Жұма, 21 Шілде 2023 10:40

ШЫМКЕНТТЕГІ ҚҰРСАЙДА 900 ОРЫНДЫҚ МЕКТЕП САЛЫНЫП ЖАТЫР

 Мемлекет басшысы білім беру жүйесіндегі орын тапшылығын жою мақсатында елімізде 2025 жылға дейін 1000 мектеп салуды міндеттеген. Оның оннан бір үлесі Шымкентке тиесілі. Шымкентте білім саласын арттырып, апаттық мектептер санын жою және 3 ауысымдық мектептерді азайтуға бағытталған кешенді жұмыстың бүгінде 50 пайызға жуығы орындалып үлгерген. «Тұран» ауданына қарасты «Құрсай» елді мекенінде салынып жатқан білім ордасы осы мәселені шешуге өз үлесін қосады. Білім ордасы жаңа оқу жылында есігін айқара ашады деп күтілуде. Елді мекендегі Шаштөбе көшесіндегі жаңа мектептің құрылысы 2022 жылы басталған.  "Әл-Фараби" атындағы білім ордасы 900 балаға арналған. Бүгінде құрылыс аяқталуға таяу. Жеке инвестордың есебінен салынып жатқан мектеп құрылысы 2023 жылы жаңа оқу жылында пайдалануға беру жоспарлануда. Айта кетейік, енді мектептерде үш ауысым болмайды. Шымкенттегі білім ордалары бірінші сынып оқушыларын жақсы жаңалықтармен қарсы алмақ. Білім басқармасының мәліметінше, жаңа оқу жылынан бастап мектептер бір немесе екі ауысымды оқуға толығымен ауысады. Бірнеше білім ұясының ашылуы қаладағы үш ауысымды мектеп мәселесін шешеді.

«Білім беру нысандарын дамыту мақсатында 2025 жылға дейін 101 мектеп салу жоспарда. Мемлекет басшысының бастамасымен «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында 2025 дейін 38 мыңға жуық орынды 25 мектепті пайдалануға береміз», -деді қала басшысы Мұрат Әйтенов жергілікті мәслихат депутаттарының кезекті ХХІІ сессия отырысында жасаған есебінде.

Шымкентте үш ауысымдық тек үш мектеп қалған еді. Жаңа оқу жылынан бастап білім ордаларында сабақтар тек екі ауысымда өтеді. Мұндай мүмкіндік – жаңа мектептер мен жұмыс істеп тұрған білім ұяларына қосымша ғимараттар салудың арқасында пайда болды.Айта кетейік, Шымкент қаласында 2025 жылға дейінгі кешенді жоспарға сәйкес 75 015 орынға арналған 77 мектеп салу жоспарланған еді. Оның 54-і мемлекет есебінен, 4-уі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде, ал 19 мектеп жеке инвесторлар есебінен бой көтермек.

Оқылды 313 рет