Бейсенбі, 05 Желтоқсан 2024 10:39

Түркістан облысында 107 білім беру мекемесінің жылыту жүйесі газға ауыстырылды

Түркістан облысында білім саласын дамыту, білім мекемелерінің инфрақұрылымын жақсарту, мектеп тапшылығын жою бағытында жұмыстар жалғасуда. Облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде осы саладағы жұмыстар баяндалып, кемшіліктер де айтылды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.

– Білім саласындағы өзекті мәселелерді шешуді тапсырған болатынмын. Мектептердің оқу кабинеттерін жабдықтау, құрылысын уақтылы жүргізу, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу бағытында жүйелі жұмыс жалғасуы тиіс. Білім мекемелеріне цифрлық жүйелерді енгізу бойынша нақты ұсыныс беріліп, тиісті жұмыс атқарылсын. Бөлінген қаржыны дұрыс игеріп, тиісті жұмысты уақтылы атқару керек. Біз бұл саладағы жұмыстарды қатаң бақылауда ұстаймыз, – деген Дархан Сатыбалды жауапты басшыларға жүктелген міндеттерді сапалы орындауды жүктеді.

Түркістан облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Қасымбекованың мәлімдеуінше, биыл облыстағы 107 білім беру мекемесінің жылу жүйесі табиғи газға ауысты. Оған білім саласынан үнемделген бюджет қаржысы есебінен 2,2 млрд. теңге (79 мектепке – 1,85 млрд. теңге, 28 балабақшаға – 350 млн. теңге) қаржы қаралған. Қазіргі таңда 107 мекемдегі жұмыс толық аяқталып, мекемелер табиғи газға қосылды. Нәтижесінде табиғи газға қосылған білім нысандарының саны 800-ге жетті. Бұл жұмыстар көмірге деген сұранысты 79 мың тоннаға дейін төмендетіп отыр. Ал 2025 жылы тағы 100 білім беру мекемесінің жылыту жүйесін қатты отыннан (көмір) табиғи газға ауыстыру жоспарлануда. Оған болжаммен 2 млрд. теңге қаржы қажет. Бұл жұмыстарды білім саласынан үнемделген бюджет қаржысы есебінен шешу жоспарланып отыр.

Облыста балалардың бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру мақсатында іс-шаралар бекітіліп, тиісті жұмыс жалғасуда. Нәтижесінде ерте жүктілік, жасөспірімдер арасындағы суицид пен қылмыс дерегінің төмендегені байқалған.Балалар үшін 30 жазғы сауықтыру лагері (9 мемлекеттік, 21 жекеменшік) қызмет көрсетті. Жазғы сауықтыру жұмыстарын жүйелеу, лагерлерді орталықтандыру арқылы мемлекеттік лагерлерде жаз маусымында қосымша 9 мыңнан аса баланы қабылдау көзделуде.

Жыл басында мемлекеттік тапсырыс орналастырылған 1432 мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында мониторинг жүргізілді. Жалпы облыстағы балабақшаларда 155 992 бала тәрбиеленуде. Мониторинг нәтижесінде мектепке дейінгі ұйымдар есебіне алынған кейбір балалардың балабақшаларға мүлдем келмейтіні және оған білім бөлімдері арқылы төлем жүргізілгені анықталды. Анықталған кемшіліктер бойынша облыстық білім басқармасы жанынан құрылған комиссия мақсатсыз 7422 мемлекеттік тапсырысты қысқарту туралы шешім қабылдаған. Мәжілісте мектептерді жаңғырту жобасына енгізілген білім ұяларын жөндеу, асханаларын реттеу, оқу кабинеттерін жабдықтау және өзге де мәселелер айтылды.

Түркістан облысында «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасын іске асыру шеңберінде 2023-2025 жылдары жобалық қуаттылығы 49 мың орындық 63 мектеп салу жоспарланған. Атап айтсақ, 300 орындық 11 мектеп, 600 орындық 25 мектеп, 900 орындық 15 мектеп, 1200 орындық 6 мектеп; 1500 орындық 4 мектеп, 2000 орындық 2 мектеп салынуда. 2024 жылы пайдалануға берілетін 29 мектептің құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізетін мердігер және жобалаушы мекемелер «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ы арқылы анықталған.

Жыл басында Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық мәжілісінде осы мектептердің құрылысын сапалы жүргізу, білікті педагогтармен қамту мәселесі талқыланғаны белгілі. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне жұмысты жүйелі атқаруды тапсырды. «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынатын мектептерге жергілікті өндірушілердің жиһаздары қолданылуы керектігін ескерткен болатын. Сонымен бірге мектептерді білікті кадрлармен қамтуды міндеттеген.

– «Жайлы мектептер» толық инженерлік инфрақұрылыммен қамтылуы тиіс. Мектеп құрылыстарына апта сайын мониторинг жасауды тапсырамын. Екіншіден, мектептерді жабдықтауға жергілікті жиһаз зауыттарының өнімдері қолданылсын. Осы мәселені реттеңіздер. Ең бастысы, ол мектептерді білікті ұстаздармен, іскер директорлармен қамту жұмысын назарда ұстаңыздар. Қазірден кадрлар жасақталуы қажет, – деді сол жиында Дархан Сатыбалды.

Айта кетейік, Түркістан облысында үш жылда 100-ге жуық мектеп салынады. «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы мен республикалық бюджет есебінен құрылысы жүргізілетін 33 мектептің 2023 жылы 18-і тапсырылса, қалғаны 2024 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі. Сонымен қатар «Жайлы мектеп» жобасы аясында 3 жылда 63 мектеп салынады. Жобалық қуаты – 49 мың орын.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы туралы алдымен Мемлекет басшысының Жолдауында айтылды.  «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың  заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек. Жемқорлар сотталғанда, олардың заңсыз тапқан қаржысы мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиіс. Үкімет осы бастаманы заң тұрғысынан рәсімдеу туралы шешім қабылдауы керек» делінген Жолдауда.

«Жайлы мектептің» айырмашылығы сол, мектептер ауылда да, қалада да жаңа бірыңғай стандарт бойынша салынады. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектепте бөлек блоктарда оқиды. Әр блокта оқу кабинеттері, дәретханалар, спорт залдар болады. Балалар үшін бейнебақылау, дыбыстық хабарлау және басқа да күшейтілген қауіпсіздік шараларын орнату көзделіп отыр. Оқушыларға ыңғайлы болу үшін оқу құралдарын сақтауға, ауыстырып киетін киімге арналған жеке шкафтар, сондай-ақ кітап оқуға, балалардың шығармашылық дамуы мен демалуына тиісті жағдайлар қарастырылған. Мектептер физика, химия, биология және робототехника пәндері бойынша заманауи кабинеттермен жабдықталады. Кабинеттерге touch-экрандар орнатылып, мектептің кез келген жерінен жылдамдығы жоғары интернетке қосылу мүмкіндігі беріледі. Ерекше білім алуды қажет ететін балаларға тиісті жағдайлар жасалады.

Спорт залдар мәселесі шешіледі. Қазір 1200 орындық мектептерде  тек  бір ғана спорт зал бар. Ал таңғы сағат 8-ден кешке дейін денешынықтыру сабағы бір уақытта бірнеше сыныпқа өткізіледі. Жайлы мектептерде жобалық қуатына қарай бірнеше спорт залдар болады. Сондай-ақ мұғалімдерге де жағдайлар жасалады. Құрылыс толығымен қаржыландырылған. Егер бұрын мектеп құрылысын қаржыландыруға облыстық және аудандық бюджеттерден қаражат тапшылығына байланысты мектептер жеткілікті көлемде салынбай, ұзақ мерзімді құрылыстар проблемасы туындаса, ал қазір мақсатты қаражат республикалық бюджеттен бөлінеді. Мектептер нысандар құрылысын бақылайтын дирекцияның үйлестіруі арқылы салынады. Бұл шешім сатып алу рәсімдерінің мерзімін жеделдетуге және құрылыс сапасын қамтамасыз етуге бағытталған.

Ішкі ғана емес, сыртқы инфрақұрылым да қарастырылған. Мектепке апаратын жаяу жүргіншілер жолы, автобус бағыттарын алдын ала іске қосу, аялдамаларды дайындау, мектепке апаратын жолдарға жарық беру мәселелері де қатар шешілуі керек. Жайлы мектептер салуда ашықтық барынша сақталуға тиіс. Еліміздің кез келген азаматы интерактивті карта арқылы мектептердің қай жерде және қашан салынатынын бақылап, IP-камера арқылы құрылыс барысын онлайн қадағалай алады. Мектептерді салу, оларды қаржыландыру, күтіп ұстау, кадрларды іріктеу мәселелері заңнамалық тұрғыда әкімдіктердің құзырында болғандықтан, бұл ұлттық жоба әкімдердің дербес жауапкершілігін бекітуді көздейді, яғни «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыру 842 мың жаңа жайлы  орын құруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге өңірлер, қала мен ауыл арасындағы білім беру инфрақұрылымындағы айырмашылықты теңестіріп, білім сапасына әсер етеді.

2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджеттің жобасында осы мақсатта 400 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінеді. Жоба аясында ашылған мектептер заманауи құрылғылармен толық жабдықталады. Зертханалармен қамтамасыз етіледі. Бастауыш сыныптарына арналған жеке блог болады. Мақсат – оқушылар мен оқытушыларға қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасау және білім беру қызметінің сапасын арттыру.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 7 рет