Жұма, 20 Желтоқсан 2024 11:47

Сауран ауданында домбыраға қызығатын этнос жастарының қатары көбейген

Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен Сауран ауданында БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры өтті.  Сапар аясында БАҚ өкілдері Сауран ауданының орталығы Шорнақ ауылына қарасты Қосмезгіл елді мекенінде Жұмабек Тәшенов атындағы жалпы орта мектепте ашылған Домбыра үйірмесінің жұмысымен танысып, этнос жастарының өнеріне куә болды.

"Домбырамен ән айту" өнер сүйгіш оқушылардың үйірмесі 2023 жылғы 1 наурызда ашылып, онда қазіргі кезде 20-ға жуық түрлі этностың жастары музыкалық жетекші Ұлжалғас Әбілдаханның домбыра класында оқып, шеберлігін шыңдауда. Аз ғана уақыт ішінде үйірмеде осы кезге дейін домбыраның сүйемелдеуімен ешқандай ән айтып көрмеген оқушылар көптеген мектепаралық, аудандық және облыстық мәдени іс-шаралар мен концерттік бағдарламаларға қатысып жүлделі орындарға ие болып келеді. Атап айтқанда, мектептің 10 сынып оқушысы Жансезім Махамбет өткен жылдың көктемінде Шымкентте өткен "Ұлы Дала дарындары" атты республикалық байқауында бірінші орынды иеленіп,көрші Өзбекстан Республикасында өтетін "Азия таланттары" өнер байқауында жүлделі 2-ші орын алды.  Жас ұстаздың сенімін ақтап, ірі байқауларда өнер биігінен көрініп жүрген шәкірттері аз емес. Соның ішінде Дильноза Таджиметованың жетістігі бір төбе.

Қазақ халқының құндылықтарына құмартып өскен бұрымды домбыра шертуді 15 күнде үйреніп алған. Түрлі дәстүрлі ән байқауларында бақ сынап, шеберлігін шыңдап жүрген ол өткен жылы Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйытқы болған «Мың бала» жобасында барлық кезеңді артқа қалдырып, республикалық мәреде де бірінші болды. Осы сайыста «Сүгірдің термесін» шырқаған Дильноза көпшіліктің көңілінен шықты. Күні кеше Алматы облысы, Қарасай ауданында өткен «Өнерім саған – Қазақстан!» республикалық фестивалінде ол өз өнерімен көпшілікті тәнті етті. Дильноза «Ән салу» номинациясы бойынша үздік өнер көрсетіп, ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Ол бүгінгі таңда ХҚТУ-нің өнер факультетіне грантпен оқуға түсіп, тәжірибесін арттыруда.

«Домбыра құнды, киелі - аспап. Үкілі домбыра үйге сән беріп қана қоймай, береке кіргізеді. Жұмабек Ташенов атындағы мектебімізде домбыра үйірмесіне барып жүргеніме бір жылдан асты. Домбыраны қолға алуыма ұстазым Ұлжалғас Әбілдахан әсер етті. Ұстаз алғаш рет домбырасын ұстап кіріп келгенде керемет әсерге бөлендім. Апайымның сол кездегі бейнесі тарихтағы өнерлі тұлғаларды көз алдыма келтірді. Көздің жауын алатын бүрмелі көйлек, оюмен өрнектеліп, моншақтармен әдіптелген қазақтың ұлттық киімінде, ұлттық аспап домбырамен дәстүрлі әнді шырқай білгенім, бір жыл бұрын осының бәрін үйренуге бел байлағаным мен үшін маңызды мәртебе», - дейді Дильноза Зарифқызы.

«Мұнда домбыраға қызығатын этнос жастарының қатары көп. Ата-аналары өздері жетелеп алып келіп жатқандары бар. Мен шәкірттерімді мақтаныш етемін. Осы жылғы тамыз айында облыстық "Өнерлі өлке" фестивалінің жоғары деңгейде өтуіне белсенді түрде қатысқаным үшін Алғыс хатпен марапатталсам, қазан айында Шахзода Рустамхан ҚХА ұйымдастырған "Мың бала" атты республикалық мәдени-ағартушылық жобасының облыстық кезеңдегі "Өнерлі өрге жүзер" байқауында 2-ші орынға ие болып қуантты», - деп ағынан жарылды өз сөзінде "Домбырамен ән салу" үйірмесінің жетекшісі Ұлжалғас Әбілдахан.

Жаһандану заманында ел іргесі сөгілмес үшін өзара ынтымақ пен татулықтың мызғымастай берік болуы мемлекет тұрақтылығының басты кепілі. Бұл орайда елдегі бірегей қоғамдық институттың бірі – Қазақстан халқы ассамблеясының алатын орны ерекше екені даусыз. Этностар арасындағы байланысты нығайту, жіптей нәзік бірлік пен достықтың арнасына сызат түсірмеу, Қазақ елінің тұтастығы мен бірлігін, салты мен дәстүрін, әдет-ғұрпын сақтауын қамтамасыз ету жоғарыдағы институттың басты бағыт-бағдары десек қателеспейміз. 

Ұлттың ұлылығын бір ғана ағаш аспаптың шанағына сыйғызғанын көріп пе едіңіз?! Домбыраның бірде күмбірлеп шыққан, бірде шертілген ойлы дыбысы бабалардың ұрпаққа аманат еткен музыкалық мұрасы ғана емес, ұлт шежіресін жеткізуші ұлы жәдігер. Түркі халықтарының туыстығы - оның мәдениеті мен музыкалық өнерінің табиғи, тарихи тереңдігінде жатыр. Сондықтан өнер бұл достықтың, бауырластықтың тал бесігі. Қазақстанды мекендеген әрбір ұлттың ата-бабасынан қалған мыңжылдықтарда қалыптасқан музыкалық-фольклорлық мұралары бар екені талассыз. Бүгін біздің алдымызда ұлттық өнерді рухани-ағартушылық деңгейге көтеру міндеті тұр. Сондықтан әр ұлттар мен ұлыстардың өзінің мәдениеті мен музыкалық болмысын тануға, танытуға әрекет жасауымыз керек. Мен домбыраны бала кезімнен жаныма серік еттім, жыраулықты қанымызда бар қасиет деп білдім. Қазақтың әрбір баласы осындай тәлім мен тәрбиеде, домбыраның үнінен әлди тыңдап өсуі керек. Ән, күй немесе би болсын, оны орындаушы ретінде ғана дәріптеу аздық етеді, әрбір өнер адамы қоғамда рухани ағартушы тұлға болып тәрбиеленуі керек. Әрбір орындаушы өз өнерін ғылыми, теориялық-педагогикалық, метадологиялық тұрғыдан талдай, зерттей алатын қоғамның бүгінгі болмысына рухани жетекшілік ете алатын дәрежеге сай болуы керек.

Тарихтың иірім қойнауынан алтын тін арқау жібін үзбей жеткен жыраулық өнер - тірі жәдігер. Себебі, бір ғана Қазақ елінде 550-ден астам батырлықты дәріптеген жыр бар. Ол бізге қағаз парақтарында жеткен жоқ. Атадан балаға, баладан немереге, немереден шөбереге, осылайша жеті ұрпаққа жалғасып жеткен, қанымызға сіңген өнер. Тағдырдың толқыны неше қайтара толқытты, қоғамда ұлттық құндылықтарға шектеу қойылып, жойылды. Алайда, ақпаратты сақтайтын жеке адам емес, қан, генофонд. Міне, сол қанға сіңген қасиет біздің аталар жолын жалғастыруымызға себеп болды.

Бүгінде қазақтың бағына бұйырған ұланғайыр атырапта түрлі этнос өкілдері де бірлік туын биік көтеріп келеді. Қилы заман қиындығын еңсеріп, осы топыраққа табан тірегендер жергілікті жұрттың жайсаң мінезін ерекше екшейді. Қиырдан қазақ даласына тарихи себеппен тұрақтағандардың ортаға сіңісіп кетуіне де ұлтымызға біткен ұлы қасиет сеп болған.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, елімізде орыс (15,1%) этносынан кейін көп қоныстанғандар – өзбектер (3,2%). Әр этнос өкілдерінің арасында ұлтымыздың ұлттық құндылықтарына аса қызығушылықпен қарап, құрмет тұтатындар орасан. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты ХХХІІ сессиясында сөйлеген сөзінде: «Қазақстандағы барлық этнос өкілдері қазақтың болмысын бойына сіңіруде. Елімізде қазақтың салт-дәстүрін ұстанатын өзге ұлт өкілдері өте көп. Қазақстан олар үшін туып-өскен, ержеткен, білім алған, отбасын құрған қастерлі мекені, Отаны болып саналады. Дәстүрлердің осылайша бітеқайнасуы, этносаралық және конфессияаралық келісім, өзге мәдениетке толерантты болу – біздің баға жетпес байлығымыз, қазіргі тілмен айтсақ, ұлттық брендіміз» деген болатын. Түркістан, Сауран - көне замандардан бері қолөнердің орталығы болған. Этнос өкілдерінің қазақтың муызка апаптарына, байырғы қолөнеріне, шеберліктеріне қызығушылықтарын арттыру, сонымен қатар жасалынған туындыларын көпшілікке жария ету арқылы өнерлі, шығармашыл этнос өкілдерінің белсенділігін арттыру заман талабы. Бұл ұлттық құндылықтарымызды этнос өкілдері арасында кеңінен дәріптеп, бірлігімізді бекемдей түседі деген сенімдеміз.

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

 

Оқылды 43 рет