І кезеңдегі іссапарда облыстың 15 қызметкері жұмыс жүргізуде. Оқыту семинары жапон білім беру сарапшыларының шебер сыныптарына қатысып, мектептеріне барып сабақты зерттеуді бақылау және зерттеу процесіне ену мақсатын көздейді. Оқыту семинары Жапонияның Білім министрлігінің білім беру саласындағы ұлттық саясат институтының қолдауымен ұйымдастырылып отыр.
Токиодағы оқу семинарының жұмыс жоспарына сәйкес бірінші күні делегаттар қазіргі жапон білім беру жүйесінің қалыптасу тарихымен танысты. Уаседа университетінің профессоры Юмико Оно жұмыс тобын жапон мектептеріндегі оқыту әдістемесімен таныстырды. Халықаралық семинардың екінші күнінің бағдарламасы бойынша Иокоһамада орналасқан мектеп базасында жұмыс жүрді. Делегаттар Lesson study әдістемесі бойынша 3 және 6-сыныптардағы кіріктірілген оқытудағы зерттеу сабақтарына еніп, сонымен қатар жапон мұғалімдерінің зерттеу топтарының жұмысына және сабақтарына қатысты.
Өңір делегациясы жапон білім мазмұны мен білім беру әдістемесін ғана емес, әкімшілік басқару, педагогикалық ұжымдық мәдениет, педагогтың кәсіби даму құлшынысы мен траекториясы, оқушылардың патриоттық санасын қалыптастыру, тіпті шаруашылық сұрақтарына да жауап алды.
Семинар жұмыстарына сәйкес, Т.Шишибо профессордың лекциясы мен мектептердегі зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Айта кетерлігі, Түркістан облысы Білім беруді дамыту орталығы мен Жапонияның Білім беру саласындағы ұлттық саясат институтының арасында білім беру байланысы орнатылып, бірге зерттеу жұмыстарын жүргізуге келісілді.
Жапондар – әлемдегі ең еңбекқор халық. Азаматына еңбекқорлық қасиет балабақшадан сіңіп, мектепте бекиді. Ұлттық беріктік іргетасы да – мектептен. Әр адамның өзін өзі қадағалауы, қоғам алдындағы жауапкершілік, ортадағы сыйластық қарым-қатынас бастауы да – мектеп. Білім жүйесі сырттай қарағанда басқа капиталистік елдердің білім жүйесіне ұқсас болғанмен, мәні мен мазмұнына назар салсақ, көптеген ерекшелігі бар.
Жапон мектептері шйоугаккоу, чиюгаккоу, коутоугаккоу деген үш сатыдан тұрады. Бастауыш мектеп – шйоугаккоуда оқушылар алты жыл оқиды. Орта мектеп – чиюгаккоу мен жоғары мектеп – коутоугаккоуда үш жыл білім алады. Сонда жапон баласы мектепте барлығы он екі жылын өткізеді. Жоғары мектепті бітірген соң университетке түсуіне болады. Бастауыш пен орта мектеп міндетті білім сатысы саналады. Бастауыш пен орта білім тегін беріледі, ал жоғары мектеп ақылы. Жапон мектептерінің бұл үш түрінің ғимараттары бөлек-бөлек орналасқан.
Жалпы, жапондар білімқұмар халық. Білім жинау адамның өмір бойы айналысатын ісі деп есептейді. Еш нәрседен қателеспеуді өмірлік қағидаттың бірі санайды. Сондықтан бұл елде оқушылардың сабақтан қалуы, мектепке кешігіп баруы, мектеп ережесіне бағынбауы жоққа тән. Әр дүйсенбіде, оқушылар бір қатарға тұрады да, мектеп директорының он бес минуттық сөзін тыңдайды. Бір сыныптың оқушылары өздеріне тиесілі кабинетте отырады. Оқушылар сабақтан қалмайды. Мектепке уақытында барып, барлық сабаққа қатысу, тиянақтылық жоғары бағаланады. Сабақ кезінде тамақ жеу, тағы басқа бейәдеп әрекеттерден өздерін аулақ ұстайды.
Балдырған балабақшадан соң бастауыш мектепке қабылданарда емтиханнан өтеді. Бастауыш мектепте оқу жеңіл, үй тапсырмасы берілмейді, қиын емтихандар жоқ. Жапониядағы бастауыш мектептің басты мақсаты – бала бойында мәдениетті адам қасиеттерін қалыптастыру, жалпы білім негіздерімен таныстыру. Оқушылар 4-сыныпқа дейін емтихан тапсырмайды, өз бетімен орындаған шығармашылық жұмыстарын өткізеді.
Балаларға қоршаған ортаны сүюге үйрету, әдептілікке тәрбиелеу – бастауыш білім жүйесінің негізгі міндеті. Негізінен жапон тілі, музыка, әлеуметтану пәндері, бейнелеу өнері, үй шаруашылығы, арифметика, табиғаттану оқытылады, еңбекке баулу, дене шынықтыру да бар. Мектептерде арнайы жабдықталған кабинетте «Отбасы тәрбиесi» деген пән оқытылады. Ал «Қарияларға құрмет» деп аталатын сабақ барысында балалар ақсақалдармен жүздесiп, шаруасына қолғабыс тигiзедi. Егiстiкте орақ орып, келсаппен күрiш түюге де бастауыштан баулиды.
Оқушылар адамды құрметтеуге, табиғатты аялауға, ортаға зиян келтіретін әрекеттен аулақ болуға тәрбиеленеді. Өзін-өзі ұстай білу, қанағатшылдық, қоғам үшін еңбек ету – басты тәрбие бағыты.
Бірінші сыныптан бастап кокуго (мемлекеттік тіл) пәні міндетті түрде оқытылады. Жапон тілі – барлық пәннің алдында тұрған ең маңызды сабақ. Жапонияда мемлекеттік тіл пәнінің маңызы зор. Кокуго – баланың ана тіліне сүйіспеншілігін оятумен қатар, ежелгі жапон тілінің ерекшелігін санасына бекітетін оқу жүйесіндегі басты ілім. Ағылшын тілі орта мектепте оқытылады. Бірақ баланың ұлттық жазу, оқу тілін классикалық деңгейде біліп шығуы бәрінен маңызды саналады.
Барлық пән тек мемлекеттік тілде оқытылады. Бастауыш мектептегі ең көп сағат саны да кокуго пәніне бөлінген. Кітапқа сүйіспеншілік бала бойына балабақшадан сіңеді. Бастауыш мектепте оқушылардың кітапқұмарлығын арттыратын түрлі шаралар өткізіледі. Бұдан бөлек жапон баласы аптасына кем дегенде бір рет мектеп кітапханасына барып, кітап оқуға міндетті. Сондай-ақ аптасына бірнеше мәрте өтетін сыныптағы он минуттық кітап оқу шарасына оқушылар түгел қатысады.
Емтихандар орта мектепте басталады, жылына екі-үш рет тапсырады. Емтихан тапсыру кез келген жапон үшін қиын әрі жауапкершілікті талап ететін маңызды іс саналады. Емтихан сынағына дайындалу барысы азапты еңбек екені сөзсіз. Жапон баласының емтиханға үлкен жауапкершілікпен қарауының белгісі «шикенджигоку» (емтихан тозағы) деген сөзден байқауға болады. Жоғары оқу орнына мектеп емтиханы мен университеттің қабылдау емтиханын тапсыру арқылы түседі. Мектепті 12 жыл бойы өте жақсы оқыған шәкірттер де емтихан тапсырады, оларға елден ерекше жеңілдік жасалмайды. Оқушылардың білімі әріптік таңбамен немесе балмен бағаланады.
Тәрбие мен тәртіп қатар ұштасқан жапон мектебінде оқушылардың мұғалім алдындағы жауапкершілігі жоғары. Мұғалім сыныпқа кіргенде бастауымен оқушылар орындарынан тұрып, ұстазға иіліп амандасады. Содан соң сабақ басталады. Оқушылар әр сабақтың басы мен соңында мұғалімге иіліп, тағзым етеді. Жапон оқушыларының сабаққа қатысу көрсеткіші 99,9 пайызды құрайды. Яғни бұл елде оқушылар сабақтан қалмайды, кешікпейді деген сөз. Шәкірттердің ұстаздарға деген құрметі жоғары. Сабақ кезінде басқа нәрсеге алаңдап, мұғалімді тыңдамау үлкенді сыйламаудың нышаны ретінде қабылданады. Жапон балаларының елден ерек тәртіпті екені соншалық, егер мұғалім кенеттен науқастанып, жұмысқа келе алмаса, оқушылар шулап, сабақтан қашпайды, берілген тапсырманы сынып ішінде орындап отыра береді.
Жапон мектебінде оқушылардың әрекетті таңдау еркіндігі берілген. Әр мектепте сэйтокай деген оқушылар кеңесі жұмыс істейді. Аталған кеңесте басшы, орынбасар лауазымдарына сайланатын бала мектеп ұжымы алдында баяндама жасап, атқаратын істері мен жоспарларымен таныстырады. Жапон мектебінің өзгеге ұқсамайтын тағы бір ерекшелігі, сыныптағы оқушылар құрамы мен мұғалімдер жыл сайын ауысып отырады. Бұл баланың үйреншікті ортада тұйықталып қалмай, жаңа жағдайға бейімделуі үшін керек.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат