Солардың бірінде болған Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды №7 С.Ерубаев мектеп - интернатының жай-күйімен танысты. Күрделі жөндеуді қажет ететін 500 орындық мектеп 1976 жылы салынған. Білім ұясының 420 орындық жатақханасы бар. 2000 жылы ағымдағы жөндеу жүргізілген. Содан бері жөндеу көрмеген. Мектептің ішкі сылағы түсіп, инженерлік жүйелері тозған.
Өңірдегі білім ордаларын күрделі жөндеуден өткізу уақыт күттірмейтін іс. Ол үшін қомақты қаражат керек. Өңір сала басшыларының жауаптарын тыңдап, оларға проблемалық мектептер туралы барлық ақпаратты ұсынуды тапсырды.- Балаларымызға қолайлы жағдай жасау үшін бар күшімізді салуымыз керек. Өңірдегі тозығы жеткен білім ошақтарын толық тексеріп, қысқа мерзімде ұсыныс беруді тапсырамын, - деді Дархан Сатыбалды.
Күрделі жөндеуді қажет ететін әлеуметтік нысандар арасында балабақшалар да бар. Облыс әкімі «Айгөлек» балабақшасының жай-күйімен танысты. Ескі ғимарат соңғы 15 жылдан бері жөндеу көрмеген. Бақша ғимараты күрделі жөндеуді қажет етеді. Облыс әкімі жауапты сала басшыларына тиісті тапсырмалар берді. Балабақша жөндеуден өтуі тиіс.Түркістан облысында білім беру саласында 2 381 ұйым қызмет көрсетеді. 1 381 мектепке дейінгі ұйымдарда 150 мың бала тәрбиеленуде.
«Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы бойынша Түркістан облысында 86 мектеп салу жоспарланған. Президенттің төрағалығымен өткен Реформалар жөніндегі жоғарғы кеңесте қаралған «Жайлы мектеп» жалпыұлттық жобасын іске асыру мәселесі бойынша Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды таяуда салаға жауапты басшылардың басын қосып, нақты тапсырмалар берді. Жаңа үлгідегі мектептер салу үшін жер телімдерін бөлу, инженерлік жүйелерін жүргізу, педагогтермен қамту және уақытында құрылысын аяқтау сынды тапсырмалар міндеттелді. Осы арқылы үш ауысымды, апатты, ескірген мектептер санын жою жоспарға қойылған.
– Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен Реформалар жөніндегі жоғарғы кеңесте 2023 жылы басталуы тиіс мектептер үшін жер учаскесін бөлу және қажетті инфрақұрылымға қосу жөніндегі барлық мәселені бір ай ішінде шешуге тапсырма берді. Мәселенің маңыздылығын ескере отырып, барлық аудан, қала басшыларына шұғыл түрде жаңа мектептердің жер телімін заңдастыруды тапсырамын. Екіншіден, құрылысы кешеуілдеп жатқан білім ұяларын қадағалауға алып, жұмысын жандандырыңыздар. Әрбір мердігер мектептерді уақтылы әрі сапалы тапсырулары керек. Сонымен бірге білім сапасын арттыру мәселесі де назарда тұруы тиіс,– деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.
2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджеттің жобасында осы мақсатта 400 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінеді. Жоба аясында ашылған мектептер заманауи пән кабинеттерімен, зертханалармен толық қамтамасыз етіледі. Түркістан облысында 900, 1200 және 2000 оқушы орындық мектептер салу жоспарланған. Бекітілген 86 мектепте 60 мыңнан астам баланың білім алуына барлық мүмкіндік жасалады. Жобаның мақсаты – қалалар мен қарқынды дамып келе жатқан (перспективалы) елді мекендерде жаңа үлгідегі, бірыңғай стандарттағы жабдықталған мектептер салу. Оқушылар мен оқытушыларға қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасау және білім беру қызметінің сапасын арттыру.Түркістан облысында жалпы 983 (оның ішінде 75 жекеменшік) мектеп бар. Соңғы жылдары 83 жаңа мектеп пайдалануға берілді, ал қазір 59 мектеп салынып жатыр.
Түркістан облысында апатты, үш ауысымды және орын тапшылығын жою мақсатында 2023-2025 жылдар аралығында 96 мектеп салу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда өңірде «1 000 мектеп» бағдарламасымен жалпы 7 500 орынды 24 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның ішінде биыл 11 білім ұясы пайдалануға берілмек. Қалған 13 мектептің құрылыс жұмыстары 2024 жылға өтпелі. Сонымен қатар, білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен 2 050 орынды 9 мектептің құрылысы жүргізіліп, жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. Ал, 2023-2025 жылдар аралығында «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық шеңберін іске асыру мақсатында облыста 49 000 орынды 63 мектептің құрылысы жүргізіледі. 2023 жылдың соңына дейін Түркістан облысында жалпы 20 мектепті (5 150 орын) пайдалануға берілу жоспарланып отыр.
Түркістан облысында білім саласына қатысты бірнеше өзекті мәселе шешіліп жатыр. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен, өңірдегі білім саласына баса көңіл бөлінген. Облыста 5 жылда жаңа 86 мектеп салынды. Өткен жылы 34 мектептің құрылысы аяқталды (бюджет – 21, жеке инвестиция – 13). 35 мың оқушы орынға тапшылық бар. Аталған мәселені шешу мақсатында қазір 33 мектеп салынып жатыр. Оның ішінде, «Білім инфрақұрылымын қолдау қоры» арқылы биыл 9 мектептің құрылысы жүруде.
Жаңа оқу жылында Түркістан облысында 6 мемлекеттік 7 жекеменшік мектеп пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін 20-дан астам жекеменшік білім ұялары ашылады. Бұдан бөлек, жоғарыда айтып өткеніміздей Президент тапсырмасымен жүзеге асып жатқан «Жайлы мектеп» пилоттық жобасымен 3 жылда 63 мектеп салынады. Облыста білім беру саласында 2511 ұйым қызмет көрсетеді. 1 372 мектепке дейінгі ұйымда 155 мың бала тәрбиеленуде. 2-6 жастағы балаларды балабақшамен қамту 98%-ды құрайды. Облыста жалпы 1000 мектепте (мемлекеттік – 907, жеке – 93) 515 мың оқушы білім алады.
Өңірдегі 894 мемлекеттік мектептің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен тиісті қаржы бөлінді. Осы арқылы бейнебақылау, турникет, қоршау, дабыл түймесі орнатылады. Арнайы күзет қызметімен қамтылады.Сондай-ақ Түркістан облысында 1-4 сыныптағы оқушыларды тегін тамақпен қамтамасыз ету мәселесі толық шешілді.
«AQ-QARA.KZ»