Келісім аясында көкөніс базасы Түркістан облысындағы индустриалды аймақта орналасады. Онда көкөніс кептіретін, яғни пияз және сарымсақтан өнім түрлері мен биологиялық белсенді қоспалар және мал азығын шығаратын өндірістік кешеннің құрылысы жоспарланған. Жоба құны $30 млн құрайды. Дегидрленген көкөніс зауыты бар замауани кешен құрылысының бірінші кезеңінде 50 мың тонна дайын өнім өндіріледі.
Жаңа өндіріс орнының іске қосылуы өңір халқының әл ауқатын жақсарта түспек. Ең бастысы – жаңа жұмыс орындары ашылады. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жаңа жобаның сәтті жүзеге асуына тілектестік білдіріп, инвесторларға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін айтты. Wanlin Group 1991 жылы құрылған, компания қарттарға күтім жасау және азық-түлік өндірісі секілді екі негізгі бағытта жұмыс істейді. Компания Nestle, Unilever, Kerry және т. б. ірі серіктестермен жұмыс істейді.
Жалпы, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен инвестиция тарту бағытында қарқынды жұмыс жүруде. Осыған байланысты Түлкібас ауданының әкімі Нұржан Ізтілеуов тиісті бөлім басшыларымен бірге Қытай елінде іссапарда болды. Іссапар барысында Үрімші және Санжы қаласындағы индустриалды аймақтың басшылығымен кездесіп, келіссөздер жүргізіп, кәсіпкерлік нысандарды аралады. Ол жерде, тамақ өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өндеумен көш бастап тұрған кәсіпорындарының жұмысын бақылап, тәжірибе алмасты.
Нәтижесінде жоғарыдағы тамақ және ауыл шаруашылығы өнімдерін өндеумен айналысып жүрген ірі кәсіпкерлер Донг Уонг пен Зну Мингпен іскерлік байланыс орнату бойынша екі жақты келісімшарт түзіліп, алдағы уақытта ауданда құны 28 млрд. теңгені құрайтын 3 жобаны іске асыру бойынша келіссөздер жүргізілді. Бұл жобалар іске асқан жағдайда аймақта 410 адамға жаңа жұмыс орны ашылып, аудандық бюджетке 400 млн.теңгеден астам салық түседі деп жоспарланып отыр.
Айта кетейік, инвесторлар үшін Түркістан облысында бизнес климат жасалған. Облыс көлемінде 594 гектарды құрайтын 10 индустриалды аймақ және 580 гектардан тұратын арнайы экономикалық аймақтар бар. Бұл аймақтарда 49 кәсіпорын жұмыс істейді. Қосымша 39 жобаның құрылыс жұмыстары жүргізіліп, жүзеге асыру сатысында. Екіншіден, шағын өндірістік парк құрылысы жүзеге асырылуда. Өндірістік парк аумағында 42 өндірістік ғимараттар салынуда. Өндірістік парктің 1-кезеңі аяқталып, 14 ғимарат іске қосылды. Жалпы 30,7 млрд. теңгеге 10 жобаны іске қосу жоспарланып, 24,2 млрд. теңгеге 7 жоба іске қосылды.
Түркістан облысы әкімдігінің қаулысына сәйкес, «Turkistan» индустриалды аймақтарды басқарушы компаниясы» ЖШС құрылған. Жалпы облыста 544,52 гектарды құрайтын (426,4 га басқарушы компания теңгерімінде) 9 индустриалды аймақ орналасқан. Онда құны 75,9 млрд. теңгені құрап, 3684 адамды жұмыс орнымен қамтамасыз ететін 67 жоба орналасқан. 9 индустриалды аймақтың инфрақұрылымын жақсарту жұмысы қолға алынған. Алайда, индустриалды аймақтарға инфрақұрылымды толық жүргізу үшін қосымша қаражат қажет.
Түркістан қаласының индустриалды аймағының 40 га аумағында инфрақұрылым жүргізу үшін 904 млн. теңге қаржы бөлініп, инфрақұрылым жүйелерінің құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталған (автожол – 4,21 км, электрмен жабдықтау – 23,3 км, сумен жабдықтау – 11,9 км, кәріз – 4,03 км, газбен жабдықтау – 1,1 км, телефондандыру – 7,9 км, трансформаторлары 6 дана). Сондай-ақ 150 га аумақты инфрақұрылым жүйесімен қамтамасыз ету үшін 2,2 млрд. теңге қарастырылып (46 га жер), сәйкесінше тиісті инфрақұрылым жүргізілген. Кентау, Ордабасы, Мақтаарал, Созақ, Шардара, Бәйдібек, Түлкібас және Қазығұрт аудандарындағы индустриалды аймақтардың инфрақұрылым желілерінің құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталған. Бірнеше аудан, қалада енді салынады. Дегенмен кейбір аудан, қалада индустриалды аймақтар қараусыз қалған, жан-жағы қоршалмаған және бірқатарында жобалар жүзеге аспаған. Аталған мәселені шешу, кемшілікті жою тапсырмасы хаттамаға енгізіліп, қатаң бақылауға алынды.
Облыс басшысы инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда жүйелі жұмыс жасамаған әкімдерді сынға алып келеді. Көш соңында қалғандарға нақты тапсырмалар беріп, бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтуді жүктеуде.Аймақтағы бірқатар өндіріс алаңдары тоқтап тұр. Олардың арасында қажетті инфрақұрылым толық дайын емесі бар. Атап айтқанда, жолдар толық бітпеген, сумен, кәріз және газбен жабдықтау жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Қоршаулар ұрланған не қирап қалған. Қайта жөндеуді қажет етеді. Байланыс желілері толық жүргізілмеген.
2019 жылы құрылған Түркістан облысының «Turkistan» индустриялды аймағындаөткен жылдың қорытындысымен жалпы құны 34,1 млрд. теңгеге 2,5 мыңдай жұмыс орны ашылып, 44 инвестициялық жоба іске қосылған. Инвестжобалар металургия өнеркәсібінде, машина жасау саласында, тамақ өнеркәсібінде, жеңіл өнеркәсібінде, құрылыс индустриясында жобаға асуда. Сондай ақ биыл жалпы құны 5,8 млрд. теңгеге 375 жұмыс орнын құрумен 13 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Түркістан индустриалды аймағының аумағынан жалпы алаңы 5,6 ГА құрайтын өнеркәсіптік ғимараттар салу жоспарлануда. Сонымен қатар Түркістан қаласы әуежайының тас жолының бойында жалпы аумағы 30 га болатын, әр өнеркәсіптік саябақтың аумағы 2 376 ш.м. құрайтын 40 өнеркәсіптік ғимараттар құру жоспарлануда.
Түркістан Облыс орталығы мәртебесін алған сәттен бастап Түркістанда ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм саласы жоғары қарқынмен дамып келеді. Дайын өнімдерді ұқсата, тереңдете өңдеп, сапалы тауарларды заманауи құрал-жабдықтарды пайдаланып, тұтынушыға жеткізетін орындар облыстың барлық аудандарынан ашыла бастады. Бүгінде облыста жалпы көлемі 538 га құрайтын 9 индустриалды аймақ орналасқан. Олар Түркістан қаласында, Кентау, Созақ, Қазығұрт, Мақтаарал, Шардара, Бәйдібек және Түлкібас аудандарында орналасқан. «Turkistan» индустриялды аймағы 2019 жылы құрылған.
28 гектар жерді алып жатқан «Мақтаарал» индустриялық аймағы 2014 жылы ашылды. Онда 1330 млн. теңгені құрайтын 5 жоба жүзеге асуда. Мұнда 220 адамға арналған жұмыс көзі бар. «Мақтаарал» индустриялық аймағында Мақтаарал мен Жетісай аудандарының жобаларын орналастыру мәселесі де реттелген. Негізінен мұнда жоғары технологиялы мақта тазалайтын және жемісті мармелад өнімдерін шығару қолға алынған. Сондай-ақ, құрылыс материалдарын өндіретін 2 жоба аясында 66 адам жұмыс істеуде. Таяу болашақта мұнда мақта кластерін жасап, әлемнің түкпір түкпіріне мақта мата өнімдерін жөнелту қолға алынбақ.
35 гектар жерге орналасқан «Шардара» индустриялық аймағы 2015 жылы құрылған. Мұнда 1125 млн. теңгені құрайтын 3 жоба жүзеге асып отыр. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы өнімдерінің қалдығын өңдейтін, гафрокартон мен одан ыдыстар жасау және мақта өңдеу зауыттары жұмыс істеп тұр. Индустриалды аймақтың бір артықшылығы, мұнда электр энергиясы арзан, ауызсу және суармалы жер бар. Қызылқұм магистралі Шардара–Арыс–Шымкент, Шардара–Абай–Шымкент тас жолына және Шардара су қоймасына жақын орналасқан.
Созақ ауданы – өңірдегі жер көлемі ең ірі аймақ. Ауданның ең үлкен қазынасы – табиғи қазба байлығы. Сондықтан «Созақ» индустриялық аймағының салалық бағыты – пайдалы қазбаларды өңдеу, химия өнеркәсібі және фармацевтика өнеркәсібі, тау-кен өндірісі. Оның жалпы ауданы 50 гектарға тең. Мұнда 1144 млн. теңгені құрайтын 5 жоба жүзеге асып, 279 адам жұмысқа тартылмақ.Түлкібас ауданындағы 2015 жылы құрылған 55 гектар аймақтағы индустриялық аймақ бүгінгі таңда қаңырап бос тұр. Мұнда 4 жылдан бері әлі күнге дейін бірде-бір өндіріс орны құрылмаған.
«Қазығұрт» индустриялық аймағы 40 гектар жерді алып жатыр. Мұнда 186 жұмыс орны бар 6 жоба іске асырылуда. Олардың қатарында жылдам дайындалатын тағам өндірісі, сусындар мен құрылыс материалдары да бар. 57 гектарды құрайтын «Бәйдібек» индустриялық аймағына инвесторлар тарту шаралары қолға алынуда.
Кентау – дамыған адами капиталы мен инфрақұрылымдық алаңы бар өнеркәсіптік моноқала. Индустриялық аймақты дамыту кезінде негізінен өнеркәсіпке, жаңа технологияларға, сондай- ақ, жұмыс істеп тұрған өндірістер желісін кеңейтуге басымдық берілді. Аталған аймақ 2016 жылы ашылған. Жалпы аумағы – 25 гектар жер. 261 адамды жұмыспен қамтитын 10 жоба жүзеге аспақ. Аймақтың салалық бағыты – машина жасау, өнеркәсіптік мақсаттағы өнім және электр энергиясын өндіруге арналған жабдықтар шығару.
«Бадам» индустриялық аймағының жалпы аумағы 115 гектарды құрайды. Мұнда 8 жоба аясында 1189 адам жұмыспен қамтылмақ. Индустриалды аймақтың Шымкент қаласына жақын орналасуы оған белгілі бір дәрежеде артықшылықтар береді. Сонымен қатар, «Бадам» инновациялық технологияларға серпіліс жасап жатқан бірден-бір индустриялық аймақ. Қазір онда әртүрлі құрылыс материалдарын өндіретін зауыттардан бөлек, трактор шығаратын кәсіпорын және 1600 тонналық мұздатқыш қоймасымен бірге бау-бақша алқабы бар.
Төлебидегі су электр станциясы мен Саурандағы сүт фермасының құрылысы да қарқынды. Сүт фермасына Шығыс Еуропадан сүтті сиырлар әкелінеді. Жоба құны – 3,2 млрд. теңге. 40 адам жұмыспен қамтылады. Аталған инвестициялық жобалардың біразы биыл жүзеге асады. Ол жұмыстар бақылауға алынып, кәсіпкерлерге қолдау көрсету бойынша тапсырмалар берілді. Бәйдібек ауданындағы травертинді әрлеу тастарын өңдеу жобаларын жүзеге асырушы инвесторлар да мәселелері мен өтініштерін айтты. Ол назарға алынып, жер мен электр мәселесі шешілетін болды. Сауран ауданындағы тоңазытқыш жабдықтарын шығаратын зауыт салу бойынша украиналық «UBC BG» ЖШС өкілі айтып берді. Сонымен бірге өзге де инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жолдары талқыланды.
Түркістан облысы мен инвестор бірігіп, Мақтаарал ауданында 2 мыңнан астам адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтитын 5 ірі кәсіпорынды іске қосуды жоспарлап отыр. Ол үшін 2023-2027 жылдарға арналған "Global textile. Turkistan" жобасы дайындалған. Құны 21 миллиард теңге құрайтын жоба аясында логистика хабы, мақтаны бастапқы өңдеу зауыты, трикотаж мақта фабрикасы, мата бояу фабрикасы және тігін фабрикалары іске қосылады деген мақсат бар. Айта кетейік, аталған компания Мақтаарал ауданында өздерінің алғашқы мақта қабылдау пунктін де ашқан болатын.
Өздеріңізге белгілі, Түркістан облысы республикадағы мақта өсіретін жалғыз өңір. Мақта шаруашылығында 25 мың агроқұрылымда 70 мыңға жуық адам еңбек етеді. Облыста жыл сайын 120 мың гектар мақта егіліп, 300 мың тоннаға жуық шитті мақта жиналады. Елде тоқыма және тігін өнеркәсібі дұрыс дамымағандықтан, шикі мақтаны сату бағасы Ливерпуль мақта биржасындағы мақта талшығының индексіне тікелей тәуелді. Сондықтан облыс басшылығы тоқыма, тігін өнеркәсібін дамыту, мақта кластерін қалыптастыру мақсатында арнайы жоспар әзірлеген. Өзбекстандық инвесторлармен бірлесе отырып, 2023-2025 жылдары Мақтаарал ауданында 21 млрд. теңгеге мақта-тоқыма кешені және логистикалық хабты құру инвестициялық жобасын жүзеге асыру көзделген. Жобаның қуаттылығы – 160 мың тонна, 3000 жаңа жұмыс орны құрылады. Ең алдымен мақта тұқымының сапасын жақсарту мәселесіне мән берілмек.
Осы жұмыстар нәтижесінде облыста өндірілетін шитті мақтаның 70% терең қайта өңдеуден өткізіліп, баға нарығына тәуелділік жойылады. Бұдан бөлек, Түркия мемлекетімен элиталық мақта тұқымын елімізге импортауға келісімшарттар түзілді. 2027 жылға дейін ішкі нарық толығымен сапалы элиталық тұқымдармен қамтамасыз етіледі.Биыл көршілес Өзбекстан, Түркия елдерінен элиталы тұқымдық шит жеткізілген болатын.
Түркістан облысында мақта-тоқыма кластерін құру жобасы әзірленген. Ос іске асқанда 75 кәсіпорын салынбақ. Жобаны толық іске асыру кезінде 41,9 мың жаңа жұмыс орны құрылады, жыл сайын бюджетке түсетін түсімдер сомасы 26,2 млрд. теңгені құрайды. Жобаны толық іске асыру үшін инвестиция қажет. Осыған байланысты мақта-тоқыма кластерін құру бойынша салалық бағдарлама қабылдау жөнінде ҚР Үкіметіне ұсыныс енгізілген. Оған қоса, мақта алқаптарын қысқарту, егістікті әртараптандыру бойынша да жұмыстар басталған. Жүгері, маш өнімін егуге ұсыныс берілген. Бүгінде диқандар бұл бағытта да жұмыс жүргізуде. Сарапшылардың айтуынша, аталған дақылдардан түсетін табыс мол әрі сұраныс та жоғары.
Осы тұста айта кетерлігі, 2022 жылдың басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мақта саласы мәселелері бойынша өзгерістер енгізу және «Мақта саласын дамыту туралы» Қазақстан Республикасы заңының күші жойылды деп тану туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойған еді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бүгінде Түркістан облысында мақта кластерін құру жобасы әзірленді.
Мақта дақылын өсіретін еліміздегі бірден-бір өңір – Түркістан облысының шаруалары соңғы жылдары баға мәселесін жиі көтеріп жүргені де жасырын емес. Мақташылар көтеріп жүргенбұл мәселе жергілікті билікке мәлім және облыс әкімі тарапынан тиісті шаралар атқарылып жатыр. Дегенмен бұл облыс әкімдігі деңгейінде шешілетін мәселе емес екенін де ұмытпаған абзал. Сондықтан да осы салада еңбек ететін 25 мыңға жуық агроқұрылым, миллионнан астам тұрғын ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеге назар аударып, мақташылардың мұң-зары, нақты ұсыныс-пікірлері ескеріле отырып, мемлекет тарапынан қолдау болатынынан үмітті. Елордаға қарап елеңдеген диқандар Президент пәрменімен оң өзгеріс болатынына сенеді.
Облыстың өзіндік табысын арттыру үшін жаңа жұмыс орындарын ашу керектігі бұрыннан айтылып жүр. Бұл ретте мақта кластерін дамытудың маңызы зор. Облыс билігі осы салада ірі фабрика, зауыт ашамын дейтін азаматтарға қолдау көрсетуге дайын. Екіншіден, мақта өсіруде су үнемдеу технологиясын мейлінше жетілдіру қажет. Жалпы мақта шаруашылығы үлкен ізденістер мен зерттеулерді талап етеді. Облыс әкімдігі тарапынан мақта кластерін дамытуға жағдай жасалуда. Осы бағытта өңір басшылығының жоспарлары да бар.
Бүгінде Түркістан облысы кәсіпкерлікке қолдау көрсету және бизнесті жүргізуге қолайлы жағдай жасау жөнінен еліміз бойынша жетекші орында тұр. Өңірде өндірісті дамытуға мүмкіндік мол. Арнайы экономикалық және индустриалды аймақтар бар. Оның ішінде мақта шаруашылығын, мақта кластерін дамытуға облыстың әлеуеті толық жетеді. 2023 жылы облыста 125 мыңнан астам алқапқа мақта егіліп, орташа өнімділігі 28,6 центнерді құрағаны белгілі. 350 мың тоннадан астам өнім жиналды. Бүгінгі таңда Түркістан облысының шаруалары 100 мың тонна мақта талшығын өндіре алады. Оның көп бөлігі экспортталады. Тек 15%-ы ғана терең өңделеді. Терең өңдеу бойынша көрсеткішті ұлғайту – өңір басшыларының бүгінгі таңдағы басты міндеттерінің білі. Бірлескен жобаларды іске асыруда, сондай-ақ жеңіл өнеркәсіп саласында өзара тиімді тәжірибе алмасуда Түркістан облысының болашағы зор деп айтуға әбден негіз бар.
Былтыр жыл басынан бері облыс басшылығы 10 елдің 80-ге жуық өкілімен кездесті. Атап айтқанда, Түркия, Қытай, Өзбекстан, Ресей, Германия, Италия, Жапония, Корея, Чехия, Грузия өкілдерімен келіссөздер жүрген. Оның ішінде инвестиция тарту бағытында сыртқы байланыстарды орнату мақсатында 30 шетелдік инвестормен және 10 ресми делегациялармен кездесулер өткен. Қытай Халық Республикасына іссапар аясында екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту және қытайлық инвесторларды облысқа тарту мақсатында 11 компаниямен 2,6 трлн. теңгені құрайтын келісімдерге қол қойлыған. Облыстың кәсіпкерлері Қытайдан инвестиция тартып, жобаларды жүзеге асыру жұмыстарын бастап кеткен.
Өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін дамытуға мүмкіндік беретін бірнеше маңызды жобаларды іске асыру жоспарланып отыр. Өңдеу өнеркәсібінде жалпы құны 30,2 млрд теңге болатын 20 жоба іске асырылып, 594 жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Бүгінде 384 жаңа жұмыс орнымен жалпы құны 11 млрд теңге 10 жоба іске қосылды. Бұл бағытта жұмыстар жалғасады. Өңірде ірі жобаларды іске асыру есебінен өзіндік кірістерді алдағы 5 жылда қосымша 100 млрд теңгеге көбейту көзделіп отыр. Сондай-ақ өңдеу өнеркәсібінде 20 жобаны жүзеге асыру жоспарланса, бүгінгі таңда 10 жоба іске қосылды (11 млрд теңге, 384 жұмыс орны).
Облыс экономикасына тартылған инвестиция көлемі 1,4 есе артып, 751 млрд теңгеден асты. Тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 225,3 млн АҚШ долларына жетті. Жалпы құны 3,3 трлн теңге болатын 194 инвестициялық жобалардың пулы қалыптасты. Олар 2023-2026 жылдар аралығында іске қосылып, 16 467 жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр. Биыл 51 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып, жыл басынан 39 жоба іске қосылды. 1230 жұмыс орны ашылған. Жиһаз өнеркәсібіне инвестиция тарту бойынша айтар болсақ, өткен жылы осы өңірдің жиһаз өнеркәсібіне 13,2 млрд теңге инвестиция салынып, республикалық деңгейдің 76,8 пайызын құрады.
2023 жылы Түркістан облысының экономикасына 972 млрд. теңге тартылып, алдыңғы жылмен салыстырғанда 126,1%-ға артты. Оның ішінде жеке инвестициялар 705,1 млрд. теңге болса, бюджеттік инвестициялар – 266,9 млрд. теңге. Өсім динамикасы бойынша облыс республикада 3-орында тұр. Үкіметпен бекітілген жоспар (908,2 млрд. теңге) 107%-ға орындалды.Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды өңірді дамытуда инвестиция тарту, ауыл шаруашылығын дамыту, өндірісті дамыту және туризм саласына басымдық беріп отыр. Оның ішінде инвестиция тартуға айрықша көңіл бөлінген. Өңірлік инвестициялық штаб тұрақты түрде жұмыс істеп тұр. Штаб отырысында инвесторлармен тікелей байланыс орнатылып, нақты келісімдер жасалады.
«AQ-QARA.KZ»- ақпарат