Дүйсенбі, 14 Қазан 2019 17:35

Шымкентте «Dala kilemderi» көрме-жәрмеңкесі ұйымдастырылды

Шымкенттегі «Көрме» орталығында «Dala kilemderi» атты он күндік кілемдер жәрмеңкесі өтті. Дәстүрлі ұйымдастырылып келетін кілемдер жәрмеңкесінің ашылуына қала әкімі Ерлан Айтаханов қатысып, ондағы өнімдермен танысты. 

Жәрмеңке Шымкент қаласында «Bal Tekstil» компаниясының ұйымдастыруымен 2016 жылдан бастап өткізіліп келеді. Көрмеге 1500-ден астам кілем және кілем бұйымдары қойылды. Мұндағы барлық өнім нарықтағы бағадан төмен бағада саудаланады.

Қала тұрғындары мен қонақтары кілем өндірісінің иірімжіпті бояудан бастап, тоқыма станогындағы жұмысына дейінгі барлық процесін тамашалды.

Жәрмеңкені өткізудегі мақсат – отандық кілемдердің сапасы шетелдік кілемдердің сапасынан кем түспейтінін дәлелдеп, халық арасында танымалдығын күшейту. Сол себепті мұнда отандық өнімдермен қатар Бельгия, Түркия, Иран, Ресей, Өзбекстан мен Молдова елдерінің өнімдері ұсынылды.

«Bal Tekstil» - қазақтандық кәсіпкерлер мен түркиялық «Kartal Carpets» компаниясының бірлескен жобасы. «Kartal Carpets» - Түркияның кілем өндіру саласындағы алғашқы ондыққа енетін ірі тауар экспорттаушысы. Ал Қазақстандағы ең ірі «Бал Текстиль» отандық кілем өндіруші фабрикасы 2013 жылы «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында өз өнімін шығара бастады.

Фабрика қазіргі таңда жылына 5 млн. шаршы метр кілем және кілем өнімдері мен 4000 тонна полипропиленді жіп өнімдерін өндіруге қауқарлы. Бүгінде 300-ге жуық адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Кілем өнімдерінің 30 пайызы шетелдерге, атап айтқанда, Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан, Әзірбайжан, Ұлыбритания, Германия және Франция елдеріне экспортталуда.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 731 рет