Руханият пен азаматтықты өркендету жолында бүкіл күш-жігерін жұмсап, ұлттық дәстүр мен мәдениетті, тіл мен қолөнерді дәріптеп жүрген Жетісай ауданы, Атамекен ауылдық округінің әжелері көпке үлгі. Бүгінде жастары 70-ке жақындаған әжелер қолданыстан шығып қалған ұлттық ою-өрнектерді ойып, оларды бастырмалау, тоқыма мен кесте тоқу, киіз басу, ши және кілем тоқу, құрақ құрау мен тері илеу арқылы 20-дан аса бұйымды жасайды.
– Ата-баба мұрасын бала бойына ұлттық өнер үлгілері арқылы сіңіріп, қолмен істеп, көзбен көрсетіп, тәжірибе арқылы орындап келеміз. Егеменді ел болғалы өз мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрып, тұрмыс-тіршілік болмысымызды қайта жаңғыртып жатыр. Әр ұлттың өзіне тән қолөнері бары анық. Біздің халықымыздың қолөнерінің түп-тамыры – халықтың өмір сүру салтымен, шаруашылық дәстүрімен тығыз байланысты, – дейді қолөнерші әжей Ұлбосын Кенжебаева.
1980 жылдардан бастап қолөнерді кәсіп етіп келе жатқан әжелердің ізін басып, ұлттық қолөнерді игеру арқылы өз халқының тарихи құндылықтарын біліп, мәдени мұрасын қадірлеуге, салт-дәстүрлерін бойларына сақтап, кәсіби ісіне қажетті эстетикалық, этникалық, ұлттық қасиеттерін қалыптастыруға қызығушылық танытып жүрген ауыл жастары да аз емес.
– Апаларымыз әрбір жұмыс барысында біздің бойымыздан шыдамдылық пен ұқыптылықты, саусақтардың икемділігі мен шапшаң бітіруге деген құлшыныстар сияқты әрекеттердің үнемі болуын ескертіп отырады. Сондықтан болар өз ісімізге деген сүйіспеншілігіміз оянып, өз ісімізге мақтанышпен қараймыз. Сенімділік пайда болады. Осындай сеніміділіктің арқасында қолөнерге деген қызығушылығымызды арттырып, халық өнерін насихаттап, оны түрлі қиялмен жаңартып, қолөнер бұйымдарының сапасын арттыра беру аса игілікті іс, – дейді көпбалалы ана Меруерт Ізімханова.
Саналы ғұмырын ел дамуына арнап, зейнеткерлік жасында да ұрпақ тәрбиесінен қол үзбей өскелең ұрпақтың ойын тереңдетуде, шығармашылық қабілеттерін дамытуда, еңбекке қызығушылықтары мен ой-өрістерін кеңейтуде, сонымен қатар, эстетикалық талғам деңгейлерін жоғарылату мақсатында жетісайлық әжелердің атқарып отырған жұмыстары жастардың жаңа өмірге бейімделіп, мамандықты меңгерудің алғы бастамасы болары анық. Айта кетейік, ауыл әжелерінің қолынан шыққан бұйымдарға Жетісай, Мақтаарал аудандарымен қатар облыс орталығынан да тапсырыс түсіп тұрады.
Халқымыздың қолөнері ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатқан ұлттық мәдениетіміздің ажырамас маңызды бөлігі. Қолөнер түрлерінің өн бойында халықтың материалдық және рухани болмысы көрініс тапқан. Бұлай деуімізге басты себеп: халықтық қолөнер еліміздің тұрмыс жағдайынан, материалдық жай-күйінен ғана хабар бермей, эстетикалық талғамынан, тарихы мен таным-түсінігінен де мол мәліметке қанықтырады. Осындай ұлттық мәдениет үлгілерінің дәстүрлерін оқып-үйрену – кейінгі ұрпаққа мұра етіп сақтауға, сонымен қатар, бүгінгі тұрмыс-тіршілік, әлеуметтік жағдайларға сай қолдана білуге үлкен мүмкіндіктер береді.
Материалдық өңдіріс пен рухани өмірдің бір-бірінен ажырамай, біртұтас берілуі қолөнердің синкретикалық өнер түріне жатуының себебі ретінде айтылады. Қазақ халқының ата-бабасынан мұраға қалған бұл қолөнер түрлеріне халықтың музыкалық аспаптарын жасау, ат әбзелдерін дайындау, киіз үй тігу, киіз басу, киіз үй ішін жабдықтау, қару-жарақ, саймандарды әзірлеу, кілем тоқу, зергерлік, ұсталық және тағы да өзге өнерді жатқызамыз.
Көшпенді халықтың киім тігуі де қолөнердің бір түрі болып саналады. Байырғы түркі-қыпшақ тайпасы киімдерінде ұлттық киім элементтерінің көрініс табуы – олардың шығу, даму тарихының тереңдігінен хабардар етеді. Өйткені халқымыздың ертеде мал, егін шаруашылығымен, аң аулаушылықпен, балық аулаумен айналысқаны белгілі. Осыған сәйкес ежелден дамыған қолданбалы-безендіру өнерінің материалдық негізі үй жан-жануарларының, төрт түлік малдың сүйектері мен терілерден, ағаш пен металдан жасалды.
Үй ішінде әзірленетін қолөнер жұмыстарын шаңырақтағы еңбекке жарамды, қолының ебі мен икемі бар кез келген адам өзі-ақ реттей білді. Қарапайым саналатын өндіріс пен қолөнер бұйымдарын күнделікті тұрмыс-тіршіліктің ыңғайына қарай бейімдеп, белгілі бір қажеттіліктерге пайдаланды. Көшпелі дала халқының дәстүрлі эстетикалық талғамы мен ұмтылысына сай әшекейлеу барысында қолданбалы-безендіру өнерінің түрлі жолдары мен әдістері пайда болды. Ол өзінің табиғи түрлік байлығымен, әсем де нақышты ою-өрнектерінің молдығымен ерекшеленді. Халықтың тұрмыстық әрі көркемдік талаптарына толығымен жауап беретін қазақтардың үй ішілік кәсібі мен қолөнері жартылай көшпелі өмір жағдайында қалыптасты.
Егер күнделікті тұрмыстағы қолөнер мен ұсталықтың ара салмағын айтар болсақ, оның алғашқысы негізінен отбасыға қажетті тұрмыстық ұсақ заттар жасауға бағытталды да, екіншісі, ұсталық тек өз тұрмысы, жалпы мал шаруашылығы мен егін шаруашылығына ғана емес, сонымен бірге әртүрлі тапсырыстар орындауға, базарға шығарып сататын бұйымдар жасауға да арналды. Халықтық қолөнер мен кәсіпшілік ғасырлар бойында қалыптасып, жетіліп, ұлттық дәстүрлі мәдениеттің айрықша көрсеткіштерінің біріне айналды. Ерекше шеберлік пен ептілікті қажет ететін кәсіп түрлері атадан балаға қанмен беріліп, мирасқа қалатын киелі мұра болып саналды. Бұл тұрғыда «ата жолын ұстаған» сегіз қырлы, бір сырлы шеберлер ел ішінде зор құрметке бөленді.
Қазақ қолөнерінде иленген мал терісі жиі қолданылды, өйткені теріден жасалған бұйымдар көшпенділер тұрмысында ұдайы пайдаланылатын заттардың бірі еді. Былғарыдан тігілген жылы да қолайлы киім киюге табиғаттың өзі мәжбүр етті. Теріден әртүрлі киімдер тіксе, былғары-көннен сүт өнімдерін алып жүру мен сақтауға арналған әрқилы қалыптағы ыдыс-аяқтар, белбеулер мен аяқ киімдер жасап, қамшы, ат әбзелдері мен ер-тұрмандарды қаптады. Тері мен былғары өңдеумен әрбір отбасы, әсіресе ер адамдар айналысты. Әйелдер иленген дайын теріден біз бен түйе шудасынан өрілген шуда жіпті пайдаланып, киім-кешек тікті. Қой терісінен иленіп, тігілген тон мен сырма шалбарлар әркімнің-ақ үйінде болды. Қасқыр мен түлкінің немесе өзге де қымбат бағалы аң терісінен ішік тігіп киді.
Қолөнер шеберлері ер адамдарға арнап тіккен былғары етік пен әйелдерге арналған мәсі мен кебіске сұраныс жоғары болды. Етіктің тұмсығы мен қонышын сіңірден түтілген тарамыс жіппен тікті. Әйелдердің өзі де былғары мәсісі мен кебісіне тағы да былғарыдан ойылған өрнектер жапсырылып, сәндеді. Былғарыдан тігілген тұрмыстық бұйымдар ішіндегі көлемі жағынан ең үлкені – саба. Қымыз дайындау және сақтау үшін жасалатын мұндай ыдысқа бір түйенің немесе бір жылқының терісі, кейде одан да көп тері жұмсалды. Қымызды былғары торсыққа, кейде ер-тұрманның жанына байланатын жанторсыққа құйып алып жүрді. Жылқы мен сиыр терісінен бие сауатын шелек жасады.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»