Сәрсенбі, 20 Қараша 2024 16:13

Сауран ауданында домбыраға қызығатын этнос жастарының қатары көбейген

Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен Сауран ауданында БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры өтті.  Сапар аясында БАҚ өкілдері Сауран ауданының орталығы Шорнақ ауылына қарасты Қосмезгіл елді мекенінде Жұмабек Тәшенов атындағы жалпы орта мектепте ашылған Домбыра үйірмесінің жұмысымен танысып, этнос жастарының өнеріне куә болды.

"Домбырамен ән айту" өнер сүйгіш оқушылардың үйірмесі 2023 жылғы 1 наурызда ашылып, онда қазіргі кезде 20-ға жуық түрлі этностың жастары музыкалық жетекші Ұлжалғас Әбілдаханның домбыра класында оқып, шеберлігін шыңдауда. Аз ғана уақыт ішінде үйірмеде осы кезге дейін домбыраның сүйемелдеуімен ешқандай ән айтып көрмеген оқушылар көптеген мектепаралық, аудандық және облыстық мәдени іс-шаралар мен концерттік бағдарламаларға қатысып жүлделі орындарға ие болып келеді. Атап айтқанда, мектептің 10 сынып оқушысы Жансезім Махамбет өткен жылдың көктемінде Шымкентте өткен "Ұлы Дала дарындары" атты республикалық байқауында бірінші орынды иеленіп,көрші Өзбекстан Республикасында өтетін "Азия таланттары" өнер байқауында жүлделі 2-ші орын алды.  Жас ұстаздың сенімін ақтап, ірі байқауларда өнер биігінен көрініп жүрген шәкірттері аз емес. Соның ішінде Дильноза Таджиметованың жетістігі бір төбе.

Қазақ халқының құндылықтарына құмартып өскен бұрымды домбыра шертуді 15 күнде үйреніп алған. Түрлі дәстүрлі ән байқауларында бақ сынап, шеберлігін шыңдап жүрген ол өткен жылы Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйытқы болған «Мың бала» жобасында барлық кезеңді артқа қалдырып, республикалық мәреде де бірінші болды. Осы сайыста «Сүгірдің термесін» шырқаған Дильноза көпшіліктің көңілінен шықты. Күні кеше Алматы облысы, Қарасай ауданында өткен «Өнерім саған – Қазақстан!» республикалық фестивалінде ол өз өнерімен көпшілікті тәнті етті. Дильноза «Ән салу» номинациясы бойынша үздік өнер көрсетіп, ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Ол бүгінгі таңда ХҚТУ-нің өнер факультетіне грантпен оқуға түсіп, тәжірибесін арттыруда.

«Домбыра құнды, киелі - аспап. Үкілі домбыра үйге сән беріп қана қоймай, береке кіргізеді. Жұмабек Ташенов атындағы мектебімізде домбыра үйірмесіне барып жүргеніме бір жылдан асты. Домбыраны қолға алуыма ұстазым Ұлжалғас Әбілдахан әсер етті. Ұстаз алғаш рет домбырасын ұстап кіріп келгенде керемет әсерге бөлендім. Апайымның сол кездегі бейнесі тарихтағы өнерлі тұлғаларды көз алдыма келтірді. Көздің жауын алатын бүрмелі көйлек, оюмен өрнектеліп, моншақтармен әдіптелген қазақтың ұлттық киімінде, ұлттық аспап домбырамен дәстүрлі әнді шырқай білгенім, бір жыл бұрын осының бәрін үйренуге бел байлағаным мен үшін маңызды мәртебе», - дейді Дильноза Зарифқызы.

«Мұнда домбыраға қызығатын этнос жастарының қатары көп. Ата-аналары өздері жетелеп алып келіп жатқандары бар. Мен шәкірттерімді мақтаныш етемін. Осы жылғы тамыз айында облыстық "Өнерлі өлке" фестивалінің жоғары деңгейде өтуіне белсенді түрде қатысқаным үшін Алғыс хатпен марапатталсам, қазан айында Шахзода Рустамхан ҚХА ұйымдастырған "Мың бала" атты республикалық мәдени-ағартушылық жобасының облыстық кезеңдегі "Өнерлі өрге жүзер" байқауында 2-ші орынға ие болып қуантты», - деп ағынан жарылды өз сөзінде "Домбырамен ән салу" үйірмесінің жетекшісі Ұлжалғас Әбілдахан.

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

Оқылды 55 рет