Ана тілі кез келген халықтың түп қазығы әрі мемлекеттің басты белгісі. Тәуелсіз еліміздің болашағы өз тілі, яғни, қазақ тілімен ғана жарқын болады. Осы себепті, тіл саясаты мемлекетіміздің ұлттық саясатының ажырымас бөлігі саналады. Мемлекеттік тілді жетік меңгеру және осы тілде сөйлеу әрбір қазақстандықтың азаматтық борышы.
̶ Облыста 17 аудандық, қалалық тілдерді оқыту орталық бар. Онда 22 әдіскер, 31 қазақ тілі, 17 орыс тілі, 27 ағылшын тілі маманы жұмыс істейді. Орталық мамандары бүгінде 2230 адамға қазақ тілін, 1192 адамға ағылшын тілін, 926 адамға орыс тілін оқытып, үйретуде. Бүгінгі семинар тілдерді оқытуда жаңа технологияларды қолдануда, оқытушылардың тілдерді оқытудағы әдістемелерін жетілдіру бағытында тиімді бағыт беретін, пайдалы шара болады деп есептеймін, – деді өз сөзінде Асылхан Темірханұлы.
Семинар барысында Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің профессоры Бекжігіт Сердәлі модераторлық етіп, «Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша кәсіби даму институты» филиалының Түркістан облысы бойынша өкілдік басшысы Жанат Нұрлыбаева «Қазақ тілін меңгертудің коммуникативтік тілдік құзыреттіліктері» тақырыбында, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті Қазақ филологиясы кафедрасының оқытушысы Бегімжан Айтбаев «Білім беруде жаңа технологияларды қолдану және жасанды интеллект» тақырыбында және Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» КеАқ әдістеме LAB бөлімінің жетекшісі, филология ғылымдарының кандидаты Жазира Искакова «Қазақ тілі сабақтарында оқытудың инновациялық түрлерін қолдану» тақырыбында шеберлік сағатын өтті.
Аталмыш семинар мақсаты – ҚР Тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес аудан, қаладағы тілдерді оқыту орталықтарының оқытушылары мен әдіскерлерінің біліктілігін арттыру, мемлекеттік тілді оқыту әдіснамасын жетілдіру, озық тәжірибені зерделеу және оқытудың заманауи әдістері мен технологияларын қолданысқа енгізу. Облыстық «Farab» әмбебап ғылыми кітапханасында өткен шараны Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасы ұйымдастырған.
Мемлекетімізде қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту мақсатында түрлі бағдарламалар қолға алынып, ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылуда. Солардың бастысы ретінде Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын атауға болады. Бағдарламада мемлекеттік тілдің нормативтік базасын күшейту жөніндегі шараларды іске асыру, сондай-ақ, оны түрлі әдістермен, мысалы, ынталандыру, көтермелеу, т.б. жетілдіру арқылы ғылым және білім, экономика, қаржы, басқару, сот ісін жүргізу, заңнама, БАҚ пен интернет салаларында қолданыс аясын кеңейту көзделген.
Республикамыздың Бас Заңында Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі екені анық жазылған. Сондықтан, ел азаматтары Конституцияға бағынулары тиіс. Өйткені, қазақ тілі еркіндігімізді баянды етер басты байлығымыз.Даналарымыз айтқандай, өз халқын, оның тілін қадірлемеген адам басқаны да қадірлемейді. Өкінішке қарай, дәл осы жағдай мемлекеттік тіл мәселесінде көрінуде.
Президент жолдауында айтылғандай, «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келді». Бұл үшін Қазақстандағы әрбір адам ең алдымен өзінің мемлекеттік тілге деген көзқарасы мен отбасындағы тіл саясатын түзеуі шарт. Қазақ тілінің тағдыры әрбір азаматтың Отанға деген сүйіспеншілігі мен құрметіне тәуелді екенін ұмтпайық. Себебі, адамның отаншылдығы туған туған тілін сүюден басталады.
Мемлекеттік тілде сөйлейтін тілдік ортаны қалыптастыру жалпы елдік іс. Осы ретте Қазақстанның әрбір азаматы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Шындығында, тілдік проблеманың үлкен саяси мәні мен маңызы бар. Тіл мәселесіне бей-жай қарап, немқұрайдылық танытатын болсақ, мемлекеттігіміз бен ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіріп алуымыз мүмкін» деген сөзін жадымызға түйіп, қазақ тілінің көсегесін көгерту мақсатына бет бұруға тиіспіз. Мұны уақыттың өзі талап етіп отыр.
«AQ-QARA.KZ»