-Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының қолдауымен барлық аудандағы әкімдіктерде жылжымалы кітапхана іске қосылып жатыр. Жастайымыздан ата-анамыздың ықпалымен кітап оқыдық. Қазір шынын айту керек мемлекеттік қызметшілердің кітап оқуға уақыттары тапшы. Әкімдік ғимаратындағы кітапхана оқырмандардың кітапқа деген қызығушылығын оятады деп ойлаймын. Туған өлкенің тарихын тануда бұл жобаның берері мол,-деді Серік Өмірханұлы!
Жылжымалы кітап пунктінде 500-ге жуық кітап қоры бар. Абай Құнанбаевтың шығармаларынан бастау алған кітаптар тізбегі жергілікті ақын, жазушылардың шығармаларымен толыққан. Ауданның тарихы қатпарланған кітаптарды да сөреден көруге болады.
«Ашық әкімдіктегі ашық кітапхана» жобасының мақсаты билік пен халық арасындағы байланысқа руханият арқылы дәнекер болу. Халықтың кітап оқу мәдениетін қалыптастыру. Мемлекеттік қызметшілердің кітапхана қорындағы кітаптарға қолжетімділігін арттыру болып табылады. Оқырмандардың сұраныстарын толықтыру үшін арнайы жауапты кітапханашы қызмет көрсетеді. Сөредегі кітаптар мерзіміне сәйкес жаңартылып отырады.
Кәсіби маман болып, біліктілігін үздіксіз арттыруға тырысатын әр адам өзін дамытуға уақыт пен мүмкіндік таба алуы керек. Ал, адамды тәрбиелейтін бірден бір құрал ол - кітап. Қоғам алдында белгілі бір міндеттемелері бар, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуден бастап халықаралық қатынастарға дейінгі салаларда мемлекеттік саясатты айқындайтын және оны іске асыратын мемлекеттік қызметшілер үшін бұл өте қажет.
Бұған дейін аталған жоба аясында Түркістан облысындағы бірнеше аудан-қалаларда кітап пункттері ашылған болатын. Сондайлардың бірі таяуда Түркістан қаласында да ашылды. Іс-шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, мемлекеттік қызметшілер мен кітапханашылар қатысқан болатын.
– «Ашық әкімдікке» көптеген адам келіп, өз мәселесі мен өтінішін айтады. Тек қызметтік емес, мәдени-рухани бағыттағы жұмыстарды жүргізуге де лайықталған орын болады деп ойлаймын. Бастаманы жүзеге асырған «Фараб» кітапханасы ұжымына алғысымды білдіремін. Мұнда мемлекеттік қызметшілер, «Ашық әкімдікке» өтініш айтып келушілер мен сол аумақтағы тұрғындарға қызмет көрсетіледі. Азаматтар тұрақты түрде қалаған кітабын оқиды. Сондай-ақ қандай кітап қажет екенін жазып, қалдыра алады. Облыс басшысы Дархан Амангелдіұлы бұл бастаманы қолдап, мемлекеттік қызметшілерге жігер, тәжірибе беретін, іскерлікті арттырып, мемлекеттік басқару ісінде білім жетілдіретін кітап тізімін жасауды тапсырды. Ол бағытта арнайы қаражат қаралуда. Осындай кітап бұрыштары аудан, қала әкімдіктерінде де ашылғаны жөн. Ғаламтор әрине жақсы, бірақ дәстүрлі кітап оқу үрдісін сақтап, жайлы орта қалыптастыруымыз қажет. Бастама өміршең болсын, сәттілік тілеймін, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Жылжымалы кітап пункті екі бөлімнен тұрады. Бірінші бағыт «Ашық қор» деп аталады. Ал соның жанындағы «Негізгі қор» бөлмесінде оқырманның кітап оқуы үшін оқу жағдай жасалған. Сондай-ақ кітапханаға келушілер үшін ақылы негізде сусын мен кофе ішетін орын да қарастырылған. «Ашық әкімдік» кеңсесінің ішінен ашылған кітап сөресінде қазіргі таңда 1000-ға жуық кітап қоры жасақталды. Оның ішінде әр түрлі бағытта, атап айтқанда мотивациялық, көркем әдебиет, психологиялық, тарих, дінтану тақырыбындағы кітаптар және мерзімді басылымдар бар. Жергілікті шебер Жанболат Сүйімбайдың қолынан шыққан, ешкінің терісінен жасалған бұйымда Абайдың «Қара сөздері» жазылған.
Жалпы, облыста кітапханаларда кітап қорын арттыру, оқырмандардың қатарын көбейту мақсатында көптеген іс-шаралар ұйымдастырылып жүр. Мәселен, жыл басында Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында Түркістан облыстық мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен «Кітап Travel – 2023» акциясы өтті. Шараның ашылу салтанатына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев және зиялы қауым өкілдері мен сала қызметкерлері қатысқан болатын.