Алдымен көрмені тамашалаған көпшілік назарына бейне туынды ұсынылды. Шараға зиялы қауым өкілдері мен ұстаздар қатысып, автор мен оның кітабы жайлы пікірлерін білдірді. Жазушы Нұрдәулет Ақыш модератор болса, ҚР Мәдениет саласының үздігі Мақсат Айтжан кешті тізгіндеді. Шара барысында әсем әндер шырқалып, оқушылар мен студенттер өлең оқыды. Аталған кітаптың тұсауы кесіліп, көпке жол тартты. Кешті облыстық кітапхана басшысы Жанат Шардарбекова қорытындылап, келген қонақтарға алғысын білдірді.
Жақында жарық көрген «Әліппенің» әдістемесіне авторы 7 жылын сарп еткен. Балалардың ең алғашқы танымдық кітабы саналатын кітапты зерттеп, бүгінде көпшілікке ұсынып отыр. Нәтижесінде оқушылар көмекші кітаппен әліппені тереңдетіп оқи алады. Ділдәгүл Нұрмаханбет өз кезегінде көп жылдық тәжірибесін жаңа оқулықта кеңінен қолданғанын, кітапты 12 рет талдау сараптау қызметінен өткізкенін атап өтті. Тіпті 7 рецензия жазған. Көрнекі құрал мұғалімге плакат формасында және балаларға жұмыс кітабы формасында дайындалған. Көмекші оқу құралында автор балалар ойын дамыту үшін ойындар мен логикалық сұрақтарды көбірек пайдаланған.
Автор бұл еңбекті жазуға балалардың ойлау қабілетін арттырып, сөйлеу дағдысын дамытатын сапалы көрнекі құралдардың аздығы, сондай-ақ мектеп бағдарламасына «Әліппенің» орнына «Сауат ашу» пәнінің енгізілгені түрткі болғанын айтты. Жеті жылға жуық уақытын оқу-әдістемелік құралын жазу ісіне арнаған автор ұлттық педагогика мен адамгершілік этикаларын білім беру үрдісімен ұштастырудың кемшін тұстары бар екеніне қынжылыс білдірді. Осы орайда ірі қалалардағы кітап дүкендеріндегі балаларға арналған өнімдерге сараптама жасай жүріп, әсіресе бастауыш сыныптарға арналған көрнекі құралдардың аздығына көз жеткіздім дейді автор.
– Елімізде оқулық шығаратын баспалар оқу әдебиетін шығарумен шектеліп, пәнге арналған көрнекі құралдарға жеткілікті көңіл бөлмей келеді. Мектеп мұғалімдерімен әңгіме барысында көрнекі құралдардың жетіспеушілігінен әдістемелік құралдарды өздері қолмен жасауына тура келетінінен хабардар болдым. Нарықты зерттеп, зерделей келе «Әліппені» оқытуға арналған әдістемелік хрестоматиялық көмекші оқу құралын жазу қажеттігіне көзім жетті. Әрине, оқу құралын жазардан бұрын балалар әдебиеті нарығын көп зерттеуге, тиісті министрліктің бағдарламаларымен танысуға тура келді. Бастауыш сынып методикасын зерделегеннен кейін көрнекі құралдың жобасы жасалды. Алайда айтуға оңай болғанмен, балалардың сұранысын, олардың таным-түсінігін меңгеру қиынға соқты, – дейді Ділдәгүл Нұрмаханбет.
Бұған дейін жарық көрген «Әліппе» оқулықтарын, әдебиеттерді, сөздіктерді, әдістемелік кітаптарды зерттеуге біршама уақытын арнаған автор бұл әдістемелік құралдағы тапсырмаларды балалардың мейлінше еркін әрі жылдам меңгеруіне бағыттап отыр.
Көрнекі құралда балаларға әріптерді таныту, оқуға, жазуға үйрету, яғни сауатын ашуда ұлттық салт-дәстүр арқылы тәрбие беру үлгісімен өрнектелген суреттер мен мәтіндер білім берудің дәстүрлі әдістерімен берілген. Бастауыш сыныптағы әдістемелердің барлық талаптарына мән бере отырып, автор көрнекі құралдың мұғалімге плакат және балаларға жұмыс кітабы формасында дайындауға басымдық беріп отыр. Білім беру дағдыларының дәстүрлі әдістемесін қамтамасыз ететін әдістемелік құрал түрлі-түсті суреттермен безендендірілген.
Ділдәгүл Нұрмаханбеттің айтуынша, 5-7 жастағы балалардың ойлау, сөйлеу және жазу қабілетін дамытатын әдістемелік-хрестоматиялық құралды пайдалану мұғалім мен оқушы арасында түсінісу мен іздену формаларына жол ашады. Білім есігін жаңа ашқан баланың сөйлеу, ойлау, жазу дағдыларын дамытуда және жеке тұлғасын қалыптастыруда көрнекі құрал ұстаз бен оқушы арасында маңызды қарым-қатынас құралы іспетті. Сабақта осындай көрнекі құралдарды қолдану баланың дүние танымын арттыруға ықпал етеді. Бұл көмекші оқу құралда балаларға әріптерді таныту, сөздерді, мәтіндерді оқыту, ойлау қабілетін дамыту, сөздік қорын ұлғайту және адамдармен, қоршаған ортамен дұрыс қарым-қатынас жасауға дағдыландыру сияқты тәсілдерге басымдық берілген. Оқу құралында бастауыш сыныптарда қолданылатын айтылым, тыңдалым, оқылым, жазылым қағидалары сақталған.
Автор хрестоматияны жазу ісінде мектеп мұғалімдерінің, оқушылардың ұсыныстары мен қажеттіліктерін басшылыққа алғанын жеткізді. Қазіргі кезде «Әліппенің» әдістемесіне қызығушылық танытушылар мектепке дейінгі дайындық кезеңінде де балалардың білім беру дағдысын арттыруда тиімділігі жоғары болады деген сенімде.
– Ұлттық педагогика мен адамгершілік этикалары арқылы білім беру дағдыларының дәстүрлі методикасын қамтамасыз ететін, түрлі-түсті әдістемелік суреттермен безендендірілген, 5-6-7 жастағы балалардың ойлау, сөйлеу және жазу қабілетін дамытатын әдістемелік – хрестоматиялық құралды пайдалану – мұғалім мен оқушы арасында түсінісу мен іздену формаларына жол ашады. Білім есігін жаңа ашқан баланың сөйлеу, ойлау, жазу дағдыларын дамытуда және жеке тұлғасын қалыптастырауда көрнекі құрал ұстаз бен оқушы арасында маңызды қарым-қатынас құралы болып табылады. Сонымен қатар әр баламен жеке жұмыс жасауға мүмкіндік береді. Сабақта осындай көрнекі құралдарды қолдану – баланың дүние танымын арттыруға да көмектеседі. Бұл көмекші оқу құралында балаларға әріптерді таныту, сөздерді, мәтіндерді оқыту, ойлау қабілетін дамыту, дұрыс сөйлеуге үйрету, сөздік қорын ұлғайту және адамдармен, қоршаған ортамен дұрыс қарым-қатынас жасауға дағдыландыру, достыққа, отансүйгіштіке, адалдыққа, адамгершілікке тәрбиелеу әдістері – бастауыш сыныптарда қолданылатын айтылым, тыңдалым, оқылым, жазылым қағидалары сақталынып, ұлттық педагогика негізінде кірістірілген. Көрнекі құралда балаларға әріптерді танытуға, оқуға, жазуға үйрету, яғни сауатын ашуда ұлттық салт-дәстүр арқылы тәрбие беру үлгісімен өрнектелген суреттер мен мәтіндер білім берудің дәстүрлі әдістерімен берілген. Жоғарыда айтқанымдай, бастауыш сыныптағы әдістемелердің барлық талаптарын сақтау жолында күш-жігерімді аянбадым. Көрнекі құрал мұғалімге плакат формасында және балаларға жұмыс кітабы формасында дайындалған.
Әрине, бұл еңбекті зерттеп жазу да, оны жарыққа шығару да оңай шаруа болған жоқ. Көрнекі құралды жарыққа шығару барысында әр баспалдақтан өткен сайын, қиындығын көріп келемін. Балалардың мектепте терең білім алуына аз да болса үлес қоссам деген арманым бар. Сол арман, мақсатымды орындау жолында бар күшімді, білімімді салып тер төктім, ешнәрседен аянбадым. Барлық қиындыққа төздім, қаржылық шығындарды көтердім. Шындығында көрнекі құралды жарыққа шығару үшін басымды тауға да, тасқа да ұрдым десем болады. Рухани әрі физикалық тұрғыдан қатты шаршаған кездерім де болды.
Мұндай жобаны жүзеге асыру барысында ұсақ шығындар білінбей кете береді екен. Мысалы, Алматының оқулық сататын кітап дүкендерін аралап сараптама жасау, кітаптар сатып алу, суретшілерді Ә.Қастеев атындағы мұражайға апару, Орталық мұражайға, Өнер академиясына, Алматы Мемлекеттік университетіне, Суретшілер Одағына бірнеше рет бару, суретшілердің көрмелерін аралап суретшілерді таңдау, суретшілер мен дизайнерлердің байланыс телефондарын іздеп, мекемелерге қоңырау шалу, баспаханаларға барып өнімді бастыру бағасын анықтау және осының бәрін жүйелеп сарапқа салып отыру үшін қанша уақыт, қаржы кетті. Аталған обьектілерге бару үшін күнделікті интернетті ақтарып, мекен-жайларын, телефондарын анықтап біліп отыру, суретшілердің электронды поштама салып жіберген суреттерін сараптау, суреттер ұнамай қалса, басқа суретшіні және дизайнерді іздеу сияқты жұмыстар көп болды. Көрнекі құралдың мәтінінде этнографиялық заттар мен методикалық сюжеттік суреттер салынатындықтан, суретшілерді таңдау жұмысы да айларға созылды. Өйткені жас суретшілер ұлттық этнографияны жақсы білмейді. Ал классик суретшілер сурет салуға қомақты ақша сұрайды. Сондықтан арзан, әрі сапалы сурет салатын суретшіні іздеуге көп уақыт кетті – дейді Ділдәгүл Нұрмаханбет.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат