Сейсенбі, 24 Желтоқсан 2024 14:46

Түркістан облысында мал қалдықтарын терең өңдейтін бірегей жоба жүзеге асырылмақ

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды өңірде тағы бір өндірістің құрылысын бастау бойынша келіссөздер жүргізді. Инвестормен кездесіп, жаңа жоба барысын жан-жақты талқылады. Сиырдың сүйегінен сан түрлі өнім шығаратын өндірістік кешенді Түркістан облысындағы индустриалды аймақта салу жоспарлануда.

Бірегей жоба пайдаланылмаған ірі қара малдың сүйектерін озық биотехнологиялардың көмегімен экономикалық құндылығы жоғары өнімдерге қайта өңдеуге бағытталған. Жоба мал қалдықтарын тиімді пайдалануға мүмкіндік беріп қана қоймай, аймақ үшін экономикалық өсудің жаңа көзін қамтамасыз етпек. Жаңа өндіріс орнының іске қосылуы өңір халқының әл ауқатын жақсарта түспек. Ең бастысы – жаңа жұмыс орындары ашылады.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде іске асырылып жатқан барлық инвестициялық жобалардың бірыңғай пулы қалыптастырылған. Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасындағы достық, Ұлы Жібек жолы құрылғаннан бері дамып келе жатқан екі ел арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастың өркендеуіне ықпал етеді.

Келіссөз барысында Дархан Сатыбалды аймақтың экономикалық даму перспективаларын таныстырып, облыстың бүгінгі инвестициялық мүмкіндіктеріне кеңінен тоқталды. Сондай-ақ облыс басшысы өңірдегі қолайлы бизнес-климатты ерекше атап өтті. Аймақта инвесторлардың жұмысын жеңілдету үшін барлық қажетті жағдай жасалғанын жеткізді. – Мемлекет басшысының екі ел арасындағы серіктестікті жаңа деңгейге көтеріп, Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» мегажобасын толығымен қолдайтыны белгілі. Тарихы терең, болашағы зор Түркістан өңірінде кәсіп ашу – ұтымды шешім. Бүгінгі мақсатымыз – тұрғындардың әл-ауқатын арттыру, өңір экономикасын жаңа деңгейге көтеру. Ауыл шаруашылығы саласы Түркістан облысы экономикасының негізгі драйвері болып саналады. Осы саланы дамытуда бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз, - деді Дархан Амангелдіұлы.

Түркістан облысы ҚХР-дың өңірлерімен екіжақты өңіраралық қарым қатынасты нығайтуға қарқынды жұмыс жасап жатқаны белгілі. Облыс орталығында өткен Халықаралық форумда 300 млрд теңгенің келісіміне қол қойылды. Нәтижесінде, өңірде дрон және видеокамера, медициналық жиhаз, тұрмыстық химиялық өнімдер, құрылыс материалдарын, тамақ өнімдерін шығару және басқа да тауарлар өндіретін кәсіпорындарды ашу жұмыстары жүзеге асуда.

Түркістан облысында өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту жұмыстарына басымдық беріліп, осы бағытта жұмыстар жүріп жатыр. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды тұрақты түрде Өңірлік инвестициялық штаб отырыстарына төрағалық етіп, осы саладағы мәселелерді бақылауда ұстап отыр. Сонымен бірге шет мемлекеттердің инвесторларымен тұрақты түрде келіссөз жүруде. Нәтижесінде инвестиция тарту бойынша Түркістан облысы республикада үздіктер қатарынан табылып жүр. Өңір капиталына салынған инвестициялардың басым үлесі Түркістан қаласы (35,2%) және Созақ (15,4%), Сайрам (6%), Сарыағаш (5,5%) аудандарына тиесілі. Пайдалану бағыты бойынша негізгі 29% үлесі өнеркәсіп арқылы үйлестірілген.

Түркістан облысында өндіріс орындарын ашу, инвестиция тартуға басымдық берілген. Облыс әкімінің тапсырмасымен аудан, қала әкімдері шетелдің кәсіпорындарын аралап, іскерлік байланыс орнатты. Облыста бюджет қаржысына инфрақұрылым, нысандар салу жұмысы әрі қарай да жалғасын таба бермек. Облыс басшылығы тұрғындарға жұмыс тауып беру мәселесін басты назарда ұстап отыр. Аудан-қала әкімдеріне инвестиция тарту жұмысын күшейтуді тапсыруда. «Шетелге іссапарға барып келген басшылар нақты нәтижеге қол жеткізетін болсын. Жүргізілген келіссөздерді жүзеге асырып, инвестициялық жобаларды көбейтіңіздер», – дейді облыс әкімі Дархан Сатыбалды. Оның айтуынша, осы бағытта семіді ақтамаған әкімдер мен орынбасарларына тиісті шара көрілетін болады.

Биыл Түркістанда «TURKISTAN INVESTMENT & TOURISM FORUM» халықаралық форумы ұйымдастырылды. Форумға жалпы 1729 адам, 127 компания қатысты. Форум аясында жалпы соммасы 301,4 млрд. теңге көлемінде 35 меморандумға қол қойылды.Түркістан облысының делегациясы Корея Республикасының бірнеше аймағын аралады. Ресми тұлғалармен келіссөздер жүргізді. «Орталық Азия – Корея Республикасы» өңіраралық ынтымақтастықтың форумына қатысты. Корея Халықаралық Сауда Қауымдастығы (KITA) ұйымдастырған бизнес-семинарға қатысты. Іссапар Қытайдың бірнеше ірі қаласы мен аймағында жалғасып, түркістандықтар қытайлық инвесторлармен келіссөздер жүргізді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады.Айта кетейік, биылғы 11 айда облыс экономикасына 1 064,7 млрд. теңге инвестиция тартылды. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 25,5%-ға жоғары. Жыл басынан тікелей шетелдік инвестиция көлемі 685 млн. АҚШ долларын құрап, жылдық жоспар 1,5 есеге артығымен орындалды. Биыл 134,1 млрд. теңгеге 56 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланса, 11 айда 41 жоба іске қосылып, 1 659 жұмыс орны ашылған.

Облысқа инвестиция тарту және тәжірибе алмасу мақсатында Қытай, Ресей, Аустралия, Өзбекстан, Қатар және Оңтүстік Корея елдеріне түркістандық кәсіпкерлердің сапарын ұйымдастырып, алпауыт компаниялармен маңызды келіссөздер жүргізілді. Нәтижесінде шетел капиталының қатысуымен жалпы құны 910 млн. АҚШ долларын құрайтын 6 инвестициялық жоба басталды. Бұдан бөлек, қазан айында Түркістан қаласына 127 шетелдік компанияны шақырып, 301 млрд. теңге көлемінде 35 меморандумға қол қойылды. Осы келісім арқылы дрон, бейнекамера, медициналық жиhаз, тұрмыстық техника өндіретін кәсіпорындарды ашу жұмыстары басталды. Аймақта «Өнеркәсіптік жылы-жай кешені», «Алюминий бұйымдарын шығаратын зауыт», «Өнеркәсіптік тоңазытқыштар шығаратын зауыт»,  «Каустикалық сода, пвх, кальций карбиді, әк цемент шығаратын зауыт» жобалары жүзеге асуда. Сонымен бірге фосфорит кендерін өңдеу және мұнай өңдеу зауыттары салынуда.

Алдағы уақытта түркістандық зауыттар өз елімізді және экспортты түрлі өніммен қамтамасыз ететін болады. Одан бөлек, алдағы уақытта индустриалды аймақтарда тұрмыстық техника, өсімдік майы, газ қондырғылары, лифт құрастыру, әскери палатка, санфаянс, сэндвич панелі және сусындар өндіретін зауыттар ашылады. Облыста энертегика, агроөнеркәсіптік кешен, өндіріс және қайта өңдеу, туризм салаларында маңызды 145 инвестициялық жобалар пулы дайындалды. Аталған жобаларды жүзеге асыру арқылы 20 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, кірістер қосымша 100 млрд. теңгеге ұлғаяды. Бүгінгі күні, жалпы құны 86 млрд. теңге болатын 31 инвестцииялық жоба іске қосылып, 1300-ден астам жұмыс орны

Ең үлкен облыс Түркістанның әлеуметтік-экономикалық ахуалы бүтін республикаға әсер етер күшке ие. Өйткені Оңтүстік облыс географиялық тұрғыда қолайлы орналасқан, ондағы халық тығыздығының деңгейі жоғарғы және кейінгі жылдары қолға алынған іргелі бастамалар біршама. Өңірдегі аса өзекті мәселелердің көшін инфрақұрылым мен әлеуметтік ахуал бас­тайды. Бәріне бірдей бюджет қаржысын жеткізу оңай емес, бірақ облыс басшылығы әркез ұтымды шешімдер қабылдауға тырысып келеді.

Облыстың өзіндік кірісін арттыратын басқа да жобалар туралы айта кетсек.Мәселен, «Ocean Energy Company» ЖШС-ның Қазығұрт ауданында Каскад ГЭС құрылысы, «Эко-Культура» АӨХ-нің Келес ауда­нындағы жылыжай кешенін салуы, «Standard Petroleum&Cо» ЖШС-ның Ордабасы ауданында мұнай өнімдерін өңдеу за­­­­у­ы­­ты, «ARM WIND» ЖШС-ның Оты­рар ауданында күн электр стансасының зауыты, «Састөбе химиялық кешені» ЖШС-ның Түлкібас ауданындағы каус­тикалық сода, ПВХ, кальций карбиді, әк цемент өндіру зауыты бар. Сонымен қатар бұл аудан­да газ электр стансасының, Сауранда күн электр стансасы­ның, Со­зақта фосфорит кендерін өңдеу зауы­ты­ның құрылысы жоспарға кірген. Об­лыс бас­шылығы Сайрамда бу-газ қон­дыр­ғысын салуды да ойластырып отыр. Жобаларды іске асыру есебінен өзіндік кірістерді алдағы 5 жылда қо­сымша 100 млрд теңгеге көбейту болжанады. Сондай-ақ өңдеу өнеркәсібінде 20 жобаны жүзеге асыру жоспарланса, бүгінде 10 жоба іске қосылған.

Жалпы, елдің экономикалық драй­вері болуға қабілетті әрі лайық ауыл шаруа­шылығы саласы бұл облыста да қарқынды даму жолына түсіп келе жатыр. Өңірде өндірілген ауыл шаруа­шылық өнімдері құнының 1 трлн теңгеден асуы сөзімізге дәлел және бұл көрсеткіш арқылы облыс республикада ең алдыңғы позицияда. Былтыр жыл басынан бері салаға 88,5 млрд теңге инвестиция тартылды. Егістікті әртараптандыру нәтижесінде көкөніс, бақша өнім­дерінен рекордтық 3,3 млн тонна жиналды. Нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз ету мақсатында биыл 25 жобаны іске асыру көзделсе, жыл басынан бері нақты 22-сі іске қосылды. Салада жаңа технологиялар кеңінен қолданылуда. Қарқынды бау көлемі 5 405 гек­тарға жеткізілді. Нәтижесінде, өнімділік 5 есе артып, 350 центнерге дейін өнім жиналуда. Су үнемдеу технологиясы 31 788 гектарға, «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы 9 403 гектарға енгізіліп, суды 2 есе үнемдеуге мүмкіндік берді.

Жылыжайларға келер болсақ, оның жалпы көлемі бүгінде 1 640 гектарға жетіп, 140 мың тонна өнім жиналыпты. Бұған қоса 100 гектардан агроаймақ құрып, 2027 жылға дейін 500 гектарға жаңа жылыжай салу жоспарда бар екен. Қазір жылыжайларды бір орталықтан қатты отынмен қамтамасыз ету үшін арнайы кооператив құрылып, көмір өндірушілерден тікелей тасымалдау келісілген. Бұл ретте жылыжайларды жылыту шы­ғындарының 20 пайызы субсидияланатынын да айта кетейік. Биыл осы мақсатта 500 млн теңге бөлінген.

Мал ш­а­руашылығының дамуы бойынша да Түркістан облысы ел бойынша алдыңғы қатарда екенін айта кеткен жөн. Мал басы және өнімділігі орташа есеппен 5 пайызға өсіп жатса, ет экспорты рес­публикада көш бастап тұр. Экспортқа шығарылатын ірі қара мал етінің – 85 пайызы, ұсақ мал етінің 60 пайызы – осы облыстың еншісінде.

Сонымен бірге аймақ экономикасына мол ақша әкелуге әлеуеті бар мақта өндірісі саласын өркендету үшін мақта-тоқыма кластерін құру жобасы өз алдына бөлек әңгіме. Облыс билігі әлемдік ірі тоқыма компаниялармен өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы бірқатар жо­баны жүзеге асырып, мақ­та бағасына экспорттық тәуел­ділікті төмендетуді көздеп отыр. Мақта дақылын рен­та­­бельділігі жоғары дәндік жүге­рі да­қыл­дармен алмастыру мақсатында «Жы­­­лына 150 мың тонна жүгері дәнін терең өңдеу зауыты» жобасы жүзеге асы­рылуда. Ал су шаруашылығын дамыту үшін «Тұран су» мемле­кеттік кәсіпорынның жұмысын жүйелендіру есебінен каналдарды қалпына келтіру және төтенше жағдайлардың алдын алу жұмыстарын мерзімінде атқа­руға қол жеткізілген. Нәтижесінде, бюд­жет қаржысы 28 пайызға үнемделіп, экономикалық тиім­ділігі 1,5-2 есе жоғары болды. Сондай-ақ екі ірі су нысаны толық пайдалануға берілді. Сыйымдылығы 18 млн текше метрді құрайтын «Кеңсай-Қос­қорған-2» су қоймасы салынып, нәтижесінде, жылына қосымша 34 млн текше метр ағын суды жеткізуге мүмкіндік ашылды. Түр­кістан магистралды каналының 59 ша­қырымын бетондау арқылы жылына 60 млн текше метр ағын су үнемдеуге қол жеткізілді. Бұдан бөлек, Түр­кістан қаласы өңірлерінде ағын су тапшылығын түбегейлі ше­шу үшін, «Боралдай», «Бәй­дібек ата» су қоймасын салу жо­балары әзірленіп, тиісті жұмыстар жүргі­зілуде.

Кәсіпкерліктің дамуы да – бас­ты назарда. Бүгінде кәсіпкерлік субъектілерінің саны 28 мыңға артып, жалпы 213 мың бірлікті құрап тұр. Өткен жылы 1 трлн теңгеден астам өнім шығарылды. Кәсіпкерлер 21,3 млрд теңгеге жеңіл­детілген несие­мен қамта­ма­сыз етілді. биылғы жылы не­сие­лен­діру көлемі 40 млрд тең­ге­ден асты. Шағын және орта бизнесті қажетті инфрақұрылыммен қам­тамасыз ету үшін Сауран ауданында 30 гектар аумақта шағын өнеркәсіптік аймақ жобасы іске асырылып жатыр. Жобаға сәйкес алдағы 3 жылда 42 өндірістік ғимарат салынады. Қазір 11 өн­дірістік ғимараттың құрылысы жүргізіліп, кәсіпкерлерге жеңіл­детілген талаптармен ұсынылды. Өз ісін бастауға ниет білдірген азаматтарға «Түркістан» кәсіп­керлерге қызмет көрсету орталы­ғы» арқылы 20 мыңнан аса қызмет түрлері тегін көрсетілді.

Аймақтағы туризм ахуалы да тәуір. Облыс басшылығы осы саланы дамыту үшін негізгі үш бағытты айқындады. Біріншісі – экологиялық туризм бағыты. Табиғи аумақтарға келушілер саны 2 есе артқан (2022 жылғы 74,9 мың адамнан 2023 жылы 123,1 мың адамға).Жалпы, табиғи аумақтарда 99 демалыс орны, 62 қонақ үй, 12 шипажай орналасқан. 30 турис­тік маршрут құрылды. Емдік-сауық­тыру туризм бағытымен облыста 72 емдеу-сауықтыру орны жұмыс істейді (8 мың тө­сектік орын). 142 мың адамға қыз­мет көрсетілді. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 21 пайыз­­ға көп. Тарихи-танымдық туризм бағытымен жыл басынан өңі­рімізге біркүндік келуші саны 868 мың адамды құрады. Турис­тік нысандарды қажетті инфра­құрылыммен қамтамасыз ету мақсатында жалпы құны 34,4 млрд теңгені құрайтын 10 жоба жасалып жатыр.

Инфрақұрылыммен қамту да қаға­беріс қалмайды. Қазір об­лыстағы орта­лық­тандырылған ауыз сумен қамтылған елді ме­кен­дердің жалпы саны 719-ға же­тіп, қамту деңгейі 86,4 пайызды құрап отыр. Былтыр қосымша 20 елді мекенге жаңа­дан ауыз су құбыры салынды, 11 елді мекеннің то­зығы жеткен су жүйелері жаңар­­тылды. Нәтижесінде, қамту дең­гейі 88,6 пайызға жетті. Қал­ған елді мекендерді алдағы 3 жылда толық қамту жоспарланып отыр. Сонымен бірге, 465 елді мекенге газ жүргізіліп, қамту деңгейі 56 пайызға жетті. Былтыр 63 нысанның құрылысы аяқталып, қосымша 52 елді мекен табиғи газға қосылуға мүмкіндік алды. Түр­кістан облысының құрылғанына 6 жылдан асқаны белгілі. Осы кезеңде өңірдің әлеуметтік-экономикалық да­муы­ның жаңа кезеңі қалыптасқанын айта кеткен жөн. Ендігі ке­зең дамудың тың мүмкіндіктерін анықтайды.

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

Оқылды 31 рет