Жексенбі, 14 Сәуір 2024 17:09

«Серпін» бағдарламасына қатысушылардың басым көпшілігі Түркістан облысының түлектері

Бұл жайында Түркістан облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан  облыстық Жастар ресурстық орталығы» КММ-ң басшысы Ернар Бектаев мәлімдеді.

- 2023 жылы «Серпін - 2050» мемлекеттік бағдарламасы бойынша республикаға бөлінген 3 653 гранттың 983-не Түркістан облысының талапкерлері ие болды. Жалпы аталған жобаға түркістандық жастардың қызығушылығы жоғары. Айта кететін жайт, серпіндіктердің 70-90 пайызы тұрақты жұмысқа орналасады. Биыл да 1 мыңнан астам маман бітіруші түлектерге бағдарлама аясында түсіндіру жұмыстарын жүргізетін болады. Қазіргі таңда жоспарға сәйкес жұмыстар басталып та кетті,- дейді Ернар Нұралыұлы.

Сондай-ақ, брифинге қатысқан С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің қабылдау комиссиясының басшысы, «Серпін» штабының жетекшісі Лейла Байжұманованың айтуынша, бүгінде Түркістан облысының аудан-қалаларында бағдарлама бойынша үгіт-насихат жұмыстары жүріп жатыр. Одан бөлек, спикер аталған оқу орнында биылғы жылға 700 гранттың бөлінгендігін, оның 200-і «Серпін» бағдарламасы аясында берілетіндігін айтты.

Айта кетсек, аталған жобадағы Түркістан облысы жастарының үлесі – 2018 жылы жалпы берілген 5 000 гранттың 67,3%-ын, 2019 жылы 5 100 гранттың 45%-ын, 2020 жылы 5 100 квотаның 2 100-ын құрады. Сонымен қатар, 2021 жылы 5 600 грантқа 979 студент, ал 2022 жылы 3 600 грантқа 1 мыңға жуық оқушы «Серпін» бағдарламасының қатысушысы атанған.

Елімізде Оңтүстіктегі жастарды солтүстікте оқытып, көшіруді мақсат еткен «Серпін» мемлекеттік бағдарламасы 2014 жылы бастау алған болатын. Аталған бағдарлама аясында талай жас теріскейге барып, білім алды, біразы сонда тұрақтап қалды.

«Серпін» бағдарламасы халқы тығыз орналасқан еліміздің оңтүстік аймақтарындағы жастарды кадр жетіспеушілігі байқалған Қазақстанның солтүстік, батыс және шығыс өңірлерінде оқытып, жұмысқа орналастыру бағытында қолға алынған.

Ауыл түлектеріне арналған бағдарлама аясында 2023-2024 жылғы оқу жылдарына 3 653 грант бөлініп отыр. Оған Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Алматы, Жетісу облыстарының түлектері қатыса алады.

Қазіргі таңда аудан, қалаға бекітілген апталық жоспар бойынша «Серпін» бағдарламасына бөлінген гранттарды жастарға түрлі брошюра таратып, афиша, бейнероликтер жариялау арқылы насихаттар жасалған. Бағдарлама аясында үміткерлер құжаттарын тапсыра алады. Былтырдан бастап құжат тапсыру жеңіл әрі жастардың көп шоғырланған өңірлеріне ауысып отыр. Мәселен, былтыр Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің мәжіліс залы мен Сарыағаш ауданындағы мәдениет үйінде құжат қабылдау комиссиясының жұмысын жүргізілді.

Жалпы гранттар Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Абай, Павлодар, Қарағанды, Қостанай облыстарында орналасқан университеттерге бөлінеді. Гранттар техникалық ғылым, ауыл шаруашылығы, медицина саласын қамтиды. Айта кетерлігі, биыл 1 қыркүйектен бастап шәкіртақыны бакалавр студенттеріне 20 пайызға, магистратура студенттеріне 15 пайызға дейін өсіру жоспарланған.

Осылайша бағдарлама аясында былтыр 18 университеттің өкілдері түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, оқуға шақырды. Олардың ішінде Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті, М.Қозыбаев атындағы СҚУ және Инновациялық Еуразиялық және Сәтпаев атындағы Екібастұз инженерлік-техникалық университеті, Өскемендегі С.Аманжолов атындағы университеті мен Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ бар.

Сонымен қатар, бағдарлама шеңберінде Семейдегі Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті мен Ә.Бөкейханов университеті, Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институты жастарды білім нәрімен сусындатпақ. Сондай-ақ, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті, Қостанай облысындағы Рудненский индустриалды институты және М.Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университеті бар. Бұдан бөлек, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті және А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті, А.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті, Қарағанды индустриалді университеті, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті, Павлодар облысындағы С.Торайғыров Университеті Оңтүстік түлектеріне есігін айқара ашпақ.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің бас сарапшысы Әділбек Мансуровтың айтуынша, бұл бағдарламаға 2023 жылдан бастап жаңа жүйелер енгізіліп жатыр. Осы уақытқа дейін «Серпін» бағдарламасы бойынша тегін білім алған студенттер оқу бітіргеннен кейін оқыған өңірлерінде үш жыл жұмыс істеуге міндеттелген болса, ендігі уақытта талап өзгеріп еңбек өтеу мерзімін азайтып, екі жыл жұмыс істеу міндеттелді. Сондай-ақ, жас мамандар тек оқыған өңірінде ғана емес, солтүстік, батыс және шығыс өңірлеріне қарасты 11 аймақта жұмыс істеуіне болады.

Жалпы, бұл бағдарлама әуеліде «Серпін - 2050» «Мәңгілік ел жастары - индустрияға» мемлекеттік бағдарламасы деген атаумен 2014 жылдан бастап жұмыс істей бастады. Бағдарлама мақсаты - халқы тығыз орналасқан еліміздің оңтүстік аймақтарындағы жастарды кадр жетіспеушілігі байқалған Қазақстанның солтүстік, батыс және шығыс өңірлерінде оқытып, жұмысқа орналастыру. Бұл бағдарлама бірінші жылы педагогикалық мамандықтар бойынша іске асқан, кейіннен оның аясы кеңейіп, техникалық және ауылшаруашылық мамандықтарын қамтып отыр.

«Серпін» бағдарламасымен грант негізінде оқуға түскен студенттер жатақханамен қамтамасыз етіледі және оқу бітірген соң жұмысқа тұруға университет ықпал жасайды. Жоба аясында еліміздің оңтүстік өңірлерінің жастары өндіріс орындары дамыған, жұмысшы  күшіне қажеттілік қалыптасып отырған Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Қарағанды өңірлерінің жоғарғы оқу орындары мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында тегін білім алып, тұрақты жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді.

Серпін жобасына Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан облысы,  Жамбыл,  Алматы  облыстарының  жастары  қатыса  алады. ЖОО-на түсу үшін түлектер ҰБТ немесе кешенді тестілеуге қатысуы  тиіс. ҰБТ мен  кешенді тестілеуден кем дегенде, 50 баллдан кем емес және де таңдау пәнінің ұпайы кем дегенде 7 баллдан төмен болмауы тиіс. Ал, колледждер үшін ҰБТ және кешенді тестілеу  тапсыру шарты жоқ. Колледждерге түлектер конкурс арқылы түсе алады.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 207 рет