Сәрсенбі, 25 Желтоқсан 2024 15:14

Түркістан облысының жалпы өңірлік өнім көлемі 4,3 трлн теңгені құраған

2024 жылдың қаңтар-қараша айларының қорытындысымен Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі салаларында оң динамика сақталды. Алдын ала есеп бойынша жалпы өңірлік өнімнің көлемі 4,3 трлн теңгені, ал қысқа мерзімді экономикалық өсім 109,8%-ды құрады. Экономикалық көрсеткіштерге қол жеткізу мәселесі облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде талқыланды.

Өңір басшысы Дархан Сатыбалды басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне өзіндік кірістерді ұлғайту, өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту бағытындағы жұмыстарды ширату жөнінде тапсырма берді. Түркістан облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Қайыпбектің айтуынша, Мемлекет басшысының экономикалық өсімді 6%-ға жеткізу тапсырмасына сәйкес, негізгі макроэкономикалық көрсеткіштері бойынша (өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, сауда, құрылыс, көлік және байланыс) жоспарға қол жеткізу мақсатында жұмыс жүруде. Өнеркәсіп өнім көлемі 1 078,6 млрд теңгені құрап, өсім 109% деңгейінде қалыптасты. Өсім негізінен оң үрдісі тау-кен – 105,8%, машина жасау – 110,8%, тамақ өнімдері – 103%, жиһаз өндірісі – 164,5% салалары есебінен орындалды.

Ауыл шаруашылығы өнім көлемі 1 006,1 млрд. теңгені құрап, өсім 104,5% деңгейінде қалыптасты. Бұл көрсеткіш бойынша Түркістан облысы республикада көшбасшы. Негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 1064,7 млрд. теңгеге жетіп, өсім 125,5%-ды құрады. Құрылыс жұмыстары көлемі 379,2 млрд. теңгені құрап, 31%-ға артты. Пайдалануға тапсырылған тұрғын үйлер алаңы 21,3%-ға өсіп, 1035,0 мың шаршы метрді құрады. Облыс әкімінің тапсырмасымен аудан, қалалардың экономикалық даму өсімін қамтамасыз ету бойынша 2024-2030 жылдарға арналған жол картасы бекітілді. Оған тұрақты түрде мониторинг жүргізіліп, 2025 жылдан бастап аудан, қалалар әкімдіктері бойынша рейтинг әзірленеді.

Жалпы өткен жылдардағы көрсеткіштерге назар аударсақ, Түркістан облысы құрылғалы өткен бес жылда облыс экономикасына тартылған инвестиция 3 есеге артып, 2023 жылы 972 млрд теңгені құрады. Негізгі капиталға бағытталған қаржының басым бөлігі жеке инвестицияға тиесілі. 2023 жылға жоспарланған 56 инвестжоба толық іске қосылды. Экономикаға тың серпін беретін 145 жоба пулы қалыптасты. Оның ішінде өндіріс пен ауыл шаруашылығында терең өңдеуді дамытуға басымдық берілді. Бұл жобалар 17 мың жаңа жұмыс орнын ашып, өзіндік кірісті қосымша 100 млрд. теңгеге ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Инвесторларға қолайлы жағдай жасауға баса мән берілген. Ең алдымен, өңірде 594 гектарды құрайтын 10 индустриалды аймақ және 580 гектардан тұратын арнайы экономикалық аймақтар бар. Онда 49 кәсіпорын жұмыс істейді. Қосымша 39 жобаның құрылысы жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, өндірістік парк аумағында 42 ғимарат салынып жатыр. Жобаның бірінші кезеңінде 14 ғимарат құрылысы аяқталды. Жалпы құны 30,7 млрд теңге болатын 10 жоба жоспарланса, соның жетеуі (24,2 млрд теңге) іске қосылды. Олардың қатарында тоңазытқыш өндіретін «UBC group», әскери шатыр мен жиһаз өндіретін «Aqniet holding», жаңбырлатып және тамшылатып суғару жүйесін шығаратын «BNK group» компаниялары бар. Өндірістік парктің биыл аяқталатын екінші және үшінші кезеңінде 70 млрд теңгеден астам инвестиция қаржысына өндіріс орындарын ашу жоспарланған. Облыс әкімінің тапсырмасымен осындай парктерді аудандарда да салынады.

Мемлекет басшысының қомақты қаржы салуға дайын ірі компанияларға «бір терезе» қағидатымен жан-жақты қолдау көрсету жөніндегі тапсырмасы да айрықша назарда. 2024-2027 жылдар аралығында 2,1 трлн теңгеге 145 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Оның ішінде «ПГУ Туркестан» қуаттылығы 926,5 МВт құрайтын бу-газ қондырғысы, «Standard Petroleum» мұнай өңдеу зауыты, «Қазатомпром» компаниясының күкірт қышқылын өндіру зауыты, «Казкрахмал» жүгеріні терең өңдеу зауыты бар. Мәселен, «Beibars-Bottlers» ауыз су және түрлі-түсті сусындарды шығару зауытында жылына 85-100 млн литр түрлі түсті сусындар шығру көзделіп отыр, 100-ге жуық адам жұмыспен қамтылады.

Ал «Global textile» зауыты іске қосылғаннан кейін 10 мың тонна мақта талшығын өндіреді. Сонымен қатар 2000 жұмыс орны ашылмақ. ««Lihua xinjang group» текстиль кластері жобасының құны – 180 млрд. теңге. Мақта кластерін дамытып, оны өңдеу, жіп иіру, мата шығару және мақта егуге байланысты өндірістерді жүзеге асырады. 2500-дей жұмыс орны құрылады. Зауыттарды ашып қана қоймай, одан шығатын тауарлар мен өнімдерді өткізу мәселесіне де ерекше көңіл бөлінген.

Түркістан облысында өңдеу өнеркәсібінде жоспарланған 20 жоба толық іске қосылды. Құны 30,2 млрд. теңге болатын жобалар арқылы 594 жұмыс орны ашылған. Облыста атқарылған құрылыс жұмыстарының көлемі 407,5 млрд. теңгені құрады. Құрылыс-монтаждау жұмыстары 344,1 млрд. теңгеге жетіп, былтырмен салыстырғанда 6,1%-ға артты. Пайдалануға тапсырылған тұрғын үйлер алаңы 4%-ға артып, 899 мың шаршы метр үй тапсырылды. Жеке меншік есебінен 621,8 мың шаршы метр үй пайдалануға берілсе, мемлекеттік меншік есебінен 277,1 мың шаршы метр тапсырылған.

Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 1,2 трлн. теңгеге жетіп, өңір республикада көш бастады. Ет, сүт және жұмыртқа өндіруде өсім бар. Нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз етуге бағытында құны 17,1 млрд. теңге болатын 25 жоба жүзеге асырылды, 624 жұмыс орны құрылған.

Облыс әкімінің тапсырмасымен аудан, қалаларға негізгі көрсеткіштер бойынша рейтингтік бағалау жүргізілуде. Жалпы, 12 индикатордың 8-інде жоспарланған межеге қол жеткізілген. Рейтингтік бағалау нәтижесінде көшбасшылар қатарында Созақ, Сайрам аудандары және Түркістан қаласы орналасса, Отырар, Түлкібас және Шардара аудандары төменгі орынға жайғасты. Облыс әкімі аудан, қалаларды дамыту, индикаторларды толық орындау бойынша нақты тапсырмалар берді. Бұл жұмыстар хаттамаға енгізіліп, қатаң бақылауға алынды.

«Ең үлкен облыс Түркістанның әлеуметтік-экономикалық ахуалы бүтін республикаға әсер етер күшке ие. Өйткені Оңтүстік облыс географиялық тұрғыда қолайлы орналасқан, ондағы халық тығыздығының деңгейі жоғарғы және кейінгі жылдары қолға алынған іргелі бастамалар біршама. Өңірдегі аса өзекті мәселелердің көшін инфрақұрылым мен әлеуметтік ахуал бас­тайды. Бәріне бірдей бюджет қаржысын жеткізу оңай емес, бірақ біз әркез ұтымды шешімдер қабылдауға тырысып келеміз», дейді облыс әкімі Дархан Сатыбалды. Жалпы, елдің экономикалық драй­вері болуға қабілетті әрі лайық ауыл шаруа­шылығы саласы бұл облыста да қарқынды даму жолына түсіп келе жатыр. Өңірде өндірілген ауыл шаруа­шылық өнімдері құнының 1 трлн теңгеден асуы сөзімізге дәлел және бұл көрсеткіш арқылы облыс республикада ең алдыңғы позицияда.

«Былтыр жыл басынан бері салаға 88,5 млрд теңге инвестиция тартылды. Егістікті әртараптандыру нәтижесінде көкөніс, бақша өнім­дерінен рекордтық 3,3 млн тонна жиналып отыр. Нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз ету мақсатында биыл 25 жобаны іске асыру көзделсе, жыл басынан бері нақты 22-сі іске қосылды. Салада жаңа технологиялар кеңінен қолданылуда. Қарқынды бау көлемі 5 405 гек­тарға жеткізілді. Нәтижесінде, өнімділік 5 есе артып, 350 центнерге дейін өнім жиналуда. Су үнемдеу технологиясы 31 788 гектарға, «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы 9 403 гектарға енгізіліп, суды 2 есе үнемдеуге мүмкіндік берді», дейді әкім.

Аймақтағы туризм ахуалы да тәуір. Облыс басшылығы осы саланы дамыту үшін негізгі үш бағытты айқындады. Біріншісі – экологиялық туризм бағыты. Табиғи аумақтарға келушілер саны 2 есе артқан. Жалпы, табиғи аумақтарда 99 демалыс орны, 62 қонақ үй, 12 шипажай орналасқан. 30 турис­тік маршрут құрылды. Емдік-сауық­тыру туризм бағытымен облыста 72 емдеу-сауықтыру орны жұмыс істейді (8 мың тө­сектік орын). 142 мың адамға қыз­мет көрсетілді. Бұл алдыңғы жыл­мен салыстырғанда 21 пайыз­­ға көп. Тарихи-танымдық туризм бағытымен жыл басынан өңі­рімізге біркүндік келуші саны 868 мың адамды құрады. Турис­тік нысандарды қажетті инфра­құрылыммен қамтамасыз ету мақсатында жалпы құны 34,4 млрд теңгені құрайтын 10 жоба жасалып жатыр», деп ақпарат берді.

Осы жылы Түркістан облысында гранттар беру рәсімдерінің барынша ашықтығын қамтамасыз ете отырып, «ZHAS PROJECT» – жастардың осал топтары арасында жобаны іске асыру шағын гранттар жобасы іске асырылды. Нәтижесінде, аудан-қалалардан – 143 өтінім түсіп, оның ішінен ережеге сай келген 61 жоба техникалық іріктеуден өткізілді. Сонымен қатар, келесі кезеңге өткен жастар – 3 күндік онлайн семинар-тренинг оқуынан өтті. Соңғы комиссия отырысы барысында 30 жоба комиссия алдында өз жобаларын қорғап, 20 жоба грант иегері атанды.

«Zhas Project» – әлеуметтік жобалар мен бизнес-идеяларды қаржыландыру арқылы халықтың осал топтарынан, әсіресе ауылдық жерлерде тұратын жас қазақстандықтарды қолдауға бағытталған бірегей жоба. Жоба жастарды қоғамдық әлеуметтік-экономикалық өміріне тартуға және нәтижелі жұмыспен қамтуға көмектеседі. «Zhas Project» Қазақстан Республикасы Ақпарат және әлеуметтік даму министрлігі мен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» ҮЕҰ тапсырысымен жүзеге асырылуда. Биыл конкурс шеңберінде 10 үкіметтік емес ұйым 1 млн теңгеден 280 шағын грант бөлді.  «Zhas project» грант бағдарламасын ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі 2022 жылдан бастап Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен жүзеге асырып келеді. Еліміздің үш қаласы мен 17 облысын қамтитын жоба NEET (уақытша жұмысқа орналастырылмаған) санатындағы жастарды жұмысқа тұрғызу және олардың кәсіпкерлік қабілетін дамытуға бағытталған.Байқау екенін айта кетейік.

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

Оқылды 31 рет