Сейсенбі, 09 Желтоқсан 2025 13:35

«Altyn Bank» АҚ Түркістан облысында бірқатар перспективалы жобаларды жүзеге асыру мен серіктестікті дамытуға мүдделі

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров таяуда өңірге жұмыс сапарымен келген «Altyn Bank» АҚ Басқарма төрағасы Мұрат Байсыновты қабылдап, банктің инвестициялық бастамалары мен ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады. Кездесу барысында тараптар экономикалық серіктестікті нығайту, өңірдегі қаржы секторының әлеуетін арттыру және бірлескен жобаларды жүзеге асыру бойынша келіссөз жүргізді.

Нұралхан Көшеров облыстың экономикалық, индустриялық және табиғи мүмкіндіктеріне тоқталып өтті. Оның айтуынша, Түркістан өңірі уран, алтын, темір рудасы және фосфорит сияқты бай табиғи ресурстарымен ерекшеленеді. Сондай-ақ қолайлы климат ауыл шаруашылығын жыл бойы дамытуға мүмкіндік береді. – Біздің өңір елімізде ауыл шаруашылығы өнімін өндіру бойынша бірінші орында, сондай-ақ ет өнеркәсібінде шешуші рөл атқарады. Қазақстан бойынша ірі қара мал етінің экспортының 80%-ы және ұсақ мал етінің 75%-ы Түркістан облысына тиесілі. Жалпы өңірде инвестициялық ахуал жақсы. Бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз, – деді облыс әкімі.

Облыс басшысы инвестициялық мүмкіндіктерге ерекше назар аударды. Бүгінде өңірде 20 индустриялық аймақ пен аумағы 4000 гектарды құрайтын «Turan» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істейді. Онда инвесторларға салық жеңілдіктері ұсынылып, жобаларды тиімді іске асыруға жағдай жасалған. Сонымен бірге, өндірістік инфрақұрылымды дамыту бойынша «Шағын өнеркәсіптік парктер» жобасы іске асырылып жатыр. Инвесторлар үшін дайын ғимараттарды жалға алу немесе сатып алу мүмкіндігі қарастырылған. Мұрат Байсынов банктің өңірде бірқатар перспективалы жобаларды жүзеге асыру мәселесін қарастыруға дайын екенін және Түркістан облысымен серіктестікті дамытуға мүдделі екенін білдірді.

Бүгінгі таңда Түркістан облысында инвестиция тарту, өндіріс орындарын көбейтуге басымдық берілген. Жалпы өңірде 2025-2028 жылдар аралығында жүзеге асатын 111 инвестжобалар пулы қалыптасқан. Жоба толық іске асқан жағдайда 23 915 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Биыл 58 инвестициялық жоба қолға алынып, нәтижесінде 8 250 тұрақты жұмыс орны ашылады. Бүгінде 34 инвестжоба іске қосылып, 4889 адам жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар биыл 10 айдың қорытындысымен облыстың капиталына 1 178,4 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартылған. Облысқа 2025 жылға 475 млн. АҚШ доллары көлемінде тікелей шетелдік инвестициялар тарту индикаторы бекітілген. II тоқсанның қорытындысымен тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 543,5 млн. АҚШ долларын құрап, жылдық жоспар артығымен орындалды.

Бүгінде Түркістан облысы кәсіпкерлікке қолдау көрсету және бизнесті жүргізуге қолайлы жағдай жасау жөнінен еліміз бойынша жетекші орында тұр. Өңірде өндірісті дамытуға мүмкіндік мол. Арнайы экономикалық және индустриалды аймақтар бар. Оның ішінде мақта шаруашылығын, мақта кластерін дамытуға облыстың әлеуеті толық жетеді. Бүгінгі таңда Түркістан облысының шаруалары 100 мың тонна мақта талшығын өндіре алады. Оның көп бөлігі экспортталады. Тек 15%-ы ғана терең өңделеді. Терең өңдеу бойынша көрсеткішті ұлғайту – өңір басшыларының бүгінгі таңдағы басты міндеттерінің білі. Бірлескен жобаларды іске асыруда, сондай-ақ жеңіл өнеркәсіп саласында өзара тиімді тәжірибе алмасуда Түркістан облысының болашағы зор деп айтуға әбден негіз бар.

Алдыңғы жылдан бері облыс басшылығы 10 елдің 80-ге жуық өкілімен кездесті. Атап айтқанда, Түркия, Қытай, Өзбекстан, Ресей, Германия, Италия, Жапония, Корея, Чехия, Грузия өкілдерімен келіссөздер жүрген. Оның ішінде инвестиция тарту бағытында сыртқы байланыстарды орнату мақсатында 30 шетелдік инвестормен және 10 ресми делегациялармен кездесулер өткен. Қытай Халық Республикасына іссапар аясында екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту және қытайлық инвесторларды облысқа тарту мақсатында 11 компаниямен 2,6 трлн. теңгені құрайтын келісімдерге қол қойлыған. Облыстың кәсіпкерлері Қытайдан инвестиция тартып, жобаларды жүзеге асыру жұмыстарын бастап кеткен.

Түркістанда алдағы 6 жылда бірқатар жобалар іске асырылмақ. Жоспарлы кезеңде 541 млрд .теңгені құрайтын 7 мыңнан асатын жаңа жұмыс орнымен 192 инвестициялық жобаның пулы жасақталған. Жалпы өңірлік өнім көлемі 2,8 есе өсіп, 1,1 трлн. теңгеге, ал тартылатын инвестиция көлемі 3 есе өсіп, 1,2 трлн. теңгеге ұлғаяды. Жергілікті түсім 44,2 млрд. теңге немесе 2,2 есе өсіп, 81,2 млрд. теңгені құрайды деп жоспарлануда. Келетін сыртқы туристер саны 2 есе өсіп, 20 мың адамға артады.  Сонымен қатар жұмыссыздық деңгейін 4,7%-ға төмендетіп, 22 мыңға жуық жұмыс орындарын ашу көзделуде. Баспанамен қамту бойынша 2411 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 150 рет