Облыстық білім басқармасының білім беруді дамыту орталығы мен Түркістан облысы математика пәні мұғалімдері қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткізген пайдасы мол мазмұнды іс-шараның ә дегеннен-ақ ашықтық пен әділдік, сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік принципін басты ұстаным екені аңғарылып тұрды.
Облыс көлеміндегі білім ордаларындағы математика пәнінен дәріс беретін мұғалімдер арасынан дарындыларын, олардың кәсіби деңгейін көтеріп, ынталандыру мақсатын көздеген олимпиада қатысушыларына ұлы ойшыл, теңдесі жоқ ғұлама ғалым Әбу Нәсір әл-Фарабидің барлық ғылым атаулының атасы математикаға қатысты озық ой-түйіндеулері арқау болған көрмелік көрнекті құндылықтар таныстырылды. Мектеп бағдарламалары мен математика пәнінің қыр-сырлары хақында оралымды ойлар бір арнаға тоғысып, өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасалған іс-шарадан жиналған қауым мол әсер алды.
Тағылымды шараға аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов қатысып, ғылым мен білім көкжиегінде еселі еңбек етіп, шәкірт тәрбиелеп жүрген ұстаздар қауымына алғысын жаудырып, олимпиада қатысушыларына сәттілік тіледі.
Төрт кезең бойынша облыстың әр өңірлерінен келген математиктердің сабақ өткізудегі әдіс-тәсілдері, кәсіби тұрғыдағы білім деңгейлері сарапқа салынған олимпиадада үздік деп танылған үлгілі ұстаздар арнайы марапаттарды иеленіп, мерейлері тасып, жүздері бал-бұл жайнап тұрады. Бойларындағы білімге құштар озық ойлы шәкірттеріне сапалы білім, саналы тәрбие беруде әріптестеріне үлгі-өнеге көрсетіп жүрген ұлағатты ұстаздар қай кезде болса да шынайы сый-құрметке лайық екендігі атап көрсетіліп, олардың ерен еңбектері көпшілік кәдесіне айнала бермек.
Әл-Фарабидің шығармашылық мұрасы орасан зор, айналысқан ғылыми салалары да кең. Тарихи деректер бойынша 70-ке жуық тіл білген. Өздігінен көп оқып, көп ізденген ойшыл философия, логика, этика, метафизика, тіл білімі, жаратылыстану, география, математика, медицина, музыка салаларынан 150-ге жуық трактат жазып қалдырды.
Ғылыми еңбектерінің ең әйгілісі "Қайырымды қала тұрғындарының көзқарасы жайлы трактат" деп аталады. Оның атақты "Музыка туралы үлкен трактат" деген шығармасы әлемнің көптеген тілдеріне аударылған. Біздің дәуірімізге жеткен теңдесіз жаңалықтарының бірі – кәдімгі нота. Ол музыкалық дыбыстарды бірінші болып қағаз бетіне түсірді. Музыкалық аспап та жасаған. Домбыраның баламасын жасады деген жорамал бар. Ал астрономияда әл-Фарабидің күн сағатын жасау әдісі әлі күнге дейін қолданылады.
Әл-Фараби философия саласы бойынша грек ойшылы Аристотельдің "Категориялар", "Метафизика", "Герменевтика", "Риторика", "Поэтика", бірінші және екінші "Аналитика", "Топикасы" және тағы басқа көптеген еңбектеріне түсініктемелер жазды. Аристотельдің әлеуметтік-қоғамдық идеяларын дамыта отырып, "Кемеңгерлік меруерті", "Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы", "Мәселелердің түп мазмұны", "Ғалымдардың шығуы", "Бақытқа жету", "Азаматтық саясат", "Мемлекеттік қайраткерлердің нақыл сөздері" сияқты көптеген сындарлы философиялық еңбектер жазған. Фараби бұл еңбектерде дүние, қоғам, мемлекет, адамдардың қатынастары туралы заманнан озық тұрған пайымдауларын жеткізді.
Әлем оны "Әбу-Насыр әл-Фараби" деп таниды. Бірақ азан шақырып қойған аты – Мұхаммед. Әкесінің есімі де сондай болған. Атасының аты – Тархан, бабасы – Ұзлақ. Сол кезде "тархан" деген әскери атақ та болды. Ал ғұламаның толық аты-жөні - Әбу-Насыр Мұхаммед Иби Мұхаммед ибн Ұзлақ ибн Тархан Әл-Фараби.
Ұлы ойшылдың балалық және жастық шағына қатысты деректер жоқ. Дегенмен, 870 жылы Арыс өзенінің Сырдарияға құятын сағасындағы Фараб қаласында (қазіргі Түркістан облысындағы Отырар қаласының маңайында болған ортағасырлық қала) дүниеге келгені белгілі. Отырарды арабтар "Барба-Фараб" (мағынасы - "қазыналы қала", "бай қала", "көркем қала" ) деп атаған. Сол себепті ол Әбу Насыр әл-Фараби, яғни, "Фарабтан шыққан Әбу Насыр" атанып кеткен. Ал "Әбу Насыр" деген атауға қатысты бірнеше жорамал бар. Ғалымдардың пайымдауынша, Әбу Насыр "Насырдың әкесі" дегенді білдіреді, яғни әл-Фарабидің Насыр деген ұлы болған. Тағы бір жорамалға сәйкес, бұл – арабтардың ерекше құрмет белгісі. Шығыста ұстазды немесе қадірлі адамды өз атымен атамайтын дәстүр болды. Сол себепті халық ойшылды "Әбу Насыр", қазақшаға аударғанда "жәрдемші" деп қадірлеген.
Әбу Насыр бала күнінен ғылымға үйір болып өсті. Оның бақытына қарай сол заманда Отырар жақта аса бай кітапхана болған. Әл-Фараби парсы, грек тілдерін үйренді, осы тілде ғылыми трактаттар оқыды.
Ұлы ойшыл бастапқы білімін Фараб пен Бұқарада алды. Одан кейін Бағдатқа аттанды. Негізгі масқаты – білімді жетілдіру. Бағдат шаһарында логика, математика ғылымдарын терең зерттеп, араб тілін меңгеріп алды. Дүниенің өткінші қызықтарынан, ойын-сауықтан алыс жүрді. Тұрмысына жетерлік аз дүниеге қанағат етіп, уақытының барлығын ғылым жолына арнады.
Білімге деген құштарлығының арқасында әл-Фараби сол уақыттағы ғылым мен білімнің ордасы саналған Дамаск, Халеб, Каир, Шаш, Самарқан, Мерв, Нишапур, Рей, Хамадан қалаларында болып, білімін үнемі жетілдіріп жүрді. Сол жерде Шығыстың ең көрнекті ғалымдарымен танысады. Олардан тәлім-тәрбие алады.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат