ТҮРКІСТАН КІТАПХАНАШЫЛАРЫНЫҢ ЕҢБЕГІ ЕЛЕНДІ

Бүгін «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының ұжымы екі бірдей жетістікке жетіп отыр. 13-14 қазан күндері Алматы қаласындағы ҚР Ұлттық кітапханасында «Қазақстандық Кітапханалық Одақ» ұйымының отырысы өтіп жатыр. Мұнда облыстық кітапхана директоры Жанат Шардарбековаға «Қазақстандық Кітапханалық Одақ төрайымы Бақытжамал Оспанова «Жыл кітапханашысы – 2022» атағымен марапаттады. Бұл мәртебе еліміз бойынша 20 мыңға жуық кітапханашының арасынан жылына тек бір кітапханашыға беріледі.

– Жыл сайын Одақтың кезекті отырысы ұйымдастырылып, түрлі мәселелер талқыланады. Биылғы жиында ҚР Мәдениет туралы Заңының 24-ші бабы – кітапхана ісі бойынша өзгеріс енгізу туралы қарастырылып, кітапханашылар өз ұсыныстарын білдірді. Әрі қарай Заң жобасы Парлаентке ұсынылатын болады. Аталмыш номинацияға лайықты деп таныған басшылыққа алғысым шексіз. Бұл арқылы үлкен жауапкершілік, таудай сенім артылды. Бұл – Түркістан облысындағы 395 кітапхананың бірлесе атқарған еңбегінің нәтижесі, – деді Жанат Сәдібекқызы.

Сондай-ақ Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен Ақтөбе облыстық зағиптар және нашар көретін азаматтардың арнаулы кітапханасының ұйымдастыруымен өткен «Ерекше кітаптар әлемі» жобасы аясындағы «Кеңістікте бағдарлау» республикалық байқауында Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы III орынға ие болып, арнайы дипломмен марапатталды. Екі ай көлемінде зағип, көзі нашар көретін балаларға арналған тактильді кітаптарды кітапхана қызметкерлері Алия Жұмабек пен Дана Байдәулетова, Сұлтанбекова Айнұр өз қолымен тіккен болатын.

Айта кетейік, халықтың рухани игілігі үшін еліміздің кітапхана ісін нығайту жолында күш-жігерін аямай еңбек етіп жүрген руханият шырақшылары жақын күндері кәсіби мерекелерін тойлауы мүмкін. Яғни, елімізде 24 қазан –Кітапханашылар күнін атап өту жоспарлануда.

ТҮРКІСТАНДА ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ ҚАЗЫБЕК ИСАНЫҢ МЕРЕЙТОЙЫ АТАЛЫП ӨТТІ

Түркістанда халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Исаның 60 жылдық мерейтойына арналған «Сырымды айттым далаға» шығармашылық кеші өтті.

Алдымен келген қонақтар шығармашылық кітап көрмесін тамашалап, Түркістан мақамдары негізінде жарық көрген «Текті сөздің төресі» термелер жинағының тұсауын кесті. Содан соң мерейтой иесіне арналған «Тәуелсіздік тарландары» деректі фильмінің көрсетілімі өтті. Ақынның туған жері шағалалы Шардарадан бастау алып, Түркі әлемінің рухани астанасы Түркістанда жалғасын тапқан кешті жазушы, әдебиет сыншысы Құлбек Ергөбек жүргізіп отырды.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов өңір басшысының құттықтауын жеткізіп, ақынға құрмет көрсетті. Облыстық мәслихат хатшысы Қайрат Балабиев те Түркістан өңірінен шыққан ақынның қоғамға сіңірген еңбегі мол екенін айтты. Бұдан әрі Р.Сейтметов атындағы Түркістан сазды- драма театрының әртістері Қазыбек Исаның өлеңдерін оқыды.

Мерейтой иесінің әріптестері мен достары, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері ақжарма тілектерін арнады. Кеш барысында бишілер мың бұрала би билесе, ақынның сөзіне жазылған әндер шырқалды. Кеш соңында мерейтой иегері сөз алып, келген көрерменге алғысын білдірді. Шәмші Қалдаяқовтың «Отан» әні кеш шымылдығын жапты.

ШЫМКЕНТ «ЕЛ БОЛАШАҒЫ – КІТАП ОҚИТЫН ҰЛТ» ШАРАСЫ ӨТТІ

А.Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапханасында «Ел болашағы – кітап оқитын ұлт» атты іс-шара өтті. ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Шымкент қаласының жас жазушылары, әдебиет сүйер қауымымен жүздесіп, еркін форматта әңгімелесті.

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, «Серпер» сыйлығының лауреаты М.Отарбаев қазіргі жаһандану дәуірінде саналы ұрпақ тәрбиелеу, жастарды кітап оқуға ынталандыру, қоғамдық сананы дамыту бағытында өз ойларымен бөлісіп, пікір алмасты.

– Қазіргі бәсекелестік заманында жастардың нақты мақсаты болуы тиіс. Жастар қазір кітаптан алыстап барады. Керісінше, біз кітап оқитын ұлтқа айналуымыз керек. Кітап оқыған жастар, азаматтар өз ұлтын сүйеді. Өмірге деген құштарлығы артады. Интеллектіміз өскенде біздің тұрмысымыз түзеліп, өндірісіміз де дамиды, – деді М.Отарбаев.

Еркін форматта өткен кездесуде Мемлекет басшысының Жолдауы аясындағы міндеттер, оны іске асырудың тетіктері айтылды. Зиялы қауым өкілдері, жас оқырмандар әдебиетті дамыту мәселелері, кітап оқуға қызықтыру, кітапты жарнамалау бойынша өз сауалдарын қойды.

Айта кетейік, Шымшаһарда 240 мыңнан астам жас бар. Жоғарғы және арнаулы оқу орындарында 10 мың студент білім алуда. Кәсіпкерлікті дамыту аясында 18 мың жасты жұмыспен қамту көзделуде. Кеңес отырысының қорытындысында қала әкім жастармен айына бір рет кездесіп отыратын болып шешім қабылданды. Шымкентте 4 ауданның жастары 4 блогқа бөлініп, олармен «Жастар ресурстық орталығында» тұрақты кездесулер өтіп тұрады.

Естеріңізге сала кетсек, 1 қыркүйек 2022 жылы Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев халыққа өз Жолдауын жолдады. Онда жастар мәселесі де назардан тыс қалмады. Яғни жастардың сапалы білім алуы мен қолайлы жағдай қарастыру айтылды.

 

 

САУРАН АУДАНЫ ЖАСТАРЫНЫҢ ТҮРКІСТАНҒА ТАРТУЫ

25 қазан Республика күніне орай Түркістан қаласына тарту «40 күн той мен ой» іс-шарасына сәйкес Сауран ауданы Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен "ӘН-САLIKЕ" ән кеші өтті.

Әуезді ән кешінің шымылдығын облыстық Жастар ресурстық орталығының басшысы Төлебаев Ерасыл Әшірбайұлы және Сауран аудандық Жастар ресурстық орталығының басшысы Дүйсенбекова Айгерім Ералықызы ашып берді.

Кештің басты мақсаты - Сауран ауданындағы дарынды жастардың талантын паш ету, жастардың өнерге деген сүйіспеншілігін ояту, мәдени ортаны қалыптастыру болып табылады.

Сауран ауданының Түркістанға тарту еткен ән кеші жастардың көңілінен шығып, әуелеген әндер шырқалып, мың бұралған бишілер өнерлерін ортаға салды.

Әуенді кеш барысында Сауран аудандық Жастар орталығының мамандарынан құралған “Жастар” триосының әні мен кештің финалдық бөлімінде шырқалған “Жастар” әні көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

 

ЖАНАРЛАРДЫ ЖАУЛАҒАН ЖАЙДАРМАН— ШЫМКЕНТТЕ

Шымкент қаласы Жастар ресурстық орталығының концерт залында «Жайдарман-2022» маусымашары өтті. Фестивальге еркін құрама командадан жасақталған 15 топ өнер көрсетті.

Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы және Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен Жайдарман ойындарының мақсаты — жасөспірімдердің бастамаларына қолдау көрсетіп, достық қарым-қатынасын нығайту. Оларды ізденіске үйретіп, шығармашылығын шыңдау.

Қазылар алқасының құрамында танымал әзілкеш Қабдол Тілеков, Оңтүстік өңірінің мақтанышы, әлем чемпионы Біржан Жақып, Әзіл әлемі театрының белгілі актеры Медет Досқанаев, Шымкент қаласы мәслихатының депутаты Мұрат Жолдықожаев және Жастар ресурстық орталығы басшысының орынбасары Заманбек Орынбек болды.

— Жайдарман ойнау оңай емес. Бұл ойын көп ізденіс пен еңбекті қажет етеді. Дегенмен, қазіргі жайдарманшылар бізге қарағанда бақытты. Себебі оларға барлық жағдай қарастырылған, тек дайындықпен келсе болғаны. Бірінші рет өнер көрсетіп жатқан командалардың әзілдері өтімді болды және олардың бойынан мықтылықты байқадым. Келешекте биік шыңдарды бағындырары көрініп тұр, -деді Медет Досқанаев.

Бұл жолғы маусымашар сахна төріне алғаш қадам басқан жас жайдарманшылардың тұсаукесері болды. Олар қоғамда орын алған өзекті мәселелерді әзіл-қалжыңмен жеткізіп, көрермен көңілінен орын таба білді.

— Жайдарман ұзақ үзілістен кейін сахнаны қайта жандандырды. Маусымашар –жайдарманшылар үшін үлкен мереке болғандықтан, олардың жүзінен қуанышты байқадым. Бүгінгі ойында барлығы жақсы ойын көрсетті. Болашақта да жергілікті өңірдің командалары барша көрермендерді өзінің өткір әзілдерімен қуантады деген үміттемін,-деді Заманбек Орынбеков.

Күлкі мен әзілге толы болған ойынның қорытындысы бойынша бүгінгі маусымашарда өнер көрсеткен барлық команда келесі кезеңге өтті.

19 қазан күні «Жайдарман» ойынының 1/4 кезеңі өтетін болады. Командалар өз жанкүйерлерін "Жайдарманның" жайдарлы сайысында күтеді.

 

Түркістан: «Түркістаным -Тұраным» қолөнер шеберлерінің фото көрмесі өтеді

«Түркістаным -Тұраным» қолөнер шеберлері, фото көрме, суретшілер көрмесі байқауының қағидасы бекітілді.

Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына жолдауын іске асыру мақсатында «Түркістаным -Тұраным» қолөнер шеберлері, фото көрме, суретшілер көрмесі байқауы қалалық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткізіледі.

Байқаудың мақсаты

«Түркістаным -Тұраным» қолөнер шеберлері, фото көрме, суретшілер көрмесі байқауы ұмыт болып бара жатқан қолөнерді дамыту мен жандандыру, ел ішінде елеусіз жүрген қолөнер шеберлері мен ісмерлер, фото суретшілер мен қылқалам шеберлері өздері әзірлеген бұйымдарды, тұрмыстық заттарын көпшілікке ұсыну, жаңарған Түркістанның көрікті жерлерін бейнелеу, фотоға түсіру және кескіндеу, ел ішіндегі дарынды қолөнершілер, фото және суретшілерді анықтау.

Байқаудың ережесі мен шарттары:

- Байқауға қолөнер шеберлері, фото суретшілер мен қылқалам шеберлері қатыстырылады.

- Қатысушылардың жас ерекшелігіне шек қойылмайды.

- Қатысушы үміткерлер 3 (үш) жанр бойынша қатысады:

1. Қолөнер шеберлері (қолөнердің барлық түрлерінен)

2. Фото көрме - «Түркістаным -Тұраным» тақырыбында біріктірілген бұрыштама (стенд) жасауына болады.

3. Суретшілер көрмесі (көлемі 100х120 дан кем болмауы тиіс)

Қатысушы үміткерлер байқауға ұсынған туындылары мен қолөнер бұйымдарын белгіленген орынға көрме етіп қояды.

Қазылар алқасы қатысушыны бағалау кезінде байқау талаптарына

сай өнер түрлері бойынша қолөнер бұйымдарының жасалуына, шеберлігіне, ой ұшқырлығына назар аударады.

1. Жеңімпаздарды марапаттау

«Қолөнер шеберлері» бойынша:

І-орын (біреу)

ІІ-орын (біреу)

ІІІ-орын (біреу)

Номинация

«Фото көрмесі» бойынша:

І-орын (біреу)

ІІ-орын (біреу)

ІІІ-орын (біреу)

Номинация

«Суретшілер көрмесі» бойынша:

І-орын (біреу)

ІІ-орын (біреу)

ІІІ-орын (біреу)

Номинация

Үміткерлер құжаттарын 20.10.2022ж дейін қалалық мәдениет үйіне тапсыруы тиіс.

Байқауға қатысу үшін қажетті құжаттар: -Өтініш;

-Шығармашылық өмірбаян;

-Түрлі-түсті сурет 113 Х 18 (1 дана)

-Жеке кәулігінің көшірмесі;

Байқаудың өту мерзімі, өтетін орны қосымша хабарланады.

Анықтама алу үшін: Қалалық мәдениет үйі,

Б.Саттарханов №49

Тел: 8 775-273-78-76 Майгүл

8705-690-36-35 Ақмарал

8778-959-09-50 Райымбек

ТҮРКІСТАНДА «ТЕКТІ СӨЗДІҢ ТӨРЕСІ» ТЕРМЕЛЕР ЖИНАҒЫНЫҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ

Бүгін «Farab» кітапханасында Түркістан облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен Түркістан мақамдары негізінде жарық көрген «Текті сөздің төресі» термелер жинағы оқырманға жол тартты.

Кітаптың тұсаукесеріне белгілі ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса мен Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов және зиялы қауым өкілдері қатысты.

Қазақтың терме өнеріне арналған бұл еңбек ұстаздарға, музыка мектептері оқушылары мен колледж және жоғары оқу орындарының студенттеріне, өнерді жанына серік еткен барша қауымға арналып отыр.

Бұл жинаққа Түркістан өңірінен шыққан Майлықожа Сұлтанқожаұлы, Қызыл жырау, Құлыншақ Кемелұлы, Құтпай Дүрбаев, Қайыпназар Әйтпенов, Қасқырбай Серікбаев (Қасқыр ақын), Ағман Сабырханов, Жиенбек Шырынбеков, Әбдінәсір Әбдірайымов сияқты ақындардың сөздеріне мақам шығарып, ел ішінде орындап жүрген жыршы-термеші Тәшман Шекеров, Ергешбай Жұмабаев, Бауыржан Бекахметов, Сәкен Бегманов, Қанат Дауылбаев т.б. орындаушылардың нотаға түсірілген мақамдары енгізілген.

Айта кетейік, кітап заманауи ІТ-технологияларға сүйенген медиаконтентпен сүйемелденеді. Ерекшелігі сол, жинаққа енгізілген термелерді QR-код арқылы тыңдауға болады.

Шымкент: «Ән аға немесе Шәмшімен сырласу» шығармашылық ән кеші өтеді

Бүгін Шымкент қаласындағы Түркістан сарайында белгілі композитор Қалдыбек Құрманәлінің «Ән аға немесе Шәмшімен сырласу» атты шығармашылық ән кеші өтеді. Осыған орай Қалдыбек Құрманәлі бастаған бір топ өнер майталмандары ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Шәмші Қалдаяқовтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ұлы композитордың рухына тағзым етті.

 –Біздің Шәмшісіз өмір сүріп жатқанымызға 30 жыл толды. Бірақ, ұлы компазитор арамызда болмағанымен, оның әндері халқымыздың жүрегінде мәңгі жасай бермек. Халық Шәмші әндерінсіз өмір сүре алмайды. Биыл Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Шәмші Қалдаяқовқа Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағы берілді. Бұл тарихи әділеттіліктің салтанат құруы дер едім. Осыған орай бүгін «Ән аға немесе Шәмшімен сырласу» атты ән кешін өткізгелі отырмыз, – деген Қ.Құрманәлі аталған кешті ұйымдастыруға қолдау көрсеткені үшін Шымкент қаласының әкімдігіне алғысын білдірді.

 Гүл шоқтарын қою рәсімінде ұлы композитордың қарындасы Райхан Қалдаяқова мен бірқатар зиялы қауым өкілдері Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылық мұрасы жайлы сыр шертіп, әншілер Шәмші әндерін орындады.

Айта кетейік, Шәмші Қалдаяқов 1930 жылдың 15 тамызында Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданы Шәуілдір ауылында дүниеге келді.

Шәмші Қалдаяқовтың көптеген әндері Роза Бағланова, Ришад Абдуллин, Бибігүл Төлегенова, Рашид Мұсабаев, Зейнеп Қойшыбаева сынды әншілердің ән бағдарламасынан берік орын алды. Шәмші 1965 жылы Республика жастар сыйлығының лауреаты болды. 1991 жылы Шәмші Қалдаяқов жайлы «Жылдарым менің, жырларым менің» (реж. Т.Ахметов) атты ғұмырнамалық деректі телефильм түсірілді. Артына музыкалық мол мұра қалдырған Шәмші Қалдаяқов 1992 жылы 29 ақпанда Алматы қаласында қайтыс болды.

 

 

"AQ-QARA.KZ" ақпарат