Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрына - 40 жыл

27 наурыз- Халыаралық театр күні. Бұл күні Шымкенттегі қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театры да өзінің 40 жылдық мерейтойын атап өтуде. Осы орайда театр ұжымы «Қырық ертегі – қырық кейіпкер» атты байқау жариялаған болатын. Бір жылға созылған байқау биыл қорытындыланды.

500-ден астам дарынды бала қатысқан «Қырық ертегі – қырық кейіпкер» атты байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен дарынды да талантты балақайлар қатысқан.

Еске салсақ, өткен жылы дәл осы уақытта Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы мен Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театры «Қырық ертегі – қырық кейіпкер» атты мектеп оқушылары арасындағы республикалық сурет байқауын ұйымдастырған болатын. Бүгін аталған байқау мәресіне жетіп, жеңімпаздар марапатталды.

Биыл – өнер ордасының 40 жылдық мерейтойы. Осыған орай, өткен жылы мектеп оқушылары арасында «Қырық ертегі – қырық кейіпкер» сурет байқауы басталып, биыл кәсіби мерекемізде қорытындыладық. Байқауды ұйымдастырудағы негізгі мақсатымыз – сурет әлемі арқылы өскелең ұрпақтың театр өнеріне деген махаббатын ояту. Өнер сайысына Қазақстанның сегіз облысы мен 16 қаласынан жас суретшілер қатысты, - деді театр басшысы.

Жас қылқалам шеберлерінің туындыларына арқау болған суреттер – Шымкент қалалық қуыршақ театрының 40 жылда сахналаған ертегі кейіпкерлері. Жас суретшілердің ішінен дарындыларды таңдау оңай болмады. Кәсіби мамандардан құрылған қазылар алқасының шешімімен І орынға Алматы қаласы Әбілхан Қастеев атындағы өнер және дизайн мектебі лайық деп танылды. Оларға «Шымкентке кел!» туристік бағытына арналған тур-билеті табысталды (Жеңімпаздар Шымкент қаласының 40-қа жуық тарихи орындарына 3 күн тегін саяхаттайды.

ІІ орынды Орал қаласы Сәкен Ғұмаров атындағы көркемсурет мектебі иеленді (Жеңімпаздарға «Құрметті көрермен» сертификаты табысталды. Осы сертификатпен бір жылдың ішінде кез келген қойылымды тамашалайды).

ІІІ орын Кентау балалар көркемсурет мектебіне бұйырды (жеңімпаздарға «12 ай – 12 ертегі» сертификаты табысталды. Олар әр айда қалаған бір ертегіні тамашалайды).

Мерекелік кеш Оқушылар сарайының өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласып, олардың өнері дүйім жұрт тамсандырды.

 

Шымкентте ұлттық құндылықтар дәріптелді

17 наурыз – «Тарихқа тағзым» күні. Осы орайда «Шымқала» тарихи-мәдени кешенінде өтіп жатқан мерекелік іс-шаралар қала тұрғындары мен қонақтарға ерекше көңіл-күй сыйлады.

Қазақы салт-дәстүріміз бен ұлттық өнерімізді дәріптеген мейрамда жұртшылыққа арнап наурызкөже ұсынылды, бауырсақ таратылды. Келушілер ұлттық ойындарымыз арқан тартыс пен тоғызқұмалақтан сайысып, қолөнер бұйымдарының көрмесін тамашалады.

«Тарихқа тағзым» күні – тарихымызды ұмытпай, жастарымызға ұлттық құндылықтapды ciңipу, оларды ұлттық pухта тәpбиeлеу, сонымен қатар төл тарихын білуіне, eлiнe, жеріне дeгeн cүйicпeншiлікті арттыру мақсатында тойлануы өте орынды. Ертеңгі күні елге иелік ететін жастарымызды тарихты тануға, салт-дәстүрді, баба тілімізді құрметтеуге, төл тамырынан ажырамайтын өресі мықты етіп өсіру – біздің міндетіміз. «Тарихқа тағзым күнінің» осындай үлкен миссиясы бар, – дейді «Шымқала» тарихи-мәдени кешенінің басшысы Мадина Кенжеқұлова.

Мадина Кенжеқұлованың айтуынша, мерекеге «SCAT» авиякомпаниясы, «Бал текстиль» зауыты, «Go-Kino, «Шымкент концерт» мекемелері және «Айжамал тәттілері» демеушілік көрсеткен. Демеушілер есебінен өмірлік қиын жағдайда жүрген балалар үйінің бүлдіршіндеріне арнайы сыйлықтар үлестірілді.

Сонымен қатар, бүлдіршіндерге жас ұрпақтың тарихқа деген қызығушылық пен құштарлығын ояту үшін тарихи жанрдағы фильмдер ашық аспан астында көрсетілді.

Мерекелік іс-шара тарихи кешенде күні бойы жалғасатын болады.

ШЫМКЕНТ: «ҚЫЗЫЛ ДИПЛОМ» КӨРЕРМЕНГЕ ЖОЛ ТАРТТЫ

Шымкентте «Қызыл диплом» толықметражды фильмінің тұсаукесер көрсетілімі өтті. Фильм Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының тапсырысымен түсірілген.

Жастарға мамандық таңдауда бағдар беріп, оларды үлкен өмірге дайындау мақсатында фильмнің режиссері Серік Таласов шынайы оқиғаға сүйенгенін алға тартты.

— Көп жағдайда ата-аналар баланың қалауымен санаспай, ақылдаспай «балам үшін осы мамандық қолайлы» деп, өздері шешім қабылдайды. Алайда, ол шешім жаны басқа саланы қалайтын баланың сағын сындырып, өмірін мүлде басқа арнаға бұрып жатады. Бүгінгі фильм желісі инженерлікті таңдап, бірақ ата-анасының ықпалымен заңгер мамандығын оқуға мәжбүр болған жігіттің оқиғасына негізделген. Басты рөлдегі Бекзатты – Ғ.Мүсірепов атындағы жасөспірімдер театрының актері Олжас Сақ, досы Талғатты Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының актері Руслан Нұрман сомдады. Шынайы оқиға әр азаматтың жүрегіне жол табады деген сенімдеміз, - деді режиссер.

Фильм мамандық таңдауда жолы болмаған Бекзаттың ұн қоймасында жүк тасушы болып жүрген кезінен бастау алды. Күнделікті табысын темекі, ішімдікке жұмсап жүрген Бекзат сыныптасы Талғаттың ірі компанияны басқарып жүргенін естіп, алдына жұмыс сұрай барады. Сөз арасында Талғаттың өз күшімен табысты болғанына күмән келтіріп, тіпті қайын жұртының мықтылығын айтып, кекетіп те үлгереді. Досының оңай табысқа кенелгісі келгенін түсінген Талғат оны дұрыс жолға бағыттау үшін бірге жүк тасуға қоймаға келеді. Алайда, Бекзат өзіне берілген мүмкіндікті елемей, түрлі қиындықтарға тап болады.

Фильм соңында сөз алған Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Ш.Мұқан фильмнің мамандық таңдауда берері мол екенін тілге тиек етті.

— Фильм — ол шығарма. Ал, шығарманы әркім әртүрлі қабылтайтыны анық. Бірнеше қатпардан тұратын фильм Бекзаттың тіршілік үшін күресінен басталды. Голливуд фильмдерінің кейбірін басталған кезде немен аяқталатынын болжап отырасыз. Ал, мұнда сценарий қызықты жазылған. Келесі қадамның қалай жалғасатынын біле алмайсыз. Адам баласы басына іс түскенде бүкіл дүниедегі ауыртпалық тек өзіне түскендей күй кешетіні анық. Дегенмен, барлық адамда проблема бар. Алдыңыздан бір есік жабылса, шешімін көрсететін екі есік ашылады. Міне, Бекзат дәл солай өзіне берілген мүмкіндіктің бірінен қағылып, екіншісін ғана пайдалана алды. Кейде адамдар жетектегенге жүрмеуі мүмкін. Яғни, өзгеріс сыртқы ықпалмен емес, ішкі ынтамен басталса ғана орнықты болады және жетістіктерге жетелейді. Бұл —менің қабылдауым. Шығармашылық топқа алғыс білдіремін. Шымкентте Серік Таласовтай тағы 10 азамат болса, Шымкент Голливуд болар еді, -деді Шыңғыс Жұмабекұлы.

Ш.Мұқан құттықтау сөзден соң, режиссер С.Таласов пен шығармашылық құрамды марапаттады.

Айта кетейік, ұзақтығы 1 сағат 15 минуттық «Қызыл диплом» толықметражды фильмі жергілікті телеарналардан көрсетіліп, көрермен үшін YouTube желісіне де жүктелмек. Сондай-ақ, жоғары және орта арнаулы оқу орындарында, шалғай аудандардағы жастарға арнайы кино көрсетілім ұйымдастыру жоспарланған.

 

ШЫМКЕНТ: БАЙҚАУ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

Азаматтық ресурстық орталығында Мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығына орай өткізілген іс-шаралар қорытындысы бойынша дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Жиынға қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының бөлім басшысы Серғазы Әбілхайыров, Шымкент қаласы Азаматтық Альянсының төрағасы Жұмағали Білісбеков, «Серпіліс» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Бейсенкүл Нарымбетова, әлеуметтік жоба жеңімпаздары және ҮЕҰ мүшелері қатысты.

Қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының бөлім басшысы С.Әбілхайыров биыл Мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығы кең көлемде аталып өткенін, іс-шаралардың маңыздылығына тоқталды.

– Мемлекеттік рәміздерді ұлықтай білуіміз керек. Іс-шаралардың негізгі мақсаты – Тәуелсіздік құндылықтары, мемлекеттік рәміздерді насихаттау, жастарды патриоттыққа тәрбиелеу, мемлекеттік рәміздерге деген құрметті қалыптастыру. Биылғы мерекеге орай әлеуметтік желілерде, БАҚ-та жалпы 5 мыңға жуық материал жарық көрді, – деді басқарма бөлім басшысы.

«Серпіліс» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Бейсенкүл Нарымбетованың айтуынша, мемлекеттік рәміздерді насихаттау мақсатындағы «Үздік пост», «Үздік бейнеролик» және «Үздік іс-шара» байқауы да жоғары деңгейде өткен. Биыл әлеуметтік жоба аясындағы байқауға журналистер, блогерлер, ҮЕҰ мүшелері, мектеп мұғалімдері белсене қатысты. «Үздік пост» номинациясы бойынша 46 адамның арасынан жеңімпаздар анықталған. Өзге өңірдің жастары да бақ сынапты. Үздік бейнероликтер Тәуелсіздік күніне дейін әлеуметтік желілерге қайтадан жүктелмек.

Іс-шара барысында байқау жеңімпаздары бағалы сыйлықтармен марапатталды. №21 мектептің тарих пәнінің мұғалімі Есбол Асылбеков 18 пост жариялап, «Үздік пост» номинациясында жеңімпаз атанған еді. Ол патриоттық іс-шараларды осы бағытта жүргізу қажеттігін айтты. Азаматтық Альянсының төрағасы Ж.Білісбеков мұндай іс-шаралардың ауқымын кеңейту бойынша ұсынысын жеткізді.

 

ШЫМКЕНТТЕ «ҰЛТ ҮНІ» ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

«Ұлт үні» байқауының қорытынды жиыны өтті. Байқау Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» жобасы аясында биыл екінші рет ұйымдастырылып отыр.

Қоғамдық келісім мекемесінің мұрындық болуымен өткен байқаудың іріктеу кезеңіне 80-ге жуық түрлі этнос өкілі қатысып, бақ сынаған.

– Түрлі этнос өкілдері арасында қазақтың тілі мен тарихын, мәдениетін дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған байқау алғаш рет 2020 жылы өткен болатын. Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» жобасы аясында өткен байқауға 2020 жылы 60-тан астам үміткер қатысса, биыл 80-ге жуық азамат бақ сынады. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін байқау дәстүрлі түрде ұйымдастырылмақ, – деді Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Б. Әділханов.

Қазылар алқасының мүшесі Ә.Исаева кіл мықтылардың арасынан үздікті таңдау қиынға соққанын айтты.

– Байқау қазақ тілінің мәртебесін көтеріп, салт-дәстүрін дәріптеу мақсатында ұйымдастырылды. Жоба өз мақсатына жетті деген сенімдеміз. Себебі, қатысушылар 4 бағыт бойынша өз өнерлерін ұсынып, қазақ ақындары, жыршы-жыраулары мен термешілерінің шығармаларын, қазақтың ән-күйін орындады. Қазылар алқасы сараптай келе ақтық сынға 9 үміткерді іріктеп алды. Олардың арасында қазақтың қара домбырасынан күй төккен, қобызымен қазақ даласына жетелеген таланттар бар, - дейді Қоғамдық келісім мекемесінің бөлім басшысы Әзиза Исаева.

Ақтық сынға жеткен саксафоншы К.Соловьева, қобызшы Д.Фахрудинова, әнші Д.Крыкпаева, көркемсөз оқу шеберлері З.Махмуджанова мен Д. Курбаналиева, Д.Исакбаева мен М.Ахматкулова арнайы аталымдармен марапатталды.

Ал, абайлық әншілер Шахзод Бабаханов пен Диербек Октамов бас жүлдені иемденсе, қаратаулық күйшілер, әкелі-балалы Омаровтар жүлделі 1-орын тұғырынан көрінді. Еңбекші ауданының үміткері Абрар Махкамов 2-орын, Қаратау ауданының тұрғыны Дұрдана Азатқұлова 3-орын иеленді.

– Биыл байқауда екінші мәрте бағымды сынап, ұлым екеуміз 1-орын тұғырынан көріндік. Қазақтың қара домбырасы жаныма жақын. Ең алғаш домбыраны «Отырар» университетіне түскенде профессор Өтеген Ғубайдуллин ағамыз үйретсе, кейін Саз колледжінде Марат Алшанов ағамыздың сыныбында дәріс алдым. Бүгінде өзім №4 балалар саз мектебінде домбырадан дәріс беремін. Ал, ұлым Ұлан домбыраның 4 сыныбында оқып жүр, - дейді У. Омаров.

Салтанатты кеш жеңімпаздардың гала-концертіне ұласып, қазақтың әсем әні шырқалды.

ШЫМКЕНТТЕ ШАНИН ҰРПАҚТАРЫМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Шымкентте қазақтың ұлттық кәсіби театрының негізін қалаушылардың бірі, қоғам қайраткері, режиссер, драматург Жұмат Шаниннің 130 жылдық мерейтойы өтті. Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының бастамасымен шымкенттің зиялы қауым өкілдері Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасында ұлы тұлғаның ұрпақтарымен кездесті.

Салтанатты жиын Жұмат Шаниннің театрдағы тырнақалды туындыларының бірі «Арқалық батыр» пьесасының үзіндісімен басталды. М.Әуезов атындағы ОҚУ «Мәдениет және өнер» факультетінің студенттері қысқа ғана көрініспен ел тарихынан сыр шертіп, қазақ батырларының болмысын паш етті.

Мерейтойға Жұмат Шаниннің немерелері — режиссер Болат Қасымханұлы мен Жанат Қасымханқызы, Қазақстан театрлары ассоциациясының вице-президенті, Астана музыкалық жас көрермен театрының директоры Асхат Маемиров, театртанушы, Өнертану ғылымының магистрі Айзат Қадырәлиева арнайы келіп, ұлы толғаның өмір жолы мен қазақ театр өнеріне сіңірген еңбегі жайлы тың деректермен бөлісті.

— Атамыздың есімін еске салып, оның бейнесін тірілтіп, сахнаға әкелгендеріңіз үшін Шымкент қалалық Жұмат Шанин атындағы драма театрының ұжымына, драматург Сая Қасымбекке алғысымызды білдіреміз. Жұмат Шаниннің қаламынан туған көптеген пьесалар болған. Алайда, оның қолда барын жинақ етіп құрастырғанымен, әлі де табылмай жүрген шығармалары бар. Мәселен, Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» пьесасына дейін атамыздың «Қозы Көрпеш-Баян» атты пьесасы болғанын архив құжаттарынан білдік. Сондай-ақ, «Батыр Баян» туындысы да табылмай отыр, - деді Болат Шанин.

Астана музыкалық жас көрермен театрының директоры Асхат Маемиров Жұмат Шаниннің қазақ театр өнерін дамытудағы ерен еңбегіне тоқталды.

—Жұмат Шаниннің өзінің еңбектерінде қазақ этнографиясын, фольклорын қосып, ұлттық нақышта сахналап отырды. Мұның барлығы оның дала мәдениетін бойына бала күнінен сіңіруінде жатыр. Қоянды жәрмеңкесі — ең алғашқы дала театры. Бала күнінен жәрмеңкеден қалмай, қазақ өнерімен сусындап, ұлы дала академиктерінің көзін көрді десек болады. Сәкен Сейфуллин, Бекмұхаммед Серкебаевтармен бірге Омбыда білім алды. Ал, Омбыдағы қалыптасқан өнер ортасы Жұмат Шаниннің рухани өсуіне сеп болды. Оның өнердегі музасы — Жанбике Шанина. Қазақ сахнасында ұлттық аспаптарда ән шырқап жүрген қыздарымыз болғанымен, театр сахнасында жоқ еді. Шанин қазақ театрының негізін қалау үшін жары Жанбикені сахнаға шығарды. Қазақтан шыққан тұңғыш театр актрисасы Жанбикенің есімін ұлықтап, жаңғырту үшін еліміздегі өнер институттарының студент қыздарын «Жанбикенің жалғастары» сынды арнайы сапарға алып шығып, олар жүрген жолмен жүріп, еңбектерімен таныстырсақ, - деп Асхат Максимұлы өз ұсынысын білдірді.

Ұлы тұлғаның немересі Жанат Қасымханқызы архив деректеріне сүйене отырып, әлі де ел ішінде бұрмаланып келе жатқан тың мәліметтерді бөлісті. Ал, театртанушы Айзат Қадыралиева еліміздегі ұлы тұлғалардың есімімен аталатын театрлардың ешбірі сол азаматтардың туындыларын театр репертуарына қосып, сахналамай жүргенін сынға алды.

Жиын соңында кеш қонақтары мен зиялы қауым өкілдері, студенттер Ж.Шаниннің ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.

 

Сауранда «Мектебіңе домбыра сыйла» акциясы өтті

Қазақ пен домбыра – егіз ұғым. Күмбірлеген домбыраның үні батырларымызға рух, ақындарымызға шабыт берген. Домбыра әрбір қазақтың рухын көкке көтеретін құнды қазынамыз. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойына орай, Түлкібас ауданында бастау алып, биыл «Балалар жылы» аясында жалғасын тапқан «Мектебіңе домбыра сыйла» акциясын Түлкібас ауданы Сауран ауданына жолдаған еді. Акцияның басты мақсаты ұлттық өнерді ұлықтап, өскелең ұрпақтың бойына дәстүрлі өнерді сіңдіре отырып, ұлттың қамын ойлайтын ұрпақ тәрбиелеу.