Саурандық өрен «Сен талантсың!» байқауында жеңімпаздар қатарынан көрінді

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен өткен «Сен талантсың!» атты шығармашылық кеш байқауына Сауран ауданының атынан өзінің ерекше талантымен (робототехника) Жұмаділлә Қажыакбар Нұриллаұлы жеңіс тұғырынан көрінді!

ШЫМКЕНТ: «БІЗ ЖҰЛДЫЗ БОЛЫП ЖАНАМЫЗ» АТТЫ КОНЦЕРТ ӨТТІ

Мүмкіндігі шектеулі жандардың қатысуымен шығармашылық кеш өтті. Шарада талантымен танылған өнерпаздар түрлі қолөнер туындыларын ұсынып, ән-биден шашу шашты.

Шымкентте қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы және «Халқыма тағзым» мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Жастар ресурстық орталығында мүмкіндігі шектеулі талантты жастардың арасында шығармашылық кеш өтті. Кеш аясында келушілер жас қолөнер шеберлерінің көрмесін де тамашалады.

Жобаның мақсаты – мүмкіндігі шектеулі жастарға кедергісіз орта қалыптастыру, өмір сүру сапасын арттыру және өмірдің барлық салаларында қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелерін шешу.

Жалпы осыған дейін аталмыш іс-шаралар кешені аясында жастарға арналған арнайы мемлекеттік бағдарламалар мен кәсіпкерлікті меңгеру бойынша курстар, қаланың көрікті жерлері мен мәдени мұражайларға экскурсия жасау, үстел теннисі және шахматтан турнир және жас қолөнер шеберлерінің көрмесі өткізілген болатын.

Бүгін осы іс-шаралар қорытындыланып, жеңімпаздар мен белсенді қатысушылар марапатталды.

Жиында сөз алған Шымкент қаласы Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Мұратжан Шотанов еліміздегі азаматтарды мүмкіндігі шектеулі деп бөлмей, барлығына бірдей қолдау көрсетілетінін атап өтті.

– Шымкент қаласында жастардың сапалы білім алуына, шығармашылықпен айналысып, мүмкіндіктерін толық ашуына барынша жағдай жасалып келеді. Өнер-білімге жаны құштар жастардың қоғамдық өмірге белсене араласуына осындай іс-шаралардың тигізер көмегі көп. Сонымен қатар, риясыз көңілмен өнерлерін паш еткен ерекше жастарға ризашылығымды білдіремін, - деді МұратжанШотанов.

Ал ерекше жас шеберлердің қолынан шыққан көрмеге қойылған бұйымдар көпшілікті тәнті етті. Кеш соңы концерттік бағдарламамен жалғасты.

 

ШЫМКЕНТТЕ «ЧАК-ЧАК БАЙРАМЫ» ӨТТІ

Шымкент қаласының татар-башқұрт этномәдени бірлестігі Республика күніне орай «Чак-чак байрамы» мерекесін атап өтті. Татар ұлтының ең тәтті мерекесі аталып кеткен жиынға татар-башқұрт, өзбек, корей және өзге этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты.

Татар шығармашылық ұжымының орындауында халық әндері шырқалып, чак-чак мерекесінің басты тағамынан көрме жасақталып, әдет-ғұрыптары көрсетілді. Мерекелік басқосуда қалалық «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Ербол Байқонақов жиылған қауымды Республика күнімен құттықтап, елдің ішкі бейбітшілігін сақтауға үлес қосып отырған этномәдени бірлестіктерге алғысын жеткізді.

–Күні кеше 25 қазан – Республика күнін тойладық. Сіздерді Ұлттық мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Бүгінде Шымкент қаласында 10 мыңнан астам татар-башқұрт этносының өкілі бар. Саны жағынан қаладағы ірі 5 этностың құрамына кіреді. Өз болашағын Қазақстанмен байланыстырған татар-башқұрт этномәдени бірлестігі қоғамдық келісімді сақтау саясатын іске асыруға сүбелі үлес қосып келеді. Ал, бүгінгі татар ұлтының тәтті мерекесі аталатын «Чақ-чак байрамы» қаламызда жыл сайын ұйымдастырылады. Дастарханнан ерекше орын алатын бұл тағамды үлестіру арқылы этномәдени бірлестік өздерінің достық қарым-қатынасы мен ыстық ықыласын білдіреді. Бүгінгі мереке соның бір айғағы, - деді Ербол Сүлейменұлы.

Шымкент қаласының қоғамдық-саяси дамуына үлес қосып жүрген татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің бірқатар белсенді мүшесіне қала әкімі мен ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы және «Қоғамдық келісім» КММ тарапынан алғыс хаттар табысталды.

Одан кейін, шығармашылық ұжымдар әзірлеген концерттік бағдарлама ұсынылып, татар ұлтының тарихы жөнінде деректі фильм көрсетілді.

 

Отырар: Темір ауылында Республика күніне орай «Жайдарман» сайысы өтті

Отырар ауданы Темір ауылдық мәдениет сарайында аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-сі және Темір мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «25 қазан Республика күні» мерекесіне орай «Жайдарман 1/4» сайысының финалдық ойыны өтті.

ШЫМКЕНТТІКТЕР РЕСПУБЛИКА КҮНІН ТОЙЛАУДЫ БАСТАП КЕТТІ

Шымкенттегі “Көрме” орталығында Ұлттық мерекеге арналған салтанатты шара өтті. Оған шаһар басшысы М. Әйтенов, қалалық мәслихат депутаттары, құқық қорғау орган басшылары мен қызметкерлері, сот, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен БАҚ қатысты.

Бұл жолғы ісшара бұрынғысынан өзгерек. Алаштың айбынын асқақтатып, мерейін үстем ететін арнайы бейнероликтен басталды. “Егемен елдің” өткені мен келешегі сараланып, Ұлы дала халқының дархандығы мен дара көңілі көрсетілді. “Сазген сазы” фолькорлық-этнографиялық ансамблі “Бақтыбайдың күйімен” қазақтың сыры мен сазын әуелетіп жеткізді. Бұдан соң қала әкімі сөз алып, барша жұртты тарихи датамен құттықтады.

Республика күні - туған еліміздің егемендігі бастау алған күн. 1990 жылдың 25 қазанында Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Жоғарғы кеңесі мемлекеттік егемендік туралы Декларация қабылдады. Дәл осы күні Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері жарияланды.

Аттай 13 жылдан соң, дәл биыл Республика күніне ұлттық мереке мәртебесі қайтарылып, бостандық пен еркіндіктің бастауы болған айтулы датаны барша халық қуана тойлауда.

Сын сағаттарда сүрінбей, еңсесін тік ұстай білген еліміздің жеңісті сәттерінен сөз саптаған шаһар басшысы Ұлттық мереке – Республика күніне Шымкент қаласының да зор жетістіктермен жеткенін қысқа-нұсқа баяндап берді.

- Қаланың республикалық мәртебеге ие болуы инвестициялық белсенділіктің артуына септігін тигізді. Үшінші мегаполиске соңғы 5 жылда 1,8 триллион теңге, ал биылғы жылдың 9 айында 327,9 миллиард теңге инвестиция тартылды. Бұл былтырғымен салыстырғанда 20%-ға жоғары. Жыл соңына дейін инвестиция көлемін 530 миллиардқа жеткізуді жоспарлаудамыз, ол үшін нақты қадамдар жасалған-деді М.Әйтенов.

М. Дүйсенбекұлының айтуынша, қала экономикасы қарқынды дамып жатқан соң, соңғы 3-4 жылда инфрақұрылым мәселесі де шешімін тауып келеді.

Ауыз сумен қамтуда 32 нысан, электрмен қамтуда 28 нысан, газбен қамтуда 21 нысан құрылысы жүргізілді. Нәтижесінде, ауыз сумен қамту 93%-дан 98%-ға, электрмен қамту 91%-дан 97%-ға, тұрғындарға табиғи газ жеткізу 92%-дан 93%-ға өсті.

Инженерлік инфрақұрылым мәселесінің бір бөлігі 2023 жылы, ал 2025 жылы барлығы толық шешіледі.

“Осы және бұдан басқа да айтуға тұрарлық жетістіктеріміз бар. Бірақ бізге мұнымен тоқмейілсуге болмайды”-деген қала басшысы Шым шаһардың дамуы мен өркендеуі жолында аянбай еңбек етіп, тер төккен азаматтардың бірпарасын сахна төрінде марапаттап, құттықтады.

Соңы Ж.Жексен, Б.Исаев сынды елге танымал эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерттік бағдарламаға ұласты.

 

 

ТҮРКІСТАНДА РЕСПУБЛИКА КҮНІНЕ ОРАЙ «ЖАСА, ЖАЙНА ҚАЗАҚСТАН!» МЕРЕКЕЛІК ІС-ШАРАСЫ ӨТТІ

Түркістанда 25 қазан – Республика күні мерекесіне орай «Жаса, жайна Қазақстан!» салтанатты іс-шарасы ұйымдастырылды. «Қыран елім – Қазақстан» хореографиялық - сазды театрландырылған қойылыммен ашылған мерекелік кеште ұлттық мерекенің мән-мазмұны жан-жақты айшықталды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды көпшілікті Республика күнімен құттықтап, тәуелсіздіктің баға жетпес құндылық екенін айтты.

– Баршаңызды Республика күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл мерекенің мәні айрықша. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытауда өткен бірінші құрылтайда Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды. Биыл, 25 қазан – ұлттық мерекеге айналып, Республика күні болып бекітілді. Әлемде тілі, діні, мәдениеті бар болса да, тәуелсіздік ала алмай жүрген ұлттар көп. Бұл ретте басқа қонған бақты бағалаған жөн. Қазақстан Республикасының тұрақтылығын сақтау, дамыту – баршамыздың міндетіміз. Мызғымас бірлік пен ізгі тірлігіміз арқылы Жаңа Қазақстанды дамытуға атсалыса берейік. Түркістанымыз түрленіп, Қазақстанымыз гүлдене берсін! – деген Дархан Сатыбалды елді дамытуға үлес қосқан бір топ азаматқа мемлекеттік марапаттарды тапсырды.

Атап айтсақ, Түркістан өңірінің еңбегімен дараланған азаматтарына «Парасат», «Құрмет», ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордендері ұсынылды. Сонымен бірге «Ерен еңбегі үшін», «Ерлігі үшін», «Шапағат» медалдары мен Құрмет Грамоталары да өз иелерін тапты.

Республика күніне арналған салтанатты жиында облыс әкімі өңірде атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспарларды да баяндады.

– Тәуелсіздігіміздің арқасында еліміз өркендеп, тарихымыз дәріптелді. Соның бір дәлелі – Түркістан облысының құрылуы. Түркістан қаласының тарихи рөліне мән беріліп, рухани орталыққа айналды. 4 жылда облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны арта түсті. 2018 жылмен салыстырғанда жалпы өңірлік өнім 1,6 есеге артып, көлемі 2 трлн. 796 млрд. теңгені құрады. Биыл оны 3 трлн. теңгеге жеткізуді көздеп отырмыз. Алдағы уақытта бағдарымызды өзгертіп, күшті облыстың өнеркәсіп әлеуетін дамытуға бағыттауымыз қажет. Бүгінгі таңда облыс үшін маңызды бірнеше ірі жобаны іске асыру жоспарлануда. Жалпы облыста өнеркәсіпті дамытуға барлық мүмкіндіктер бар. Аудан, қалаларда индустриалды аймақтар ашылған. Сонымен қатар өңірге инвесторлар тарту мақсатында Түркістан қаласы аумағында «Turkistan» арнайы экономикалық аймағы құрылған. Осыған байланысты жергілікті бизнес өкілдерін жаңа жұмыс және өндіріс орындарын ашуға атсалысуға шақырамын. Біз тиісті жер учаскесін бөліп, қажетті инфрақұрылымды тартуға және басқа да жеңілдіктермен қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді Дархан Сатыбалды.

«Конгресс холл» кешенінің заманауи концерт залында өткен мерекелік кеште облыстың танымал өнерпаздары отаншылдық бағыттағы әндерді шырқап, бишілер өз өнерлерімен көрермендерді серпілтті. Тәуелсіздік, Отан, бірлік, отаншылдық ұғымдары ән мен жырға арқау етіліп, ұлттық аспаптардан рухты оятатын күй төгілді.

Жалпы Республика күніне орай Түркістанда 1200-ден астам іс-шара өткізу жоспарланған. Бүгінде басым бөлігі өтіліп үлгерген.