Дүйсенбі, 09 Қазан 2023 10:02

Түркістан облысы: биыл 20 мектеп күрделі жөндеуден өтеді

Түркістан облысында биыл 20 мектепті күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған. Оның ішінде, Сарыағаш ауданында 7 білім нысанына жөндеу жұмыстары жүргізілуі қажет.

Аудандағы 4 білім мекемесі «Ауыл Ел бесігі» бағдарламасы аясында іске асырылса, қалған 3 мектепке облыстық бюджеттен қаржы қарастырылған. Жуырда бір мектеп пайдалануға берілді. Тағы біреуінің жұмыстары 2024 жылға өтпелі. Ал, қалған 5 мектеп қазіргі таңда жөндеуден өтуде.Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев Сарыағаш ауданында болып, аталған мектептерді аралады.

— Мектептердің жағдайына мониторинг жұмыстарын жүргізу үшін тексеру топтарын ұйымдастырған едік. Аудандарда орын алуы мүмкін мәселелерді өзім арнайы аралап, көріп шықтым. Жөндеуден өтіп жатқан 20 мектеп 15-і 1 жуырда ел игілігіне қолданысқа берілуі тиіс. Сарыағаш ауданындағы мектептердің арасында жөндеу жұмыстары бекітілген кестеден кешіккендері бар. Әртүрлі себептер айтылады. Әйтсе де, басты мәселе көрініп тұр. Ол – жұмыс күшінің аздығы мен салғырт қарау. Қаржы жағынан мәселе жоқ. Облыс көлемінде тиісті қаражат, яғни 4,5 млрд. теңге бөлінген. Орындалған жұмыстардың актісіне байланысты ары қарай қаржыландыруға дайынбыз. Ал, кестеден кешіккен компанияларға айыппұл салынады. Мердігер мекемелер екі ауысымдық жұмысқа көшуге уәде беріп отыр. Осыған байланысты құрылыс компаниясына қатаң ескерту жасадық, құзырлы мекемелер айыппұл салады. Қайтадан шұғыл жұмысшы топ құрып, қадағалайтын боламыз, - деді Бейсен Дәулетұлы.

Әкім орынбасарының айтуынша, жауапты компаниялар құрылыс шараларына ең алдымен жұмысшыларды қажетінше тартып, белгіленген мерзімде аяқтауға міндетті. Өйткені, оқушылардың қалыпты оқу процесінен қалмауына жағдай жасауды көзделген. Қандай себеп болса да, тұрақты білім алуы шарт.

Сіргелі ауылында орналасқан №36 Тоқмұхамедов атындағы жалпы орта мектебінде шатыр ауыстыру, жылу, электр жүйелерін, сондай-ақ есік, терезелерді қалпына келтіру жұмыстарын қосқанда жұмыстар 75 пайызға аяқталған. Қызылжар ауылындағы №75 Ж.Жабаев атындағы білім ұясының сыртқы қабырғасы толығымен металоцерепицамен қапталып, ішкі қабырғалары қырып қайта сыланды. Есік-терезелері мен коммуналдық жүйелері, шатыры ауыстырылды. Жөндеу шараларының 95 пайызы орындалған.

Ынтымақ ауылындағы №8 Айни атындағы және Қапланбектегі №13 Мәңгілік ел жалпы орта мектебінде ішкі қабырғаларды әрлеу, сырлау жұмыстары мен есік-терезелер, электр және жылу жүйелері жаңартылуда. Яғни 4 мектептің күрделі жөндеу жұмыстары кестеге сай аяқталады. Ал, Көктерек кентінде №16 Панфилов мектебі кестеден кешігуде. Жаңа оқу жылы басталғанда мұнда 1300-ден астам бала білім ұясының табалдырығын аттауы қажет.

Жалпы Түркістан облысында 1275 білім беру мекемесі бар. Оның 98-і Сарыағаш ауданында орналасқан болса, 78-і мектеп. Ауданда 58 мыңнан астам оқушы білім алады. 1000 мектеп бағдарламасы аясында 3 мектептің құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп, жыл соңына дейін қолданысқа беру жоспарлануда. «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы бойынша 2023-2025 жылдары аралығында 10 мектеп салынады.

Облыс әкімінің орынбасары Сарыағаш ауданы көлемінде бастауыш сыныптағы 30 мың бала қыркүйектен бастап ыстық тамақпен қамтылатынын атап өтті. Тиісті деңгейде ұйымдастыру үшін салаға жауаптылар мектеп асханаларының материалдық-техникалық базасын түгелдеп шығатын болатынын мәлімдеді.

Сондай-ақ, биыл Түркістан облысындағы мектептер 100 пайыз бейнебақылаумен, және лицензиясы бар кәсіби күзет қызметімен қамтылады. Сонымен бірге бала саны 700-ден асатын 284 мектепке арнайы турникеттер орнатылады. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен білім саласына қолдау көрсету, балалардың қауіпсіздігін нығайту бағытында нақты жұмыстар атқарылуда.

Түркістан облысында балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге облыстық бюджеттен үнемделген қаржы есебінен жалпы 6 млрд. теңге қаржы қаралды. Яғни, үнемделген қаржы есебінен ауқымды жұмыс атқарылады. Атап айтсақ, камера орнатуға, дабыл, турникетке, күзетке, қоршауға, әжетхананы ағымдағы жөндеуден өткізуге, кәріз жүйесін жөндеуге тиісті қаржы қаралып отыр. Осы бағытта тиісті жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Аталған мәселелер жаға оқу жылына дейін толық шешілмек.

Облыста бала саны 300-ден жоғары 572 мектепті мамандандырылған күзет қызметімен қамтамасыз ету қажеттігі бар. Бұл мәселе мектептердегі қарауыл штат бірліктерін ықшамдау арқылы үнемделген қаржы шегінде шешілмек. Сонымен бірге 38 мектептің жылу жүйесін газға өткізуге де қаржы қаралған.Түркістан – еліміздегі ең демографиясы жоғары өңір. Биыл облыста 500 мыңнан астам оқушы білім алды. Мектептер саны 1000-ға жетті.

«Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы бойынша Түркістан облысында 86 мектеп салу жоспарланған. Президенттің төрағалығымен өткен Реформалар жөніндегі жоғарғы кеңесте қаралған «Жайлы мектеп» жалпыұлттық жобасын іске асыру мәселесі бойынша Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды таяуда салаға жауапты басшылардың басын қосып, нақты тапсырмалар берді. Жаңа үлгідегі мектептер салу үшін жер телімдерін бөлу, инженерлік жүйелерін жүргізу, педагогтермен қамту және уақытында құрылысын аяқтау сынды тапсырмалар міндеттелді. Осы арқылы үш ауысымды, апатты, ескірген мектептер санын жою жоспарға қойылған.

– Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен Реформалар жөніндегі жоғарғы кеңесте 2023 жылы басталуы тиіс мектептер үшін жер учаскесін бөлу және қажетті инфрақұрылымға қосу жөніндегі барлық мәселені бір ай ішінде шешуге тапсырма берді. Мәселенің маңыздылығын ескере отырып, барлық аудан, қала басшыларына шұғыл түрде жаңа мектептердің жер телімін заңдастыруды тапсырамын. Екіншіден, құрылысы кешеуілдеп жатқан білім ұяларын қадағалауға алып, жұмысын жандандырыңыздар. Әрбір мердігер мектептерді уақтылы әрі сапалы тапсырулары керек. Сонымен бірге білім сапасын арттыру мәселесі де назарда тұруы тиіс,– деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.

2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджеттің жобасында осы мақсатта 400 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінеді. Жоба аясында ашылған мектептер заманауи пән кабинеттерімен, зертханалармен толық қамтамасыз етіледі. Түркістан облысында 900, 1200 және 2000 оқушы орындық мектептер салу жоспарланған. Бекітілген 86 мектепте 60 мыңнан астам баланың білім алуына барлық мүмкіндік жасалады.

Жобаның мақсаты – қалалар мен қарқынды дамып келе жатқан (перспективалы) елді мекендерде жаңа үлгідегі, бірыңғай стандарттағы жабдықталған мектептер салу. Оқушылар мен оқытушыларға қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасау және білім беру қызметінің сапасын арттыру.Түркістан облысында жалпы 983 (оның ішінде 75 жекеменшік) мектеп бар. Соңғы жылдары 83 жаңа мектеп пайдалануға берілді, ал қазір 59 мектеп салынып жатыр.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»

Оқылды 161 рет