Сәрсенбі, 16 Қараша 2022 01:46

Отырар: балалар «супер теке» шағын қойылымын тамашалады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды «Балалар жылы» деп атады. Осы ретте Мемлекет басшысы балаларға ерекше көңіл бөлу керектігін жеткізді.

«Балалар – мемлекетіміздің жарқын болашағының кепілі. Сондықтан да алдағы жылды Балалар жылы деп жариялау керек деп есептеймін. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы орайда бүгін аудандық мәдениет сарайында Отырар халық театрының ұжымы «Супер теке» шағын қойылымын балалар назарына ұсынды. Қойылым басталмас бұрын балалар мәдениет сарайының фойесіндегі балаларға арналған кітап көрмені тамашалап, қуыршақ театрының көріністерін тамашалады. Мұнан соң жылы әрі кішкентай көрермендерге лық толы үлкен залда қойылым басталып кетті. Қойылым арқылы балалар өтірік айтудың соңы жақсылыққа апармайтынын, түбі әділдік орнап, шындық ашылатынын, досқа адал болу керектігін, үлкенді құрметтеп, ата-ананың айтқанын істеу керек екенін санасына түйді.

Тәрбиелік мәні зор шарада «Отырар әдебиеті және өнері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сағындық Қыдыр, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мырзабай Өксікбаев, «Аналар» алқасының төрайымы Күлзейнет Әлмешова, аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмахановтар сөз алып, ертеңгі елдің тұтқасын ұстайтын балалардың жан-жақты болуы үшін осындай шаралардың маңызы үлкен екенін атап өтті.

Аудан әкімінің орынбасары өз сөзінде: «Әдетте адамның жеке басының қасиеттері бес жасқа жейін қалыптасады. Сондықтан да баланың жан-жақты қалыптасуы үшін мектеп жасына дейінгі бүлдіршендердің бойына жақсы, жағымды қасиеттерді сіңіре білу керек. Бала әр нәрсеге құмар, қызыққыш, ол өзінің айналасында болып жатқан өзгерісті, тамаша құбылыстарды сезінуге тырысады. Сондықтан бүгінгі Отырар халық театрының «Балалар жылы» аясындағы балаларға арналған қойылымы өз мақсатын толық орындады деп айта аламын. Театр ұжымының жұмысына толағай табыстар тілеймін»-деп атап өтті.

Сонымен қатар, жиында аудан әкімінің орынбасары А.Құлмаханов Отырар халық театырының ұжымына аудан әкімі Сәкен Сұлтанхановтың құттықтау сөзін жеткізіп, арнайы алғыс хатын табыстады.

Қойылым кезінде балалар шындық жағында екенін дәлелдеп өтірік айтқан текенің қылықтарын айқайлап, шулап әшкерелеуге тырысып жатты. Бұл да болса олардың шынайылық пен әділдікті жақтайтын ұрпақ болып қалыптасып келе жатқанының көрінісі болса керек. Қойылым соңына бүлдіршіндер сахнадан кеткісі келмей ұзақ тұрып театр ұжымымен қимай қоштасты.

Қазақта «Адам болатын бала алысқа қарайды» деген тәмсіл бар. Бала мықты болып өсуі үшін дұрыс тәрбие мен білім қажет. Президент жаңа жылдық құттықтауында биылғы жылды «Балалар жылы» деп жариялап, түрлі мерекелік шаралар мен жиындар өткізу емес, балаларды қорғау мақсатында денсаулығы мен білім сапасын арттыру, әлеуметтік қамсыздандыру басты міндет екенін айтқан еді. «Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық – бұл біздің жалпыұлттық міндетіміз. Мен Мемлекет басшысы ретінде өскелең ұрпақтың болашағына баса мән беремін. Жастарға зор үміт артамын. Жастарымыз атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар мен реформалардың игілігін міндетті түрде көреді. Олардың арасында көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр азаматтар аз емес. Біз өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасауымыз керек», – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.Деректерге қарасақ, елімізде 6 млн 109 мың бала бар екен. Оның 27 мыңнан астамы Шиелі тұрғындары. Биылғы жыл қоғамның осыншама бөлшегін қорғап, қолдауға арналмақ.

Балалар жылында атқарылатын игі шаралардың бірі – сауықтыру мәселесі. Елімізде ем-дом қажет ететін балалар өте көп. Барлық ата-ананың перзентін толыққанды емдетуге мүмкіндігі бола бермейді. Қазіргі медициналық қызметтің де бағасы шарықтап тұр. Сонымен қатар үнемі емді қажет ететін балалар бар. Олардың жағдайы тіптен ерекше. Осындай мәселенің барлығын ескере отырып, биылғы балалар жылында медициналық көмекті қажет ететін сәбилерге мүмкіндікті арттырсақ құба-құп. Шиелінің өзінде қаншама бала ата-анасының қолы қысқалығынан дертіне шипа ала алмай жүр. Сондықтан балалар жылында пайдасыз жиындар мен тек есеп беру үшін өткізілетін семинар, конференцияларға қаржы жұмсалмағаны жөн. Мұны Мемлекет басшысы да нақты ескертті.Бұлай дейтініміз соңғы жылдары аутизммен ауыратын, сал ­ауруына шалдыққан балалардың қатары артқан. Олардың да әрқайсысына ерекше күтім керек. Дертіне шипа іздеген аналары шырылдап, арнайы мекемелерді іздеп, табанынан таусылып жүр. Әсіресе, әлеуметтік желіні ашсаң баласына елден көмек сұраған анадан «аяқ басып жүре алмайсың».Бұл жағдайда балаларға қажеті – тегін медициналық көмек. Әрине, қазір қолжетімді медициналық көмектің түр-түрі бар. Бірақ аз. Сол себепті де балалар жылында оларға арнап медициналық көмектің ауқымын арттырсақ игі. Ерекше балаларды қолдау, сауықтыру, қоғамға бейімдеу бағытында аудандағы жауапты салалардан іргелі жұмыстар күтеміз.

Тағы бір мәселе – балалардың қызығушылығын тауып, уақытын тиімді ұйымдастыру. Қазір асық ойнап, доп қуатын, балшықтан ыдыс жасап, тығылмақ, қуыспақ ойнайтын бала аз. Есесіне мектептен келе сала қас қарайғанша телефонға шұқшиып отырған жас көп. Қазір балалардың дені «YouTube» арнасына тәуелді. Балалар YouTube-тан не көріп отыр? Қазақша сапалы контент бар ма? Балаларға арналған анимациялық фильмдер, түрлі ойын, қажетті контенттер жоқтың қасы. Осы олқылықтың орнын толтырудың уақыты келген сияқты.Одан өзге мектептен соң оқушы өзіне қажетті үйірмеге барып, спорт түрлері, домбыра үйреніп, би, актерлік шеберлік, хореография, сурет секілді үйірмелерге қатысып, саламатты өмір салтын құрса игі. Қазір балалардың көбі робототехникаға ерекше қызығатынын да ұмытпаған жөн. Мұндай үйірмелер ауданда бар. Бірақ баланы бейімдеп, белгілі бір нәтижеге жеткізуді көздейтіндері аз. Көбі құжатын түзеп, айлық есебін уақытылы тапсырып отырғаннан әрі аспайтынын кімнен жасырамыз? Иә, балалардың сабақтан тыс уақытын тиімді әрі пайдалы өткізуге арналған орындар әлде де керек-ақ. Біреу емес, бірнешеу. Себебі бәсеке бар да сапа да қатар жүреді.

Кезек күттірмейтін маңызды мәселенің бірі – бүгінде ересектерден бөлек балалардың ­уайымы көбейіп, жан дүниесінің стресске түсуі. Мектептердегі әлімжеттікке интернет айдынындағы буллинг – яғни намысына тиіп, қорлау да қосылды. «Менің айтқаным ғана дұрыс» дейтін ата-аналар мен мұғалімдер де азайған жоқ. Тіпті жоқшылық пен кедейшілік те балалардың жүрегіне қаяу салады. Қорсынады, арланады. Қарапайым дүниеге қолы жетпей, көзі жасқа шыланады.«Балалар бізден жақсы өмір сүрсін» десек, баланың бар екенін ұмытып кететін әдеттен де арылуымыз керек. Әрине, мемлекет дамудың жаңа жолына түссе, көп мәселенің күрмеуі тарқатылады. Алайда оған оп-оңай және тез жету мүмкін емес. Ал бала тез өседі...Түптеп келгенде баланы оқыту, денсаулығын қадағалау, әлеуметтік жағдайын жасау аздық етеді. Баланың жарқын болашағы үшін оның қызығушылығын одан әрі жетілдіру, ішкі жан дүниесіне үңілу, әңгімелесу де маңызды. Сондықтан бұл жылды балалармен сырласу жылы деуімізге де болады.

 

Оқылды 408 рет