Сәрсенбі, 20 Қараша 2024 21:41

Шымкент: Еңбек адамы қандай болуы керек?

Халқымызда «ердің атын еңбек шығарады» деген сөз бар. Елдің еңбекпен көркейетінін ескерсек, еңбек адамының қоғамда қашанда орны ерекше, абыройы биік. Осындай еңбегімен елге еленіп, халық арасында беделі артып жүрген жандар жетерлік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бір жолдауында: «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды. Шын мәнінде, ең бастысы – адал еңбек. Біз мұны жете түсінетін ұрпақ тәрбиелеуге тиіспіз. Идеология жұмысында осыған баса мән берген жөн», –деген болатын.

Сонау, 1999 жылғы Республикалық «Арай» жас орындаушылар байқауының бас жүлдегері, 2001 жылы «Шабыт» Халықаралық шығармашыл жастар фестивальінің ІІІ-орын, 2003 жылы «Жас қанат» байқауының  ІІ-орын, 2003 жылы «Азия дауысы» халықаралық ән байқауы шеңберінде «Қазақ әндері» байқауының І-орын иегері атанған талантты әнші, композитор Шымкент шаһарында тұрады. Өнері мен өмірі елге үлгі талмас өнер иесіне жақында «Ерен еңбегі үшін» медалінің берілгені де еңбегінің еленгені деп білеміз. Әңгіме 2000-жылдары жарқырап шығып, ерекше даусымен тамсандырған Фархат Ескенеев жайында. Талантты өнер иесі көптеген республикалық байқауларға қатысып, бас бәйгені еш талассыз қанжығасына бөктерген. Бұл қабілет-қарымы бөлек, дарыны ерекше жас әншінің шын бағасы. Осыған дейін 2010 жылы «ҚР мәдениет қайраткері» медалімен марапатталғаны тағы бар. 

Бұл мәртебелі марапат – оның сан жылдық еңбегі мен өнерге деген адалдығының нәтижесі. Фархаттың өнерге деген құштарлығы бала кезінен көрінген. Оңтүстіктің қазақы ортасында тәрбие мен тәртіпке қанып өседі.   Уақыт өте келе бұл қасиеттер оның өнерге деген сүйіспеншілігін арттырып, болашағын ән өнерімен байланыстыруға түрткі болды.

Фархат Қазақстанның ең үздік өнер ошақтарында білім алды. Оның өнерге деген жанкештілігі, еңбекқорлығы мен талантын бағалай білген тәлімгерлері мен әріптестері оны нағыз шебер ретінде таниды. Ол әрбір әнді сезіммен, шынайы эмоциямен орындап, көрермендердің жүрегіне жол таба білді. Қашанда еңбектен қашпайтын Фархат 2015 жылы «Менің Қазақстаным» атты Шәмші Қалдаяқовтың әндерін орындаудан ән байқауына сіңірген еңбегі үшін алғыс хатпен, 2015 жылы XXIV «Жас қанат» Республикалық жас орындаушылар байқауында режиссер көмекшісі және вокал продюсері ретінде жемісті атқарған қызметі үшін алғыс хатпен марапатталады. Ал 2016 жылы өзі қатысып жүлдегер атанып, кейін өтуіне жылдар бойы елеулі еңбек еткені үшін «Азия дауысы» дирекциясының алғыс хатын алған. Былтырғы «Азия дауысы» байқауының  қайта жандануына байланысты Медеу мұз айдынында өткізілген ән мерекесіне арнайы шақырту алып, үлкен сахнада қызымен өнер көрсетті.

Фархат Әуелбекұлы өнер саласында тек әншілігімен ғана емес, шәкірт даярлауда да танымал. Шәкірттері Аири есімімен елге танылып үлгерген Айгерім Ракишева, «Сарын» дуэтінің солисті Алтынай Төлеметова, Мөлдір Қабдолдина, Рухия Байдукенова, Тимур Жунусканов, Нұрхат Сегізбай, сонымен қатар, «Жас қанат» байқауының жүлдегерлері – Дархан Абсултанов, Сая Махамбет, Нурасыл Сатыбалдыны айта кеткен жөн. Осыған орай «Оңтүстік жұлдыздары» жобасы аясында «Алтын дауыс» атты ән байқауында дарынды жастарды халық арасында танылуына үлес қосқаны, «Жас қанат» жас орындаушылар байқауында әншілермен жұмыс жасауда сіңірген еңбегі үшін, Республикалық «Ақжелең» байқауында үздік шәкірттер дайындағаны үшін, «Арай» Республикалық жас орындаушылар ән байқауында қазылар алқасы мүшелігінде болып, жас дарындарды дайындау жолындағы елеулі еңбегі үшін де алған марапаттары бар. 

Елге танымал өнер саңлақтарымен бірге бір сахнада, әсіресе Халық Қаһарманы Роза Бағланова апамызбен өнер көрсеткенін мақтан тұтады. Айжан Нұрмагамбетова, Лаки Кесоглу, әйгілі Дос-мұқасан тобы, Төлеген Мұхамеджанов, Кеңес Дүйсекеев, Маржан Арапбаева, Медеу Арынбаев, Майра Ілиясова, Айгүл Иманбаева, Майра Даулетбақова, Құдайберген Бекишев, Алтынбек Қоразбаев, Сара Тыныштығұлова, Сембек Жұмағалиев, Меломен тобы, Мақсат Жаутиков сынды өнер майталмандарының есеп беру кештерінде өнер көрсетіп, осы өнер жұлдыздарымен бірге сахнада ән шырқаған. Бірігіп жазған әндері мен бейнебаяндары да бар. Композиторлық жолында жазған 60-қа тарта авторлық әндерін эстрада жұлдыздары орындап жүр. 

Фархаттың ерекшелігі менде құдай берген талант бар деп тоқтап қалмай, үнемі ізденісте жүреді. Санаттылықты көтеру және жаңа тенологияларды қолдану, игеру мақсатында  жыл сайын біліктілікті арттыру курстарына қатысып,  «Вокал», «Вокалды хор ансамбілі», «Дауыс қою», «Эстрадалық ән орындау өнері» т.б тақырыптарына сертификаттары бар. Сондай-ақ, «Отандық эстрадалық әннің қалыптасуы мен дамуы» атты оқу құралы басылып шықса, «Эстрадалық вокал» атты оқу әдістемелік құралы басылымға дайындалуда. 

Фархат Ескенеевтің өмірі мен өнері қазақ мәдениетінің, эстрадасының дамуына бағытталған үлкен еңбек жолы десек болады. Оның еңбегі мен таланты –  халықтың сүйіспеншілігіне, ризашылығына лайық. 

Оқылды 45 рет