ШЫМШАҺАРДА 6 ТЕАТР БАР

Шымкенттегі театр сахналарында жаңа маусымның шымылдығы түрілді. Қалада мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты 6 театр жұмыс істейді. Жаңа маусымның жаңалықтарымен қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының мәдениет және тарихи-мәдени мұраны сақтау бөлімінің басшысы Бауыржан Орынбасарұлы баспасөз брифингінде бөлісті.

– Осы жылдың 8 айында Шымкент қалалық Жұмат Шанин академиялық қазақ драма театрында «Серінің сергелдеңі», «Ахан» лирикалық драмасы, Шымкент қалалық өзбек драма театрында «Сәби» драмасы, Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрында «Кейкінің кегі», жалпы 13 премьера көрермен назарына ұсынылды. Сондай-ақ репертуарлық 738 қойылым қойылып, 131 мыңнан аса көрермен келген. Биыл гастрольдік іс-сапармен Жамбыл облысында, Түлкібас, Ордабасы аудандары, сондай-ақ Түркістан облысында «Қуыршақ және жасөспірімдер» театрының 40 жылдығына орай, «Шымкенттен шашу», ал, Ж. Шанин академиялық қазақ драма театры Алматы, Түркістан қалаларында У.Шекспирдің «Қораз» трагикомедиясы қойылымын ұсынды. Жыл басынан бері 38 облыс, ауданда гастрольдік іс-сапармен қойылымдар қойылды. Алдағы 6-10 қыркүйек күндері Шымкент қалалық орыс драма театры Алматы қаласының М.Лермонтов атындағы Ұлттық орыс драма театрына «Театр, или шум за сценной», «За двумя зайцами» қойылымдарымен гастрольдік сапары жоспарлануда ,– деді Б. Орынбасарұлы.

Жыл соңына дейін қаладағы барлық театрларда 389 қойылым қою жоспарланған. Тамыздың соңында бастау алған маусымашарда Шымкент қалалық опера және балет театры Т.Жармұхамбеттің «Домалақ ана» операсымен 16-шы театр маусымын, А. Пушкиннің «Пиковая Дама» драмасымен Шымкент қалалық орыс драма театры 94-ші маусымын, А. Маудановтың «Кейкінің кегі» драмасымен Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрының 40-шы театр маусымы ашылды.

Айта кетейік, 7 қыркүйек күні М. Әуезовтың «Қарагөз» трагедиясымен Шымкент қалалық Жұмат Шанин атындағы қазақ академиялық драма театрының 90 маусым ашары, 14 қыркүйек күні С. Ваннустың «Сұлтанның аты сұлтан» трагикомедиясымен Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театрының 16-шы, 28 қыркүйек күні Жоэль Помраның «Сәби» драмасымен Шымкент қалалық өзбек драма театрының 21 театр маусымының ашылуы өтеді.

ШЫМКЕНТТІКТЕР КОНСТИТУЦИЯ КҮНІН ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕ АТАП ӨТТІ

Қазақстан Республикасының Конституциясы – еліміздің құқықтық жүйесінің ғана емес, бүкіл мемлекеттілігіміздің негіздерінің бірі.

Бүгін Шымкенттегі «Түркістан» сарайында 30 тамыз — Қазақстан Республикасы Конституциясы күні мерекесіне арналған салтанатты шарада сөз сөйлеген Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов осылай деді.

— Ата Заң — барша адамдардың тең құқықты болуының кепілі, әрбір азаматтың құқықтары мен бостандықтарының қайнар көзі. Сол себепті Конституция күнін бүкілхалықтық мереке деп айтуға толық негіз бар, — деді Мұрат Дүйсенбекұлы.

Ол Мемлекет басшысының елімізді саяси, құқықтық және әлеуметтік-экономикалық тұрғыда жаңғыртып, Әділетті Қазақстанды қалыптастыру мақсатында жүйелі реформаларды жүзеге асырып келе жатқанына тоқталып өтті.

—Ұлттық жаңғырудың берік құқықтық негізін қалау мақсатында өткен жылы бүкілхалықтық референдум өткізіліп, Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізілгені белгілі. Референдум нәтижесінде Қазақстан суперпрезиденттік бас­қару үлгісі­нен президенттік респуб­ликаға түбегейлі көшіп, билік тармақтары арасында өкілеттіліктер қайта бөлінді. Әсіресе, Парламенттің рөлі күшей­іп, мәртебесі артты. Арада өткен бір жылдың ішінде Ата Заңға енген өзгерістерді қолданысқа енгізу мақсатында бірқатар Конституциялық заңдар мен Кодекстер қабылданып, күшіне енді. Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар сайлауы алғаш рет аралас жүйе бойынша өтіп, халыққа етене жақын, ықпалды әрі іскер депутаттық корпус қалыптасты.

Осының барлығы елді басқару ісіне халықтың қатысу мүмкіндігін кеңейтіп, қоғамда ашықтық пен жариялылықтың орнауына жол ашып отыр, — деді М.Әйтенов.

Шаһар басшысы Конституцияға енгізілген өзгерістер мен Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасы» жергілікті әкімдіктердің де халықтың алдындағы жауапкершілігін арттырып, тұрғындармен байланысын күшейте түскенін атап өтті.

—Ата Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін күшейте түсті. Атап айтар болсақ, Конституция Сот институты қалпына келтірілді және Адам құқықтары жөніндегі Уәкіл институтының өкілеттілігі мен рөлі айқындалды.

Бір ауыз сөзбен айтқанда, бүгінде Қазақстан құқықтық-демократиялық дамудың жаңа бір кезеңін бастан өткізіп жатыр. Азаттығымыздың айшықты айғағына айналған Ата Заң — тәуелсіздіктің теңдессіз тартуы. Референдумда халықтың өзі дауыс беріп қабылдаған өзгерістер арқылы Конституциямыз өркениетті мемлекеттің барлығына тән демократиялық қағидалармен толық қамтылып отыр, — деді қала әкімі.

Салтанатты шарада еліміздің дамуы жолында талмай қызмет атқарып жүрген бірқатар азаматтар түрлі марапаттарға ие болды.

Мұнан әрі қарай салтанатты шара «Ұлы Дала шежіресі — Ата Заң» атты концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Онда сонау Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Тәуке ханның «Жеті жарғысынан» бері қарай жалғасып келе жатқан құқықтық мәдениет пен мемлекеттілігіміздің терең тарихы сахналандырылған қойылым арқылы көрермен назарына ұсынылды.

Сонымен қатар концертте әлемдік деңгейде танымал опера әншісі Майра Мұхаммедқызы бастаған шымкенттік әртістер өнер көрсетті. Өнерпаздар халық әндері мен күйлерін, патриоттық әндерді нақышына келтіре орындап, көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады.

ТӘЖІКСТАННАН ШЫМКЕНТКЕ 189 ТОННА ЖЕМІС, 248 ТОННА КӨКӨНІС ӘКЕЛІНДІ

Бүгін Шымкентте Тәжікстанның мәдениет күндерінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Шара екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығына орай ұйымдастырылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік сапармен келген Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонмен кездесіп, қазақ-тәжік ынтымақтастығын одан әрі дамыту перспективаларын талқылаған болатын. Сондай-ақ сауда-экономикалық, соның ішінде өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және көлік салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше назар аударылды.

Бүгін қала әкімі М.Әйтенов Мәдениет күндерінің аясында ұйымдастырылған “Көрме” орталығында өткен Тәжікстанның ауыл шаруашылығы өнімдері мен өнеркәсіп тауарларының көрме-жәрмеңкесіне арнайы қатысты. Делегацияны Тәжікстан Республикасының ауыл шаруашылығы министрі Хакимзада Құрбан бастап келді.

Кәсіпкерлер қала тұрғындарына 189 тонна жеміс түрлері мен кептірілген жемістерді, 85 тонна бақша өнімдерін, 248 тонна көкөніс өнімдері мен 8 тонна бал ұсынды. Сонымен қатар 13 тонна өнеркәсіп өнімдерінің арасында газды және газсыз, энергетикалық сусындар, шырындар, консервіленген жемістер мен көкөністер, кондитерлік өнімдер бар.

“Бүгінде Тәжікстан Шымкенттің сенімді сауда серіктесі болып табылады. Қаладан көрші елге өсімдік майлары, минералды тыңайтқыштар, макарон өнімдері, сабын, киім және де басқа тауарлар экспортталады. Экономикалық ынтымақтастық пен сауда қатынастарын кеңейту мақсатында біз инвестициялар мен өзара саудаға қатысты мәселелерді талқылауға дайынбыз.

Бүгінгідей іс-шаралар ортақ келісімдерге жол ашып, екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға жаңа серпін береді деп санаймын.

” – деді қала әкімі.

Айта кетейік, Шымкентте сыртқы сауда айналымы соңғы 5 жылда 12 млн. АҚШ долларынан 37 млн. АҚШ долларына дейін 3 есе өскен. Алдағы уақытта сауда айналымын ұлғайтуда үлкен мүмкіндіктер бар. Елімізде тәжік-қазақ қатынастары бүгінде ынтымақтастықтың барлық саласы

бойынша қарқынды дамып келеді. Бүгінде екі ел арасында сауда-эконо¬микалық ынтымақтастықты нығайту, оның ішінде өзара тауар айналымын ұлғайту, инвестиция тарту, өнеркәсіп коо¬перациясын арттыру, ауыл шаруашылығы, көлік-транзит әлеуетін дамыту мәселелеріне басымдық беріліп отыр.

ШЫМКЕНТТЕ ТӘЖІКСТАННЫҢ МӘДЕНИЕТ КҮНДЕРІ ӨТУДЕ

Бүгін Шымкентте Тәжікстанның мәдениет күндерінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Шара екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығына орай ұйымдастырылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік сапармен келген Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонмен кездесіп, қазақ-тәжік ынтымақтастығын одан әрі дамыту перспективаларын талқылаған болатын.

Сондай-ақ сауда-экономикалық, соның ішінде өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және көлік салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше назар аударылды.

Бүгін қала әкімі М.Әйтенов Мәдениет күндерінің аясында ұйымдастырылған “Көрме” орталығында өткен Тәжікстанның ауыл шаруашылығы өнімдері мен өнеркәсіп тауарларының көрме-жәрмеңкесіне қатысты.

Кәсіпкерлер қала тұрғындарына 189 тонна жеміс түрлері мен кептірілген жемістерді, 85 тонна бақша өнімдерін, 248 тонна көкөніс өнімдері мен 8 тонна бал ұсынды. Сонымен қатар 13 тонна өнеркәсіп өнімдерінің арасында газды және газсыз, энергетикалық сусындар, шырындар, консервіленген жемістер мен көкөністер, кондитерлік өнімдер бар.

“Бүгінде Тәжікстан Шымкенттің сенімді сауда серіктесі болып табылады. Қаладан көрші еллге өсімдік майлары, минералды тыңайтқыштар, макарон өнімдері, сабын, киім және де басқа тауарлар экспортталады. Экономикалық ынтымақтастық пен сауда қатынастарын кеңейту мақсатында біз инвестициялар мен өзара саудаға қатысты мәселелерді талқылауға дайынбыз.

Бүгінгідей іс-шаралар ортақ келісімдерге жол ашып, екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға жаңа серпін береді деп санаймын.

” – деді қала әкімі.

Айта кетейік, Шымкентте сыртқы сауда айналымы соңғы 5 жылда 12 млн. АҚШ долларынан 37 млн. АҚШ долларына дейін 3 есе өскен.

ШЫМКЕНТ: АБАЙ КҮНІ МЕРЕКЕСІ КЕҢ КӨЛЕМДЕ АТАЛЫП ӨТУДЕ

Шымкентте Абай күні тойланды. Абайды ұлт болып ұлықтайтын ерекше мереке Абай саябағындағы хакімнің ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен басталды. Бұл мейрам – ұлы Абайдың есімі жүрекке жазылатын күн. Ақын жырларын тебірене оқып, әндерін әуелете салатын күн. Саябақта «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай» әуеледі. Махаббат пен тағылымға толы өлеңдер де оқылды. Саябаққа жиналған көпшілік Абай мұражайын аралады.

Айтулы мереке қарсаңында қала көлемінде біршама іс-шаралар ұйымдастырылған болатын. Соның бірі, Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы, Абай атындағы орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі, Опера және балет театры бірлесе, қала тұрғындары арасында «Абай әлемі» байқауын өткізді.

Әлеуметтік желіде жарияланған байқауға 150-ге жуық адам қатысты. Қатысуға ниет еткен қала тұрғындары Абай өлеңін, не қара сөзін жатқа оқып, видео түсіріп, ұйымдастырушылардың парақшасына жіберіп отырған. Байқаудың шарты бойынша көп қаралым жинаған 20 қатысушы екінші кезеңге өтіп, айтулы жиында әділ-қазылар алдында өнерлерін көрсетті. Байқаудың ең кішкентай қатысушысы 6 жаста екен.

Ең көп қаралым 36000 болған. Іс-шараның мақсаты – Абай Құнанбайұлының шығармашылығын кеңінен насихаттау, көркем әдебиетті, поэзияны сүйіп оқитын қала тұрғындарын ынталандыру, қала тұрғындарының рухани танымын кеңейту, оқу дағдысын жетілдіре отырып, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, кітапхана оқырмандарының санын арттыру болды.

– Халықты білім, еңбек, өнер жолына жетелеген ұлы Абайдың шығармаларын насихаттау бәріміздің парызымыз. Өмірін жарқын, келешегін кемел еткісі келетін кез келген адам Абай өлеңдерінен нәр алады. Абай күні мерекесі халықтың, әсіресе жастардың жыл сайын асыға күтетін мерекесі болсын лайым, – деді өзінің құттықтау сөзінде Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Сәкен Шакеев.

«Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққан өнерпаздарды әділ қазылар бағалап, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табыстады.

 

 

ШЫМКЕНТ ҚУЫРШАҚ ТЕАТРЫ 40-ШЫ МАУСЫМЫН ҮЛКЕН ЖЕТІСТІКПЕН ҚОРЫТЫНДЫЛАДЫ

Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театры мерейтойлық 40-шы маусымын жапты. Өнерпаздар жергілікті режиссер Қ.Исаевтың «Саяхатшы тасбақа» қойылымымен маусымның нүктесін қойды. Мейірімділік, бауырмалдық, жанашырлық, қайсарлық пен табандылық қасиеттерінің маңызын дәріптейтін көңілді де тәрбиелік мәні зор қойылым Алматы қаласында өткен Халықаралық «Ортеке» қуыршақ театрлар фестиваліне қатысып, жоғары бағасын алды. Шығарма кішкентай көрермендерді күлдіре де, мұңайта да алды.

40 жылдық тарихы бар, тамыры терең, тағылымы ұштасқан театр ұжымы қуыршақтар әлемі тек балдырғандарға ғана емес, жасөспірімдер мен ересектерге де арналған театр екендігін дәлелдеп келеді. Соның бір дәлелі театр биыл 17 760 көрерменге 200-ден аса қойылым ұсынған. Соның алтауы жаңа премьера.

Түрлі елдердің қуыршақ өнерінің арасындағы мәдени көпірге айналған биылғы фестивальде Перу, Эстония, Болгария, Сербия, Румыния, Ресей, Татарстан, Түркия, Тәжікстан, Италия, Тунис, Бельгия, Босния және Герцеговина сияқты елдермен қатар отандық қуыршақ театрлары үздік туындыларын ұсынған.

– Бұл фестивальдің өзіндік ерекшелігі де болды. Мұнда арнайы номинация жеңімпаздарын Астана қаласы әкімдігінің «Қуыршақ театры» жанынан құрылған театр студиясының алғашқы түлектері, яғни балалар анықтады. Олар – 7 мен 14 жас аралығындағы өнерпаздар. Нәтижесінде Қазақстанның қуыршақ театры әлемдік ұжымдармен достық қарым-қатынас орнатып, өнер кеңістігінде тәжірибе алмасты. Жалпы қуыршақ театрының басты көрермені – балалар. Театрға келген баланың болашағы баянды, келешегі кемел болады. Өйткені қойылымдар оларды отансүйгіштікке, бір-бірін құрметтеуге, адамдарды жақсы көруге, табиғатты аялауға үйретеді, – дейді театр басшысы.

Театрдың келесі маусымға жоспары көп. Түрлі фестивальдерден шабыт пен серпіліс алған тетар ұжымы алдағы маусымда классикалық шығармалар қоюды жөн көріпті. Андерсеннің «Ұсқынсыз үйрек» және Гауфтың «Карлик носына» дайындық басталып та кеткен.

ШЫМКЕНТТЕ КӨНЕ ҚОРЫМНЫҢ ОРНЫН ТАБЫЛДЫ

Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік Педагогикалық университетінің археологиялық жасағы «Ордабасы» мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының қызметкерлерімен бірлесе Ордабасы ауданы Қараспан ауылы маңындағы ежелгі Қаңлы дәуіріне тиесілі көне қорым орнын тапты.

Қорым құрылым көлемінің үлкендігімен ерекшеленеді. Дәліздің ұзындығы 8,5 метр болса, тереңдігі 4 метрге жетеді, жерлеу камерасының тереңдігі 5,2 метрді құрайды. Мұндай тереңдіктегі қорымдар бұрын-соңды бұл аймақта кездеспеген. Жер қатпарын алған археологтар бұл отбасылық қорым болған деген болжамын білдіруде. Жүргізілген ғылыми зерттеулер қорымдағы ер азаматтың, әйелдің және жас өскіннің сүйегі осыдан 2 мың жыл бұрын жерленген деген дәйекті дәлелелдерді көрсетуде. Қорымнан қыш құмыралар, әшекейлер, әйелдердің боянуына арналған сүрме және спираль тәрізді алтын сырға мен моншақ табылып отыр. Бұл заттар – сол дәуірдегі қаңлы тайпасының ауқатты өмір сүргендігін айғақтайды дейді археологтар.

Оңтүстік–шежірелі тарихымен дараланған өңір. Қасиетті топырақтан ежелгі қоныс орындарының ізі, көне бекіністердің орны табылып, қазақ даласында салтанат құрған мәдениеттер мен өркениеттер жайлы бірегей мағлұматтар осы өңірден жинақталуда. Қазақстанның құрметті археологы, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Николай Павлович Подушкиннің жетекшілігімен құрылған археологиялық жасақ Арыс өзені аңғарындағы Қарауылтөбе, Төрткүлтөбенің ертедегі отырықшы қоныстарында, Шымкент, Отырар төбе қалашықтарында, Біркөлік қонысында алғашқы қазба жұмыстарын жүргізіп, көне дәуір мәдениетінің ғасырлар бойғы сырын ашуда. Тарихи жәдігерлердің табылуына ОҚМПУ-дің тарих факультеті студенттері белсене атсалысып келеді.

Бүгінде жасақ жұмысын жалғаған атақты ғалымның ұлы – Александр Николаевич Подушкин тарих факультеті студенттерінің археологиялық практикасының жетекшісі атанды. А.Н.Подушкиннің басшылығымен I–IV ғасырға тиесілі Күлтөбе қалашығында қазба жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде сенсациялық жәдігерлер табылып отыр. Ежелгі Иран тілінің диалектісіне жататын арамей жазбасы күйдірілген лай тақтайшаларының фрагменттерінен табылды. Тарихи мәні бар жазбаның мазмұнын ашуға Кембридж және Лондон университеттерінің профессоры, академик, әлемге әйгілі палеолингвист Николас Симс-Уильямс жәрдемші болды.

ШЫМКЕНТТЕ ДОМБЫРА КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ

Бүгін – Ұлттық домбыра күні. Осы датаға орай Арбат алаңына жиналған шымкенттік жастар «Домбыра party» ұйымдастырып, қала тұрғындары мен қонақтарына әсем ән мен тәтті күй сыйлады. 50-ге жуық жас күйші Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Дина, Нұрғисалардың күйін шертіп, қазақтың рухын асқақтатар асыл қазынамызды дәріптеді. Игілігі мол бастаманы қалалық жастар ресурстық орталығы мен «Аманат» партиясының Шымкент қалалық филиалы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанаты және «Мирас» қоғамдық бірлестіктері ұйымдастырып отыр.

–«Аманат» партиясының «Ұлттық мұра» жобасы аясында домбыра күніне орай, «Домбыра party» іс-шарасын осымен үшінші рет өткізіп жатырмыз. Алғашқы жылы 20 қатысушымен бастаған едік, бүгін мінекей олардың қатары 50-ге жетті. Әлеуметтік желідегі хабарландыруды көрген жастар әлі де қатысуға ниет білдіріп жатыр. Қазір мектеп оқушылары, жоғары оқу орны мен «Саз» колледжінің студенттері және ерікті жастар еркін форматта өнер көрсетуде. Бүгінгі мерекелік іс-шара кешке дейін жалғасады. Қасиетті ұлттық аспабымызды құрметтейтін әр бір жас бүгін осында келіп, өнерін паш етуіне болады, - деді «Жастар рухы» жастар қанатының кеңесшісі Абай Сырлыбаев.

Бүгінгі патиде қаладағы №56 мектептің оқушысы Аружан Мият Күмісбек Кенжеғалиевтің «Өмір жолы» атты күйін тарту етті. Жас күйші 4 жылдан бері мектеп жанындағы домбыра үйірмесіне қатысып, өнер бәйгелерінде топ жарған екен.

–Бұған дейінгі ұйымдастырылған домбыра-патидың барлығына қатысып келдім. Өзім білетін 8 күйдің ішіндегі сүйіп орындайтын «Өмір жолы» күйін орындап шықтым. Осындай домбыра тартатын іс-шараларда өнер көрсеткенді ұнатамын, - дейді жас күйші.

Қаладағы «Саз» колледжінің түлегі Абылайхан Нұрқұл да жыл сайын өтетін домбыра патидің белсенді қатысушысы. Домбырамен 20-дан аса күйді жетік меңгерген ол бүгінгі мерекеде өз өнерімен тыңдармандардың ықыласына бөленді.

–Ұлттық домбыра күнінде қала тұрғындарына Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса» мен Құрманғазының «Терісқақпай» күйін орындадым. Қазақ пен домбыра егіз ұғым. Ұлттық аспабымыздың қос ішегінен шыққан әр бір күй кез келген қазақтың жүрегінен орын алып, рухын көтерері де сондықтан. Қаламызда осындай ұлттық аспабымызды дәріптейтін іс-шаралар жиі ұйымдастырылса екен деген тілегім бар, - дейді А.Нұрқұл.