су қоймаларын салу жобалары әзірленді. Жобалар толық іске асқан жағдайда «Бөген» су қоймасына қосымша 113 млн.м3 ағын су жеткізіліп, Түркістан қаласы аумағында ағын су мәселесі шешімін табады. «Боралдай», «Бөген», «Қосқорған» су қоймаларының техникалық экономикалық негіздемесі және жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде.
Ауыл шаруашылығы саласында қолданылып жатқан озық технологияның бірі – тамшылатып суару. Түркістан облысында көптеген шаруа қожалықтары осы әдіске көшкен. Арнайы құрылғылар арқылы жасалатын бұл жүйенің тиімділігі көп. Атап айтқанда, тыңайтқыш көлемі 5-6 есе азаяды және мол өнім алуға болады. Ең бастысы, су үнемделеді.Түркістан облысының шаруалары бірнеше жылдан бері егістікті жаңбырлатып және тамшылатып суару әдісіне көшіп жатыр. Техниканы тасымалдаушылар қондырғыны іске қосу, бассейн мен құдық қазу, тоқ беретін генераторды орнату секілді жұмыстарды толық мойнына алады. Алып техника бір жүргенде кемінде аумағы 500 метр жерді суарады.
Ағын су тапшылығын төмендету мақсатында су үнемдеу технологияларын енгізу, су нысандарын қалпына келтіру және жаңа су қоймаларын салу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда 32 мың гектарға су үнемдеу технологиялары ендірілді.Ағын су шығынын төмендету бағытында облыста су үнемдеу технологиялары 32,3 мың гектарға енгізілген (22 мың га. тамшылатып, 10,3 мың га. жаңбырлатып). Тұжырымдамаға сәйкес, 2030 жылға қарай су үнемдеу технологияларын ендіру көлемін 216,3 мың гектарға жеткізу қарастырылып отыр.
«AQ-QARA.KZ»- ақпарат