Оның айтуынша, жаңа технология - атмосфераның төменгі қабатына теріс зарядталған иондар жіберу арқылы антициклонды бұзып, циклондық процестерге әсер етеді. Салдарынан қажетті аймақта атмосферадағы жоғары қысым төмендеп, ылғал тартыла бастайды. Нәтижесінде жауын жауады.
– Қазіргі таңда құрғақшылық, су тапшылығы бүкіл әлемде басты мәселе болып тұр. Оны шешудің жолдары жан-жақты іздестірілуде. Біз жаңа технологиялар арқылы құрғақшылықты болдырмау, адамзаттың залалынан тартылып кеткен Арал сияқты теңіздерді қайта қалыпқа келтірудің әдісін қарастырып жатырмыз. БҰҰ-ның мәлімдемесі бойынша, әлемде 2,5 млрд адам су тамшылығы зардабын тартып отыр. Көріп тұрғандарыңыздай, қазір Каспий, Балқаш, сондай-ақ, өзендер мен тоғандардағы сулар тартылып жатыр. Жерасты суларының да деңгейі алдыңғы жылдармен салыстырғанда төмендеген. Біз 31 шілде күні өз қаражатымыздың есебінен Шымкент қаласына «Clear Sky Manager New Generation» технологиясын орналастырдық. Салдарынан, Қазақстанның көптеген аймақтарында және Оңтүстік өңірінде тамыз айында қатты жауын жауды. Бұның барлығы біздің технологиямыздың тағы да тиімді екенін дәлелдеді, - деді Алтай Айнабекұлы.
Сонымен қатар, аталмыш технология 2022 жылы Маңғыстау облысында іс-тәжірибеден өткен. Нәтижесінде, бұл өңірде бұрын соңды болмаған ауқымды жаңбыр жауған. Айта кетейік, «International Center of Climate Change Technologies» орталығы Араб Әмірлігінде тіркеліп, қазіргі таңда Африкадағы Сахель және Пәкістанның аридтық аймақтарында жұмыс жүргізіп жатыр. Сондай-ақ, аталған компания Орталық Азияда Халықаралық Арал теңізін құтқару қорының Қазақстан мен Өзбекстандағы дирекцияларымен үшжақты келісім-шартқа отырған. Брифинг соңында спикер әлемде 80-ге жуық мемлекет климаттық әртүрлі технологияларды пайдаланатынын және бұл технология елімізде алғаш рет қолға алынып келе жатқанын айтты.
Жалпы, құрғақшылықпен күресудің негізгі бір жолына агротехникалық шараларды дұрыс пайдалану жатады дейді мамандар. Бұған топырақтағы су қорын сақтау шараларын жатқызуға болады. Әсіресе, топырақтың құрылысын бұзбау структурасын сақтау. Структуралы топырақтарда күз және қыс айларында түскен ылғалдылықты сақтап, жазда жауын-шашын аз болғанына қарамастан өсімдіктерді сумен қамтамасыз етуге болады. Ылғалдылықты сақтаудың екінші жолы — қыста егістік жерлерге қар тоқтату.
Агротехникалық шаралардан басқа ауыл шаруашылығында төзімді өсімдіктерден мол өнім алудың тағы бір жолы — құрғақшылыққа төзімді өсімдіктердің сорттарын шығару. Құрғақшылықпен күресудің келесі жолы жаздық дақылдарды яровизациялау. Өйткені алдын-ала яровизациядан өткізілген дақылдар даму мерзімін қысқартып, жаздың екінші жартысындағы құрғақшылыққа дейін өнім беріп үлгереді. Сондықтан бұл солтүстік аудандарда жүргізілсе тиімді болады.
Кезінде колхоздар мен совхоздарда жүргізілген тәжірибелер құрғақшылық болса да, болмаса да осы әдіспен егілген дақылдардың әр гектарынан 1-6 ц-ге дейін артық өнім алуға болатынын көрсетеді. Сол сияқты шаруашылықтарда дақылдарды құрғақшылыққа шынықтырып егу, яғни физиологиялық тәсілді де пайдаланады. Өсімдіктің құрғақшьшыққа төзімділігі — оның бейімделу қасиетінің бірінен саналады. Өсімдік бейімделу қасиетінің арқасында құрғақшылыққа төзімді келеді.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат