Келіссөздер барысында тараптар көлік-коммуникация саласындағы жоғары білікті мамандарды даярлау бойынша ынтымақтастықтың келешегі мен мүмкіндіктерін талқылады. Негізгі мәселелердің бірі — Түркістан облысында теміржол және көлік саласы үшін кадрлар даярлауға бағытталған арнайы оқу орталығын ашу. Нұралхан Көшеров мұндай орталықты ашудың көлік инфрақұрылымы мен технологиялары саласындағы мамандардың біліктілігін арттыру үшін стратегиялық маңызы зор екенін атап өтті. Сонымен қатар жоғары білікті кадрларды даярлау аймақтың көлік-логистикалық инфрақұрылымын тиімді дамытуға, Түркістан облысының басқа өңірлермен және шет елдермен байланысынты нығайту үшін маңызды екеніне тоқталды.
«Korea Railroad Corporation» вице-президенті ынтымақтастыққа дайын екенін білдіріп, Түркістан облысында оқу және білім беру бағдарламаларын ұйымдастыру үшін Қазақстанның «Қазақстан темір жолы» операторымен бірлескен жұмыстың мүмкіндіктерін егжей-тегжейлі зерттеуді ұсынды. Ол Корей теміржол корпорациясының тәжірибесінің Қазақстанның теміржол және көлік саласын дамытуда құнды үлес қосуы мүмкін екендігін атап өтті. Бұл жоба Түркістан облысында көлік саласы үшін білікті кадрлар даярлауда маңызды қадам болмақ. Сонымен қатар екі ел арасындағы жоғары технологиялар мен инфрақұрылым саласындағы ынтымақтастық нығая түспек.
Бүгінгі таңда Түркістан облысында өндіріс орындарын ашу, инвестиция тартуға ерекше басымдық берілген. Облыс әкімінің тапсырмасымен аудан, қала әкімдері шетелдің кәсіпорындарын аралап, іскерлік байланыс орнатты.Биыл Түркістанда «TURKISTAN INVESTMENT & TOURISM FORUM» халықаралық форумы ұйымдастырылды. Форумға жалпы 1729 адам, 127 компания қатысты. Форум аясында жалпы соммасы 301,4 млрд. теңге көлемінде 35 меморандумға қол қойылды. Түркістан облысының делегациясы Корея Республикасының бірнеше аймағын аралады. Ресми тұлғалармен келіссөздер жүргізді. «Орталық Азия – Корея Республикасы» өңіраралық ынтымақтастықтың форумына қатысты. Корея Халықаралық Сауда Қауымдастығы (KITA) ұйымдастырған бизнес-семинарға қатысты. Іссапар Қытайдың бірнеше ірі қаласы мен аймағында жалғасып, түркістандықтар қытайлық инвесторлармен келіссөздер жүргізді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады.
Айта кетейік, биылғы 11 айда облыс экономикасына 1 064,7 млрд. теңге инвестиция тартылды. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 25,5%-ға жоғары. Жыл басынан тікелей шетелдік инвестиция көлемі 685 млн. АҚШ долларын құрап, жылдық жоспар 1,5 есеге артығымен орындалды. Биыл 134,1 млрд. теңгеге 56 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланса, 11 айда 41 жоба іске қосылып, 1 659 жұмыс орны ашылған. Ал, 2023 жылы Түркістан облысының экономикасына 972 млрд. теңге инвестиция тартылып, 2022 жылмен салыстырғанда 126,1%-ға артқан болатын. Оның ішінде жеке инвестициялар 705,1 млрд. теңге болса, бюджеттік инвестициялар – 266,9 млрд. теңге. Өсім динамикасы бойынша облыс республикада 3 орында тұр.Үкіметпен бекітілген жоспар (908,2 млрд. теңге) 107%-ға орындалды.
Былтыр 126,9 млрд. теңгеге 56 инвестициялық жоба іске қосылды. 2024-2027 жылдар аралығында жүзеге асырылатын, жалпы құны 3,3 трлн. теңгегені құрайтын 173 инвестициялық жобаның пулы қалыптастырылған. Өткен жылы шетелдік және отандық компаниялармен 94-тен астам кездесу мен келіссөз жүргізілді. Қытайға, Өзбекстан және Австралия елдеріне кәсіпкерлермен бірге іссапарлар ұйымдастырылды. Нәтижесінде жаңа жобаларды жүзеге асыру, жұмыс істеп тұрған зауыттарды кеңейтуге 1 трлн. теңгеге жуық инвестиция құйылуда. Биыл облыстық делегация Түркия, Ресей, Қытай, Өзбекстан, Иран және Вьетнам елдеріне іссапар жасайды деп жоспарланып отыр.
Облыста шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау көрсету арқылыоң өсімге қол жеткізілді. Өңірде 207 мыңға жуық шағын және орта бизнес жұмыс істейді. Кәсіпкерлер саны бойынша Алматы және Астана қалаларынан кейін 3 орында тұр. Кәсіпкерлік субъектілерімен өндірілген өнім көлемі 27,5%-ға артып, 1,2 трлн. теңгеге жетті. 2023 жылы кәсіпкерлердің құқығын қорғау бойынша 180 өтініш түскен, 80 сұрақ оң шешімін тауып, 960 млн. теңгеге кәсіпкерлердің мүліктік құқықтары қорғалған. 1 241 кәсіпкерге 1 300 қызмет көрсетілген. Жалпы 556 жоба сүйемелденіп, 360 салықтық есеп тапсырылды, 170 бизнес-жоспар әзірленген. Түркістан облысында шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау, өңірдегі инвестициялық ахуалды және бизнес климатты жақсарту жұмыстары жалғасады.
Бүгінгі таңда Түркістан бойынша кәсіпорынның 2024 жылғы статистистикасы: 17000 шаруашылық жүргізуші субъект (заңды тұлға) тіркелді, олардың 15391 жұмыс істеп тұр. Тіркелген заңды тұлғалар ішінде шағын заңды тұлғалар саны (100 адамға дейін) – 16370, орта заңды тұлғалар (101 ден 250 адамға дейін) – 525, ірі заңды тұлғалар (250 адамнан жоғары) – 105, оның ішінде жұмыс істейтіндер — тиісінше – 14761, 525 және 105 бірлік. Айта кететіні қызметкерлерге берілетін айлық көрсеткіші орта есеппен 240720 теңгені құрап отыр. Жоғарыда айтып өткеніміздей, Түркістан облысы жылыжай шаруашылықтарын дамытуда алдыңғы қатарда келеді.
Жалпы республикадағы жылыжайлардың 71 пайызы облыстың үлесінде және оның жалпы аумағы 1569 гектарды құрайды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды осы салаға қолдауды күшейтіп, жаңа жобаларды жүзеге асыруды тапсырды. Биыл қаңтар айында ауа райының күрт суып кетуінің салдарынан жылыжай шаруашылықтарында айтарлықтай мәселе туындады. Жеке жылыжай шаруашылықтары тиісті көмір қорын қалыптастырмағандықтан, қыс мезгіліне дайын болмай шықты. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, шұғыл іс-шаралар атқарылып, 591 гектар жылыжайға қыс маусымына 200,8 мың тонна көмір отыны қажеттілігі анықталып, «Қазақстан темір жолы» АҚ-ы арқылы 186,7 мың тонна көмір отыны облысқа жеткізілді.
2023 жылғы Түркістан облысының Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен өзара сауда көлемі 11,4 млн. АҚШ долларын құрады, оның ішінде экспорт, тиісінше – 6 млн. АҚШ долларын немесе 171,1%, импорт – 5,4 млн. АҚШ долларын немесе 66,6% құрады. Сонымен қатар, өңір ауылшаруашылық өнімдерінің ең ірі жеткізушісі болып табылады. Облыстың үлкен артықшылығы — тез дамып келе жатқан және халқы тығыз орналасқан Ташкент елімен көршілес. Тиісті инфрақұрылымды дамыту кезінде шекара маңы ынтымақтастықтың ірі орталығына айналуы мүмкіндігі жоғары. Өнеркәсіпті дамытудың перспективалы бағыттары тау-кен өндіру өнеркәсібі, машина жасау, тамақ өнімдерін өндіру, құрылыс материалдарын өндіру екені белгілі. Тау-кен өнеркәсібінің дамуы өнеркәсіптік айналымға перспективалы барит кендерін, мыс пен кенді емес пайдалы қазбаларды тартумен байланысты болады.
Инвесторларға қолайлы жағдай жасауға баса мән берілген. Ең алдымен, өңірде 594 гектарды құрайтын 10 индустриалды аймақ және 580 гектардан тұратын арнайы экономикалық аймақтар бар. Онда 49 кәсіпорын жұмыс істейді. Қосымша 39 жобаның құрылысы жүргізіліп жатыр. Екіншіден, өндірістік парк аумағында 42 ғимарат салынып жатыр. Жобаның бірінші кезеңінде 14 ғимарат құрылысы аяқталды. Жалпы құны 30,7 млрд теңге болатын 10 жоба жоспарланса, соның жетеуі (24,2 млрд теңге) іске қосылды. Олардың қатарында тоңазытқыш өндіретін «UBC group», әскери шатыр мен жиһаз өндіретін «Aqniet holding», жаңбырлатып және тамшылатып суғару жүйесін шығаратын «BNK group» компаниялары бар. Өндірістік парктің биыл аяқталатын екінші және үшінші кезеңінде 70 млрд теңгеден астам инвестиция қаржысына өндіріс орындарын ашу жоспарланған. Облыс әкімінің тапсырмасымен осындай парктерді аудандарда да салынады.
Мемлекет басшысының қомақты қаржы салуға дайын ірі компанияларға «бір терезе» қағидатымен жан-жақты қолдау көрсету жөніндегі тапсырмасы да айрықша назарда. 2024-2027 жылдар аралығында 2,1 трлн теңгеге 145 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Оның ішінде «ПГУ Туркестан» қуаттылығы 926,5 МВт құрайтын бу-газ қондырғысы, «Standard Petroleum» мұнай өңдеу зауыты, «Қазатомпром» компаниясының күкірт қышқылын өндіру зауыты, «Казкрахмал» жүгеріні терең өңдеу зауыты бар. Мәселен, «Beibars-Bottlers» ауыз су және түрлі-түсті сусындарды шығару зауытында жылына 85-100 млн литр түрлі түсті сусындар шығру көзделіп отыр, 100-ге жуық адам жұмыспен қамтылады.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат