– Бүгінгі өтіп жатқан Дүниежүзілік Конгресс біздің өңірде өтіп жатқаны үлкен мәртебе. Математика ғылымы – әлемге, оның ішінде түркі әлеміне Әл-Фараби, Әл-Хорезми, Абу Райхан Аль-Бируни, Мырза Ұлықбек сияқты ғұлама математик – ғалымдарды берді. Олардың аса дәлдікпен ашқан ғылыми жаңалықтары осы күнгі дейін адамзатқа қызмет етуде. Өңірімізде 1 мыңнан астам мектептерде 500 мыңнан астам оқушылар білім алуда. Еліміздегі әрбір 7-ші оқушы біздің облыста. 5 мыңға жуық педагогтар жаратылыстану-математика бағыты бойынша дәріс беруде. Республикамызда математика пәні мұғалімдері арасында бірінші болып «Түркістан облысы математика пәні мұғалімдерінің» қоғамдық бірлестігі құрылды. Облыста матемика бағытында оқушыларымыз халықаралық деңгейде жүлделі орындардан көрініп келеді. Бүгінгі өтіп жатқан Дүниежүзілік Конгресс біздің облыс жастарынының математика ғылымына деген қызушылығын арттырып, әлемдегі математика ғылымының дамуына елеулі үлес қосады деген сенімдемін, – деді облыс әкімі.
Облыстағы 12 мамандандырылған «Дарын» мектеп–интернаттарында жаратылыстану-математика бағытында 3600 оқушыға білім алуда. Ал республикада «Ең үздік 100 мектеп» қатарына Түркістан облысынан 11 мектеп ендірілген. Биыл «Азия-Тынық мұхиты» және «Жібек жолы» Халықаралық математикалық олимпиадасында 20 елдің арасында Түркістан облысының екі оқушысы жүлделі 3 орынға, сонымен қатар Өмірбек Жолдасбеков атындағы математика және механика бойынша Халықаралық олимпиадада Түркістан облысының командасы жүлделі орынға ие болды.
Ғылыми форум көрнекті ғалым, Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының президенті, Түркі әлемі математикалық қоғамының президенті академик Жұмағұлов Бақытжан Тұрсынұлының төрағалығымен 20-23 қыркүйек аралығында Түркістанда өтеді. Конгрестің негізгі мақсаты – ғалымдардың халықаралық байланыстары мен ғылыми ынтымақтастығын кеңейту, математика ғылымының дамуына және математиканың, ақпараттық технологиялардың жетістіктерін ғылыми зерттеулерде, техника мен білім беруде қолдануға үлес қосу.
Түркі әлемінің математикалық қоғамы (Turkic World Mathematical Society, TWMS) Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігінің, Түркістан облысы әкімдігінің және Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің қолдауымен өтіп жатқан Конгреске әлемнің 20 мемлекетінен 400-ден астам математик ғалым қатысуда. Пленарлық 8 баяндаманы Түркия, Әзербайжан, Түркіменстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей және Қазақстанның әлемге танымал ғалымдары жасайды. Математиканың 10 бағыты бойынша секцияларда және бір шағын симпозиумда қазіргі математика ғылымындағы соңғы ғылыми нәтижелер бойынша 405 баяндама ұсынылады.
Қазіргі кезде білім саласы мен жоғары мектептерде нақты ғылымдарға көңіл бөлу нығайып келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің 2022 жылғы 11 қаңтар күнгі отырысында «Гуманитарлық мамандыққа құмарлықтың заманы өтті, техникалық мамандықтарға басымдық беру керек» деген болатын. Демек, қазақстандық математика мектебі әрі қарай дамып, әлі де жаңа белестерді бағындыра береді деген сөз.
«Ғылымдар патшасы» саналатын математиканың әртүрлі салалары бойынша түрік ғалымдары маңызды нәтижеге қол жеткізді. Олар бүгінде алгебра, сандар теориясы және оны қолдану, бірқатар жаңа маңызды бағыттар бойынша зерттеу жұмыстары арқылы әйгілі. Қырғыз ғалымдары толқын таралуын зерттеудің жаңа әдісін ойлап тапты, динамикалық жүйелер теориясынан да жақсы нәтиже көрсетті. Сондай-ақ қырғыз бауырларымыз топологиялық және түзу кеңістік, геофизиканың кері мәселелері, ішінара туындылар ішіндегі сызықты емес теңдеулер бойынша үздік нәтижелер көрсетіп жүр.
Математика ғылымында әзірбайжан ғалымдарының математикалық физика саласы бойынша үздік нәтижелерге жиі қол жеткізуі — түркі дүниесі үшін ортақ мерей. Мұндай жұмыстар мұнай және газ ұңғымаларын пайдалану кезінде өте тиімді. Әзірбайжандық математик-ғалымдар дабыл белгілерін вейвлет анализі арқылы өңдеп шығару әдісінің қолданылуы, сейсмологияда фрейм теориясы, физикалық теорияда, функционалдық анализде, топологияда алгебралық және логикалық әдістерін сынауда өте үлкен жетістіктерге жетті. Өзбек ғалымдарының қатыстық теориясына байланысты математикалық статистика және алгебраның нақты реттелген мәселелерін қолдану, эпидемиология, эрогидродинамика, оңтайлы бақылау, стационарлық кездейсоқ процестер, кванттық теория бойынша еңбектері де қуантады.
Түркімен және тәжік математиктері сингулярлық дифференция және интегралды теңдеу, дифференциалды және псевдодифференциалды операторлардың спектральды теориясы негізіндегі зерттеу жұмыстарымен мақтана алады. Бұл — TWMS бекіткен санаулы мемлекеттердің азғантай ғана еңбектерінен келтірілген деректер. Алда әлі талай математикалық жаңалық-жетістіктерге қол жеткізіп, біраз биіктерді бағындыруымыз керек.
17 маусым күні Түркістан қаласында өткен «Әділетті Қазақстан — Адал азамат» атты ұлттық құрылтайдың екінші алқалы жиынында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бірнеше ғасыр бойы Түркістан еліміздің маңызды саяси орталығы әрі астанасы болды. Бұл жер ұлы даланы билеген хандарымыздың ордасы болды. Осы жерде әділдік салтанат құрып, дана билеріміз елді бірлікке шақырып, ынтымаққа үндеді. Осының бәрі біздің Отанымыздың бір орталыққа бағынған, тамыры терең іргелі ел екендігімізді айғақтайды» — деген болатын.
Президент қаланың рухани тұрақтылығына да тоқталып: «Ата-бабамыздан бізге мол мұра қалды, ендігі жерде сол мұраны жаңғыртып, бүкіл әлемге насихаттауымыз керек. Мысалы, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі — мінсіз тарихымыздан қалған ең ұлы жәдігеріміз және рухани құндылықтарымыздың ішінде айрықша орны бар ғимарат. Бұл жәдігерімізді еліміздің ұлттық тарихи-мәдени ескерткіштеріміздің қатарына қосу туралы ұсыныс айтылды. Мен бұл ұсынысты толықтай қолдаймын. Түркістан, кесене туралы айтылғанда Қожа Ахмет Ясауи туралы айтпай кетуге болмайды. Ол — ұлы ойшыл, түркі әлеміне ислам дінін насихаттау жолында үлкен еңбек сіңірген рухани көшбасшымыз» деп баға берген болатын.
Түркі халықтары математиктерінің дүниежүзілік VII құрылтайына қатысушы ғалымдардың әртүрлі саладағы қызығушылығын ескере отырып, форум көптеген бағыттар бойынша жұмыс істейді. VII Түркі дүниесі математиктерінің бүкіләлемдік құрылтайында соңғы жылдары ашылған жаңа ғылыми жаңалықтардың нәтижелері баяндалып, теориялық және қолданбалы математиканың дамушы бағыттары айқындалып, математика ғылымына айрықша еңбек сіңірген ғалымдар марапатталды. Сонымен қатар форум барысында Қазақстанның ғылыми жетістіктеріне арналған көрме өткізілді.
Математика ғылымын дамытудың және оның компьютерлік мүмкіндіктермен және өндіріспен байланысын нығайтудың маңыздылығын бәрі біледі. Осы бағытты басшылыққа ала отырып, ғалымдар қойылған міндеттерді іске асыруда математика ғылымының рөлін арттыруға ерекше назар аударады. Форум сонымен қатар орта және жоғары мектептерде ақпараттандыру мен математиканы оқытудың заманауи мәселелерін қарастырады. Пікір алмасуға және математика ғылымдарының соңғы жетістіктері туралы ақпарат алуға тамаша мүмкіндік беретін Конгресте түркі әлемінің математиктері көтерген өзекті мәселелерді бірлесіп шешу үшін ғылыми бағдарламалар дайындау көзделіп отыр. Ғылыми форум жұмысы барысында математика ғылымдарының дамуына ерекше үлес қосқан математиктер медальдармен марапатталады және TWMS Конгресінің лауреаттары болып жарияланады.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат