Сенбі, 03 Тамыз 2019 17:05

«Тарихы терең Түркістан» ақпараттық туры басталды

Түркістан облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Тарихы терең Түркістан» атты ақпараттық туры басталды. Бұл жобаның мақсаты – өңірдегі киелі орындар тізіміне енген нысандарды таныстыру, насихаттау, танымалдығын арттыру, тарихи сананы жаңғырту және ішкі туризмді дамыту. 6 күндік ақпараттық турды Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасының тапсырысы бойынша «Open Kazakhstan» ЖШС ұйымдастырып отыр.

Аталған жобаның 3 күнге созылатын алғашқы кезеңінің ашылу салтанаты Кентау қаласы аумағындағы Шәммет ишан мешіт-медресісіндеөтті. Жиында облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Дамир Жүнісов «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған бұл бастама рухани салаға сілкініс беріп, ішкі туризмнің дамуына да оң әсер ететінін атап өтті. Мұндай жобалар алдағы уақытта да жалғасатынын, осы ретте журналистер мен әлеуметтік желі белсенділері де өлкетануды дәріптеуге үлес қосулары керектігін айтты. «Серпіліс» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бейсенкүл Нарымбетова өңірдің тарихи және киелі орындарын дәріптеу арқылы елдің тарихи санасы қалыптасып, рухы мықты болатынын жеткізді. Одан кейін ақпараттық турға қатысушылар 13 ғасырдан бері көктеп тұрған тұт ағашына барып, тарихымен танысты.

Алғашқы кезеңде облыстағы білікті БАҚ саласының өкілдері мен әлеуметтік желі белсенділері 2-4 тамыз аралығында облыстағы 15 қасиетті орынға сапарлайтын болады. Шәммет ишан мешіт-медіресесі мен мың жылдық тұт ағашынан бастау алатын баспасөз туры Үкаша ата, Жылаған ата орындары менСауран қалашығы, Есім хан кесенесі,Әзірет Сұлтан кешені,Яссы (Күлтөбе, Түркістан),Әлқожа кесенесі, Гауһар ана кесенесі, Арыстан баб кесенесі, Отырар қалашығы, Қажымұқан Мұңайтпасов мазары сынды қасиетті орындарды аралаумен жалғасып, Ордабасы ауданындағы «Бірлік – Ордабасы» мемориалды кешенінде түйінделеді. Журналистер мен желі белсенділері ашық аспан астында арнайы палаткаларда түнейді. Ал жалпы осы баспасөз туры аясында қатысушылар өңірдегі 40 киелі орынға саяхат жасап, жұртшылыққа насихаттайды.

Түркістан облысынан 20-дан астам нысан республикалық маңызы бар қасиетті, киелі жерлер тізіміне енгізілсе, 60-тан астам тарихи-мәдени ескерткіштер облыстық маңызы бар қасиетті, киелі орындар тізіміне кірген болатын. Осы нысандарға келушілер үшін қолайлы жағдайлар жасалып, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі аумағын және Күлтөбе қалашығын қалпына келтіру жұмыстары басталды. Үкашаата кесенесіне баратын автокөлік жолын салу, автотұрақ және орындықтармен қамту, Аппақ Ишан мешітінің шатырын ретке келтіру жұмыстары да қолға алынған.

«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

Оқылды 762 рет