Шұға Тұрмағанбетқызының Ордабасы ауданы білім бөлімінің басшысы қызметіне тағайындалғанына көп бола қоймапты. 6 айдан енді асқан. Шындығы сол, Ордабасы ауданы білім көрсеткіші бойынша соңғы жылдары ылғи соңғы орындардан көрініп жүргені белгілі. Осы олқылықтың орнын толтырып, ауданның білім көрсеткішін жоғарылату миссиясы талай жыл облыс орталығындағы ірі мектептердің бірін басқарған Шұға ханымның мойнына жүктелсе керек.
Аудан оқушыларының білім көрсеткішінің төмендігіне дәлел керек десеңіз айтайық. 2016-2017 оқу жылының мәліметінше, Ордабасы ауданы ОҚО бойынша тізімнің ең соңында, 15-ші орында қалып қойған. Бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Цифрлы Қазақстан» жобасы аясындағы «электронды күнделік» мүлдем іске қосылмапты. Шұға Тұрмағанбетқызының айтуынша, сауықтыру лагерьлері бірде-бір мектепте ұйымдастырылмаған. Бұрын-соңды мұндай әрекетсіздікті көрмеген ол басшылыққа келісімен тәртіпті жөнге келтіріп, білім сапасын жақсартуды, мұғалімдердің кәсібіне деген жауапкершілігін арттыруды, мектеп директорларына ұйқыны қойып, жұмыс істеу керектігі жөнінде қатаң талаптар қойған.
Ал енді М.Байгазина дегеннің «Фейсбукте» жазған айыптауларына келер болсақ, бөлім басшысы бұған нақты дәлелдерімен жауап қатты. Биыл білім дәрежесін көтеруге ордабасылық 363 мұғалім ниет білдірген екен. Қазір жүйе бұрынғыдай емес. Мұғалімдер біліктілігін арттыру үшін тестілеуден өтетін болыпты. «Мұндай жағдайда пара талап ету түгілі біздің аудандық білім бөлімінің ол процеске ешқандай қатысы болмайды», - дейді бөлім басшысы. Сол ниет танытқан 363 мұғалімнің 176-сы М.Әуезов атындағы ОҚМУ-де өткен сынақтан сүрінбей өтіп, санатын жоғарылатып қайтыпты. Қалған 187 мұғалім бұрынғы санатында қалған. Санатын жоғарылатқысы келгендер алдағы уақыттары тағы да сынаққа қатысып, бақтарын сынай берулеріне толық құқықтары бар.
Осы айтылғандарға көзімізді жеткізе түсу үшін аудандағы бірнеше мектептің мұғалімдерімен де кездескенімізді айта кетейік. Ешқайсысы ешкімге пара бермегендерін, санаттылықты жоғарылатудың қазіргі жүйесі бойынша ондай заңбұзушылықтың мүлде мүмкін емес екендігін айтты. «Өз күшімізбен сынақтан өтіп келіп отырғанымызда, біреудің жала жапқаны жанымызға батты. Жүзден аса мұғалімді қарабет қылғысы келген бұл адамның мақсаты не екенін түсіне алмадық», - дейді олар.
«Фейсбуктегі» әлгі жазбасында М.Байгазина білім бөлімінің кадр жөніндегі бас маманы Алмас Каюповты санатқа өткізу үшін пара алады, соның нәтижесінде қымбат көлік мінді деген еді. Бұл сөзі де «жаптым жала, жақтым күйе» болып шықты. Алмас Каюповтың ата-анасының атына жазылған шаруа қожалығы бар екен. Бос уақытында сол шаруашылығын дөңгелетіп отырған жігіт көлікті қожалықтың өнімінен түскен қаражатқа сатып алған болып шықты. Көлігі соншалықты жаңа да емес. Зауыттан шыққанына 20 жылға жуықтаған шетелдің ескі көлігі. Былайша айтқанда, адал еңбегімен, маңдай терімен тапқан дүниесі. Жалпы біліктілік санаттарын беру процесінде Ордабасы аудандық білім бөлімінің кадр жөніндегі бас маманының міндеті – құжаттарды жинақтап, сараптау тобына және аттестаттау комиссияларына ұсыну. Ал, біліктілік санатын беру немесе растау туралы шешім шығару аттестаттау комиссиясының құзырындағы нәрсе екен. Бұл мақсатта пегдагог қызметкерлерден ақша жинау мүлдем орын алмаған.
Тағы бір айта кететін нәрсе, шу шығарып жүрген М.Байгазина: «Лагерь билеттерін сынып жетекшілеріне қинап беріп жатыр» деген болатын. Шұға Тұрмағанбетқызы бұл мәселенің де мән-жайын түсіндіріп берді. Оның айтуынша, кәсіподақ мұғалімдердің балаларын лагерьге жіберу үшін әр балаға 17 мың теңгеден аударыпты. Үстіндегі қалған 17 мыңын мұғалімдердің өздері төлеп, балаларын лагерьге жіберулеріне болады. «Мұғалімдерге 17 мың теңгені кәсіподақ беріп отыр. Балаларыңызды лагерьге жібергілеріңіз келсе, қалған ақшасын төлеп жібере беріңіздер дедім. Ешкімді қинамаймыз. Жібере ме, жоқ па, әркімнің өз еркі ғой»,-дейді білім бөлімінің басшысы.
Жалпы айтқанда, ауданда жазғы сауықтыру жұмыстары бойынша бюджеттен қаралған қаржыға әлеуметтік жағдайы төмен отбасының балалары және жетім, жартылай жетім 300 оқушыны жазғы сауықтырумен қамту үшін Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңына сәйкес электронды порталға жарияланыпты. Жеңімпаз болып Түлкібас ауданында орналасқан «Машат» балаларды жазғы сауықтыру орны анықталып, 10 маусымнан бастап демалыс басталған. Жоғарыда айтып өткеніміздей, аудандық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы тарапынан педагог қызметкерлердің балаларына 50 пайыздық жеңілдікпен 50 жолдама беріліпті. Республикалық «Балдаурен» сауықтыру орталығына 3 оқушыға тегін жолдама берілген. Ал, ақылы сауықтыру орындарының қызмет көрсетуіне қарай ата-аналар өздері таңдайды. Бұл ақылы жолдамалардың құны – 20000-40000 теңге аралығында. Оқушылардың ақылы жолдамамен демалуына Ордабасы аудандық білім бөлімінің ешқандай ықпалы жоқ екен. Тек демалған балалардың есебін жинақтайды.
«Марзия Байгазинаның іс-әрекетін жала жабу деп білемін. Осы уақытқа дейін барлық мектептің ұжымынан түрлі шағым-арыз айтып, мұғалімнен еден жуушыға дейін хабарласады. Ал Марзия сондай заңсыздықтарды білсе,хабарласып, ақша жиналғаны жайлы неге хабар бермейді? Меніңше, бұл адам Ордабасы ауданының білім саласында қызмет етпейді. Бұл сөздерін растайтын қандай да бір дәлелі болса, «міне, мен бергенмін» деп сотқа арыз қалдырсын. Құқықтарын қорғасын. Сөзі де, өзі де жалған азаматтарды тек жұмыс істеуге кедергі келтіретіндер деп білемін. Жемқорлықты болдырмауды мақсат еткендіктен, ондай заңбұзушылықтарға жол бермеймін. Ал ата-аналардан ұстаздар ақша жинап жатса, сол ұстаздың кім екенін анықтауға көмектескендерге риза болар едім»,-деді Шұға Нұрабаева.
Қазақта «жала жабу – шайтаннан» дейтін сөз бар. Кім болса да жала жаппас бұрын «осы әрекетімді Құдай кешіре ме екен...» деп ойланса дейсің. Адал қызмет етіп жүрген кісілерге жала жабу, өкінішке қарай, соңғы кездері жиі көрініс тауып жүр. Шұға Нұрабаева мен Алмас Каюповке қарата айтылған айыптар да сондай жала болып шықты. «Аққа Құдай жақ» дейді ғой дана халқымыз. Елге ақ-адал қызмет етіп жүрген бұл кісілердің абыройлары асқақтай түсеріне бек сенімдіміз!
Дәурен ӘБДІРАМАНОВ.