Жанұзақ Ерімбетов қағаз реставрациялау жұмысын Иран мемлекетінен үйреніп келген. Кейіннен Алматыдағы ұлттық кітапханада тәжірибесін шыңдады. Санкт-Петербургтегі Ресей этнографиялық музейінде «Этнографиялық жәдігерлерді қайта қалпына келтіру» бойынша дәріс алып, біліктілігін арттырды. Содан елге оралған соң, көне кітаптарды қалпына келтіру ісін қолға алды.
Жанұзақ Әлзақұлы бос кезінде мұражай қорындағы керамикалық жәдігерлердің үлгісімен кәдесыйлар дайындайды. Қыштан құмыра, сазсырнай секілді түрлі бұйымдар жасап, сатуға шығарады. Таңсық дүниеге тапсырыс берушілер де көп. Сондай-ақ, «қолжазбалар мен ескі суреттерді реттеп бер» деп келетін жергілікті тұрғындардың да өтінішін орындап береді.
«Жалпы, ел ішінде көптеген құнды кітап бар. Олар біреудің сандығында, біреудің сарайында сақтаулы тұр. Соларды музей қорына өткізуге шақырамын. Себебі, кітаптар қараусыз жатқан соң, парақтары ұстауға жарамсыз болып қалады. Ал, оның ішінде еліміздің, ұлтымыздың терең тарихы жатқан болуы мүмкін», - дейді реставратор.
Бүгінде Жанұзақ Әлзақұлы Отырар мемлекеттік археологиялық қорық мұражайында суретші-реставратор болып қызмет атқарады. Негізі жұмысы – тарихи орындардан табылған кітаптарды қалпына келтіру. Одан бөлек, жергілікті тұрғындар музейге өткізетін сирек кездесетін қолжазбаларды да түгендеп, музейдің арнайы қорына өткізеді.
«Музей жәдігерлерінің құрамында 100-ден астам қолжазба бар. «Атамның кітабы» деп өткізетіндер көп. Олардың ішінде сирек кездесетін кітаптар, Құрандар бар. Сарғайып шашылып кеткен, мұқабасы да жоқ құнды кітаптар да кездеседі. Ұстасаңыз парақшалары үгітіліп тұрады. Соларды қалпына келтіреміз», - дейді реставратор.
Жанұзақ ақ қағазды сарғайту үшін кәдімгі шайдің демдемесін қолданады. Қызыл шайға ақ қағазды салып, сарғайтып алады. Кейіннен жиек жасап, жыртылған жерін жамайды. Жабыстырып, тігіп шығады. Ең бастысы - кітаптың құндылығы жоғалмауы қажет. Әсіресе, әріптері мен таңбаларын сақтауға назар аударады. Сондай-ақ, ұнды суға араластырып, желім жасайды. Себебі, заманауи клейлер мен химиялық қоспалар қағаздың құрамын өзгертіп жіберуі мүмкін. Ең бастысы – бұл жұмыстарға ешқандай аппарат қолданылмайды. Барлық жұмыс қол күшімен жасалады.
«Біздің мұражайдағы кітаптардың көпшілігі негізінен ХІХ, ХХ ғасырға тиеселі. Сондағы ақын, жазушылардың, жыраулардың жазбалары бар. Одан бөлек, діни әдебиеттер мен хикметтер де кездеседі. Көпшілігі арабша, төте жазулармен жазылған», - дейді ол.
Қазақстанның ұлттық тәуелсіздігін тарихи тұрғыдан баянды етуде жазба мұралардың маңызы ерекше. Ол мұраларда елдік идеямыздың қалыптасуының тарихи даму жолы көрініс береді. Көне түркіден бастап бүгінгі күнге дейінгі өзінің рухани әлемінде 16 жазу үлгісінде жазба мұра қалдырған қазақ ұлтының тарихи, әдеби-мәдени жәдігерлері осы уақытқа дейін ғылыми тұрғыдан жинастырылып, жүйеленіп, сипаттама берілген жоқ, қазақ тіліне де тұтастай аударылмай келеді.
Республика көлемінде қолжазбалар қорын толықтыру, зерттеу, насихаттау, сақтау және қайта қалпына келтіру жұмыстарын жоғары деңгейге көтерудің негізгі жолдары: кітапханалардың жалпы қорынан қолжазбаларды іріктеп алып, сирек қорға өткізу; басқа кітапханалар, мұражайлар қорынан құнды құжаттардың көшірмелерін алу (библиографиялық көрсеткіштер мен қатологтар құрастыру, БАҚ, Интернет арқылы насихаттау); қолжазбалардың тарихын зерттеу; қолжазбалар сақталатын орындарда стандартқа сай температуралық режим және үнемі тазалық сақтау; кітапханада қолжазбаларды; өңдеу және сақтау жұмысын ұйымдастыру; кітапханалармен, т.б. мәденитарихи мекемелермен тығыз байланыс орнықтыру; жұмыс барысына жаңа технологияны үздіксіз енгізіп отыру деп ұғу шарт.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»