Сәрсенбі, 27 Қараша 2024 09:06

МӘРТЕБЕЛІ МЕРЕЙТОЙ

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің География және табиғатты пайдалану факультетінің құрылғанына 75 жыл толды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (ҚазҰУ) – Қазақстанның жетекші оқу орындарының бірі, еліміздің білім беру және ғылыми-зерттеу саласындағы алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының бірі ретінде дараланған қара шаңырақ. ҚазҰУ құрамындағы География және табиғатты пайдалану факультеті де осы беделді оқу орнының негізгі құрылымдарының бірі ретінде ерекшеленеді. Оның тарихы мен даму жолы еліміздің география саласындағы білім беру және ғылыми-зерттеу қызметінің қалыптасуымен тығыз байланысты.

География және табиғатты пайдалану факультетінің тарихы 1949 жылдан басталады, сол жылы ҚазҰУ-дың құрамында алғашқы география кафедрасы құрылды. Бұл кафедраның ашылуы Қазақстандағы география ғылымының дамуына үлкен серпіліс берді. Сол кездегі география саласының мамандары мен ғалымдары Республикадағы табиғи ресурстарды зерттеуге және табиғатты тиімді пайдалануға бағытталған маңызды зерттеулер жүргізе бастады.

Факультет алғашқы жылдары негізінен табиғи-географиялық зерттеулерге назар аударды. Сол кезде Қазақстанның табиғи ландшафттары, климаттық жағдайлары, су ресурстары, топырақ және өсімдік жамылғысы сияқты мәселелерге баса назар аударылды. Осы жылдары факультеттің зерттеушілері еліміздің әртүрлі аймақтарына экспедициялар ұйымдастырып, Қазақстанның табиғи байлықтарын жан-жақты зерттеді.

1960-1970 жылдары факультетте ғылыми-зерттеу жұмыстары кеңейіп, жаңа кафедралар ашылды. География және табиғатты пайдалану саласындағы мамандарды даярлау сапасы артып, студенттерге сапалы білім беру мен оларды практикалық зерттеу жұмыстарына тарту басты мақсатқа айналды. Бұл кезеңде факультет география, гидрология, метеорология, картография сияқты негізгі бағыттарда мамандар дайындап, ғылыми жаңалықтарымен танылды.

Факультет тарихындағы маңызды кезеңдердің бірі – Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары болды. 1991 жылдан бастап факультет жаңа бағыттар мен инновациялық тәсілдерді енгізе бастады. Табиғатты қорғау, экологиялық мониторинг, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану сияқты салаларда жаңа бағдарламалар енгізіліп, ғылыми-зерттеу жұмыстары халықаралық деңгейде танылды.

Бүгінде География және табиғатты пайдалану факультеті – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің ең беделді факультеттерінің бірі болып табылады. Ол Қазақстанның және бүкіл әлемнің әртүрлі аймақтарындағы табиғи және экологиялық мәселелерді зерттейтін, география және табиғатты тиімді пайдалану саласында жоғары білікті мамандарды даярлайтын жетекші орталық ретінде танылған. Факультет құрамында бірнеше ғылыми-зерттеу зертханалары және далалық зерттеулерге арналған орталықтар жұмыс істейді, бұл – студенттер мен жас ғалымдарға өз білімдерін практика жүзінде қолдануға мүмкіндік береді.

2024 жылы факультетте «Тұрақты даму мақсаттары және табиғатты ұтымды пайдалану» ғылыми орталығы ашылып, оның құрамында 10 инновациялық зертхана жұмыс істеп тұр. Бұл зертханалар Қазақстанның табиғи ресурстарын ұтымды пайдалану және тұрақты даму мақсаттарын іске асыруға бағытталған ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізеді. 

Биыл осы География және табиғатты пайдалану факультетінің құрылғанына 75 жыл толуда. Бұл айтулы күн факультет ұжымы үшін ғана емес, бүкіл Қазақстандағы география және табиғатты пайдалану саласының мамандары мен ғалымдары үшін де ерекше маңызға ие. 75 жыл бойы факультет еліміздің білім беру және ғылыми-зерттеу саласында үлкен жетістіктерге қол жеткізіп, жоғары білікті мамандар даярлауға, табиғат ресурстарын зерттеу мен қорғауға үлкен үлес қосып келеді.

Осы факультеттің түлегі ретінде барлық әлеуметтік желілер арқылы университетіміздің жетістіктерін және жаңалықтарын көріп қуанып отырамыз. Сонымен қатар, қайда жүрсек те мақтанышпен География факультетінен білім алғанымызда айта жүреміз. «Бір күн білім бергенге қырық күн сәлем бер», - дегендей, мен де өз тарапымнан осындай мерейтойға толы жылда өз тарапымнан ыстық лебізімді білдіргім келіп қолыма қалам ұстаған жайым бар. 

75 жылдық мерейтой факультет үшін тек өткен жетістіктерді атап өту ғана емес, сонымен қатар болашаққа деген үлкен жоспарлар мен мақсаттарды белгілеу. Бұл мерейтой факультеттің ғылыми-зерттеу қызметін одан әрі дамытуға, жаңа ғылыми бағыттарды меңгеруге, студенттер мен жас ғалымдарға қолдау көрсетуге үлкен серпін береді.  

Биыл Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Картография және геоинформатика кафедрасы өзінің 50 жылдық мерейтойын атап өтуде. Бұл маңызды күн кафедра ұжымы мен студенттері үшін ғана емес, сондай-ақ Қазақстандағы картография және геоинформатика саласының барлық мамандары үшін ерекше мәнге ие. 50 жыл бойы кафедра еліміздің географиялық және картографиялық зерттеулерін дамытып, жоғары білікті мамандарды даярлауға зор үлес қосып келеді.  

Сонымен қатар, факультет құрамындағы тарихы 1974 жылдан басталатын картография және геоинформатика кафедрасының да 50 жылдық мерейтойы. Сол уақыттан бері кафедра өз саласында көптеген жаңашылдықтар енгізіп, еліміздің ғылыми және техникалық дамуына үлкен үлес қосты. Кафедраның түлектері картография, геоинформатика, геодезия сияқты түрлі салаларда жұмыс істеп, өздерінің білімдерін еліміздің игілігіне жұмсап келеді. Кафедраның ғылыми-зерттеу қызметі геоақпараттық жүйелерді, қашықтан зондылау әдістерін, экологиялық мониторингті және кеңістіктік деректерді талдау технологияларын зерттеуге бағытталған. Соңғы жылдары кафедрада «Табиғи-техногендік қауіп-қатерлер» мамандығы да ашылған. Биыл бакалавриат бойынша алғашқы түлектерге диплом табыстайды.

Факультет ұжымын 75 жылдық және кафедра ұжымын 50 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймыз! Сіздерге шығармашылық табыстар, жаңа ғылыми жетістіктер және география саласында одан әрі өркендеулер тілейміз. Келешекте де факультет түлектері мен оқытушылары еліміздің және әлемнің дамуына өз үлесін қоса береді деп сенеміз!

 

                                                     Гүлжазира Сәлімханқызы Мұхтархан,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

География факультетінің 2001 жылғы    

                                                     түлегі, Түркістан жоғары көпсалалы  

                                                     аграрлық колледжінің оқытушысы.

Оқылды 408 рет