«ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ЭНЦИКЛОПЕДИЯСЫ» КІТАБЫНЫҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ

ОҚМПУ-де «Шымкент қаласының энциклопедиясы» атты кітаптың тұсаукесер жиыны өтті. Өткен жылы «Шымкент қаласының көне тарихы» кітабы жарық көрген-тін. Тарихшы, жазушы Момбек Әбдәкімұлы «Шымкент қаласының энциклопедиясы» кітабын өз мерзімінде аяқтап, оқырманға ұсынды.

Іс-шараға Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, қалалық мәслихат хатшысы Бахадыр Нарымбетов, зиялы қауым өкілдері, жастар қатысты. Тағылымды жиынды белгілі әдебиет сыншысы Құлбек Ергөбек жүргізіп отырды.

Қала әкімінің бірінші орынбасары энциклопедияның жазылу тарихы мен маңызына тоқталып өтті.

– «Шымкент қаласының энциклопедиясы» кітабының жарыққа шығуына қала әкімдігі қолдау көрсетті. Энциклопедия әдетте бір институт жұмыс істейтін еңбек. Ал бұл кітапты Момбек Әбдәкімұлы жалғыз өзі жазып шықты. Бұл – үлкен, құнды еңбек. Жастарды саналы азамат болып өсуге тәрбиелеу, қаланың дамуында еселі еңбек еткен азаматтарға құрмет көрсету, қаланың тарихын таныту мақсатында жарық көрді. Жоспарға сәйкес кітап 1,5 жылда аяқталып, 1,5 мың данамен жарық көрді, – деді Шыңғыс Жұмабекұлы.

Мәслихат хатшысы Б.Нарымбетов те кітаптың жазылу тарихын және жазушының шығармашылығы жөнінде өз ойларын ортаға салды. Сондай-ақ, қоғам қайраткері Бекет Тұрғараев, филология ғылымдарының кандидаты Амангелді Мамыт, оқу орнының ректоры Гүлжан Сүгірбаева жазушының шығармашылық қырлары жөнінде баяндама жасап, кітаптың мән-маңызын атап өтті.

Композитор Құралай Сәтмұхамбетова, ҚР еңбек сіңірген әртісі Құрман Шойынбаев әннен шашу шашты.

Айта кетсек, энциклопедия қала тарихынан басталады. Қала тарихы, оны басқарған тұлғалардың қысқаша өмірбаяны, ғалымдар, еңбек озаттары, өнер адамдары, өндіріс орындары, мәдени ошақтар, барлығы қамтылған.

 

Түркістан: Көңілді тапқырлар клубы ойындары өткізіледі

 

«Тұғырлы Тәуелсіздік жастар көзімен» қала жастары арасында Көңілді тапқырлар клубы ойындарының қағидасы бекітілді.

«Түркістан - қауіпсіз қала» бағдарламасы аясында «Тұғырлы Тәуелсіздік жастар көзімен» қала жастары арасында Көңілді тапқырлар клубы ойындарының жарысы мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткізіледі.

Көңілді тапқырлар клубының мақсаты:

Жастардың жан-жақты шығармашылық қабілеттерін дамыту, жауапкершілік пен еңбексүйгіштікті қалыптастыру. Ұйымдастырушылық және топпен жұмыс жасауға, бос уақытын тиімді пайдалануға үйрету. Талантты жастарға қолдау көрсету, ой-ұшқырлық қабілетін жандандыру, өскелең ұрпақтың бойында патриоттық сезім мен өзін-өзі жетілдіруге деген құштарлықтарын ояту.

Ережесі мен шарттары

Көңілді тапқырлар клубы ойындары 3 (үш) маусымнан тұрады. Әр маусым 15 күн аралығында өтеді.

- Командадағы адам саны 10-нан аспауы керек;

- Ойын алдында әр командамен ұйымдастырушы тарап жұмыс жүргізеді (командалардың шығуы, ойындары және т.б)

Жарыс 3 (үш) кезеңнен тұрады:

1. «Сәлемдесу» (уақыт 3-5 мин)

2. «5 жаңалық» (уақыт 5-7 мин)

3. «Үй тапсырмасы» ( уақыт 7-8 мин)

Жарысқа қатысушы үміткерлер 22.10.2022ж дейін төмендегі

құжаттар бойынша мәдениет үйіне тапсыруы тиіс:

- Өтініші;

- Өмірбаяндары (команданың)

- Түрлі-түсті суреті: 13 х 18 (командамен);

- Жеке куәлігі ( команда жетекшісінің)

Жарысқа өтініш білдірген командаларды арнайы белгіленген қазылар алқасы іріктеуден өткізеді. Іріктеуден өткен командалар финалға жолдама алады.

Жеңімпаздар арнайы жүлделермен марапатталады.

Бас жүлде (біреу)

І орын (біреу)

ІІ орын (біреу)

ІІІ орын (біреу)

Арнайы номинациялар

Байқаудың өту мерзімі, өтетін орны қосымша хабарланады.

Анықтама алу үшін: Қалалық мәдениет үйі, Б.Саттарханов №49

Тел: 8 776-321-31-31 Ерасыл

8 778-959-09-50 Райымбек

8 771-882-43-43 Қожа

Ұйымдастыру алқасы

 

ТҮРКІСТАНДА «ЖАСТАР КАРНАВАЛЫ» ӨТТІ

25 қазан - Республика күні мен "Қала күні" мейрамдарын атап өту жөніндегі мерекелік шаралардың салтанатты ашылуына сәйкес қаладағы "Жібек жолы" саябағында "Жастар карнавалы" өтті. Шараға Түркістан қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары мен Түркістан жоғары көпсалалы, қолөнер колледжінің студенттері қатысты.

Ынтымақ пен бірлікті дәріптеп, көне шаһар Түркістанның түлеуін насихаттау мақсатында өткен карнавалда жастар түрлі-түсті костьюмдер киіп, мерекенің басталғанын білдірді.

Түрлі-түсті жалау ұстаған жалындаған жастар әртүрлі киім үлгісінде ортаға еніп, Республика күнінің айшықты екендігін айқындап, Түркістан тақырыбында ұранды сөздерін жүрекпен жеткізді.

Түркістан мәңгі түлей берсін деген тілек білдіріп, мерекенің басталғанын ұғындырғандай-ақ.

ТҮРКІСТАНДА «КҮН СӘУЛЕЛІ – РЕСПУБЛИКАМ» МЕРЕКЕЛІК ШАРАСЫ ӨТТІ

 

25 қазан - Республика күні мен "Қала күні" мейрамдарын атап өту жөніндегі мерекелік шаралардың салтанатты ашылуына орай бүгін Түркістан қаласының шыға берісінде орналасқан "Жібек жолы" саябағында "Күн сәулелі - Республикам" тақырыбында мерекелік шара өтті.

Елдігіміз бен кең байтақ республикамыздың рухын асқақтатар шараға Түркістан жоғары көпсалы, қолөнер колледжінің студенттері жалаушаларын желбіретіп, көк байрағымызды көк аспанда қалықтатып атсалысты. Ал, Түркістан қалалық Мәдениет үйінің жезтаңдай әншілері патриоттық жанрда ән шырқап, халықтың ықыласына бөленді.

Республика күнімен тұспа-тұс келер Қала күнін мерекелеу осылайша патриоттық үрдіспен жалғасын тапты. Ел мен жерді, егемендік пен татулықты әнге арқау еткен өнерпаздар маңызы айрықша шараға әуезді әндері арқылы үлес қосты.

ТҮРКІСТАН ТЕАТРЫНДА «ЕҢЛІК-КЕБЕК» СПЕКТАКЛІ ҚЫРҒЫЗ ТІЛІНДЕ САХНАЛАНДЫ

Киелі шаһарға Қырғыз елінің театр саңлақтары гастролдік сапармен келді. Түркістан музыкалық драма театрының сахнасында Т.Абдумомунов атындағы Қырғыз ұлттық академиялық драма театры «Еңлік- Кебек» шығармасын қойды. Замананың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына орай, сонымен қатар Қырғызстанның Халық әртісі Нүркен Тұрсынбаевтың 80 жылдығы аясында өткен кешке ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев арнайы қатысты.

– Қазақ пен қырғыз бір туған ел. Бізге ұлы өнер мен мәдениет те, әдебиет те ортақ. Бүгінгі қойылымның авторы, қазақ халқының жазушысы Мұхтар Әуезовті қырғыз жұрты да ерекше құрметтейді. Біріншіден, «Манас» жырының сақталуына үлкен септігі тиді. Екіншіден, Шыңғыс Айтматовты әлемге танытқан тұлға, – деген Бас хатшы қос театрға арнайы сый тапсырды. Ал Түркістан облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Әділ Нұржанұлы Түркістан төрінде өнер көрсеткен қырғыз ағайындарға алғыс білдіріп, түбі бір түркі елдері арасындағы осындай қадамдар өзара ынтымақтастық пен мәдени-рухани байланысты нығайтуға, өнерпаздардың тәжірибе алмасуына ықпал етеді деді.

Қоюшы-режиссері – Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген әртісі Н.Мендебаиров. Қойылымда XVII ғасырда өмір сүрген қос ғашықтың мөлдір махаббаты, Кебек пен Еңліктің арасындағы сезім, руаралық қақтығыстар, Нышан атты абыз әулиенің хикаяның соңын болжаған көрегендігі, кикілжіңнен пайда іздеген екі ру билерінің жауыздығы, сондай-ақ Еңлікті күтіп отырған Жапал атты жетім қойшының арманы бейнеленген.

 

Түркістан: «Көркем сөз зергері» әдеби кеші өтті

 

 Республика күніне орай Мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ әдебиеттанушы, публицист Ильяс Омаровтың туғанына 110 жылдығына арналған "Көркем сөз зергері" атты әдеби кеш ұйымдастырылды. Кеш қонақтары сазгер-әнші, композитор Афион қаласы мен Жаңақорған ауданының"Құрметті азаматы", Мәдениет қайраткері Сауранбек Елеуов, ардагер кітапханашы Тойлақова Раушан апай, жас ақын тілдерді оқыту және дамыту орталығвның қызметкері Айкерім Жумабаева, №1 А. Байтұрсынов атындағы мектеп лицейдің кітапхана меңгерушісі Жайсан Төле, кітапханамыздың оқырмандары болды. Ел аузында аты аңызға айналған аса сыйлы азаматымыз Ілияс Омаровтың өмір жолы мен естеліктері және өлеңдері оқылды.

Айта кетейік, Ілияс Омаров (1912-1970) – мемлекет және қоғам қайраткері, әдебиет сыншысы, жазушы, публицист. Орта Азия жоспарлау экономикалық және сауда-тауар ісі институтын бітірген (1933, Ташкент). 1933 – 1936 жылдары Республиканың сауда мекемелерінде жауапты қызметтер атқарған. 1941 – 1945 жылы Қазақ КСР Сауда халық комиссарының орынбасары, комиссары болды. “Қазақ халқының майдандағы қазақ жауынгерлеріне жазған хатын” ұйымдастыруда, 1944 жылы желтоқсанда Алматы қаласында өткен республикалық ақындар айтысын өткізуде, “Қазақ КСР-інің ерте заманнан осы күнге дейінгі тарихының” жарық көруіне ұйытқы болды. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институты мен Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияны ұйымдастырды. 1945 – 1947 жылы Қазақ КСР-і ХКК төрағасының орынбасары, Шығыс Қазақстан облысы партия комитетінің 1-хатшысы қызметін атқарды. 1947 – 1952 жылы Қазақстан КП ОК-нің идеология жөніндегі хатшысы. Ол 1949 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен мәдениетінің онкүндігін ұйымдастырды. Омаров халық өнері мен музыкасын, ауыз әдебиетін насихаттауға зор үлес қосты, ШоқанЫбырайАбай еңбектерін өнеге ретінде ұсынды. 1949 жылы жарық көрген “Қазақ КСР тарихының” толықтырылған 2-басылымының жауапты редакторы болды. Е.Бекмахановтың қазақ халқының шын мәніндегі тарихын ашық жазуына, Кенесары, Наурызбай батырлар жайында ақиқаттың айтылуына, І.Жұмалиевтің Исатай мен Махамбет жөніндегі материалдарды бастыруына ұйытқы болды. Осы жағдайлар оның 1951 – 1952 жылы “ұлтшылдарды қолдаушы” деген науқаншыл айыппен Қазақстан КП ОК-нің құрамынан шығарылып, қудалануына алып келді. 1952 – 1955 жылы КОКП ОК жанындағы Жоғары партия мектебінің тыңдаушысы болды. 1955 – 1959 жылы Солтүстік Қазақстан облысы партия комитетінің хатшысы қызметін атқарды. 1959 – 1961 жылы Қазақфильм киностудиясының директоры, Қазақ КСР-і Министрлігі Кеңесінің кеңесшісі қызметтерін атқарып, жаңа қалыптасып келе жатқан қазақ кино өнерінің дамуына өзіндік қолтаңбасын қалдырды. 1961 – 1967 жылы Қазақ КСР-і Министрлігі Кеңесі жанындағы Мемлекеттік жоспарлау комитеті төрағасының орынбасары, 1-орынбасары, 1967 – 1970 жылы Қазақ КСР-і Мәдениет министрі болды. Омаров осы кезеңде қазақтың эстрадалық өнерін, ұлттық цирктітеатр жұмысын жетілдіруге, кәсіби өнердің басқа да салаларын тыңнан дамытуға барынша күш салды. Осы жылдары қазақтың хор капелласын, классикалық және халық билерінің хореграф.

ТҰРАБАЙ МЫРЗАХМЕТОВТЫҢ ЖҮЗ ЖЫЛДЫҒЫ АТАЛЫП ӨТІЛДІ

 Бүгін “Түркістан” қалалық газетінің ұйымдастыруымен Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, “Түркістан қаласының Құрметті азаматы”, 1954-1955 жылдары “Қызыл Түркістан”, 1959-1985 жылдары “Коммунистік еңбек”, “Коммунистик мехнат” газеттерінің редакторы болған Тұрабай Мырзахметовтің 100 жылдығына арналған іс-шара өтті.

Көрнекті қаламгерді еске алуға арналған іс шара «Түркістан» газетінің жүлдесі үшін БАҚ өкілдері арасындағы шағын футбол турнирімен басталды. Бұл ісшараның ашылу салтанатына қалалық мәслихат хатшысы Мақсат Асылбекұлы, қалалық мәслихат депутаты Ғаппар Амантайұлы мен Қазақстан Журналистер одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы, «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі, қарымды қаламгер Ғалымжан Елшібай қатысты.

«Түркістан телеарнасы», «Өнер», «Тұран БАҚ», «Өзіміздің жігіттер» командалары бақ сынасқан доп додасында «Түркістан телеарнасы» бірінші орынды иеленсе, ұжымдастарымыз «Тұран БАҚ» командасы жеңіс тұғырының екінші сатысынан көрінді. Ал үшінші орынды жергілікті жас журналистерден құралған «Өзіміздің жігіттер» құрамасы қанжығалады. Жүлдегер командалар қала әкімінің алғыс хатымен және қаржылай сыйлықпен марапатталып, бұдан бөлек үздік өнер көрсеткен ойыншыларға да бірнеше аталымдар бойынша қаржылай сыйлық табысталды.

Сонымен қатар, айтулы жиын барысында 1977 –1991 және 1998-2002 жылдары «Түркістан» («Коммунистік еңбек») газетінің редакциясы болған қазіргі «Форте Банк» ғимаратында Тұрабай Мырзахметовке арналған ескерткіш тақтаның ашылу салтанаты өтті. Іс шарада сөз алған Түркістан қаласының ақсақалдары қарымды қаламгердің жарқын бейнесі мен атқарған жұмыстары жайлы естеліктермен бөлісті. Тағылымы мол жиын қазақ журналистикасына зор үлес қосқан тұлғаға арналған конференциямен жалғасты.

 

 

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФЕСТИВАЛЬ ТҮРКІСТАН ТЕАТРЫНЫҢ «БӨРТЕ» СПЕКТАКЛІМЕН АШЫЛДЫ

Алматы театрында белгілі драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Дулат Исабековтың 80 жас мерейтойына орай, II халықаралық «Исабеков әлемі» театр фестивалі басталды. Фестиваль шымылдығын алғаш рет Түркістан музыкалық драма театрында сахналанған «Бөрте» спектаклі ашты.

Бөрте – әлем тарихындағы ұлы қайраткерлердің бірі, Шыңғыс ханның қоңырат тайпасынан алған бірінші әйелі. Бөртеге арналған тұңғыш шығарманың қазақ сахнасында қойылуы да «тұңғыш» екенін атап айту керек. Қойылым 10-11 жастағы Темучин (Шыңғыс ханның шын есімі) мен Бөртенің алғаш танысуынан басталып, Шыңғыс қағанның алып империяны басқарып тұрған кезеңін қамтиды. Бұл кезеңде Темучин алауыздық жайлаған моңғол тайпаларын біртұтас мемлекетке біріктіріп, Шыңғыс қаған атанады. Шыңғыс хан әскерінің жеңісті жорығы Қытайдан басталып, Украинада болған атақты «Қалқа өзені бойындағы шайқасқа” дейін жетеді. Спектакльде өжет те қайсар, ажарлы да ақылды, батыр да батыл, бір басында драмасы мен трагедиясы жетіп артылатын қайсар әйел Бөрте ханымның ғұмыры баяндалады.

«Бөрте» спектаклінің режиссері италиялық – Давиде Ливермор, көркемдік жетекшісі – Айнұр Көпбасарова, композитор – Хамит Шанғалиев, әдеби редактор – Шынар Омарова, ғылыми кеңесші –тарихшы, т.ғ.к., Нұрлан Атығаев. Рөлдерде – Еркебұлан Дайыров, Лейло Ақназар, Әділ Ахметов, Қонысбек Бекайдаров, Зәмзагүл Бекайдарова, Алихан Идрышева, Нартай Сауданбекұлы, Ақбота Рахат, Әшім Ахметов, Толқын Нұрбекова және Түркістан музыкалық драма театрының әртістері.

Қойылым декорацияның шынайлығымен, сахналық киімдердің тартымдылығымен, реквизиттерді шеберлердің арнайы дайындауымен ерекшеленеді.